БІЛІМДІ МЫҢДЫ ЖЫҒАДЫ

БІЛІМДІ МЫҢДЫ ЖЫҒАДЫ

БІЛІМДІ МЫҢДЫ  ЖЫҒАДЫ
ашық дереккөзі
288

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады». Қандай істе де өз біліміне сенімді адам ғана нық қадамға барады, білімді ұрпақ қалыптасқан мемлекет қана өзге елдермен бәсекеде сенімді болады. Елбасы: «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің саясатының басты мақсаты», – деп атап айтты биылғы Жолдауында. Әлеуметтік игілікті қамтамасыз ету өмір сүру сапасын арттырумен, еліміздің адам ресурстарын ұлғайтумен қатар жүруге тиісті. Бұл еліміздің ғылыми, білім беру және денсаулық сақтау кешендерінің басты мұраты болмақ. Қызылорда облыстық білім департаментінің басшысы Наурызбай Байқадамовпен тілдескен тілшіміз өңірдегі оң істер жөнінде ой бөліскен еді.– Қызылорда облысы бойынша білім саласында атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз?

– Қызылорда облысында білім саласына бөлінетін қаржы жыл өткен сайын өсіп келеді. Мәселен 2013 жылы құрылысы жүргізілетін білім беру нысандарына республикалық және облыстық бюджеттен 9,7 млрд. теңге қаралып, 14 690 орынды құрайтын 44 білім беру ұйымы пайдалануға берілсе, 2014 жылы 12,2 млрд. теңге бөлініп, 13 440 орынды құрайтын 40 білім беру нысанының құрылыстары жүргізілуде. 

Оның ішінде республикалық бюд­­жеттен 11630 орынды­ құ­райтын 30 мектеп, 1410 орын­дық 9 балабақша, 1 жатақхана құры­лыстары қолға алынды. 2013-2014 жылдары 37 мектеп құрылысы аяқ­талып, жаңадан пайдалануға бе­рілді.

Облыстың білім беру меке­ме­лері ғимараттарын жаңа оқу жы­лына дайындық барысында күрделі жөндеуден өткізу, жаңарту жұмыстарына бөлінетін қаражат көлемі де артқан. Мәселен 2013 жылы 25 білім нысанына 314,7 мың теңге бөлінсе, 2014 жылы 58 білім нысанына 3056,7 мың теңге қаралған.

– Мектепке дейінгі оқыту, тәр­бие жұмысы да маңызды мәсе­ле­лердің бірі. Оны айналып өте алмаймыз… 

– Балаларды мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен толық қамтылуын қамтамасыз ету үшін ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы өңірде 88,7 пайызға орындалып отыр. Сонымен қатар, 3 жасқа дейінгі балаларға арналған бөбекжай топтарын көптеп ашу мәселесі басты назарда. 

2013 жылы облыс бойынша 508 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасап, онда 33605 бала болса, 2014 жылдың 9 айында облыста 589 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасады, онда 40491 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі ұйымдар желісі былтырғы жылмен салыстырғанда 81-ге өссе, балалар саны 6886-ға өскен. 2013 жылдың қазан айынан 2014 жылдың қазан айына дейінгі аралықта облыс бойынша 81 мектепке дейінгі ұйым ашылса, оның 64-і балабақша, 17-і шағын орталық.

Жұмыс жасап жатқан 333 бала­бақ­шаның 256-ы шағын орталық. Яғни жеке меншік мекемелердің үлесі 54,6 пайызды құрайды. 

1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйымға қамтылуы 2013 жылы 41,8 пайыз болса, 2014 жылы 47,7 %, 1-6 жастағы балалардың қамтылуы 2013 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға өскен. 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 2013 жылы 80,9 пайызды құраған болса, 2014 жылы 88,7 % болып отыр, яғни 2013 жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға өскендігі байқалады. Республика бойынша «Балапан» бағдарламасының орындалуының орташа көрсеткіші – 73,4% құрайды.

– Қазақстан бойынша көптеген мектептер апаттық жағдайда екен. Бұл – депутаттардың да алаңдатушылығын туғызды. Қызылордада жағдай қалай?

– Елбасының тапсырмасына сәйкес облыстағы жүргізілген құрылыстар есебінен 2013-2014 оқу жылында 3 ауысымда оқитын мектептер қатары 100 пайызға жойылды. 

Апаттық жағдайдағы мектептердің саны азаюда. Облыста қазіргі таңда 25 апаттық мектеп болса, оның 11-нің құрылысы жергілікті бюджет есебінен жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. 

2013 жылы 1-сыныпқа тегін ыстық тамақ беру мәселесі барлық аудандарда шешілсе, ал 2014 жылы 2-сынып оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Жалпы 1-2 сынып оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 605 млн. теңге қарастырылды. 

Педагогтардың мәртебесін кө­те­руде облыста пәрменді іс-шара­лар атқарылуда. Үстіміздегі жылы об­лыстық бюджеттен педагог маман­дар­дың білімін жетілдіруге 85 млн. теңге қаржы бөлінді. Өскелең ұрпаққа білім беруде қажырлы қызмет етіп, өз еңбектерімен көпке үлгі болып жүрген ұлағатты ұстаздар облыс әкімінің сыйақысымен марапатталып, миллионер ұстаздар қатары жыл сайын өсуде. Атап айтар болсақ, 2013 оқу жылы облыс әкімінің әрқайсысы миллион теңге болатын сыйақысына 43 мұғалім ие болды, 2014 жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша үздік педагог қызметкерлерге арналған 40 млн. теңге сыйақы тағайындалды. 

2013 және 2014 жылдары облыс көлеміндегі колледждерде техникалық және кәсіптік білім алу үшін бюджеттен жыл сайын 2788 оқушыға мемлекеттік тапсырыс бөлініп келеді. Облыс көлемінде мамандар даярлау жүйесін оңтайландыру, ондағы оқу материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін шоғырландыру арқылы маман даярлаудың сапасын арттыру мақсатында облыстағы, оның ішінде Қызылорда қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін мамандықтар бағыты бойынша салаландыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, оқу орындарын салаландырудың бірінші кезеңінде бірнеше оқу орындарында қатар даярланатын 9 мамандық бойын­ша мемлекеттік білім беру тапсырысы қысқартылып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті, аймақтың еңбек ресурстары балансына сәйкес сұранысқа ие жаңа мамандықтардың 10 біліктіліктері бойынша білім беру қызметі жүргізілетін болады. 

2014 жылы облыста алғаш рет жергілікті колледждердің мате­риал­дық-техникалық базасын күшейтуге 180 млн. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде, биылғы оқу жылы қарсаңында 13 оқу зертханалары жаңа қондырғылармен жасақталды. 

Сонымен қатар, алғаш рет облыстық бюджеттен 71 млн. теңге бөлініп, Беларусь Ұлттық кәсіптік білім беру институтында 1-3 ай мерзімдік біліктілік арттыру курстарынан 115 инженер-педагог өз білімін жетілдіруде. 

– Дүниежүзілік Банктің әрқай­сысы 58 млн. теңге көлеміндегі қай­тарымсыз грантын 3 колледж иелен­ді деп естідік. Қуанышты хабар. Халықаралық байланыстар қанша­лықты ілкімді жүргізілуде?

– Аталған грант есебінен 21 инженер-педагог сәуір-маусым айларында Франция, Германия, Ресейдегі оқу орталықтарында дуалды технологияның әдістемесі бо-йынша біліктілік арттыру курстарынан өтті.

Техникалық және кәсіптік білім беру қызметін басқарудың мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік прин­цип­теріне негізделген жаңа моделін жасап, колледжді бірлесіп басқару арқылы бизнес қауымдастығын мамандар даярлау процесіне барынша тарту мақсатында Қызылорда индустриалды-техникалық коллед­жін қызмет көрсету саласы компания­ла­рының Ассоциациясымен бірлесіп басқару жөнінде республикада алғаш болып арнайы жоба жасалынып, жүзеге асырылуда. 

Облыстағы 8 колледжде 17 мамандық бойынша оқу процесіне дуалды оқыту жүйесінің элементтерін енгізу бағытында әріптестік туралы облыстық білім басқармасы, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы, оқу орындары мен әлеуметтік әріптес кәсіпорын арасында 4 жақты келісім-шарттар жасалынып, жұмыс жүргізілуде. 

2013 жылы барлық мектеп бітірушілердің 29,7 пайызы жоғары оқу орындарына ақысыз оқуға қол жеткізген болатын. 2014 жылғы түлектердің 37,2 пайызы гранттарға ие болды. 

Оның ішінде 1142 мектеп біті­ру­шілер жоғары оқу орындарының мемлекеттік оқу грантына ие болса, 358 жас түлек «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарына түсті

Сонымен қатар, облыс әкімінің әлеу­меттік аз қамтылған жанұядағы дарынды балаларға оқу гранты 2013 жылы 123 түлекке берілсе, биылғы жылы 242 түлек ие болып, барлығы 365 бітірушіге тағайындалған. 2013 жылы оқу ақысына облыстық бюджеттен 51,6 млн. теңге қаралса, 2014 жылы 158,2 млн. теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, әр студентке тұру және тамақтану ақысына бір жылға – 95 214 теңгеден қаралған.

Сонымен қатар облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен өңірдің инновациялық және индус­трия­лық даму бағдарламасына сәйкес қажетті мамандықтарды даярлау мақсатында Ресей Федера­циясының бюджетінен 70 бала Ресей Федерациясы қаржысына Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетінде (Мисис) оқуға қабылданды. 

2014-2015 оқу жылынан бастап аталған университеттің ақпараттық технологиялар институтына «өндірістер мен технологиялық процестерді автоматтандыру», «ақпараттық есептеуіш техникасы», «техникалық жүйелерді басқару» мамандықтары бойынша – 14 бала, жаңа материалдар институтына «нанотехнология және микрожүйелік техника», «наноматериалдар», «материалдар технологиясы», «электроника және наноэлектроника» мамандықтары бойынша – 27 бала, экотехнологиялар институтына «металлургия», «стандарттау және метрология» мамандықтары бойынша – 20 бала, тау-кен институтына «мұнай және газ өндірудің физикалық процестері», «электроэнергетика и электротехника» мамандықтары бойынша 9 бала білім алады. 

Сонымен қатар, «Петро­Қазақ­стан Құмкөл Ресорсиз», «Айдан-Мұнай», «ҚуатАмлонМұнай» атты ірі компанияларымен жасалған келісім-шарт негізінде 12 бала ақылы түрде «технологиялық ма­шиналар және жабдықтар», «ма­тер­иалтану технологиялары» мамандықтары бойынша оқу­ға жіберілді. Бұл балалардың оқу ақысы, шәкіртақысы және жатақ­хана ақысын осы компаниялар тө­лейтін болады.

Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық университетіне 23 бала Ресей Федерациясының бюджеті есебінен және 4 бала мұнай компаниясының қаражаты есебінен ««өндірістер мен технологиялық процестерді автоматтандыру», «электроэнергетика и электротехника», «химиялық технология» мамандықтары бойынша оқуға жіберілді. 

Биыл 2505 бала мемлекеттік тапсырыспен оқуға қабылданса, оның ішінде 420 бала «Серпін» бағдарламасымен колледждерге қабылданды. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Миуа Байназарова

Қызылорда облысы 

Серіктес жаңалықтары