ҚАСҚАСУДЫҢ ШЫМБҰЛАҚТАН НЕСІ КЕМ?

ҚАСҚАСУДЫҢ ШЫМБҰЛАҚТАН НЕСІ КЕМ?

ҚАСҚАСУДЫҢ ШЫМБҰЛАҚТАН НЕСІ КЕМ?
ашық дереккөзі
325

Оңтүстікте туризм жетекші салаға айналатын күн алыс емес. Өйткені бұл өңірде әлем саяхатшыларын қызықтыратын ауқымды жобалар қолға алынуда. Төлеби ауданындағы Қасқасуда Алматыдағы «Шымбұлақ» шаңғы базасынан да үлкен әрі заман талабына сай демалыс орны ашылады. Ал Шардарада әуежай салынып, жағажай курорттары саяхатшыларды қабылдамақ. Оған «Шымкент» конгресс орталығында өткен Шымкент халықаралық туристік форумында көз жеткіздік. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен өткен форумға министрліктің өкілдері, кәсіпкерлер, еуропалық және қазақстандық туристік компаниялар, туристік ассоциациялар мен операторлар, инвесторлар, Қазақстанның 5 облысынан және әлемнің жиырмаға жуық мемлекетінен өкілдер келіп қатысты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев ашып, жұртшылықты өңіріміздің туризм саласындағы әлеуетімен таныстырды.– Бүгінде туризм – экономикалық сектордың айнымас бөлігіне айналып үлгерді. Дүние жүзінде осы сала жоғары қарқында даму үстінде. Өйткені тұрмыс деңгейі жоғары адамдар демалысқа көп көңіл бөледі. Нәтижесінде әлемде шетелге шығатын саяхатшылар саны көбейді. Қазақстанда да саяхатшылар саны артты. Экономиканы ілгері бастыруға туризмнің маңызы зор. Сондықтан біз халықаралық форумға инвесторларды, кәсіпкерлерді, құрылыс компанияларын және сала мамандарын шақырып отырмыз. Мақсатымыз – шетелдік және отандық инвесторларға облыстағы ауқымды жобаларды таныстыру. Туризм саласындағы өзекті мәселелерді талқылау. Облысымызда туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар атқарылуда. «Шардара», «Қасқасу», «Сарыағаш» және Шымкенттің маңындағы Бадам туристік аймағын дамытпақшымыз. Өткен жылдың өзінде өңірде 30-ға жуық туристік нысан іске қосылды. Олардың санын көбейтіп, қызмет көрсету сапасын жақсартуға күш салудамыз. Бұған мемлекеттің де, кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары. Себебі, туризм – жылжымайтын мүлік. Ол жыл сайын табыс түсіреді. Екіншіден, өндірісте, ауыл шаруашылығында жаңа технология дамыған сайын қол күшіне сұраныс азаяды. Ал туризм, керісінше көп адам күшін қажет етеді. Өйткені сервистік салаға жұмысшылар қажет. Яғни, туризмді дамыту арқылы жұмыс орындары ашылады, – деді ол. 
Облысымызда табиғаты ғажайып демалыс орындары өте көп. Былтыр өңірімізге 800 мыңнан астам саяхатшы келген. Оның 15 пайызы – шетелдіктер. Шымкент еліміздегі үшінші агломерацияға айналғалы бері іскерлік туризм де жанданды. Мұны Fabulos Abu Dhabi Hotel Management компаниясының бас менеджері Мариус ван Ренсбург те атап өтті. Әлемдегі қонақ үй бизнесінің майталман маманы Оңтүстік Қазақстан облысында халықаралық талапқа сай қонақ үйлер салуға болатынын, оған инвестиция салуға мүдделі екендігін жеткізді. Сондай-ақ ол қонақ үй бизнесін дамыту жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, келелі кеңестерін айтты. 
– Қонақ үй бизнесі 7-12 жылдан кейін ғана табыс бере бастайды. Көп кәсіпкерлер табысты бұлай ұзақ күтуді қаламайды. Сондықтан бұл салаға онша құмартпайды. Дегенмен, жоспарлап, зерттеп барып іске кіріссе, қонақ үй салу – табыс көзі әрі туризмді дамытуға үлес қосатын іс. Біз Оңтүстік Қазақстан облысын зерттедік. Туризмді дамытуға сұранып тұр. Қаланың болашағы жарқын. Қонақ үй бизнесін өркендетуге инвестиция салуға болады, – дейді ол. 
Қазақстанның туристік ассоциациясының президенті Роза Асанбаева осы саладағы жұмыстар мен жобалар туралы әңгімеледі. 
«–2013 жылы дүние жүзінде 1 млрд. адам шетелге шыққан. Бұл туризмнің табыс көзі екендігінің айғағы. Осы салаға қомақты инвестиция қажет. Біз алдымен көршілес елдердің, сосын өзге құрлық саяхатшыларын қызықтыра білуіміз керек. Қытай мен Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде де Қазақстанды көргісі келетіндер көп. Мәселен, кедендік одақ аясында Ресей мен Беларусьте 170 млн. халық бар. Олар да саяхатқа шығады. Осы нарықты тиімді пайдаланған жөн. Зерттеулерге сүйенсек, саяхатшылардың 23 пайызы жағажай туризміне қызықса, 30 пайызы әсем табиғат, тау мен өзен-көлдерде демалу үшін келеді екен. 20 пайызы мәдени туризмге қызығушылық танытады. Елімізде осы салаға көңіл бөлініп, жобалар жүзеге асырылуда. Барлық әуежайлар, темір жол вокзалдары, автовокзалдар зерттеліп, жаңартылуда. Еліміздің барлық өңірлерінде халықаралық талапқа сай демалыс орындары ашылуда. Саяхатшылардың шекарадан қиналмай өтуі үшін виза алу жеңілдетілді. 2017 жылы Астанада өтетін ЕХРО көрмесі қарсаңында да саяхатшылардың саны күрт артпақ. Сондықтан біз қызмет көрсету сапасын жақсартып, халықаралық талаптарға сай демалыс орындарын көбейтуге тиіспіз. Ұлы Жібек жолының жаңартылған үлгісі Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистралінің бойында орналасқан Оңтүстік Қазақстанның да туризмдегі мүмкіншілігі өте жоғары. Мұнда тарихи ескерткіштермен қатар су мен ауасы шипалы, табиғаты таңғажайып көрікті орындар жеткілікті. Сондықтан осы форумда тиімді ұсыныстар қаралып, келешекте жүзеге асырылады деген ойдамын», – деді Р.Асанбаева. 
Форумда Мариус Гомола, Жанна Галян, Мирослав Рончак, Морин Ужаннет, Марк Ахмет, Джордж Смитт, Кадир Фаик, М.Агакеримов, Александр Жгун сынды шетелдік делегаттар мен Рашида Шайкенова, Өрденбек Мазбаев түрлі тақырыптарда баяндама жасады. Олардың көпшілігі: «Шымкент қаласының Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы – шетелдіктерді қатты қызықтырады. Сондықтан осы тарихи деректі негізге ала отырып, туризмді дамытуға болады» деген ойларын жеткізді. 
Халықаралық форумда «Қасқасу», «Сарыағаш», «Шардара», «Бадам» демалыс аймақтарының жобалары таныстырылды. Қысы екі-ақ айға созылатын Оңтүстікте тау шаңғысы базасын салынуы мүмкін бе деп ойлауыңыз заңды. Дегенмен, мұндағы еңбекқор ағайын түрлі жобаларды жүзеге асырудың шебері болып алған. Шымкентте «Мұз сарайы» ашылып, қысқы спорт жедел дамуда. Фристаил шеберлері қысқы Азия ойындарында жүлде алғаны белгілі. Осыны ескерген кәсіпкерлер облыс әкімдігінің қолдауымен халықаралық талапқа сай тау шаңғысы базасын салу үстінде. Төлеби ауданында Қасқасу атты жер бар. Алатаудың сілемдері жалғасқан, шыңы ақ қармен арбасқан таулы аймақ. Өзен-бұлағы мөп-мөлдір, ауасы да тап-таза. Міне, осында «Қасқасу» тау шаңғысы курортының құрылысы басталды. 900 гектар аумақты алып жатқан демалыс аймағының құрылысы 2017 жылы аяқталады. Жобаның құны 229,9 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Мұнда заман талабына сай қонақ үйлер, ғимараттар, спорттық нысандар салынбақ. Мұндағы шаңғы базасының биіктігі 1910-нан 3200 метрге дейін созылмақ. Шаңғы жолының аумағы – 130 гектар. Бұл көрсеткіштер жөнінен «Қасқасу» Алматыдағы атақты «Шымбұлақтан» артық болмаса, кем түспейді дейді мамандар. Әрі Шымкент қаласына жақын. Облыс орталығынан 1 сағатта жетуге болады. Мұнда қараша айынан бастап сәуір айына дейін шаңғы тебуге мүмкіндік бар. Ал, жазда кәдімгі тау баурайындағы демалыс аймағы ретінде туристерге қызмет көрсетеді. Яғни, «Қасқасуда» жылдың барлық мезгілдерінде демалуға болады. 
Сарыағаш ауданы шипалы минералды суымен танымал. Мұндағы демалыс орындарын жетілдіруге 120 млн. АҚШ доллары жұмсалмақ. Жоба аясында 1500 адам қабылдай алатын 4 қонақ үй, шығыс сәулет үлгілері қолданылған хамамдар, саябақтар, су паркі салынады. Нәтижесінде әлемдегі сұранысқа ие шипажайлардың біріне айналады. 2500 адам жұмыспен қамтылады. Денсаулыққа өте пайдалы минералды суы бар Сарыағашқа келушілер қазірдің өзінде жеткілікті. Тіпті, көп жағдайда орын жете бермейді. Жаңа жоба осы олқылықтың орнын толтырып, саяхатшылар санын бірнеше есеге арттырмақ. 
Үшінші ауқымды жоба – Шардара ауданындағы жағажай курорты. Шардара су қоймасы маңында 5 қонақ үй, жағажайлар, жағажай стадиондары салынады. Бұл жобаның құны – 187,5 млн. АҚШ доллары. Демалыс аймағы 7 ай бойы саяхатшыларды қабылдамақ. Нәтижесінде 10 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Саяхатшылардың кез келген уақытта қиналмай жетулері үшін Шардарадағы әуежай да қайта жөнделмек. Міне, таяу жылдары Оңтүстікте осындай туристік аймақтар ашылады. Облыстық туризм басқармасының басшысы Райымбек Жолдас осы форум арқылы көптеген тиімді келісімшарттар жасалып, туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар жандана түсетініне сенімді. 
– Оңтүстіктің ауа-райы туризмді дамытуға қолайлы. Мысалы, Қасқасуда сәуір айына дейін шаңғы тебуге болады. Шардара мен Бадам суқоймасында жағажай туризмі дамиды. Сарыағаштағы шипажай да ерекше түрленбек, – дейді ол.
Форумда осы жобаларды қаржыландыру мәселесі, демалыс аймақтарын дамытып, жолға қою шаралары сөз болып, саяхатшыларды қалай тарту керек деген сұрақтар төңірегінде ой қозғалды. «ОҚО туризм индустриясын дамыту орталығы ассоциациясы» мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жетекшілері Ұлыбритания, Канада және өзге де мемлекеттердің компания өкілдерімен, отандық кәсіпкерлермен облыста туризмді дамыту жөнінде меморандумға қол қойды. Еліміздің және Еуропаның жетекші мамандары жалпы туризмді жандандыру, саяхатшылар санын көбейту, қонақ үй мен мейрамхана туризмін дамыту, қызмет көрсету сапасын жоғарылату, Оңтүстік Қазақстан облысына осы салаға инвестиция тарту туралы ұсыныстарымен бөлісті. 
Ғабит САПАРБЕКОВ. 

Серіктес жаңалықтары