Балалар құқығын қорғау - басты міндет
Балалар құқығын қорғау - басты міндет
Астанада
бүгін балалар құқығын қорғауға байланысты конференция өтті. Астанадағы
конференцияда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова 2015
жылдан бастап бала асырап аламын деген отбасыларға жәрдемақылар берілетінін
мәлімдеді. Бұл конференция Қазақстанның Балалар құқығы жөніндегі БҰҰ
конвенциясын ратификациялауына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Конференцияға ҚР Жоғары сотының
төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов, ҚР
Әділет министрі Берік Имашев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид
Жақыпов, халықаралық ұйымдардан ҚР-дағы Еуропа Одағы өкілдігінің басшысы
Аурелия Бушез, ҚР-дағы ЮНИСЕФ өкілі Джун Кукита, БҰҰ балалар құқығы
комитетінің мүшесі, жасөспірімдер ісі бойынша судья Рината Уинтер, т.б.
лауазымды тұлғалар қатысты.
Конференцияда сөз алған ҚР
вице-премьері Гүлшара Наушақызы: «Бүгінгі таңда елімізде 13 мыңнан астам бала берекесіз
отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Ал, жыл
сайын мыңға жуық азамат ата-ана құқығынан айрылып жатады. Бұл жайттың барлығы
мемлекет пен қоғам тарапынан жүйелі шаралар қабылдауды талап етіп отыр», – деді. Қазақстанда
қазір 5 млн.-нан астам бала өмір сүреді. Бұл Қазақстан халқының үштен бір
бөлігі. Соңғы үш жылда еліміздегі бала туу көрсеткіші 1,3 есеге өсті. Бір қуанарлығы,
соңғы бес жыл ішінде жетім балалардың саны 10 мыңға азайған. Қазір республика
бойынша 9,8 мың жетім бала тіркелген. Гүлшара Наушақызының айтуынша, Үкімет
балалар құқығын қорғау, оларға қажетті көмек көрсету саласында жоспарлы жұмыс
жасап келеді. Бүгінде бала тәрбиелеп отырған отбасылардың барлығына түрлі
төлемдер қарастырылған. ал 2015 жылдың қаңтарынан бастап бала асырап алушыларға
бір реттік жәрдемақы төленетін болады.