АЛЫП ИМПЕРИЯҒА АЛҒАШҚЫ ҚАРСЫЛЫҚ

АЛЫП ИМПЕРИЯҒА АЛҒАШҚЫ ҚАРСЫЛЫҚ

АЛЫП ИМПЕРИЯҒА АЛҒАШҚЫ ҚАРСЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
244

1924 жылғы 17 қазандағы Кеңестердің Қазақ Орталық Атқару Коми­тетінің Кіші Төралқалығы Қазақ АКСР-ы құрамында Қара­қалпақ Автономиялық облысын құру туралы шешім қабылдады да, осының нәтижесінде, бұрын аймақтық жақтан екіге бөлініп – Түркістан АКСР-ы мен Хорезм Кеңестік Халық Республикасына қарап, екі басқару органына бағынышты болған қарақалпақ елі тұңғыш рет біртұтас өлке­ге айналып (Қарақалпақ Авто­номиялы Облысы), Қазақ АКСР-ына қосылды.
Келесі жылы (1925 жылы) Қызыл­орда қаласы Қазақ АКСР-ының астанасына айналғандықтан Қара­қалпақ автономиялы облысы­ның орталықпен қатынасы оң­тай­лана түсті. ҚАО-ға орта­лық­­тан көптеген кадрлар ке­ліп, елдің қоғамдық-саяси өмірінде өз­герістер жүз бере бастады. Алайда Қазақ АКСР-ының орталығы 1927 жылы Алматы қаласына көшірілуіне және Қазақ АКСР өлкелік комитетінің басшысы Голощекиннің 1928 жылы халықтың дүние-малын тәркілеп, байларды қуғындауының әсері бұл жақтағы халыққа да тимей қалған жоқ.
1928 жылы 26 қарашада болып өткен Мәскеуде БК(б)П-ның ұйымдастыру бөлімінің мәжі­лісінде талқыланған «Оңтүстік Қазақстан мен Қара­қалпақстанда жер-су реформасын жүргізу» мәсе­лесіне орай қабылданған қаулы бұдан кейін атал­ған өлкелердегі халық толқу­ларына айқын негіз болды. 
Он бір бөлімнен тұратын бұл құжаттың үш жерінде Қарақалпақ облысында нақты атқарылуы тиіс істер анық айтылып, қаулымен бе­кі­тілген. Аталған құжаттан қыс­қаша үзінді келтірсек:
«…Қарақалпақ облысында – помещиктік тұрғыдағы қожа­лықтарды, өсімқорлардың, ірі саудагерлердің және жоғары дін­басылары қожалықтарын, сондай-ақ ұйымдары белгіленген және БОАК(ВЦИК) президиумы бекіткен еңбекпен жерді пайдалану мөлшерінен жоғары артық жер­лерді алып қою жүзеге асырылсын».
«…Қарақалпақ облысында – помещиктік тұрғыдағы қожа­лықтарды, өсімқорлардың, ірі сауда­герлердің және жоғары дін­басы­лары қожалықтарын, сондай-ақ арнайы бекітілген тізім бойынша бұрын­ғы Хиуа хандығының жоғарғы төре­лерінің қожалықтарын жоюмен шектелген жөн».
«…Сырдария округінде және Қара­қалпақстандағы барлық жойылатын қожалықтардан мал мен ауылшаруашылығы мүлкі ақысыз сұрыпталып алынсын». (Құжаттық деректер белгілі тарихшы ғалым Талас Омар­бековтың «Зобалаң»(Алматы, Санат – 1994 ж) атты кітабынан алынып отыр.)
Демек, Қарақалпақстандағы ірі бай­лардың, дін өкілдерінің мал-мүлкін тәркілеу ісінің басталуына осы қаулыда қабылданған шешімдердің негіз болғаны анық. Өйткені қаулыда «Қарақалпақ жерінде жойылуы тиіс әлеуметтік топтың қожалықтары және сол жойылатын қожалықтардың малдары мен шаруашылық мүліктерін олардың иелерінен ештеңе төлемей тартып алу керектігі» соқырға таяқ ұстатқандай көрсетілген. Ол аздай аталған қаулының тағы бір бабында «ОГПУ органдарына Қазақ өлкелік комитетімен бірге кезінде солардың өздерінің қожалықтары болған округтерден тыс жерге аударылатын адам­дарды анықтау ұсынылсын» деп, тәркілеуге ұшыраған адамдарды одан әрі тұқыртып, жер аудару керек­­тігіне бұйрық берілген. Міне, осы қаулыны басшылыққа ал­ған Қарақалпақ автономиялы облы­сындағы жергілікті партия қыз­мет­керлері өздеріне берілген құқықты ас­ыра пайдаланып, жергілікті бай­лар мен дінбасыларға әртүрлі салық­тар салумен ғана шектелмей, олар­дың жекеменшігіндегі дүние-мүліктерді талан-таражға ұшыратты. Коммунистік партияның күштеп жүргізіліп жатқан саясатын қарапайым халық түсінбеді, керісінше, ауылдық кеңестер милицияның күшімен партияның нұсқауларын әкімшілік күштеу арқылы жүргізді, мән-жайды түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары деген болмады. Тіпті, милицияның өзі көзбояушылық жасап, байлардан тартып алынған заттарды аукцион арқылы сатуды ұйымдастырып, милиция қызметкерлері және жергілікті партия мүшелері былайғы жұртты саудаға жақындатпай, өздері сутегінге сатып алды. Осыдан келіп байлар, дінбасылар ретінде тоналып жатқан адамдардың наразылығы күн санап артып, мұның соңы қарулы қарсылыққа әкелді.
1929 жылы 27 қыркүйекте, күндізгі сағат 1-дің кезінде Қара­қалпақстанның солтүстік-шығы­сын­да орна­ласқан аудан орталығы Тақта­көпірге оның оңтүстік жағынан қолдарында винтовкалары бар 40-қа жуық атты көтерілісшілер «Аллалап» ұрандап, қалаға баса-көктеп кіріп келді. Бұл базар күні еді, базарда жүрген қаптаған халық қапелімде не болғанын білмей әрі-сәрі болып тұрғанда келген қарулы адамдар Алланың атынан сөйлеп, халықты өздеріне қосылуға шақырды. Қаланы қиратып, халықты қанап отырған партия қызметкерлерін, милицияны жоюға үндеді. Оқыстан болған бұл істен үрейленген халықтың бір­талайы бет-бетіне қашып құтыл­маққа тырысқанымен атты көтерілісшілер мыл­тықпен қорқытып, оларды тоқтат­ты. Осыдан кейін олар мемлекеттік ұйым­дар, мекемелер жайласқан қала­ның орталық бөлігіне қарай жыл­жыды. Қапелімде болған оқиғадан сасып қалған мекеме басшылары мен қызметкерлері олардың келе жатқанын білген бетте-ақ беталдына қашып, бас сауғалады. Ал, көтерілісшілер мен оларға ерген көпшілік аудандық партия және атқару комитетіне, комсомол комитеті мен Қосшы одағына, халық сотының адам қамай­тын камералары мен қазыналық дүкендерге басып кіріп, ондағы іс қағаз­дарын, тергеу істерін өртеді. Мекемелер қабырғаларында ілулі тұрған Маркс, Ленин, Дзержинскийдің портреттерін жұлып алып, енденге лақтырды, аяқтың астына салып таптады, жыртты. Ал құрамында 20 қарулы коммунарлары бар Дедов басқарған отряд көтерілісшілерге жөнді қарсылық көрсете алмай көбісі тым-тырақай қашты, ал кейбірі әр жерден бір оқ атып, әлсіз қарсылық көрсеткенімен көтерілісшілер оларды сол бойда атып өлтірді. Солайша, ішінде Дедовтың өзі бар 8 коммунар қаза тапты. 
Негізінде, Тақтакөпірдің орталы­ғында 150-ден астам партия, кеңес қыз­меткерлері және олардың біразы қаруланған болды. Бірақ олардың нелік­­­тен қарсылық көрсетпегені түсі­нік­сіз. Алайда ұзамай Тақта­көпір­­дегі көтерілісті басып-жаншу үшін жіберілген ОГПУ-дың 6 және коммунистердің 4 адамынан құрал­ған Грязнов дегеннің отряды басмашылармен табан тіресе екі сағат бойы атысып, Тақтакөпірді қайтарып алды. Сірә, мұндағы коммунистерге көмекке сырттан тағы да қарулы отряд келеді деп сескенген болса керек, көтерілісшілер 30-40 адамнан топ-топқа бөлініп, қаладан шығып кетті.
Бірақ көтерілісшілер бұнымен құтылмады.
«4 және 7 қазанда көтері­ліс­шілердің үш тобы талқандалды. Шайқас үстінде көтерілісшілерден 8 адам өліп, 5 адам қолға түсті, қалған­дары амалдап қашып құтылды.
1929 жылдың 8 желтоқсанына дейін ПП ОГПУ-дің Ерекше үштігі біраз істерді қарап, көтеріліске қатыс­қан 32 адамды ату жазасына кесті. Үкім жедел орындалды. 1930 жылдың 1 маусымына дейін 27 адам әртүрлі мерзімге концлагерге айдалды, тағы 25 адам 3 жылға жер аударылды».(Т.Омарбеков. Қарақалпақстандағы көтеріліс. «Жұлдыз»,1993, №4). Міне, Кеңес өкіметінің зорлық-зомбылыққа негіз­делген саясатына алғаш рет наразылық танытқан халық өкілдері осылайша қатаң жазалауға ұшырады…
Ал, енді «Тақтакөпір көтерілісінің басында кімдер тұрды, оны ұйым­дас­тырғандар кімдер?» дегенге келе­тін болсақ, көтеріліс жеңіліске ұшыра­ғаннан кейін ОГПУ тарапынан тергеуге алынған кісілердің жауап­тарынан Жәлел-Мақсұм Исматуллаев, Әбдікәрім Исматуллаев, Қадырғазы Дәулетназаров, Барлықбай Нұрымов, Палуанияз бай деген кісілердің аттары аталады. Әрине, Тақтакөпір көтерілісіне осылар сияқты бай­лар мен дінбасылардың ықпал еткенін жоққа шығаруға болмас, тіп­ті, жергілікті халық арасында Хан-Мақсұм мен Барлықбайдың көтерілісті ұйымдастырғаны туралы әңгімелер әліге дейін айтылады, алайда дүние-мүлкін, егістік жер­лері мен малдарын тартып алып, отба­сына қауіп төндірген мемлекеттік құрылымға қарсы шыққандардың наразылығын «контрреволюциялық қозғалыс» деп бағалау түбірімен қате. Өйткені үстем тап өкілдерін құртуды ашық түрде ұранға айналдырған сталиншіл большевиктер жоғарыдан келген қаулыны жүзеге асыру бары­сында олармен келісімге кел­іп, келіссөз жүргізуді ойына да ал­ған жоқ, керісінше, күштеп орын­дату­ға иек артып, талай рет қару қол­данып, қан төгуге дейін барды. Ең бас­тысы, Қазақстандағы ПП ОГПУ басты­ғының орынбасары Альшанский Тақта­­көпірдегі көтеріліске басма­шылардың қатысына саяси рең бер­­іп, оны Қарақалпақстандағы кон­тр­­революциялық ұйымның ісі деп сипаттайды. Көтерілістен соң тұтқындарды тергеу кезінде олар­­­ға зорлықпен мойындатылған «контр­революциялық ұйымның жұ­мысы» жайында қолдан жасал­ған дәйектерді алға тартып, өз баян­дамаларында бірнеше рет Тақтакөпірге жақын орна­ласқан Шымбай, Кегейлі аудан­дарындағы «басмашылар ұйым­дарын жойғаны» туралы сенімді баяндаған болатын. Ал, шындығында ешқандай ұйым болмағаны анық еді. Бірақ, оны қаперге алып жатқан кім бар? Мұның соңы партия мен кеңес қызметіндегілерді тазалау науқаны жүріп, бірталай адамды қызметтен қуу, соттау істеріне жалғасты.
Ия, соншалықты көп адам қаты­насып, мемлекетке аса зор көлем­де зиян шектіре қоймағанымен, Тақта­көпір көтерілісі – сол аймақта ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан қазақ, қарақалпақ халықтарын тапқа бөліп, бір-біріне қарсы қойған, күштеп ұжымдастыру арқылы елді аштыққа қамап, қырғынға ұшыратқан большевиктердің қанқұйлы өкі­метіне алғаш рет қаймықпай қарсы шығып, өзінен соңғы көтері­лістерге (ондай көтерілістің жал­пы саны КСРО бойынша 327-ге жетеді) дем бергенімен бағалы.
Тақтакөпірдегі көтерілістен соң Қарақалпақ автономиялы облы­сына шегаралас жерлерде Ке­ңес өкіметіне қарсылық қозға­лысының кеңейе түсуі және ҚазАКСР-ы құрамындағы Қара­қалпақияның жағрапиялық жақ­тан тым шалғайда болуы – Голощекиннің өткізгелі отырған «кіші қазанның» екпініне кедергі келтіретіні анық еді. Сондықтан ол «өзіне абырой бермейтін бұл аймақтан құтылуды» ойлады. 
1930 жылдың 19 нау­рызын­дағы Қазақ Өлкелік Комитеті­нің отырысындағы мәжілісте ҚазАКСР-ы құрамынан Қара­қалпақ Автономиялық облысының бөліну туралы мәселе өте құпия түрде қаралып, БК(б)П Орта­лық Комитетіне «Қарақалпақ Авто­номиялық облысын Ресей Федер­ативтік Автономиялық Респу­бликасына беру туралы» мәлім­деме дайындалды. Ал, 1930 жылғы 3 сәуірде БК(б)П Орта­лық Комитеті Орта Азия Бюросы Атқару Комиссиясының отыры­сы өтіп, онда Қазақ Өлкелік Коми­теті­нің 1930 жылғы 19 нау­рызындағы шешімімен келісі­леді де, Қарақалпақ автономиялы облысының Қазақ АКСР-інен шығу мәселесі 1930 жылғы Бүкіл­одақтық Орталық Атқару Комитеті Төралқасының 1930 жыл­ғы 20 шілдесінде «Қарақалпақ Автономиялық облысының бұрын­ғы аумағын сақтай отырып, Қазақ АКСР-і құрамынан шығару және оны РСФСР Орталық органының тікелей қарамағына беру жөнінде» қаулысымен орындалады. Міне, осылайша кең байтақ қазақ жерінің шұрайлы бір аймағы өзге елдің қанжығасына байланып кетті. Себепсіз салдар жоқ деген осы…
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары