Көші-Қон Заңнамасын Жетілдіру

Көші-Қон Заңнамасын Жетілдіру

Көші-Қон Заңнамасын Жетілдіру
ашық дереккөзі
166

Өткен аптада ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов кезекті Үкімет отырысын өткізді. Онда Елбасының көші-қон заңнамасын жетілдіруге, ЕАЭО аясында өнеркәсіптік кооперацияға қатысты тапсырмаларын орындау барысы қаралды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Брифингке қатысқан Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау Үкімет отырысында индустриялы аймақтарды құру, олардың жұмыс істеу мәселелері, экспорттық қаржыландыруды қолдау механизмдері, шетелде қазақстандық сауда өкілдіктерін ашу мәселелері қаралғандығын айтты. Үкімет отырысында ҚР инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев Қазақстан мен Кедендік одақтың арасындағы тауар айналымы 2013 жылдың қорытындысы бойынша 24,6 млрд. АҚШ долларын, ал экспорттың жалпы көлемі – 6 млрд. АҚШ долларын құрағанын жеткізді. Бұрын шикізаттық тауарларға басымдық берілсе, қазір экспорт құрылымы өзгерген. Соңғы жылдары шикізаттық тауарлардан өңделген тауарлардың көлемі артты. Дайын өнімнің жалпы сомасы 1 млрд. АҚШ долларынан асты. Сондай-ақ, Ресейдің импортты алмастыру бағдарламасына отандық кәсіпорындарымыздың қатысуына байланысты жұмыстар атқарылуда. «Біз талдау жүргізіп, қазақстандық өндірушілерде 30 тауар позициясы бойынша Ресейді сапалы өніммен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар екенін анықтадық. Алғашқы кезеңде 60-қа жуық қазақстандық кәспорынды іріктедік. Әлеуетті экспорттың жалпы құны 6,7 млрд. АҚШ долларын құрайды», – деп мәлімдеді Әсет Исекешев Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, Кеден одағы елдерінде автокөлік өндірісін қолдау шараларын бірыңғайлау қажеттігі де сөз болған. Осы мәселеге қатысты Үкіметке отандық автомобиль құрастыру саласы бойынша шаралар кешені ұсынылмақ. Іс-шаралар жоспарын ұсынудағы мақсат – автомобиль өндірісін барынша дамыту. Шаралар кешенінде жаңа жобалар үшін инфрақұрылым салуды, құрал-жабдық сатып алуға жеңілдікті несиелеу қарастырылған. «Тұтынушыларды несиелеуге қатысты Ресей бұл шараны автокөлік саласын қолдауға пайдаланады, ол құлдырау кезеңінде саланы қолдау үшін енгізіледі. Біз мемлекеттік қолдау шараларының барлық спектрін қарастыруымыз керек, сонда нақты бір сәттерде қандай да бір құралдарды пайдалана аламыз», – деді вице-министр А.Рау. Үстіміздегі жылдың 9 айында Қазақстанға 122 мың көлік сырттан әкелінген. Импорттың көбісін Ресейдің автоөнімдері құрайды. Қазақстанда жиналатын автомобиль өндірісінің көлемі соңғы 4 жылда 10 есеге өскен. Бұл – отандық өндіріс үшін үлкен жетістік. Қазір Қазақстанда көліктің екі моделі дәнекерлеу мен бояу жұмыстарын қамти отырып, шығарылуда. 2018 жылға қарай экспортқа шығатын автокөлік модельдері 50 пайыз локализациямен қамтылуы қажет. Бүгінгі таңда отандық өндіріс алға басып келеді. Елімізде ресейлік көліктердің басым болуы екі ел арасында кедендік кедергінің болмауынан. «Қазір біз өз нарығымызға көңіл бөлуіміз керек. Шамамыз келгенде экспорт туралы сөз қозғаймыз. Индустрияландырудың екінші бесжылдығындағы басты тапсырма да сол – экспортқа қол жеткізу», – деп атап өтті ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау.
Үкімет отырысында талқыға түскен мәселенің бірі – көші-қон заңнамасын жетілдіру. Бұл жөнінде брифингте Денсаулық және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов баяндады. Алғашқы сөзін еңбек миграциясынан бастаған министрдің орынбасары елімізде жұмыс істеп жатқан 32 мың шетелдік маман бар екендігін айтты. Еліміздегі шетелдік жұмыс күші 4 санатқа жіктелетіні аян. Біріншісі – менеджерлер мен олардың орынбасарлары, екіншісі – құрылымдық бөліністердің басшылары, үшіншісі – жоғары білімді мамандар, төртінші топ – білікті жұмысшылар. Жоғарыда айтылған 32 мың шетелдік маманның 44 пайызы үшінші топтағы жоғары білімді мамандар, ал 25 пайызы білікті мамандар екен. Шетелдік жұмыс күшінің 44 пайызы құрылыс саласына, 14 пайызы тау-кен ісіне, 5 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тартылады. Қазақстандағы шетелдік жұмысшылардың 23 пайызы қытайлық, 13-14 пайызы түрік, 4 пайызы үнді азаматтары екен. Үкіметте таныстырылған еңбек көші-қонына қатысты заң жобасында шетелдік жұмыс күшін тартуға бағытталған жеңілдіктер қарастырылған.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары