ЖАУЫНГЕР, ҒАЛЫМ, АЗАМАТ

ЖАУЫНГЕР, ҒАЛЫМ, АЗАМАТ

ЖАУЫНГЕР, ҒАЛЫМ, АЗАМАТ
ашық дереккөзі
138

Алдымен есте тұтар бір шындық мынау: ол жүріп өткен өмір жолы – көрген тауқыметі, жеткен биігі, алған ләззаты ешқандай әсірелеп, әрлеуді, асырып мақтап, артық баға беруді қажет етпейтін еңбек пен ерлік жолы. Өмір көрген әрбір азаматтың бойында кейінгілер сүйінер тым болмағанда бір қасиет болса соның өзінің де, тәрбиелік мәні зор. Ал бейбіт өмір мен майданда бірдей азаматтықтың, адамдықтың үлгісін көрсеткен сан алуан ардагерлер туралы әңгіме аз айту кешірімсіз кемшілік. Олар жайында жас ұрпақ не біледі? Бұл мәселе бәрімізді толғандыруға тиіс. Сөз осы жайында. Еліміздің ырысы мен тәжіндей әсем де асқақ Алатаудың әдемі бір қойнауы – Талдыбұлақ (Еңбекшіқазақ ауданы) селосында тұратын Қайдар отбасы үшін 1924 жылдың бір таңы ерекше қуанышпен атты. Дүниеге сәби келді. Оның келісінде анау айтқан ерекшелік немесе бір пәлендей оқиға бола қойған жоқ. Сол кезеңнің өзіне шақ шілдехана ырымы жасалды. Әкенің алып бара жатқан сауаты бола қоймағанмен төрт кластық білімі бар, көзіқарақты, елдің бас көтерер, естияр азаматы болатын. Ә дегенде біраз жыл колхоз басқарды, кейіннен аудандық милицияда қызмет етті. Шешей де жасында колхоз жұмысына араласып, кейін үй шаруасын бағып қалған қарапайым көп ананың бірі еді.Баланың пайымдылығын, оқуға зейінділігін әуелден байқаған әке: «Оқы балам, оқы!» – дегеннен бөтен сөз айтқан емес. Құлағына сіңген осы сөз бе, әлде тумысынан байқалған білуге құштарлық сезімі ме, әйтеуір Әбдуәли о бастан-ақ әр нәрсені білуге құштар зерек болып өсті. Мектеп қабырғасында оның әр ал­уан қабілеті атала бастайды. Өлең, жырға, музыкаға, домбыраға құмарлығы, сурет салуға икемі баланың бойында әр қилы талап пен талант нышаны барлығын сездіретін. Сабақты жақсы оқып жүріп, сурет салуға машықтанады, домбыра үйренеді, мондол тартады, ән салады. Тіпті оның сол мектеп қабырғасында жүріп салған суреттерінің қайсыбірі – Абай мен Амангелді портретінің көшірмелері көп жылдар бойы сол мектепте сақталыпты. 
Қысқасы, не керек, ол сәбилік, боз­балалық шағының өзінде, қайсыбір тұрғыластарындай желпінісі көп жел жүріспен өткізбей, жан сезімін оятатын, пайым-түйсігін ұшқырлайтын пайдалы іспен шұғылданады.
Егер ол осы аталған өнердің бірін ұс­тап, сол жолды қалап алғандай болса, бәлкім біздер бүгінгі күн ғалымды емес, ғажайып бір суретшіні, не керемет бір музыкантты тамашалап отырар ма едік, кім білсін?! Бозбала қиялында әр түрлі арман қанаты қалықтайтын. Мұ­ның қайсысын қаласа да, аяғына жетер, басына шығар қабілеті бар, табанды да қажырлы, пайымды да парасатты бір жас жігіт жетіліп келе жатқанын жұрт сезетін. Бірақ, көктен түскен жай отындай суық хабар бала қиялын 9-класқа жеткенде су сепкендей басты. Соғыс бас­талды. Қару асынуға жарайтын елдегі естияр азаматтың бәрі майданға аттанып кетіп жатты. Бір шаңырақ, бір әулеттен үш бірдей адам – әкесі, екі ағасы кетті. Төртінші болып кезекте өзі тұрды.
Есіл-дерті өнер мен оқуда жүрген бозбала, ел басына күн туғанда есейіп шыға келді. Он алтыдан жаңа асса да өзін ересектер қатарына ерте қосып, үлгерген ол, бір күні өзі теңдес балалармен бірге военкомның есігін қағады. Майданға жіберуді өтінеді. Сол кездегі военком Томарбеков балалардың ниетіне риза бола отырып, жасы жеткенде бұларға да кезек келетінін айтып шығарып салады. Шынында, ол кезде өзі тіленіп майданға аттанып жатқан адамдардың көп болғаны мәлім. Ал тоғызыншы класс түлектерінің, оның ішінде Әбдуәли сияқты балалардың зіл қаратас ауыртпалықты қатты сезініп, Отан алдындағы борышын осылайша өтеуді ойлап өтініш етуі кісіні толғандырмай қоймайтын мінез. Бұл отаншылдық рухта тәрбиеленген жас түлектердің жоғары саналылығын танытатын бір ғана мысал. Мұны кезінде аудандық газет те көре біліп, жоғары бағалап, Әбекеңдер өтінішін жариялап жіберген екен. Талдыбұлақ түлектері мен Еңбекшіқазақ азаматтарының бұл да бір ескере жүрер ісі болса керек. Патриоттық тәрбиені шыңдай түсетін осын­дай деректер Әбекең өскен аймақ ме­рейін өсіре түспесе, төмендетпес еді-ау дейміз.
Әбдуәли әскеркомнан хабар күтіп, қарап отырмай Түргендегі мұғалімдер дайындайтын он айлық курсқа түседі, онда әрі оқып, әрі соғыс тәсілін үйрене береді. Ақыры 1942 жылдың 2-майында көптен күткен шақыру қағаз қолға тиіп, ол әскер қатарына алынады. Ә дегенде Ташкенттегі радио-телеграфис­тер мамандығын тез арада игереді де, қанды соғыстың қақ ортасы – Великие Луки қаласынан бір-ақ шығады. Алматыда жасақталған 100-ұлттық бригада ол кезде осында шайқасып жатқан болатын. Бір қызығы, Әбекеңнің әкесі де осы маңда қатар соғысыпты. Дәл сол жерде құрбан болыпты. Мұны ол кейін біледі. Сол бір кезеңдер кейпі жауынгер көңілінен әлі күнге ұмыт болған емес!.. 
… Соғыс алаңының әрбір күні, әрбір сәті таусылмайтын дастан, бітпейтін жыр ғой. Соның солай екенін білгенмен, кейде күнделікті күйбең тірлік салдарынан еленуге, ескерілуге тиісті нәрселердің елеусіз қала беретіні өкінішті. Әйтпесе қай ауыл, қай село өз ардагерлерінің қадіріне жетіп, оның майданда басынан кешкен ерлік жолдарын қайсысы терең біліп жатыр. Түбі ұрпақ бұған да келер, өз майдангерлерінің тарихын жазатын да болады. Майдангерлер қатары мүлде селдіремей тұрғанда әр аймақ, әр ауыл өз әрекетін жасап үлгергені мақұл ғой.
Ал жауынгер Әбекең басынан кешкен майдан оқиғаларының қайсыбірін айтып үлгерерсің. Соның бірді-екілі ғана сәтін еске түсіріп өтудің өзі көп нәрсені, аңғартқандай. 
… Сол күнгі шайқас тым ұзаққа созылды. Жаудың толассыз жүргізілген шабуылы жауынгерлерді әбден титықтатса да, мына төбеден оларды қуып шыға алмай фашистер жанталасты. Соғыс алаңын­да үстемдік құрарлық маңызы бар бұл биікті қатып ұстап, қайтпай соғыс салып жатқан Әбдуәлилер ротасы болатын. Күн ұзақ жасалған шабуылдан нәтиже шықпай өшіккен жау түнге қарай тыныштал­ды да, таң сыз бере жер-көкті неміс артил­лериясы­ның гүрілі билеп алды. Төбеге төгілген оқтың есебі жоқ. Оқ нөсері бітісімен жаудың жаяу әскері тағы да төбеге қарай қаптады. Олар кешегідей емес билеп-төстеп ер­кін келеді. Шамасы жаңағы артиллерия дабылынан соң ешкімнің тірі қалуы мүмкін емес деп ойлаған болу керек. Бірақ олар тағы да жойқын тойтарысқа кезікті. Алдыңғылары баудай қырылып, кейінгілері кейін жапырылды. Оныншы, он бірінші шабуыл да осылай аяқталды. Шабуылдың сәл саябыр тапқан бір сәтінде екі арада қалған жау пулеметін «қолға қалай түсірсек екен» деп іштей жоспар құрып жатқан Әбдуәлиді бір мезгілде рота командирі шақырды. Командир жағдайды қысқаша баяндады да:
– Байланысшылардан хабар жоқ. Келер көмек белгісіз. Жау сыйқы мынау, «төбені алмай тынбаймыз» деп қағынып тұр. Біздің енді бір ғана шабуылға төтеп берер қауқарымыз бар. Ендігі амал, әзірше мынау: Ана орта жолдағы жау пулеметін кө­ріп тұрмысың. Манадан бері үнсіз қалды. Оқ-дәрісі де жетерлік. Соны қолға түсіру керек. Қалай әкелесің өзің біл. Түсінікті ме? – деді. 
– Түсінікті, бұйрықты орындауға рұқсат ет­іңіз, жолдас капитан.
– Рұқсат. Тек қасыңа біреуді ерт.
Бұл желтоқсан айы, қыстың қақап тұрған кезі болатын. Төбеден еңіске қарай бомбадан қазылмаған жер қалмаған. Екі араның әрбір бұтасы, әрбір нүктесі екі жаққа да әбден жаттанды болып алған. Қыбыр еткен қимылды қалт жібермей аңдысып алған шақ. Әбекеңдер барар жолды барлап алып, жер бауырлап жылжи бастады. Барарында білдірмей барған олар, пулеметті іліп алып кері жылжуы мұң екен, жау нысанасына ілікті. Оқ қарша борады. Не керек, жанындағы Саша екеуі пулеметті әрең жеткізіп үлгерді. Ар жағы есінде жоқ. Ертеңінде ол Торопец қаласындағы госпитальда жатты. Есін әрең жиып, көзін ашты. Білек салбырап, жіліншік сынған, екі құлақ тас бітіп, көз тұнған. Ол ауыр контузия алғанын сонда ғана шамалады. Алайда мақсатын орындап, жаудың кезекті шабуылына тойтарыс жасауға себепші болғанын есіне алып, іштей сүйсініп жатты. Осы ерлік әрекеті үшін ол ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен наградталды.
Осыдан кейін де қаншама шайқасқа араласып, қаншама қатерді бастан өткізгенін еске алып, есебін шығару оңайға соқпайды. Соғыстың өз заңдылығы оны талай сұрапыл соқпақтармен жүргізіп, шыңдай берді, шыңдай берді. 1943 жылы Костромадағы Ленинградтан көшірілген Жданов инженерлік әскери училищені қысқа мерзімде бітірген соң, ол Белоруссияны, Польшаны т.б. елді мекендерді азат ету жорықтарына кіші лейтенант шенінде қатысады.
Соғыс кезіндегі алға басқан әрбір қадам мерекелік салтанатты шеру емес екені белгілі. Шегінген сайын шектен шыққан жауыздықтың адам ақылына сыймайтын түрлерін жасап баққан фашистер жан-жағына өлім себумен болды. Ал азаттық үшін әділет соғысын тәмамдап келе жатқан біздің жауынгерлердің алға басқан әрбір қадамы ерлік пен даңққа бөленіп жатты. Бұл кезде жиырмадан жаңа аса бастаған Әбекең майданның от-жалынында шыңдалған, кексе де келісті, тепсе темір үзетін айтулы жауынгер қалпында жеңіс күнінің жақындай түсуіне жан аямай үлесін қосты. Сол бір қиямет кезеңдерді сұрай қалсаңыз ол терең күрсініп барып: «Жаман соғысқан адам аз болды ғой, «Отан үшін алға!», – деп ұмтылған кездегі бойға біткен күш-қуатты тілмен айтып қалай жеткізерсің»,– деп көбіне өз жорықтарына тереңдей бермей, сабыр сақтайды. Жаратылысына біткен сыпайылық, өз жетістігін айтып мақтанбайтын кішіпейілділік оны артық әңгімеге жібермейді. Бұл жөнінде қаншама «сараңдық» жасағанмен (мен бұл сөзді тырнақшаға алып айтып тұрмын), қазір біз көптеген мәліметтерді тауып, майдан жолының сырын толығырақ әңгімелеп берерлік халдеміз.
Әбекеңнің жауынгерлік жорықтарын анық көрсете алатын тағы бір сәтті аттап өтуге болмас. Ол мынау: 
… Совет әскерінің тегеурініне төтеп бере алмай ығысып бара жатқан неміс басқыншылары Висла өзенінен өтіп, тоқтады. Соның арғы жағасын бекініске айналдырар ойларын барлап біліп отырған біздің қолбасшылар шабуылын тоқтатпай өзеннен өту қамына кірісті. Бір қолында автомат, екінші қолымен қолтығына қысып, мойыннан асыра орап алған темір арқанды Әбдуәли және бір топ жауынгер өзенді кеше алға сүйреп әкетіп барады. Әлгі арқан үстіне әп-сәтте қалқымалы камералар орнатылып, көпірге айналды. Көпір әскери техникаға жол ашты. Сөйтіп біздің әскер немістерді Висла жағалауына да тұрақтатпай тағы да түріп айдап шықты. Штеттен қаласын алды. Әбдуәлилер бірнеше жылға созылған қанқұйлы соғысты осы қалада аяқтады. Өйткені дәл осы қалада тұрғанда Рейхстагқа ту тігілді, фашистер ордасы ортасына түсті деген хабар жетті. Осы сәтте кіші лейтенант кеудесін нендей сезім билегенін, бәлкім өзі ғана білер, ал сол 1945 жылдары мектеп табалдырығын енді-енді аттап, сабағымыздың көпшілігін аман жүрген жауынгер ағаларымызға хат жазумен аяқтайтын Әбекеңнің інілері – мына біздер «Жеңіс!» деген ұлы сөздің құдіретін ең алғаш сонда сезінген едік. Сол сөздің мағынасына нұқсан келтірмей жеңісті жеңіске ұластырған жауынгер ағаларымызға бас иеміз, сол күнге жетпей жанын құрбан еткен марқұмдарға құрмет көрсетіп, тағзым етеміз. Жылдар өткен сайын ұмытылып бара жатқан ағаларымыздың осынау жойқын ерліктерін еске алып отыру кейінгілердің міндеті.
Әбекең омырауында жарқыраған ІІІ дәрежелі Даңқ, І дәрежелі Отан со­ғысы, екі Қызыл жұлдыз ордендері мен медальдарының әрқайсысының ізіне түсіп, тарихты қопарар болсақ, жоғарыда келтіргендей талай ерліктің сырын ашар едік. Бірақ мұның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Білуге ынтық жандар болса, бұл болашақ сырласулар арқауы болмақ. 
Алайда есте болар бір жайт бар. Мыңдаған кеңес жауынгерлері сияқты Әбекеңдер де орден үшін, атақ пен даңқ үшін соғысқан жоқ. Ең алдымен туған ауыл, отбасы үшін, ұлы Отан үшін, байтақ жер үшін, тіпті керек десеңіз мынау ақбасты Алатау үшін, халық үшін шайқасқан. Қысқасы, ол 22 жасында ажалмен әлденеше рет бетпе-бет айқасып, алла қолдап аман-есен елге оралды.
Майданнан зарығып жеткен қайсыбір ағалар сияқты аз күнін сауық құрып, бейбіт өмір рахатын бейқам жүріспен өткізуіне оның да қақысы бар еді. Егер мұндай сейіл-серуенге беріліп, серілік қуса ешкім бетіне келіп, қолын қақпас та еді. Бірақ соғыстан соңғы елдің жүдеулі күйін көрген саналы азамат бұлай ете алмады. Бейбіт өмірдің бейнетті шаруасын қалап алды. Бітпей қалған оныншыны үздік бітірді. Мектепте жүргенде бой меңдетіп, ой кездірген тәтті арман қайта оянып, діттеген межеге түбегейлі бет түзетеді. «Өнер – ағып жатқан бұлақ, ғылым жанып тұрған шырақ» екенін ерте түсінген жан жастық жалынын осы жолда сынауға салады. «Есепші болсаң да жетеді, қарғам-ау, ол да ешкімнен кем емес»,– деп өзеуреген ананы әрең көндіріп, оқ-дәрінің иісі кетпеген китель мен шинелі иығынан түспеген күйі, ол 1947 жылы КазГУ дің филология факультетіне құжат тапсырады. 
Елдің әлі тойып тамақ іше алмай, бүтіндеп киім кие алмай, бірақ бейбіт тірліктің қамына қамықпай кірісіп жат­қан бір керемет кезең еді ғой бұл. Қиыншы­лықтың сан түрін көріп келген жауынгер, бейбіт өмір тауқыметінің біріне де сыр берген жоқ. Майданда шыңдалған төзімділік пен жауапкершілік бұл жерде де оны абырой биігіне жетелей берді. Екі курс бағдарламасын бір жылда бітіріп шықты. Және, жай емес, үздік бітірушінің бірі ретінде академияның аспирантурасына қабылданды.
Әбекеңнің тілді қалап алуында өзіндік сыр бар. Тумысынан ана тілі мен туыс ұйғыр тілінің неше алуан қазынасын қазбалап, салыстыра, салғастыра жүруді дағдыға айналдырған ол келе-келе ғылыми тұрғыдан қарастырылып шешілуге тиісті қыруар мәселелер бар екенін сезе бастайды. Әсіресе, университетте жүріп игерген ғылыми теориялық ілім, орыс тіл білімінің әр қилы жетістіктері оны ғылы­ми ізденістерге итермелейді. Ал аспиран­турадағы жылдар оның білімі мен білігін мүлде тереңдетіп, күрделі еңбектер жасауын жабдықтай алатын дәрежеге жеткізеді. Сөйтіп оның ғылым жолында сүйенері, тірек етері – орыс тілі мен орыс тіл білімі жетістіктері болса, объектісі, пікір өрбітер тұсы – қазақ тілі мен ұйғыр тілі мәселелері болады. Аспирант болып кірген күннен бастап есептесек, оның Академияда, оның ішінде, тіл білімі институтында қызмет етіп жүргеніне, аз ба көп пе, елу бес –алпыс жылға таяу уақыт өтіпті. Барынша мағыналы, мәнді өтіп келе жатқан бұл жылдар ішінде Әбдуәли Тұрғанбайұлы Қайдар кіші ғылыми қызметкерден академик тұғырына дейін көтерілді. 
Өткен еңбек жолын саралап отырсақ, ерлік майданда ғана емес, бейбіт өмірде де әркімнің айналдырған кәсібінде де бола береді екен. Тіпті керек десеңіз ғылым жолында да жасалып жатқан талай ерліктер бар. Бұл сөзді мен аталған жылдар жөнінде жасалған жұмыстарды сарапқа сала отырып айтып отырмын. Шынында бір қарағанда, біздің тіл білімі деген ғылым саласында пәлендей бір жаңалық ашып, ерлік жасап, жұртшылықты таң қалдыра қою қиын. Алайда өз ісіне шын беріліп, өте бір үлкен жауапкершілікпен, тыңғылықты еңбек ете білген адам мақсатына жетпей қоймайды екен, ерлікке татырлық еңбек бермей тұрмайды екен.
«Дарақ бір жерде көгереді» дейтін тәмсіл бар халықта. Бір мекемеде баянды қызмет етіп, ғылымның негізгі бір саласына өмірін бағыштаған адам, тамырын тереңге жіберіп, жапырағын жая түскен шынар ағаш сынды жайқала бере ме деп ойлаймын. 
1956 жылы әйгілі түрколог Константин Кузьмич Юдахиннің (Қырғыз ССР Ғылым академиясының академигі) жетекшілігімен қорғалған «Қазіргі ұйғыр тіліндегі қос сөздер» деп аталатын кандидаттық диссертациясы ә дегеннен-ақ мамандар назарына ілікті. Мұнда ол ұйғыр тілі деректерін негізге ала отырып бүкіл түркі тілдеріне тән қосарлы сөз тудыру тәсілдерін, олардың түпкі сырын ашып берді. Осы алғашқы диссертация қорғалған тұстың өзінде-ақ түркология ілімі саласында аса күрделі проблемалардың түйінін шешіп бере алатын білікті маман өсіп жетілгенін ел байқаған болатын. Солай болды да. 
Ә.Қайдардың әсіресе ұйғыртану іліміне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ең алды­мен кандидаттық диссертацияның жеке кітап болып шығуы, (1958 ж.) сосын 1962 жылы «Ұйғыр тілі мен әдебиетінің» библио­графиялық көрсеткішінің түзілуі, сондай-ақ 1969 жылы «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы» (І бөлім) деген күрделі монографиясының жариялануы ғылымға қосылған маңызды үлес болып табылады. Осы монографиялық зерттеуде өрбітілген ойлары 1970 жылы қорғалған докторлық диссер­тациясында дамытыла түсті, соған негіз болды. Мұнда автор ұйғырдың жалпы халықтық тілін бар аумағымен алып тексереді. Оның диалектілік негіз, әдеби тіл т.б. тәрізді тарам тараулары талданады. Әсіресе СССР мен Шыңжанда екі ыңғайда өріс алып отырған ұйғыр әдеби тілінің екі нұсқасының нормалануына негіз болған процесті, сондай-ақ диалектілер мен говорды негізгі белгілеріне қарай жіктеудің принциптерін жасап берген бұл еңбек бүкіл түркология ілімінде өте жоғары бағасын алды. Дәл осы еңбегі үшін оған 1971 жылы Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлық берілуі де тегін емес. Осылайша еңбектену нәтижесінде, ол 1956 жылы ғылым кандидаты, 1970 жылы ғылым докторы, 1972 жылы профессор және Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1982 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, 1983 жылы Академияның толық мүшесі болып сайланды. Басқа атақ, дәреже, лауазым қызметінің түр-түрін санамалап жатудың дәл қазір қажеті бола қоймас.
Тіл мұхитында пайда болып, жалғыз жел­кендей жоғалып кетіп жататын есімдерді де білеміз. Филология ғылымында өзіндік бет-бағдарын ала келген Ә.Қайдар сол мұхиттан өз бағытын, өз жүзу әлемін тапқан зерттеуші. Оның қазір арқалаған жүгі ауыр. Соған қарамастан ол түр­коло­гия теңізінде еркін жүзіп келе жатқан бір теңіз флотының адмиралы.
Академик Ә.Қайдардың ғылыми орбитасы кең де көлемді. Оның тіл тарихы, этимологиясы, яғни сөздер төркіні, мағынасы көмескі сөздер мен оның бөлшектері, түркі тілдеріндегі қос сөздер табиғаты, т.б. толып жатқан проблемалар төңірегінде туған теориялық ойлары мен болжамдары, дәлелдемелері бүгінгі қазақ тіл білімінің мерейін бұрынғы одақтық және әлемдік сапаға, ғылыми биікке көтеріп отырған туындылар.
Қазақ, ұйғыр, орыс тілдеріндегі бей­не­лі сөздер табиғаты мақал, мәтелдер сыры, фразеологизмдер жайы да оның үнемі қадағалап қарастыратын объектісінің бірі. Осылар жайындағы түбегейлі ойларын түйіндеп, жұртшылыққа ұсынды. 
Ал қазақ тілінің этнолингвистикалық проблемалары жайында жинаған материалдары, фонетикаға, грамматикаға, оно­мастикаға, орфографияға және тер­мино­логияға байланысты әлденеше зерт­теулері өз алдына бір төбе әңгіме.
Түркі-моңғол тілдерінің өзара байланысы жайында да терең толғаныста пікір айта білетін ғалым, тіпті алтаистика (түркі, моңғол және жапон тілдері) проблемасы төңірегінде де тың ойлар өрбітіп жүр. 
Мұның сыртында әйгілі түркологтар өмірі мен творчествосы хақында тебірене жазған ғылыми очерктерінің де маңызы ерекше. 
Теоретик ғалымның көп жылғы ізденістерінің нәтижесі 1985 жылы Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасынан «Қазақ тіліндегі бір құрамды түбір мен негіздердің құрылымы («Структура односложных Корней») деген атпен басылып шықты. Көлемі 20 баспа табақтан асатын бұл еңбек түркологияда ежелден қалыптанып, тұрақтана бастаған беделді пікірлердің біразын сынға алып, батыл түйін жасайды. Ол қазақ тілі құрамында көне заманнан бері келе жатқан жеке сөздер мен өлі түбірлерді тірілтіп, түркі сөздер морфемасы, атомарлық лексика туралы тың ойлар айтады. Яғни тілдің әлгіндей бөлшектерін терең тексере отырып, оның эволюциялық даму жолын анықтайды. Ал 1986 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Түркологияға кіріспе» (М.Оразовпен бірге) еңбегі осы ғылым саласының табыстары мен жетістіктерін кеңірек әңгімелейтін алғашқы жинақы жұмыс болды. Бұл аталған екі еңбек те тез арада тарап кетті. Оны қазір таба алмайсыз. Жер-жер­ден, тіпті шетелдерден келіп жатқан өтініштер бұл зерттеулер сапасының қаншалықты екенінен хабар береді.
Ғалымның жалпы саны алты жүзден асатын еңбектерінің көбі жұртшылыққа танымал, ғылыми көпшілік жоғары бағасын беріп келе жатқан дүниелер. 
СССР ҒА академигі А.Н. Кононовтың, СССР ҒА корреспондент-мүшесі Э.Р.Тенишевтің, әйгілі түркологтар: швед ғалымы Гуннар Яррингтің, неміс ғылымы Гергард Дерфердің, америка ғалымы Карл Менгестің т.с.с. әлемге танымал ғұламалардың Ә.Қайдаров еңбектеріне назар аударып, аса жоғары бағалағанын да мақтанышпен еске аламыз.
Жасыратыны жоқ, әр алуан қоғамдық қызмет атқара жүріп, соншама мол ғылыми туындыларды бірінен соң бірін толассыз беріп келе жатқан ғалым қаламының жүрдектігіне таң қаласың. Бұл, біздіңше, үлкен білім иесінің еңбек сүйгіштігінің, ғылыми зейінділігі мен ерекше зердесінің нәтижесі. Ол қай кезде де, қандай жағдайда да неше алуан ғылыми идеялар құшағында, сан түрлі жоспар-жорамалдар әлдиінде жүреді. 
Осыдан байқалатынындай, Ә.Қайдар жарты ғасыр барысында екі тілді (қазақ, ұйғыр) түбегейлі зерттеп, ғылыми ой-толғауларын үш тілде (қазақ, ұйғыр, орыс) бірдей жазып келді. Бұл процесс күні бүгін де жалғасын тауып отыр. Басылған, жарияланған еңбектер көлемі 600 баспа табақтан асады, ал басылымға дайын тұрғаны да осы шамалас. Ерлікпен тең осынау еңбек жолында ол көз тіккен мәселелерді мынадай бірнеше тақырыпқа бөліп саралауға болады: 1) лексикология, 2) диалектология, 3) этнолингвистика, 4) тіл құрылысы, 5) түркітану және алтаистика, 6) ғылым тарихы, 7) тіл саясаты, 8) ғылым жалғасы, оқулық т.б. Бұлардың әрқайсысынан балалап, туындап жататын сан түрлі ғылым тармақтарын да ғалым ғылыми електен өткізіп отырады.
Кең көлемде алып қарасақ (солай ету керек те) тіл білімінің мынадай сөз байлығы, сөз тану, сөз төркіні – этимология, жер-су, ру-тайпа, кісі аттары – ономастика, ғылым, білім, техника атаулары – терминология, тұрақты тіркестер – фразеология мен парелилология, сөз мағынасы мен мәнін айқындаушы – семасиология сияқты жеке-жеке салаларын қамтитын лексикологияны Ә.Т.Қайдар көптеген жылдар бойы қызыға да құныға да қарастырып, нәтижелі еңбектер туындатып келе жатқан саласы деп айтуға әбден болады.
Өмірзақ Айтбайұлы
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 
президенті, академик

Серіктес жаңалықтары