200
Түркістан:Баспаналы болған 140 отбасы
Түркістан:Баспаналы болған 140 отбасы
Қазақ халқының ғана емес, түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласы жыл өткен сайын абаттанып, дамып келеді. Жуырда шаһарда қала күні және «Алтын күз» мерекесі тойланды. Биылғы мерекеде «Арыс-Түркістан» каналының көпірі қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ 140 тұрғын жаңа пәтерге қол жеткізді.Бұл тұрғын үйлер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынған. Оған облыс бюджетінен 633 млн. теңге бөлінген. «Нұр Отан» партиясы халықты тұрғын үймен қамту жөнінде бағдарлама қабылдағаны белгілі. Бұл бағдарлама бойынша Қазақстанда тұрғын үй салу қызу жүруде. Бес қабатты 80 және 60 пәтерлік тұрғын үйдің ашылу салтанатында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев тұрғындарды құттықтап, жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті.
– Бүгінде қала аумағында 257 мыңға жуық халық бар. Баспанаға мұқтаждық та өсе түсті. Мәселен,тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға 24 мың, ал тұрғын үй алуға 1300-ден астам азамат өтініш берген. Егер оның барлығына жер телімдерін таратсақ, Түркістанның аумағы шектен тыс ұлғая түспек. Сондықтан қаланың шығыс жақ бөлігінен бас жоспарға сәйкес 100 гектар аумаққа көп қабатты тұрғын үй салу жобасын жасадық. Бұл жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы сұрап отырмыз. Сұранысымыз қолдау тапса, тұрғындардың баспана мәселесі рет-ретімен шешіледі – деді Әліпбек Өсербаев.
Бұл жолы пәтерлер әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға, жетім балалар мен мүгедектерге, көп балалы аналарға, жалғыз басты аналарға берілді. Олардың арасында 10 жылдан бері үй кезегінде тұрғандар бар. Баспаналы болып, жүздері қуаныштан бал-бұл жанған тұрғындар жергілікті билік өкілдеріне алғыстарын айтты.
Бұл үйлер жылу мен ауызсумен қамтылған. Таяуда газ беріледі деп күтілуде.
Осы күні Түркістан мен Кентау қалаларының арасын жалғап тұрған көпір жөнделіп, ерекше кейіпке енді. Құны 14 924 000 теңгені құраған құрылыс жұмыстары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылды.
Қала күніне орай мерекелік іс-шаралар Есімхан алаңында жоғары деңгейде өтті. Онда театрландырылған қойылым жұртшылық назарына ұсынылды. Қазақ тарихы, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптары көрсетілді. Қаланың жезтаңдай әншілері ән салып, бишілері де өнерімен көпшіліктің қошеметіне бөленді. «Алтын күз» мерекесіне орай ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, жергілікті қолөнер шеберлері мен мектеп және мәдени орталықтардың көрмесі де ұйымдастырылды. Сондай-ақ самбо, футбол, таэквондо, арқан тарту, жеңіл атлетикадан республикалық және қалалық турнирлер өтті. Кеш соңы Қазақстанға танымал эстрада жұлдыздарының гала-концертіне ұласты.
Ғабит САПАРБЕКОВ