ҚҰНДЫ ҚОЛЖАЗБАЛАР – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ КУӘСІ

ҚҰНДЫ ҚОЛЖАЗБАЛАР – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ КУӘСІ

ҚҰНДЫ ҚОЛЖАЗБАЛАР –  ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ КУӘСІ
ашық дереккөзі
274

Ұлтымыздың шынайы тарихын жазу үшін үлкен теориялық-методологиялық дайындықпен қатар, бай тарихи деректер қоры болуы шарт. Алайда тарихи деректерге, құжаттарға қол жеткізу үлкен мәселе болып табылады. Біздің тарихқа, әсіресе ертедегі тарихымызға қатысты көптеген деректер шетел мұрағаттары мен кітап қорларында сақтаулы. Сондықтан деректермен жұмыс істеу ғалымнан кәсіби біліктілікпен қоса, үлкен қаражат қажет етеді.Қазіргі күні елімізде «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында ұлттық тарихымызды түгендеуге, оның көкжиегін кеңейтуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге бағытталған әлемдік тәжірибеде жоқ үлкен игі шаралар атқарылып жатыр. Екі жылдан бері еліміздің жетекші тарихшы мамандары ұлттық тарих пен мәдениетімізге қатысты жаңа мұрағат материалдарын айқындап, құжаттарды жинастыру мақсатында Ұлыбритания, Германия, Италия, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Моңғолия, Ресей, Түркия, Өзбекстан сияқты шет мемлекеттерде ғылыми ізденістер жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар шетелдерден тарихи құжаттар жинау жұмысы тез уақытта біте қалады деп ойлауға да болмайды. Мысалы, Қазақстанның, қазақтың ортағасырлық тарихы бойынша көп жазба деректер қытай, араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған. Бұл қолжазбалар негізінен шетелдерде (Египет, Индия, Иран, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан және т.б.) сақталған. Әр қолжазбаның бірнеше нұсқасы болуы, ал нұсқалардың бір-бірінен айырмашылықтары да болуы мүмкін. Бір нұсқада бар мәліметтер екінші нұсқада кездеспей жатады. Немесе бір нұсқада басқаларында жоқ қызықты миниатюралар беріледі. Демек, нұсқалардың өзін бір-бірімен салыстырып, зерттеу уақыт алатын жұмыс. Мысалы белгілі орыс ғылымы А.Н. Болдырев ортағасырлық «Бадаи ал-уакаи» шығармасының 31 нұсқасын салыстырып, шығарманың толық нұсқасын құрап шықты. Бұл жұмысқа ол ондаған жылдарын сарп етті. Сол себепті, тарихымыз бойынша деректерді жинау және ғылыми айналымға енгізу мәселесін жүйелі түрде шешілуі керек және мәселе мемлекеттің қолдауымен бүгін шешілуде.
Осы жұмыстар аясында Иран Ислам Республикасының кітапхана қорларын зерттеуге қатыстым. Ол колжазбалар қорларынан Қазақстан тарихына байланысты бірнеше құнды қолжазбалар табылып, көшірмелері елімізге әкелінді. Бұл деректердің басым бөлігі ортағасырлық ұлттық мемлекетіміз − Қазақ хандығы тарихына байланысты маңызды мәліметтер береді. Деректер бүгінгі күні зерттелу үстінде, алайда қазірдің өзінде ұлттық тарихымызға байланысты өте қызықты, бұрын белгісіз болған мәліметтер анықталды деп сеніммен айта аламыз. Мысалы «Аламара-йи шах Исмаил Сафави», «Аламара-йи Сафави», «Тарих-и Сафави», «Тарих-и шах Тахмасп аввал» және т.б. қолжазбаларында бұрын бізге беймәлім болған Қазақ хандығының Қызылбастар (Сефевидтер) мемлекетімен карым-қатынасы туралы деректер бар.
Қазақ-қызылбастар қарым-қатынастары тақырыбы ауыз әдебиетімізде (мысалы «Қобыланды батыр» жырында) көрініс тапса да, ондай тарихи жазба деректер бұрын белгісіз болған, сол себепті мәселе отандық тарихнамада арнайы қарастырылмаған еді. Бүгінгі күні Қазақ хандығы мен Қызылбас мемлекетінің қарым-қатынастарын баяндайтын оннан астам жазба деректер барлығы анықталды.
Иран мен Әзербайжандағы Қызылбас мемлекетінің негізін салушы Исмаил шахтың тарихын баяндайтын бірнеше қолжазбаларда осы билеушінің Орта Азиядағы Шибан әулеті мемлекетімен 16 ғасыр басындағы соғыстары айтылған бөлімдерде, бұл оқиғаларға қазақтың атақты ханы Қасымның араласуы туралы мәліметтер келтірілген. Бұл мәліметтер бойынша хижраның 919, қазіргі жыл санауымыз бойынша 1513/14 жж. қызылбастар мен олардың одақтасы Захир ад-Дин Бабырдан ойсырай жеңілген өзбек билеушілері қазақтың ханы Қасымға қызылбастармен бірлесіп соғысу жөнінде ұсыныс жасайды. Өзінің Түркістандағы иелігіне кауіп төніп тұрғандыктан, қазақ ханы бұл ұсынысты қабыл алады. Қасым ханның жарлығы бойынша, қалың қол жиналып, өзбектерге көмекке аттанады. Әскерді басқару Қасым ханның ұлы Әбілқайыр ханға жүктеледі. Алайда Амудария өзені бойында өткен шайқаста қазақ және өзбек біріккен әскері жеңіліс табады, Әбілқайыр қаза болады. Бұл бұрын белгісіз болған құнды дерек қазақтардың қызылбастармен қатынастарын зерттеуге септігін тигізеді деп сеніммен айтуға болады.
Сонымен қатар бұл қолжазбалардың бір нұсқасында осы оқиғалар бейнеленген ортағасырлық суреттер (миниатюралар) бары анықталды. Тегеран қаласындағы Иранның белгілі ортағасырлық суретшісі Риза Аббаси мұражайында «Аламара-йи шах Исмаил» атты қолжазба сақталған. XVII ғасырда жазылған қолжазба Риза Аббасидың белгілі оқушысы Муин Мусаввардың суреттерімен безендірілген. Сол суреттердің бірінде Исмаил шахтың Әбілқайыр ханды өлтіріп жатқан кезі бейнеленген екен. Олардың есімдері киімдеріндегі жазуларда анық көрінеді. Әрине, сурет баяндалған оқиғалардан бір ғасырдай кейін салынғандықтан, онда Әбілқайырдың шын бейнесі сомдалған деуге болмайды, алайда ол ирандықтардың және Муин Мусаввардың 17 ғасырдағы қазақтар туралы көзқарасын көрсетеді. Бұл бүгінде Қазақ хандығы билеушілерінің ең алғашқы бейнеленуі болып табылады.
Қорыта келе айтарымыз, мемле­кет­тің қолдауымен жүзеге асып жатқан шетелдерден қазақ тарихына байланысты мұрағат құжаттарын жинақтау жұмысы өзінің жемісін бере бастады. Ұлттық тарихымызға байланысты тың дерек көздер анықталды, ата-бабаларымыздың тарихының бейтаныс жаңа беттері ашылды. Ендігі күні зерттеушілер алдында осы жинақталған материалдарды ел игілігіне пайдалану өзекті мәселе болып тұр.

Нұрлан Атығаев,  Ш. Уәлиханов атындағы 
Тарих және этнология институты 
директорының орынбасары 

Серіктес жаңалықтары