ТАРТА ЖЕСЕҢ, ТАЙ ҚАЛАР

ТАРТА ЖЕСЕҢ, ТАЙ ҚАЛАР

ТАРТА ЖЕСЕҢ,   ТАЙ ҚАЛАР
ашық дереккөзі
188

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Таяуда «Қазақстанның экономикалық көрсеткіштері төмендемей, биылғы жыл тиісті деңгейде аяқталуы тиіс. Қазір әлемдік нарықтағы шикізат құны арзандап, кейбір өнімдердің экспорты құлдыраған. Бұдан бөлек, көрші елдермен сауда-саттық көлемі де азайып отыр. Алайда қандай жағдай болса да, әлеуметтің әл-ауқаты нашарламауы қажет», – дегенді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Кәрім Мәсімовті қабылдау кезінде айтқан болатын.Әлемдік дағдарысқа байланып қара алтынның бағасы тұрақтамай, әлем елдері экономикаларының ертеңіне көлеңке түсіп жатқан шақта, біздің елдің де сақтық жасауы артық болмасы анық. Халық кірісінің жоспарланған өсімі сол күйінде сақталу-сақталмауы турасында Үкімет мың ойланып, мың толғанды. Үкімет осы уақытқа дейін бекітіп алған бюджетінде халықтың нақты кірісін өсіруді жоспарға енгізген. Бұл 2014 жылы теңге бағасының тағы да 25 пайызға төмендетілуінен, соған сәйкес болатын инфляция халықтың қалтасын тесетіндіктен жасалған мақсатты шара еді. Биылғы жылы Елбасымыздың нұсқауымен осы әсерді азайту үшін халық кірісі 10 пайызға өсірілген. Енді оны ең кемі 15 пайызға көтеру керек. Бұл қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын 2014 жылдың басындағы деңгейде ұстап тұру үшін ғана жететін өсім. Олай болса, әлемдік биржалардағы бағалар қалай құбылса да, Үкімет бюджеттегі бұл «шығысты» бастапқы деңгейінде қалдыруға ниет білдіріп отырғандығы қаншалықты шындыққа жанаспақ? Өткенге көз жүгіртсек, 1997 жылдан кейін Қазақстан бюджеті үнемі шығысы жағынан өсім үстінде болды. Кіріс көлемі де жаман емес еді. Ал 2015 жылдың бюджеті неге өзгеріске ұшырап отырғандығы турасында түрлі сылтауларды арға тартады сарапшылар. Бұл жолғы Үкіметтің бюджетті қысқартуы кейбір халық қалаулыларының қолайына жақпаған тәрізді. Сенат депутаттары Мұхтар Алтынбаев пен Сергей Громов күш құрылымдары бюджетінің қысқаруын сынға алды. «Мен, әрине, елдегі жағдайды, экономикалық және халықаралық жағдайларды түсінемін. Бірақ «кімде-кім өз күш құрылымдарының қамын ойламаса, сол өзге елдің күш құрылымдарын ойлайтын болады», − деді депутат Громов Парламенттің жоғарғы палатасында 2014-2016 жылдардың республикалық бюджетіне енгізілетін түзетулердің таныстырылуы кезінде. Ол қорғаныс саласына ішкі жалпы өнімнің 8 пайызын жұмсайтын Әзірбайжанды мысалға келтіріп, біздің елде бұл саланы 1 пайыздық қаржыландыру да мүмкін болмай тұрғандығын баса айта келіп: «Олардың соғысып жатқан ел екені түсінікті, Құдай сақтасын бізді соғыстан. Бірақ әлемдегі ахуал аса жақсы емес: Ауғанстаннан әскердің шығарылуы, тағысын-тағы. Көріп отырсыздар ма, ахуалдың қаншалықты шиеленісіп отырғанын. Сондықтан, күш құрылымдарының бюджетін қысқартпауды сұраймыз», − деді сенатор. Күш құрылымдарын қаржыландыру мәселесін сенатор Мұхтар Алтынбаев та көтеріп: «Кешігіп қалды ма − кейінге қалдырады, бюджетті біреудің істегісі келді ме − орындайды, істегісі келмеді ме − орындамайды»− деді ашынып. Алтынбаев мырза Әуе қорғанысы күштерінің автоматтандырылған басқару жүйесін орнату шаралары кестесінің қайта қаралатынымен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, армия мұндай жүйеге бұрыннан зәру. ҚР Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Берік Шолпанқұлов өз ведомствосындағы бюджеттің қысқартылуын түсіндіруге тырысты. Оның сөзіне қарағанда, Қорғаныс министрлігі шығыстарды анағұрлым маңызды шараларға сақтау үшін бірқатар бағдарламаны қаржыландырудан бас тартуға мәжбүр болған көрінеді. Қаржы вице-министрі Лена Кармазина Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің және тағы бірнеше күш құрылымының бюджет шығыстары жалпы сомасы 35 миллиард теңгеге қысқартылғанын хабарлап: « 35 миллиард шынымен де қысқартылды, себебі бюджеттің табыс бөлігінің тапшылығы көп жағдайда осы күш құрылымдарына қатысты болатын», – деді. Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің орынбасары журналистерге өз ведомствосында бюджеттің 13,3 миллиард теңгеге қысқаратындығын қандай да бір мемлекеттік органның еріккеннен істеген ісі емес, бюджеттің жалпы секвестрі сондай деп тікесінен айтты мәлімдемесін. Бөлінген қаржыдан айырылған тек қорғаныс саласы емес, денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы салалары да миллиардтардан қағылды. Үкімет мүшелері 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетті депутаттарға таныстыру барысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеме жасап, 2014 жылы бюджеттің кірісі 420,7 млрд.теңгеге азайғандығын жеткізді. Сөйтіп, Үкімет үнемдеуге көшті. Сонымен, денсаулық және әлеуметтік даму саласының шығыны − 21,6 млн.теңгеге, денсаулық саласы − 26 млрд. ауыл шаруашылығы − 19 млрд.теңгеге азайғандығы анықталды. Оның орнына Ұлттық қордан 250 млрд.теңге Қазкоммерцбанк пен БТА банктің «проблемаларын» шешуге бөлініп отыр екен. Депутат Мұхтар Тінікеев «жеке банктердің қаржылық мәселелерін неге мемлекет шешуі керек» деп наразылық танытса да, Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов бұл ақшаның қайтарымы болатынын, банктер алдағы он жылда алған қаржысын қайтармаса, кепілдікке алынған банк акцияларына мемлекет иелік ететінін жеткізді. Келімбетов мырзаның бұл сөзі еліміздегі өзге маңызды салалардың еш қайырымы жоқ болғаны ма деген сұрақ туғызғаны жасырын емес. Әрине, бюджет кірісі қысқарғанда, оның шығысы қысқаратыны заңдылық. Онсызда қалтарыс-бұлтарысқа жиі ұшырайтын қаржы мәселесі келер жылы шеңберінен шығып, халықты қыспаққа алуы бек мүмкін.

Серіктес жаңалықтары