СЫРДЫҢ СЫРЛАСТАРЫ

СЫРДЫҢ СЫРЛАСТАРЫ

СЫРДЫҢ СЫРЛАСТАРЫ
ашық дереккөзі
408

Қызылорда облысының қос бірдей қарашаңырағы – «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газетінің жарық көргеніне биыл 85 жыл толып отыр. 1929 жылы бірінші «Сыр бойы» жарық көрсе, бұдан соң «Кызылординские вести» газеті жарық көріп, екі басылым ғасырға жуық тарихында талай ұрпақты тәрбиеледі.1929 жылдың 1 шілдесінде «Сыр бойы» деген атаумен жарық көрген газет қай кезеңде болса да қалың жұртшылықтың сырласы болды. Сексен бес жыл бұрын газеттің ең алғашқы номеріне Жиенғали Тілепбергенов қол қойған. 1932 жылы басылымның аты «Ленин туы» деп аталып, өзгерді. Ал 1938 жылдан 1991 жылға дейін «Ленин жолы» аталып, аймақтың ақпарат тынысына айналды. Осы жылы ежелгі атауы «Сыр бойымен» қайта қауышты. Ең алғашқы нөмірге Ж.Тілепбергенов қол қойған болса, одан кейінгі жылдарда Қ.Қауымбаев, М.Сәтбаев, Т.Елемесов, Б.Сарбасов, С.Сейітов, Ж. Қонақбаев, Х.Сыздықов, З.Жарқынбаев, Ұ.Бағаев, Қ.Әбенов, Н.Уәлиев, Ә.Рахымбеков, Ж.Рахматулла, С.Пірназар, Ж.Ақсақалов, Н.Аманжолов басшылық қызмет атқарды. 2013 жылдан бастап «Сыр бойы» газетінің бас редакторы қызметін Ж.Әбдіраманов атқаруда.
Қызылорда облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 85 жылдығына байланысты Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада екі басылымның мерейтойлық кітаптардың тұсаукесері болды.
Жиында алғаш сөз алған «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Жұматәлі Әбдіраманов пен «Кызылординские вести» газетінің редакторы Тимур Қасымов жиналғандарды жаңа кітаптармен таныстырды. Шарада, сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазәлі Омашев, «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы-ғылыми-анықтамалық баспа мекемесінің бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Бауыржан Жақып жылы лебіздерін білдіріп, мерейтоймен құттықтады. Қонақтар Қызылорда қаласының көрікті жерлерімен танысып, «Жанқожа батыр» ескерткіші, «Қорқыт Ата» ескерткіші, «Мұз айдыны» және «Нұр сәт» теннис орталығында болды. Бұдан соң меймандар Т.Жүргенов атындағы «Шығармашылық Үйі» және баспахана жұмысымен танысты.
Мерейтойға «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмші Паттеев, басқа да мамандар қатысты. Бүгінгі жаһандану заманында да БАҚ саласының маңызы бұрынғыдан арта түспесе кемімейтіні түсінікті. Осы орайда, «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттерінің 85 жылдық мерейтойына арналған шаралар аясында «Жаһандану және журналистика бүгінгі күннің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның өткізілуінің де үлкен мәні болса керек.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев конференцияға қатысушыларды қос басылымның мерейтойымен құттықтады. Аймақ басшысы өткен дәуір дерегін таңбалап, бір өзеннің қос саласындай қатар өрілген байырғы басылымдар бүгінге дейін мемлекеттік-ақпараттық саясаттың салмақты жүгін арқалап келе жатқанын атап өтті. Осы қос газетте шыңдалған талай журналистер күллі республикаға танымал қаламгерлерге айналды. Ал жалпы 85 жыл ішінде екі басылымның миллиардқа жуық данасы жұртшылықтың қолына жеткен. Облыс әкімі қай жағынан алған да толысып шыңдалған қос газет бүгінгі тәуелсіз еліміздің, аймақтың даму дидарын көрсетуде елдікті, теңдікті, бірлікті насихаттауда аға басылымдық биік деңгейінен түспейді деген сенім білдіріп, журналистер ұжымын мерейтойларымен құттықтап, бірқатар қаламгерлерді марапаттады. Облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен «Сыр бойы» газетінің фототілшісі Болат Омарәлиев және «Кызылординские вести» газетінің меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев марапатталды. Ал Гүлжазира Жалғасова, Әділжан Үмбет, Юлия Вервай, Айнагүл Манабаева, Бақытжан Салмырза «Алғыс хатпен» марапатталды. Сонымен бірге аймақ басшысы қос басылымның редакторларына жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті.
Сонан соң Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазәлі Омашев сонау жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында газеттің көтерген жүгіне шолу жасады. Бұл әкесін баласына, баласын әкесіне жау қылып көрсеткен кеңестік зұлымдық саясаттың белең ала бастаған шағы еді. Сол кездегі газет беттерінде осы саясаттың салқыны анық байқалады. Баяндамашы осындай тартыстарды бейнелейтін мақалалардан үзінділер келтіріп өтті. Сонымен бірге бір жақты бағалауға болмайтынын да жеткізді. Осы кезеңдегі басылымдар ел арасындағы сауатсыздықты жоюға, халықты отырықшылыққа үйретуге, шаруашылыққа бет бұруға, мәдениетті көтеруге, әйел теңдігін сақтауға шақырып отырды. Сол уақытта «Ленин туы» деп аталған басылым да бұл іске өзінің үлесін қосты.
«Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп өз сөзінде «интернет белең алып келе жатқан уақытта газеттер өледі» деген ұғымға қатысты ойларын жеткізді. Ол әлемде миллиондаған тиражбен шығатын «Иомури», «Нью-Иорк таймс» секілді газеттер легі өте көп болып тұрған кезде, мұндай қауіптің бекершілік екенін айтты. Интернеттің ақпаратты жеткізудегі жылдамдығын жоққа шығаруға болмайды. Алайда газеттер адамдарға ой жеткізеді, сонымен қатар тіл тазалығын сақтаушы құрал болып отыр. «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы – ғылыми-анықтамалық баспа мекемесінің бас директоры Бауыржан Жақып «Сыр бойы» газеті әдебиетке көп көңіл бөлгенін ризашылықпен жеткізді. Асқар Тоқмағамбетов секілді сатира сардары фельетондарымен газеттің сәнін кіргізгенін, Ұзақ Бағаев редактор болған жылдары таралымы 65 мыңға дейін жеткенінен хабардар етті. Б.Жақып журналистерге арнаған жыр жолдарын оқып, той иелеріне «Қазақ энциклопедиясының» он томдығын тарту етті. Ал, Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің оқытушысы Аманқос Мектептегі «Тасқа басылған таңбалар» атты баяндамасында ерте дәуірлерден сыр шертті. Осылайша, «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттерінің 85 жылдығына орай өткізілген ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар көп мағлұматтарға қанықты.
Одан әрі жыр дүлдүлдерінің сайысы басталды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында өткен «Туған жерім – киелім, қасиетім» атты облыстық ақындар айтысына ұласты.
Жыр додасында талай айтулы сайыстарда Сыр елінің абыройын асқақтатып жүрген Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Ержеңіс Әбдиев, Мейірбек Сұлтанхан, Мөлдір Айтбай, Ержан Әміров және басқалар бақ сынады.
«Абзал және К» толық серіктестігінің бас демеушілігімен ұйымдастырылған айтыста төрт жұпқа топтасқан суырып салма сөз шеберлері қос басылымның тарихынан сыр суыртпақтап, туған өлкенің өсіп-өркендеу жылнамасын жырға қосты. Адуынды ақындар айтыс десе делебесі қозатын өнер сүйер қауымды осылайша бір желпінтіп тастады.
Айтыс шымылдығын сонау тоқсаныншы жылдардан жұртшылыққа жақсы таныс Жұмабай Шерниязов пен кейінгі толқын Ержеңіс Әбдиев ашты. Ұзақ жылдар айтыстан алыстап, киелі сахнада тер төгіп жүрген Жұмабай алғашында кібіртеңкірегенімен, бірте-бірте жазылып сала берді. Ержеңіс те есесін жібере қоятын ақын емес-ті. Қос газетті тілге тиек еткен айтыскерлер әділқазылар ұйғарымымен тең тарасты. Бұдан соң болашақ журналист, ҚМУ-дің 4-курс студенті Серікхан Жүзеев пен республикалық айтыстарда олжа салып жүрген Мейірбек Сұлтанхан сөз таластырды. Мұнда тәжірибесі басым Мейірханның мерейі үстем болды. Үшінші жұпта Нұрматтың атағынан тайсалмаған шиелілік Ержан Әміров келесі кезеңге қиналмай өтті. Соңғы жұпта айтысқа қатысқан Мөлдір мен республикалық «Алтын домбыраның» алғашқы иесі Мұхтар айтысы көпшіліктің көңілінен шықты.
Сонымен келесі кезеңге шыққан Мұхтар, Мейірхан, Ержан және Нұрмат сахнада қатар отырып, Құрманбай айтыста жеңімпазды анықтады. Әділқазылар шешімімен бас бәйгеге лайық деп танылған Ержан Әміров 250 мың теңгеге ие болса, бірінші орынға тігілген 170 мың теңге Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Екінші орынға табан тіреген Мұхтар Ниязов 140 мың теңге, ал үшінші орынға жайғасқан Нұрмат Мансұров 120 мың теңгені қанжығаға бөктерді. Бұл айтыстың тағы бір ерекшелігі, жыр сүйер қауымның жүрегіне жылылық ұялатқан Жұмабай Шерниязов, Ержеңіс Әбдиев, Мөлдір Айтбай және Серікхан Жүзеев жүлдеден қалыс қалмады. Олардың әрқайсысына 85 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталды.
Жеңімпаздарға жүлделерді әділқазылар алқасының төрағасы Намазәлі Омашев, айтыстың бас демеушісі – «Абзал және К» толық серіктестігінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихат депутаты Абзал Ералиев, «Сыр Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев салтанатты жағдайда тапсырды.
Сыр өңіріндегі өнер мен мәдениеттің даму тарихы түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыт Ата ғұмыр кешкен VIII-IX ғасырлардан бастау алады. Орта ғасырларда тек Сыр өңірінің ғана емес, тұтас түркі халықтарының өнері мен мәдениетінің дамуына ұшан-теңіз үлес қосқан әдебиетшілер, тарихшылар, ақындар шықты. Ал қазақ әдебиетіндегі жаңғыру дәуірі – XIX ғасырда Сыр сүлейлері әдеби үдерісте өзіндік ерекшелігімен орын алды.

Миуа Байназарова
Қызылорда қаласы

Серіктес жаңалықтары