«TERRANOVA-НЫҢ» ИГІЛІГІ КӨП

«TERRANOVA-НЫҢ» ИГІЛІГІ КӨП

«TERRANOVA-НЫҢ» ИГІЛІГІ КӨП
ашық дереккөзі
179

Үдемелі индустриалды-инно­ва­циялық даму бағдарламасы ая­сында Жетісу өңірінде тағы бір зауыт іске қосылды. Алматы об­лысы, Қарасай ауданы, Береке ауы­лында бой көтерген «Terra Nova» зауытының ашылуына «Нұр Отан» партиясының «Біздің ауыл» жоба­сының шапағаты мол. Жаңа зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты. Зауыт лентасы қиылған соң кәсіпорын қызметкерлері аймақ басшысы мен қонақтарға зауыттың жұмыс жүйесін таныстырды. 
Алкогольсіз сусындар мен ауыз су шығаратын зауыттың құрылтайшысы – «Қазақстан коммерция» акционерлік қоғамы. Акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрағасы Жауғашты Нәбиевтің айтуынша, зауыттың қуаттылығы жылы 70 млн. литр дайын өнім шығаруға жетеді. Кәсіпорын германиялық «ZIEMANN-BMS Maschinenfabric» компаниясының құрал-жабдықтарымен жабдықталған. 
«Зауытқа тартылған инвестиция көлемі 3,6 млрд. теңгені құрап отыр. Оның 2,2 млрд. теңгесі – несиелік қаражат болса, 1,3 млрд. теңгесі – жеке қаражат. Біз өз тарапымыздан, яғни облыстың бюджеттен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржы бөліп, электр және газ жүйелерін тартып, қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз. Жаңа салынған өндірістің қасынан үлкен жол өтеді. Ұзындығы 800 метр болатын сол жолға асфальт төсеп, сусын тасымалын жеңілдетуге де қол ұшын береміз», – дейді облыс басшысы Амандық Баталов. 
Зауыт шығаратын өнімнің жылдық көлемі 7 млрд. теңге болмақ. Яғни, кәсіпорыннан мемлекет қазынасына жыл сайын 700 млн. теңге салық түсіп отырады. Үш желілі зауыттың әзірге бір ғана желісі іске қосылған. Сусындар өндірісіне үш желі толық жұмылдырылғанда зауыт жылына 100 млн. литр дайын өнім өндіре алады. 
Өндіріс орынының Қарасай ауданында орналасуы тегін емес. Бұл сусындар шығару үшін ең қолайлы аймақ болып саналады. Алматы облысында 20-дан астам сусын шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Зауыттың бас директоры Жауғашты Нәбиевтен жаңа салынған өндірістің өзгелерден ерекшелігін сұрадық. «Бөтелкелерге құйылатын ауыз су 350 метр тереңдіктен алынуда. Бұл – Алатаудан төмен түскен мұздық суы. Тек кір-қоңнан тазартып, ешқандай қоспа араластырылмай табиғи қалпында құйылады. Сондықтан бұл ауыз су денсаулыққа ешқандай қауіп төндірмейді, керісінше, минералдарға бай болғандықтан пайдасы зор», – дейді Ж.Нәбиев. Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – өндіріске тек жергілікті тұрғындардың тартылуы. Зауыт 140-тан астам адамды жұмыспен қамтымақ. Өндіріс жұмысына қабылданған жергілікті мамандарға су жаңа техникалардың жұмыс істеу принципін үйрету үшін неміс мамандары арнайы келіп, дайындықтан өткізіп жатыр. Жаңа зауыт өз өнімімен тек қазақстандық нарықты қамтып қоймай, болашақта экспортқа шығаруды да жоспарлап отыр. 
Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары