«ҚОЛҚАНАТ ҚҰС СЕН ЕДІҢ...»

«ҚОЛҚАНАТ ҚҰС СЕН ЕДІҢ...»

«ҚОЛҚАНАТ ҚҰС СЕН ЕДІҢ...»
ашық дереккөзі
1123
«Ел тілегін алып ұш, Адамзаттың бағына. Қара бұлтты жарып ұш, Мұхиттың арғы жағына…». Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершінін» білмейтін қазақ кемде-кем. Жасы мен жасамысы, тілі былдырлаған бүлдіршінге дейін қосыла шырқайды. Бейбітшілік пен достықтың, татулық пен бірліктің символына айналған қанаттыны мектеп бітіруші түлектер, шаңырақ көтерген жастар ырымдап көкке ұшырып жатады. Көгершін – кептердің қолға үйретілген түрі. Оның көз ілеспес жылдамдығы (сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен ұша алады) мен кез-келген қашықтықтан өз ұясын адаспай тауып келетін ерекше қасиетін білген адамзат баласы оны көне замандардан бастап қолға үйрете бастады. Хат-хабар таситын пошташы қызметін де көгершін құс өте ертеде еншілеген. Ежелгі Египетте, Грекия мен Римде пошташы көгершіндер әскери және сауда-саттық байланыс үшін қолданылды. Осы құстың көмегімен гректер шалғайдағы шаһарларға Олимпиада жеңімпаздарының есімін хабарлап отырған. Ежелгі тарихқа жүгінер болсақ, көгершіндер арқылы байланыс 1098 жылдары Сирия сұлтаны Нуреддин мен Египет билігі арасында орнады. Сирия сұлтаны 1167 жылы елде көгершіндер ұшып-қонатын арнайы мұнара да тұрғызыпты. Қанатты құстарды мәпелеп өсіретін арнайы күтушілердің болғанын айтпай кету ағаттық болар. Көгершіндер поштасына сұраныс өскеннен кейін құстың бағасы 1000 динарға дейін шарықтап шыға келген. Телеграф пайда болғанға дейін хат-хабар алмасудың бұл тәсілі құнды қағаздар нарығындағы брокерлер мен қаржыгерлер арасында кең танымал болды. Тіпті, Лондонның атақты олигархы Ротшильдтің байлығын да пошташы көгершінмен байланыстырады. 1815 жылы Ватерлоо түбіндегі соғыстың аяқталғанын ақ кептер арқылы өзгелерден екі күн бұрын естіген Натан Ротшильд француз құнды қағаздарын саудалау науқанында зор табысқа жетіп, санаулы сағаттарда байып шыға келген. XIX ғасырдың басында голланд үкіметі Бағдаттан әкелінген көгершіндердің көмегімен Ява мен Суматра аралдарында байланыстың азаматтық-әскери жүйесін ұйымдастырған. 1870-1871 жылдардағы франк-прусс соғысы кезінде, прусс әскері Парижді басып алар тұста 73 көгершін арқылы 150 мың ресми және милионға жуық бейресми жеделхаттар тасымалданған екен. 1870 жылы Парижде «көгершін почтампты» жасақталыпты, онда су өткізбейтін қалбырларға салынып, көгершіннің қауырсынына байланған микрохаттар қабылданып, иесіне жеткізіліп тұрған. Париждің көгершін поштасын жою үшін немістер кейін байланыс құралы ретінде қаршығаны пайдалана бастайды. Көгершін арқылы байланыс Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да кең қолданыс тапты. ХХ ғасырдың екінші жартысында Рейтер агенттігі тілшілерінің жұмысы көгершіндерге тікелей тәуелді болған. Қолға әбден үйретілген көгершіндер әртүрлі «ыстық нүктелерден» агенттікке хабар-ошар тасыды. Сөйтіп, Рейтер агенттігі, басқа да газет басылымдары әлемнің әр түкпіріне «бейбітшілік құсы» әкелген ақпараттарды таратты. Алайда «бейбітшілік құсы» тек бейбіт мақсатта пайдаланылды деп ойлау – қателік. Тарихтан көгершіндердің көлеңкелі операциялар мен қауіпті тапсырмаларды орындау үшін де қолданылғанын көруге болады. Мәселен Наполеон Бонопарттың дәуірі кезінде көгершіндер контарабандалық заттарды тасумен айналысқан деген дерек бар. Атақты қолбасшыға «бейбітшілік құсы» басқа елдерден бағалы құнды тастарды жеткізіп тұрған. Ал ХХ ғасырдың ортасынан бастап құстар қанатына бейнекамера байлап, барлау жоспарларын жүзеге асыруға көшті. Тапсырма атаулыны бұлжытпай орындайтын бұл «қауіпті құстарға» Бразилия түрмелеріне есірткі тасымалы да сеніп тапсырылған екен. Тарихқа «ғасыр ұрлығы» деген атпен енген оқиғаның «қаһарманы» да – көгершін. 1963 жылы Еуропадан көкке көтерілген 75 көгершін Ливия шекарасының маңындағы бір ағашқа қонған сәтте, оны шекарашылардың бірі көріп, дереу қырып салған. Сөйтсе, өлген көгершіндердің қанатына жалған банкноттар жапсырылып қойылған көрінеді. Қанаттылардан Грекияның, Италияның жалған ақшалары табылған. Ал жараланып жерде жатқан көгершіндерді Трипол соты «қоғамға қауіпті» деп танып, өлім жазасына кескен. Ақ қанаты талмай, сан ғасыр адамзат игілігіне қызмет еткен әділеттің құсы адам айласының құрбанына айналғаны өкінішті. Бірақ қаскөйлердің мұндай әрекеті әлемнің көгершінге деген құрметін кеміткен жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Британия арнаулы қызмет орындарына қалтқысыз қызмет еткені үшін осы елдің 32 кептері жануарлар мен құстарға арналған әскери Мария Дикин атындағы медальмен марапатталған болатын. Ал париждіктер бейбітшілік құсына мәңгілік ескерткіш орнатты. 1963 жылы көгершін поштасының құрметіне Герман Федеративтік Республикасы арнайы пошта маркасын шығарды. Пошташы көгершіннің қажырлы еңбегі мен тынымсыз тіршілігі америкалық жазушы-анималист Эрнест Сетон-Томпсонның «Арно» әңгімесіне арқау болды. «Бейбіт өмірдің белгісі боп қанат қаққан» құсқа күллі қазақтың құрметін Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершіні» еселеді.
Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары