МҰНАЙЛЫ ЕЛДІҢ МҰҢЫ КӨП...
МҰНАЙЛЫ ЕЛДІҢ МҰҢЫ КӨП...
Соңғы уақыттарда мұнай бағасы айтарлықтай арзандады. Қара алтынның құны маусым айында баррелі 110 доллар болса, Brent маркалы мұнайдың бағасы қазанның 13-і күні 88 доллардан да төмендеп, қазанның 15-і күні 83,35 долларға дейін бір-ақ түсті. Бұл құбылыс мұнай сатумен айналысатын елдерге әжептәуір экономикалық түйткілдер тудырып үлгерді. Бұл қатарға қара алтынның үстіндегі ел Қазақстан да кіреді.Ел бюджетінің мұнай экспортынан түскен қаржымен толығып, Ұлттық қор мұнай долларымен бүтінделетіні жалпақ жұртқа аян. Теңгенің тұрақтауына қара алтын да айтарлықтай ықпал етеді. Бұл ретте: «Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанның экономикасына ғана емес, саяси жағдайына да теріс әсер етуі мүмкін», – дейді кейбір сарапшылар. Әлем нарығында мұнай бағасы биылғы маусымнан бері 20 пайызға жуық арзандаған. Америкалық Вloomberg агенттігінің хабарлауынша, АҚШ биржаларында мұнайдың бір баррелінің бағасы бұрынғымен салыстырғанда 1,3 пайызға қымбаттап, орта есеппен 83-87 доллар деңгейінде тұрақтаған. Бұл құбылыс біздің ел экономикасына да өз әсерін тигізе бастады. Оның бір көрінісі таяуда Қазақстан үкіметі мұнай бағасының арзандауына байланысты 2015 жылдың бюджет жобасын қайта қарайтынын мәлімдеді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев: «Үкімет келер жылдың бюджетін мұнайдың бір баррелі 80 долларға дейін арзандауы мүмкіндігін ескере отырып қайта қарайды», – деді. Мұнай бағасының арзандауы мен рубльдің шапшаң құнсыздануы Қазақстанның төлем балансына шамамен қараша айынан бастап әсер ете бастайтыны анық екендігін ескертіп, сарапшылар дабыл қағуда. Үкімет ұлттық валютаны девальвациялау қажет екенін биылғы қараша-желтоқсан айлары мен келесі жылдың басында ойлана бастауы мүмкін деген сыбыс та жоқ емес. Десе де, өткеннен сабақ алған билік бұл жолы теңгені бір мезетте бірден емес, біртіндеп құнсыздандыру тәсілін қолдануы мүмкін. Қара халықты бір күнде жиған-тергенінен айырған девальвацияның қыспағынан кейін көпшілік те «сақтықта қорлық жоғын» ұғынды.
Мұнай бағасының төмендеуі қайда апарып соғады?
Әлемдік нарықта мұнайдың 20 пайызға арзандауына бірнеше себептер бар. Соның бірі алпауыт ел АҚШ-тың кейінгі үш жыл ішінде тақтатас мұнайын өндіру көлемін күрт ұлғайтқандығында болып отыр. АҚШ қазір күніне 1 миллион баррель мұнай өндіретін жағдайға жетті. Соның арқасында АҚШ биыл алдыңғы орыннан Сауд Арабиясын ығыстырып, әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елге айналды. Бұған қоса, ОПЕК-ке мүше елдер мен Ресейдің мұнайына АҚШ-тың өндірісі қосылып, нарыққа шамадан көп шикізат шығатын болды. Осыдан келіп өндірушілер арасында бәсеке күшейді, тұтынушыға талас басталды. Оның соңы бағаның күрт төмендеуіне әкеп тіреді. Сонымен қатар, сұраныстың азайғандығы да бағаға бағдар жасауға бөгет болып отыр. Әлемде экономикалық өсім бәсеңдегендіктен, тұтынушылар тартыншақтап тапсырыс бере бастады. Экономикалық өсімнің баяулауы әсіресе Еуропада қатты байқалады. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметіне қарағанда, еуроаймақтағы баяу экономикалық өсім алдыңғы екі жылдық рецессияның орнын толтыра алмай жатыр. Тіпті, Қытайдың да қарқыны баяу. Мұнай бағасының төмендеуінен экономикалық өсімі мұнай бағасына тәуелді елдер көп зардап шегетіні айдан анық. Көмірсутегі шикізатының арзандауы бюджеті шикізат саудасына тәуелді елдердің табысын ортайтатыны рас. Бірақ мұнай бағасының төмендеуі әлемдегі жалпы ішкі өнімнің артуына мүмкіндік беретін көрінеді. Лондонда орналасқан Capital Economics қаржылық консалтинг компаниясының болжамына қарасақ, мұнай бағасының 10 долларға арзандауы әлемдегі жалпы ішкі өнім көлемін 0,5 пайызға арттырады. Мұнай бағасының арзандауынан пайда көріп, экономикасында өсім байқалатын АҚШ, Қытай, Үндістан сияқты елдерде бағаның бұлай құбылуы тек «оң» әсер етпек. Сонымен қатар, мұнайдың арзандауы еуро аймағын рецессиядан сақтап қалуға да мүмкіндік бермек. Экспорт өнімдеріне деген сұранысты азайтып отырған еуропалықтарды мұнай бағасының төмендеуі пайдаға батыра қоймайды. Себебі қазір жалпы әлемдік экономиканың дамуы баяулаған. Бірде артып, бірде кеміп отыратын мұнай бағасын ұзақ мерзімде бірқалыпты ұстап отыруы мүмкін емес жағдай. Мысалы мұнай 1980 жылдардан бастап тұрақты түрде қымбаттап, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы қарсаңында баррелі 147 долларға жеткен. Әлемдік экономика қалпына келе бастаған 2011 жылдан бері бұл шикізат қайта қымбаттап, баррель бағасы 100-ден 120 долларға дейін көтерілді. Енді маусымнан бастап қайта арзандауда. Кейбір сарапшылардың айтуынша, қымбат мұнай бағасы келмеске кеткен. Бұдан ары үкіметтер мұнайдан түсетін табыстың қысқаратынына дағдыланудан басқа шара жоқ. Мәселе қара алтынға келгенде ұзақ мерзімге болжам жасау қиынның қиыны. Мұнай өндірудің жаңа технологиялары пайда болып, өндіріс көлемінің ұлғаюынан оны сатып алатын елдердің энергетика саласын тиімді етуге инвестиция салып, қосымша реттеу шараларына қамданып отырғандығын ескерсек, алдағы уақытта да мұнай жоғарғы бағаны ұстап тұра алмасы анық.
P.S. Қара алтынның құны құбылмалы болған сайын біздің ел экономикасының да өзгеріске ұшырауға дайын тұратыны түсінікті. Жаһанда мұнайдың құны арзандап жатса, бізде қара алтынның тапшылығы әлі сезіледі. Осы ретте мұнай бағасының қымбаттауы да, арзандауы да, елдегі қара алтынның түйткілді мәселесін шешуге еш әсер етпек емес.
Еркежан ЖҰМАТАЙ