МҮМКІНДІКТІ МҮЛТ ЖІБЕРМЕСЕК

МҮМКІНДІКТІ МҮЛТ ЖІБЕРМЕСЕК

МҮМКІНДІКТІ   МҮЛТ ЖІБЕРМЕСЕК
ашық дереккөзі
206

Өткен аптада еліміздің біраз өңірлерінде «Халықтық ІРО» бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Ел игілігіне жараған бағдарламаға халықтың қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Аталмыш бағдарламаның бірінші кезеңінде жеке тұлғалардан 40 мыңнан аса өтініш түскен. Биылдан бастап оған барлық өңір тұрғындарының қатысуына ерекше көңіл бөлінуде. Көбіне қара халық құнды қағазбен жұмыс жүргізудің байыбына бара бермейтіні анық. Бұл ретте түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі де өз ықпалын тигізіп отыр. Мысалы, желтоқсан айында электр энергиясы саласында дамыған KEGOC компаниясының акциялары сатылымға шығарылады. Халықтық IPO бағдарламасы аясында нарыққа шығарылатын KEGOC компаниясының акциялары 505 теңгеден сатылады. Бұл туралы Орталық коммуни­кациялар қызметінде өткен брифингте «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев мәлімдеген болатын. «Үкімет қаулысына сәйкес, қазақстандық қор биржасына 10 пайыз минус 1 акция пакеті орналастырылады. Акция бағасы 505 теңге болады. Компания акцияларын сатып алуға өтініштер 5 қарашадан бастап 3 желтоқсанға дейін бір айға жуық уақыт қабылданады. 19 желтоқсаннан бастап олар еркін айналымға жіберіледі», − дейді Б.Қажиев. Оның айтуынша, халықтық IPO бағдарламасы бойынша жеке инвесторларға, яғни, республика азаматтарына басымдық беріледі. «Өтініштер шектеусіз қабылданады. Егер сұраныс ұсыныстан асып түспесе, 14 мың акцияға дейін өтініш берген барлық жеке инвесторлардың сұранысы толық қанағаттандырылады. Өтініш сомасына қарамастан, акцияларды бөлу өсімге қарай жүзеге асырылады», − дейді басқарма төрағасы. «Электрді тұтыну жыл сайын арта түсуде. Бұл айтарлықтай кірістерге жол ашады» − дейтін сарапшылар осындай мүмкіндікті ұтымды пайдалануды ұсынады. Брокерлік компания өкілі Дамир Сейсебаев: «Бұл бағдарламаны депозит немесе жылжымайтын мүлік сияқты қаржы құралдарының баламасы деуге болады. «Халықтық IPО» бағдарламасының алғашқы қадамдарының сәтті басталғанын ескерсек, алдағы уақытта да тиімді нәтиже әкелетініне үміттіміз. Бұған дәлел ретінде бағдарламаның алғашқы қатысушыларының өз акцияларынан айтарлықтай пайда көргенін айтуға болады», ̶ деді. Болашағы бар бағдарлама тек әкім-қаралар мен бай-бағландардың ісі емес, жалпыға ортақ екендігін Елбасы жете түсіндірген болатын. ««Халықтық IPO» акциялары қарапайым адамдардың қолына тиюі керек», ̶ деген Нұрсұлтан Назарбаев күз басында Үкіметке «Халықтық IPO» бағдарламасын іске асыру рәсімдерінің ашық жүргізілуін де тапсырған-ды. «Халықтық IPO» бағдарламасын іске асыруды жалғастыру қажет. Біз әрбір азамат «Халықтық IPO» бағдарламасына шығарылатын компаниялар акцияларын сатып алу есебінен өз жағдайларын жақсарта отырып, экономиканың өсіп келе жатқанын сезінуі үшін оған қазақстандықтарды көп қатыстыруымыз керек. Акциялар тәуелсіздік жылдары байып үлгерген ірі, пысық инвесторлардың емес, халықтың, қарапайым адамдардың қолына түсетініне сенімді отыруымыз үшін нақты ережелерді анықтауымыз қажет. Инвесторлар бұл жерде де қарпып қалғысы келеді. Үкімет, міне, осыны қадағалауы керек», − деген еді Президент «Самұрық-Қазына» трансформациясы форумындағы қорытынды сөзінде. Соған қоса, барлық рәсімнің толық жариялы түрде болуы және ақпараттардың халық үшін қолжетімді болуы қажет екендігіне де назар аударды. Елбасы атап өткен бірқатар талаптар мен шарттар бағдарламаға алдағы уақытта енгізілмек. Қонышынан басқысы келетін инвесторлар үшін «Халықтық IPO» ұтымды бағдарлама екендігі рас. Ал халық тарапынан бұл жоба күрмеуі көп машақатпен келетін іс сияқты көрінгендіктен қара халықтың басым бөлігі акционер атана алмай отыр.

«IPO бағдарламасы» туралы
не білеміз?

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүргізілетін Халықтық IPO бағдарламасы еліміздегі жетекші компаниялардың дамуына ықпал етпек. Халықтық IPO бағдарламасына көпшілік қауым ерекше қызығушылық артып отырғандығы оның пайдасы шаш етектен дегенді білдірмейді. Мемлекет пен «Самұрық-Қазына» қоры халықтан қаржы жинап, өз акцияларын соншалық жоғары бағаға сатпайды дейтін сарапшылардың пікірі де қисынды. Десе де, байыбына бара білгендер үшін оңтайлы тұстары бар. Мысалы, қор компаниялары жоғарғы кіріске ие, несие алуға деген мүмкіндіктері де жоқ емес. Сонымен бірге, қосымша қаржыландыруды қажет етпейді. Белгілі бір компания мен мемлекет белгілі бір жобаға акция сатып алуға ниетті қарапайым тұлға арасындағы байланыс арқылы іске асатын «Халықтық IPO» ең бастапқы қадамдарынан-ақ көпшілік сенімінен шыға білді. Десе де, экономика саласында 100 пайыз толық кепілдік болмайтындығы анық. Бұл тұрғыда аталмыш бағдарламаның қандай жағдайда да алдын ала сақтық шараларын қолға алғандығы анықталып отыр. Арнайы сарапшылардың айтуынша, халықтың бұл бағдарламаға қатысуы үшін кредит алуы қажеттілік туғызбайды. Тіпті, қатысушы атану үшін 1 пайыз акция сатып алып, одан ертеңінде пайда көрудің де ешбір қисыны жоқ. Мәселен, Ресейде осыдан бірнеше жыл бұрын Сбербанк, ВТБ компанияларына арналған IPO бағдарламасы жүргізіліп, нарықтың биік шыңынан көріне білді. Ал олардың акциялары барынша жоғары бағаға сатылды. Әрине, экономикалық дағдарыс басталған тұста, нарық та, акция бағасы да түсіп, халыққа залалы тиді.
Басшылардың сөзіне сенсек, Қазақстанда Халықтық IPO бағдарламасы жеке меншік инвесторлар үшін қолайлы уақытта жүргізілгендіктен, бұндай қауіпке алаңдаудың қажеті жоқ. Әлемдік қаржы дағдарысынан кейін, нарық жағдайы төменгі көрсеткішті көрсетеді. Демек, бұл қазақстандық компаниялардағы акция бағасы құнының әлеуеті биік болуына мүмкіндік бермек. Әлемді қаржы дағдарысы шарпыған тұста Халықтық IPO бағдарламасы жоспарлы түрде жұмыс істейді. Десек те, дағдарыс қаржы рыногы динамикасына және халықтың акцияларды сатып алу қауіпсіздігіне жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін екендігі жасырын емес. Бағдарламада ірі, тұрақты және болашағы зор мемлекеттік компаниялардың акциялары ұсынылады. Тиісті компанияның акционері атанып, меншік иесінің құрамына кіріп, азаматтар түсетін пайданы өз үлесіне алуға құқылы. Бағдарлама аясындағы компаниялардың нормативтік-құқықтық базасы, тұрғындар арасындағы қаржылық сауаттылық деңгейін, нарық қорының инфроқұрылымын бағалау ісін жүзеге асырады. Халықтық IPO бағдарламасына «Самұрық-Қазына» қорынан 400-ден аса потенциалды кандидаттар қарастырылған. Қойылған талаптарға сәйкес, бағдарламаға деген дайындықтарынан бастап, қаржылық көрсеткіштерін, корпоративтік басқарма деңгейін және олардың әр кезең сайынғы кестесінің листингі жүргізілген. Қазақстандық Қор Биржасының бірінші кезеңі 2012 жылдың екінші және үшінші кезеңіне жоспарланған болатын. Оған «ҚазТрансОйл», «KEGOС» электрожелілі компаниясы, сонымен бірге, мемлекеттің басты әуекомпаниясы «Air Astana» кіреді. Екінші эшелонның құрамында «ҚазТрансГаз», «Казмортрансфлот» және «Самұрық-Энерго» бар. Соңғысына – «ҚазақстанТемірЖолы» мен «Қазтеміртранс» кіреді деп жоспарланған. 2015 жылдан кейін «ҚазМұнайГаз» бен «Казатомпром» компанияларының бағдарламаға деген мүмкіндіктерін қарастыруды көздейді. Кезең бойынша жүргізілген дайындықтар аясында бағдарламаға компаниялар әлі де болса дайын еместігі анықталып отыр. Одан өзге, қазақстандық Қор Биржасының мүмкіндіктері айтарлықтай шектеулі. Акциялар көп шығарылатын болса, ол инвесторлар тарапынан тиісті сұранысқа ие болмауы да мүмкін деген қауіп бар. Халықтық IPO бағдарламасын жүргізгеннен кейін, мемлекет барлық компаниялар мен кандидаттар үшін негізгі акционер болып қалмақ. Дәл қазіргі таңда мемлекет «Эйр Астанамен» бірге акцияға иелік етіп келеді. Осылайша, листинг бойынша бұл компаниялардың нақты шешімі екіжақты келісімнен кейін шықпақ. Бұл ретте, олар мемлекетті бақылау пакеттерімен қамтамасыз етуі тиіс. Ал Халықтық IPO бағдарламасына кімдер қатыса алады? деген сұраққа бағдарлама басшылығы: «Халықтық IPO бағдарламасының акциясын иемденуге тек қана Қазақстан азаматының құқығы бар. Акция неғұрлым қазақстандықтардың үлесіне тию талаптары да көптеп қарастырылған. Сонымен бірге, оған қазақстандық зейнетақы қорлары да қатыса алады. Зейнетақы қорлары ұзақмерзімді инвесторлар болғандықтан, акция бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазақстанда бүгінгі таңда зейнетақы қорларына тіркелген азаматтар саны 8 миллионды құрайды. Олар осы қорлар арқылы Халықтық IPO бағдарламасынан өз үлестерін алып отыруға жағдай жасалған», – деп жауап берді. Жылдың алғашқы жарты жылдығында ұйымдастырылған тұрғындарға қатысты зерттеу жұмыстары сұраныстың жалпы бағамы 100-200 миллион АҚШ долларын құрайтындығын анықтап отыр. Алайда потенциалды тұрғындар мен олардың инвестициялық мүмкіндіктері жайлы, халық толық ақпараттандырылған жағдайда, жоғарыда айтып өткен көрсеткіш деңгейі одан да артуы бек мүмкін. Өз кезегінде зейнетақы қорлары тарапындағы сұраныс көлемі 200-300 АҚШ долларын құраса, соңғы көрсеткіштерге сәйкес, қор рыногында бағалы қағаздардың 10 мыңын тұрғындар тарапынан жеке тұлғалар қатары құрайды екен. Бұл ретте, тұрғындар зейнетақы қорлары арқылы бағалы қағаздарға деген қолжетімділігі артпақ. Алдағы жоспарға сәйкес аталмыш бағдарлама қатысушылар санын 160 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

Пайда қалай келеді?

Халықтық IPO-бағдарламасы алғашқыда 2011 жылға жоспарланған болатын. Бағдарлама кешеуілдетілген жоқ. Ұзақ мерзімді келешекте бағдарлама Орталық Азияның аймақтық қаржы орталығы ретінде Қазақстанның дамуына көмектеседі. Сонымен қатар, бұл инвестициялаудың және инвестицияларды диверсификациялаудың қосымша тәсілі және қазақстандықтарға бағалы қағаздар туралы өзінің білімін арттыру және инвестициялау бойынша тәжірибе алуына мүмкіндік бермек. Ең бастысы, келетін пайданың мөлшері мен үлес пайызының арта түсуі – акционерлердің қалтасын қалыңдатпақ. Компанияның таза табысынан бөлінетін акционерлердің табыстары – дивидендтің мөлшері туралы ақпарат туралы шешім акционерлердің бірлескен жиналысында қабылданады. Бағдарламаға қатысу сізге қандай табыс әкелетіні туралы мысал келтірейік. Акцияларының құны жоғары бағада өсті делік. Егер акционерлер жиналысы дивидендтерді төлеу туралы шешім қабылдаса, онда ақша Орталық депозитаридегі сіздің шотыңызға келіп түседі. Егер сіз олардың бағасының өсуінен қосымша табыс алу үшін акциялардың барлығын немесе бір бөлігін сатуды шешсеңіз, бұл жағдайда брокерге акцияларды сатуға өтінім беру қажет. Оны алғаннан кейін, брокер биржадан сатып алушыны табады, мәмілені рәсімдейді және ақшаны сіздің шотыңызға аударады. Бұл жай алыпсатардың тірлігі емес, болашағы жарқын болар істің бастамасы. Сарапшылардың тағы бір ескертетіні, акция сатып алушы неғұрлым тәуекелге бел буып, көптеп қаржы салса, одан көретін пайда да айтарлықтай өсімді болмақ. Дамыған елдер құнды қағаздың парқын біліп, сонымен қатар, өздері өмір сүріп отырған ел экономикасының жақсаруына да ықпал етіп отыр. Бұл жаһандық даму этапына біз де ілесіп келеміз. Әлемдік үлгіден кенде, даму үдерісінен кенже қалмау үшін басшылар емес, қара халықтың құзырына көптеп мүмкіндік берілуі тиіс.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары