193
ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?
ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?
Алматы қаласында саяси шешімдер институтының ұйымдастыруымен өткен басқосуда жанармай тапшылығы және бензин дағдарысынан құтылудың жолдары талқыға түсті. Жиынға қатысқан экономистер жанармай тапшылығының зардабы ұзаққа созылатындығын, макроэкономикалық саясаттың тиімсіздігі мен ішкі мұнай нарығындағы мамандардың салғырттығы аталған саланы тұралататындығын айтты.
Еліміздің біршама өңірлерінде, әсіресе, көлігі ең көп Алматы қаласында жанармай тапшылығы қайта сезіле бастады. Өткен аптадан басталған тапшылық көлік жүргізушілерін біраз әбігерге салды. Қаладағы ірі жанармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин тек талонмен сатылып жатыр. Бүгінде ішкі нарықтың жанармайға сұранысының 40 пайызын Ресей мен Қытай қамтамасыз етеді. Жанармай тапшылығының орын алуы Ресейдегі зауыттардың жұмысын тоқтатуы, жанармай тұтыну көлемінің өскендігінен аталған мемлекеттерден жеткізілетін жанармай көлемінің төмендігіне байланысты. Алматылық жүргізушілерді бұл мәселе қатты алаңдатуда. Саяси шешімдер институты ұйымдастырған дөңгелек үстелге Үкімет мүшелері де қатысты. Жиынға қатысқан ҚР энергетика министрлігі Мұнай өндірісін дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрбек Амангелдіұлы орын алып отырған тұрақсыздықты жою үшін 18 қазанда Астана қаласында ішкі мұнай нарығын тұрақтандыру жоспары әзірленгенін мәлімдеді. «Осы жылдың екінші жартысында Қазақстанға Ресейден жеткізілетін мұнай өнімдері күрт төмендеді. Тапшылыққа Ачинск, Рязань және Ярославль зауыттарында орын алған апатты жағдай әсер етті. Қазір біз 3 отандық зауытымыз жұмыс істегеннің өзінде 30-40 пайыз импортқа тәуелдіміз. Енді Қытайға өз мұнайымызды шығарып, сол жақта өңдеп, өндірілген өнімдер біздің елге жеткізіледі. Бұл жүйе біздің жағдайымызды орнықтыруға көмегі бар», – деді Нұрбек Амангелдіұлы. Алайда министрліктің өкілі жариялаған мәліметтер мен жоспарлар дөңгелек үстелдің өзге қатысушыларын аса бір қуанта қоймады. Қатысушылар энергетика министрлігі тұрақтандыру бағдарламасымен отыра бермей, нақты шараға көшуі қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, мұнай өңдеу зауыттарына осы уақытқа дейін бөлінген қаржыға мониторинг жүргізілмегендігі де сөз болды. «Финпотребсоюз» қоғамдық ұйымының төрағасы Айдар Әлібаев жанармай дағдарысынан құтылу үшін отандық мұнай өңдеуші зауыттардың қажеттілігін қанағаттандыру және көрші елдердің қымбат бензинінен тәуелділіктен шығу қажет дегенді айтты.
Еліміздегі жанармай тапшылығына мұнай-химия өңдеу зауыттарының жөндеуге жабылуы себеп екендігін ресми орындар үнемі айтады. Алайда Президент Н.Назарбаев жаңа зауыттардың құрылысы туралы тапсырма берді емес пе? Бұл жайлы құзырлы органдар мардымды ақпарат беретін емес. Отандық мұнай өңдеу зауыттарын қайта жөндеу үшін 7 жыл ішінде 4 млрд. АҚШ доллары бөлінген екен. Қаржы жұмсалғанмен, артқан өнім көлемі байқалмайды.
Мұнай және газ секторы бойынша сарапшы мамандар жанармай тапшылығы 2019 жылға дейін сезілуі мүмкін деген болатын. Ал ҚР энергетика министрі Владимир Школьник жанармай бағасының қашан тұрақталатынын айта алмаған. Саяси шешімдер институты ұйымдастырған отырыстың қатысушылары тығырықтан жаңа зауыттар салу арқылы ғана шыға аламыз деген қорытындыға келді.
Әсел ӘНУАРБЕК