АЛТЫН ЖАУҒАН АҚМОЛА

АЛТЫН ЖАУҒАН АҚМОЛА

АЛТЫН ЖАУҒАН АҚМОЛА
ашық дереккөзі
443

17 қазанда Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің төрағалық етуімен өткен 9 айды қорытындылауға арналған мәжіліс өтті. Оған облыстағы аудан мен қала әкімдері, облыстық басқарма, департаменттер мен ведомстволардың басшылары, қоғамдық бірлестіктердің, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындардың мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиында негізгі екі мәселе: 2014 жылдың 9 айында Ақмола облысы бюджетінің орындалуы мен облыстың 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды.Бірінші мәселе бойынша мәжіліс қаржы басқармасының басшысы Валентина Сахнова есебін тыңдады. Ол 2014 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыстық бюджеттің өзіндік кірістерімен таныстырды. Бюджет қаражатының игерілуін айта келіп, басқарма басшысы өңір басшысына әрбір аудан бойынша орын алған жағдайға қатысты ақпарат берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Малғаждаров баяндама жасады. Оның мәліметіне сүйенсек, облыста өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 209,5 миллиард теңгені, яғни 2013 жылғы осы кезең деңгейіне қарағанда 103,1%-ды құраған. Ал металлургия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 33,5 млрд. теңгені немесе 2013 жылғы осы кезең деңгейімен салыстырғанда 128,1 пайызды құрайды. Басқарма басшысы өңірде 7,6 тонна өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндірілгенін де атап өтті. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Бурабай, Целиноград және Шортанды аудандарында 3 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
Облыс әкімі жылу беру маусымына қатысты барлық жөндеу жұмыстарын жедел аяқтау мәселесіне баса көңіл бөлді. Аудан басшыларына күзгі егістік жұмыстарын аяқтау және жиналған астықты сақтау үшін жағдай жасауды тапсырды. «Әлеуметтік-маңызды тауарларға, әсіресе бірінші сұрыпты бидай ұнына және әлеуметтік нанға бағаның қалыптасуы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Бөлшек сауда бағасына мониторинг жүргізумен шектелмей, олардың негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша шараларды уақытында қолдану қажет», – деді Сергей Кулагин. Аймақ басшысы өңір дамуындағы ауыл шаруашылығының маңызын да атап өтті. Азық-түлік белдігінің аясында іске қосылған 79 нысанның 32-сі мал шаруашылығына тиесілі екенін айтқан әкім ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу көрсеткіштері барынша жоғары болу керектігін ескертті.

Көкшетауда онкологиялық
емхана бой көтереді

Өткен аптада Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өңірдің денсаулық сақтау нысандарын аралап шықты. Аймақ басшысының денсаулық сақтау саласының мамандарымен кездесуі барысында Көкшетауда онкологиялық емхана салынатыны мәлім болды. Медициналық мекеме құрылысы 2015 жылы басталмақ. Емхана бір ауысымда 150 адамды қабылдайтын болады.

Облыс әкімі, ең алдымен, облыстық аурухананың жүрек орталығында болды. Орталық мамандары өңір басшысын ангиографиялық кабинет пен кардиореанимациялық және кардиооңалдыру бөлімшелерінің жұмысымен таныстырды. Онда жыл сайын жүрекке 1000-нан астам күрделі ота жасалады. Аурухананың дәрігерлерімен дидарласып, емделушілермен әңгімелескен әкім денсаулық сақтау басқармасының басшысына бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтсақ, дәрігерлерді шетелге білімін жетілдіру және тәжірибесін арттыруға жіберу үшін қаражат қарастыруды тапсырды.
Өңір басшысы бас сұққан екінші нысан – бес қабатты ревматологиялық корпус. Ғимаратты аралап шыққан әкім күрделі жөндеу жұмыстарын жедел қолға алу қажеттігін ескертті. Қазіргі таңда осы мақсатта 270 миллион теңгелік жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Жөндеу жұмыстары келесі жылы басталмақ. Сондай-ақ, С.Кулагин медицина қызметкерлері үшін құрылысы ағымдағы жылы басталған 18 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Нысандар 2014 жылдың соңында аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Әкім құрылыстың сапалы жүргізілуін әрі көрсетілген мерзімде аяқталуын қатаң ескертті.
Онкологиялық бөлімшені аралау барысында мамандар Сергей Кулагинге жаңа онкологиялық емхананың құрылысына қатысты ақпарат берді. Құрылысы 2015 жылы басталатын емхана бір ауысымда 150 келушіні қабылдауға есептелген. Онкологиялық диспансерде облыс әкімі эндоскопиялық кабинет пен компьютерлік томография кабинетін аралап көрді.

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары