ШЫМКЕНТКЕ – 2200 ЖЫЛ
ШЫМКЕНТКЕ – 2200 ЖЫЛ
Шымкент қаласына 2200 жыл толды. Бұл тарихи деректi Әбiш Байтанаев бастаған зерттеушiлер он жыл бұрын дәлелдеген еді. Көне шаһардың тарихы туралы кiтап шығарды. Дәлел мен кiтап қолда, ендi неге ХХII ғасырлық тарихты атап өтпеске?! Алайда шаһардың жасы ЮНЕСКО деңгейiнде аталып өтiлуi үшiн бұл ғылыми тұжырым дүниежүзi тарихшы-ғалымдарының алдында мойындалуы тиiс. Ендi ол күн де алыс емес. Қала күнi мерекесi қарсаңында Шымкенттегi М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң мәжiлiс залында «Шымкент – 2200 жылдық тарих» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өттi. Оған Франция, Канада, Бельгия, Англия, Ресей, Әзiрбайжан және Өзбекстаннан ғалымдар, тарихшылар келдi.«Нұр-Отан» партиясы да халықаралық байланыстарға ерекше ден қойып, халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға күш жұмсап отырғаны баршаға белгілі.
Маңызды басқосуда қала әкiмi Дархан Сатыбалды көпшiлiкке Шымкенттiң қазiргi даму деңгейi, экономикалық-әлеуметтiк жағдайы туралы қысқаша баяндап бердi.
– Талай дәуiрлердiң куәсi болған шаһарымыз туралы тың деректер табылуда. Бұл қуантады. Елiмiздегi ең iрi мегаполистердiң бiрiне айналған Шымкенттiң өткенiн баяндап, болашағын бағдарлайтын конференция жұмысына сәттiлiк тiлеймiн, – дедi ол.
ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлi кеңсесiнiң өкiлi Юрий Пешков көне шаһар орындарының тарихи құндылық ретiнде сақталуы келер ұрпақ үшiн маңызды екенiн жеткiздi. ЮНЕСКО нақты деректермен, археологиялық қазба жәдiгерлерi арқылы жасы дәлелденген Шымкенттi де әлемдегi тарихы тереңде жатқан қалалардың қатарына қоса алатынын мәлiмдедi.
Шымкентке 2200 жыл толғанын алғаш болып дәлелдеп, кiтап жазған – Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтының директоры, тарихшы-ғалым Бауыржан Байтанаев. Туған жердiң тарихын зерттеп, елiмiздiң өркениеттi мемлекеттердiң iзбасары екенiн жариялап, еңбектенiп жүрген тарих ғылымдарының докторы: «Ежелгi тарихи деректерде Нуджикент деп аталып жүрген қала – Шымкент деп есептеймiз. Бiз 2003-2004 жылдары Шымкент қалашығында 14 метрге дейiн археологиялық қазба жұмыстарын жүргiзiп, көптеген құнды жәдiгерлердi, бұрынғы қала орнын таптық. Бұл жәдiгерлер бiздiң заманымызға дейiнгi II-III ғасырларға тиесiлi. Демек, Шымкент те Орта Азиядағы Ташкент, Тараз, Самарқан қалалары сияқты 20 ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болған. Өкiнiштiсi, бiз нақты дәлел келтiрсек те Шымкенттiң жасын халықаралық деңгейде бекiту жұмыстары баяу жүрдi. Біздің шаһардағы зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, өзбекстандықтар бiрден iске кiрiсті. Олар Ташкенттiң 2200 жылдығын тойлап үлгердi. Бүгiнгi конференцияда бiраз түйткiлдер тарқатылып, Шымкентiмiздiң 2200 жылдығы халықаралық деңгейде насихатталуда. Бұл – маңызды қадам. Әрбiр адам өзi туып-өскен қаланың тарихын бiлсе, келешегi де жарқын болады», – дедi.
Канадада тұратын танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы Рустам Сулейманов «Шымкент және Орта Азияның урбанизациялану көздерi» атты баяндамасында неолит, қола, темiр дәуiрлерiнде Орта Азияда көне қоныстар болғанын айтты.
– Осы қаладағы қазба жұмыстарына өзiм де қатыстым. Шымкентке 2200 жыл толғанын растайтын археологиялық қазбалар табылып, оған лицензия алынды. Қаланың жасын анықтау өте маңызды. Ол жастардың Отанға деген сүйiспеншiлiгiн оятады. Өркениеттi елдiң iзбасарлары екендiгiне мақтаныш сезiмi пайда болады. Ұлттық рух көтерiледi, – дедi тарихшы ақсақал. Оның франциялық әрiптесi, тарих ғылымдарының докторы Лионнет Бертий Шымкенттен табылған керамикалық заттар шамамен 2200 және одан да көп жылдар бұрын жасалғанын айтты. Тарих ғылымдарының докторы Карл Байпақов: «Археологиялық қазбалар Шымкенттiң жасы 2200-де екенiн айқындап бердi. Оған қаладан табылған зергерлiк бұйымдар, ыдыс-аяқтар және керамикалық заттар дәлел болады», – деп соңғы жылдардағы тың iзденiстер нәтижесiнде қазақ тарихының беймәлiм тұстары ашылып жатқанын жеткiздi.
Осылайша, Шымкенттiң 2200 жылдығы алғаш рет халықаралық деңгейде талқыланып, атап өтiлдi. Дегенмен алда әлi де атқарылар жұмыс көп. Шымкенттiң жасы халықаралық деңгейде бiрауыздан мойындалуы үшiн ЮНЕСКО-ның бас конференциясына өтiнiш берiлуi керек. Әлi де зерттеу жұмыстары жалғасуы қажет. Ал бұл мемлекет тарапынан тиiстi қаражатты талап етедi. Шымкент қаласының әкiмi Д.Сатыбалды мен мәслихат депутаттары осы мәселе бойынша жұмыс жанданатынын жеткiздi. Егер осы конференцияда қабылданған резолюция ЮНЕСКО тарапынан мойындалатын болса, Шымкент қаласы 2200 жылдық мерейтойын ресми түрде атап өтеді.