258
ЖЕКЕ КУӘЛІК ҮШІНШІ РЕТ ӨЗГЕРМЕК
ЖЕКЕ КУӘЛІК ҮШІНШІ РЕТ ӨЗГЕРМЕК
Келер жылдың басы жаңа куәлікке жаппай ауысумен басталмақ. Қазақстанда алдағы қыстың бірінші күнінен бастап жаңа сипаттағы жеке куәліктер беріле бастайтын болады. Бұл туралы «Үкімет сағаты» аясында Парламент алдында есеп берген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді. Ішкі істер министрлігіне бұрынғы «ламинатталған» куәлікке байланысты басшылық тарапынан сыни пікірлер айтылған екен. Төлқұжаттағы адам суретінің түрлі-түсті емес, көмескі болып келетіндігі көпшіліктің көңіліне қонбаса керек.
Осы түйткілді мәселені шешуге білек түре кіріскен министр Қалмұханбет Қасымов: «Жаңа құрал-жабдықтарды сатып алдық, ескі құрылғыларға өзгерістер енгіздік. Содан кейін азаматтардың жаңа жеке куәлігінің үлгісін әзірледік. Ол биылғы жылдың 1 желтоқсанынан бастап беріледі. Бағасы өзгермейді. Онда қанық түсті фотосурет болады. Ол ол ма, тіпті онда голографиялық фото орналастырылады. Бұл құжатты қолдан жасаудан қорғаудың жоғарғы формасы болып саналады», ̶ деді. Сонымен қатар, Ішкі істер министрі Қазақстан азаматтарының жаңа жеке куәлігінде енді Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Қазақстан Республикасының картасы да жөнімен орналастырылғандығын айта келіп: «Біз бұларды барлық мемлекеттік құрылымдармен талқыладық. Осылайша, енді Қазақстанда азаматтардың анық та айқын, әдемі, әрі түрлі-түсті фотосуреті бар жаңа жеке куәлігін шығаруға көшеміз», ̶ деп түсіндірді мән-жайды. Онсыз да халықтың қарасы қалың халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы енді қайта қыза түспек. Құжат ауыстыруды қиямет қайым санайтындарға бұл бастама әрине, қисынсыздау. Осы орайда қым-қуыт тіршіліктен шаршап жүргенде, суретке бола сандалу қаншалықты қисынды деген сауал туындайтыны да жасырын емес.
Еркежан ЖҰМАТАЙ