АДАМДАРДА «АЛТЫН ЖҮРЕК» БАР

АДАМДАРДА «АЛТЫН ЖҮРЕК» БАР

АДАМДАРДА «АЛТЫН ЖҮРЕК» БАР
ашық дереккөзі
253

Елімізде жыл сайын дәстүрге айналған қайырымдылық саласындағы қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығы осымен сегізінші рет қатарынан өткізіліп келеді. Биыл «Алтын жүрек» сыйлығына 120 үміткер тіркелген. Арнайы кеңестің талқылауы нәтижесінде іріктелген 11 жеңімпаздың есімі жарияланып, жетім балаларға, мүгедек жандарға, ардагерлерге көрсеткен қамқорлығы, спортты дамытуға қосқан үлесі үшін, сондай-ақ жыл меценаты, жылдың қайырымды адамы сынды аталымдар бойынша үздік шыққандар марапатталды. Биылғы жылдың басты жаңалығы – сыйлыққа ұсынылған үміткерлерді халық таңдады. Яғни қордың ресми сайтына кірген әрбір жан өз даусын белгілі бір үміткерге берген. Аталмыш ізгі шараның ұйымдастырып келе жатқан «Бауыржан» қайырымдылық қорына биыл 10 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында қаншама жүрегі жомарт жандар елімізде айықпас ауруға шалдыққан бүлдіршіндердің алдыңғы қатарлы шетелдік емханаларда емделуіне қайтарусыз қомақты қаржы бөлді, тағдыр тәлкегіне ұшыраған ақ самай ата-әжелерімізге материалдық қолдау көрсетті, мектептер мен балалар үйінің құрылысына, ауылдық жерлерде спорт алаңдарын салуға қаражат құйды. Көмек қолын созғандар 11 номинация бойынша «Алтын жүрек» сыйлығына ие болды. Алқалы кеңестің шешімімен «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы «Bi Group» директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевқа берілсе, «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясын Ақтөбе қаласының «Emshan Co – Емшан Компаниясы» иеленді. Олар Жылтыр ауылында болған қауіпті өрттен соң, мектептің қайта қалпына келтірілуіне 172 550 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен. Жазушы Тахауи Ахтановтың қызы Әсия Ахтановаға «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы берілді. Ал «Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін» номинациясымен марапатталған Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов Қалбатау ауылында 1000 орындық, үш залдан тұратын – бокс, ауыр атлетика және әмбебап күрес залдары бар спорт кешенін салған. Одан басқа да қаржылай көмектер көрсетіп келеді. «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін» номинациясы Талдықорған қаласында «Нан сатып ала алмасаң, тегін ал» деген акция ұйымдастырған Дәурен Талиповқа берілсе, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Жан анам» қайырымдылық қорының директоры Майра Ілиясова «Жыл меценаты» номинациясы сыйлығының лауреаты атанды. Әртіс продюсерлік қызметтен бөлек, мүгедек балалар мен олардың отбасына көмек көрсетіп келеді. 2004 жылдан бері «Жан анам» атты жыл сайынғы өтетін концерттен жиналған қаражат шет мемлекетте жеті баланың операциясына төленген (әрбір балаға 7500 доллар). «Ақпараттық қолдаушы» номинациясы «Өмір сүремін. Буду жить» әлеуметтік-қайырымдылық бағдарламасы арқылы көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсете білген «Шаһар» телерадиокомпаниясына тағайындалды. «Жылдың қайы­рымды адамы» – әлеуметтік нысан­дарға жөндеу жұмыстарын жүр­гізген «Анвар» ЖШС директоры Талғат Салфиков атанды. «Жыл ұйы­мы» номинациясы – жұмыссыз зей­неткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балаларға, ардагерлерге материалдық көмек көрсетіп жүрген «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ-на берілді. «Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін» номинациясымен Алматы қаласының тұрғындарына профилактикалық онкопатологияның алдын алу мақсатында ашық есік күндерін, маммологиялық тексерулер мен сүт безін УДЗ-ден қарауды тегін жүргізіп келе жатқан Алматы Онкологиялық орталығы марапатталды. «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» номинациясына сыйлық лауреаттар Қазақстан халқы үшін көмек көрсеткен шетелдік қайырымды жандардан таңдалды. Аталмыш номинацияға Қазақстандағы әлеуметтік аз көлемдегі жобаларына қайтарымсыз көмек көрсету барысында 5 миллион доллар жұмсаған Жапония үкіметінің «Корни травы» бағдарламасының жетекшісі Камохара Масаеси ие болды. «Бауыржан» қайырымдылық қорының директоры, «Алтын жүрек» сыйлығын ұйымдастырушы комитеттің төрайымы Жұлдыз Омарбекова: «Бізбен бірге 7-8 жыл келе жатқан тұрақты демеушілеріміз бар. Биылғы номинанттардың саны 120-ға жетті. Негізі олардың әрқайсысы да сыйлыққа лайық. Олардың арасынан бөліп-жарып бір адам таңдау да оңайға түскен жоқ. Қайырымдылық қор аясында биыл 4 жаңа емхана салынды. 5 млрд. теңгеге балаларға оқуға көмек көрсетілді. Жыл сайын қайырымдылық істер жасалып жатыр. 30 дамыған елдердің қатарына қосылу тек қана мемлекеттің күшімен не болмаса бизнестің күшімен іске асырылмайды. Барлық қоғам болып, біріккен жағдайда ғана елімізді көркейте аламыз», – деді. Сондай-ақ, салтанатты шарада танымал өнер жұлдыздары да әннен тарту сыйлады. Кешке келген көмекке мұқтаж жандар «Бауыржан» қайырымдылық қорына шексіз ризашылықтарын білдіріп, қайырымды жандарға алғыстарын айтты.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары