Жүйкені жұқартқан жер дауы

Жүйкені жұқартқан жер дауы

Жүйкені жұқартқан   жер дауы
ашық дереккөзі
176

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Жердің дауы жүйкемізге тиетіндей-ақ болды. Көлемі жағынан көш бастап тұрғанымен, іске жарамай жатқан сайын даланың бүгінгі пайдасы – банктердің кепілдігіне айналу ғана. Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен жер телімдері мемлекеттің меншігіне қашан өтпек? Жерге жекеменшіктің енгізілуі жер төңірегіндегі дау-дамайлардың, заңбұзушылықтар мен қылмыстың, оның ішінде, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың белең алуына жағдай тудырғандығы жасырын емес. Ежелден қазақта бар «жер дауы мен жесір дауынан» бүгінгі бейбіт заманда да арыла қоймадық. Игерілмей жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі ҚР Үкіметінің 2012 жылдан бері түйткілі шешілмеген басты мәселесіне айналған.Тиісті атқарушы органдар елдегі жер телімдерін соңғы үш жылда қайта түгендеп шығып, 5 млн. гектардың пайдаланусыз босқа жатқанын анықтап отыр. Оның 1,7 млн. гектары мемлекетке қайтарылып, 2,1 млн. гектарының иелері инспекторлардың ескертуінен кейін аздап әрекетке көшкен. 500 мың гектар бойынша талап арыз соттың қарауында, ал 800 мың гектарды қайтаруға қатысты бұйрық шыққан. Ең сорақысы – ауыл шаруашылығының айналымында болуы тиіс елдегі ең құнарлы жерлер кепілдікте тұр. Атап айтқанда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 13 ауданның, 74 елді мекеннің аумағын қамтитын 1 млн. 242 мың гектардан астам жер сот қаулысымен кепілге қойылған. Ұлттық экономика вице-миниcтрі Қайырбек Өскенбаевтың сөзіне сенсек, алқаптардың жалпы айналымнан шығып қалуы құзырлы органдардың тыйым салуына байланысты көрінеді. Мәселен Ақмола облысында пайдаланылмаған 1,6 млн. гектардың – 982 мыңы, Қостанайда 747 мың гектардың – 360 мыңы, Павлодарда 687 мың гектардың – 515 мыңы, Солтүстік Қазақстан облысында 282 мың гектарлы алқаптың 265 мың гектары кепілде ұсталып отыр. Тек солтүстіктегі екі облыстың өзінен 1 млн. 242 мың гектардың іске алғысыз күйде бос жатуына меншік иесі «Богви» ЖШС жауапты екен. «Мұндай жағдайда кепілде қалған учаскелерге уақытша жер басқару институтын енгізу қажет. Бұл институт пайдасыз алқапты кәдеге асырып, кепілдемені сақтап қала береді», ̶ дейді Қайырбек Өскенбаев мырза. Қазақстанның ең құнарлы топырағы солтүстік өңір саналса, миллиондаған алқаптар жекешелендіру жылдарында әлдебір алпауыттардың қоластына өтіп кеткен еді. Атасынан қалған мұрасын ешқандай пайдаға қимайтын жекеменшік иелері оны банкке кепілдікке қойып, артынша сұрауын сұраған мемлекетке келгенде іс-әрекетін тісінің сыздығында сақтайды да қояды. Жағдайдың күрделілігі сол, иесі қаласа пайдаланылатын, қаламаса басқа іске жарайтын жер телімдері елдегі ауыл шаруашылығының Үкімет күткен деңгейде дамымай отырғандығына әкеп тірейді. Елбасы Н.Назарбаев оңтүстікке жасаған таяудағы сапарында қаншама алқаптарды бауырына басып алып, не пайдаланбайтын, не мемлекетке қайтармайтындарға қатаң ескерту жасап еді. «Ол жерлерді қарапайым адамдар алған жоқ, оның егелері осы ортада отыр. Ескертемін, өз еріктеріңмен бермесеңдер, оп-оңай-ақ тауып алып, қайдан алдың, қайтіп алдың, түгел анықтаймыз. Одан да тыныш қана қайтарыңдар» деген Президенттің ескертуінен соң Шымкенттегі жер телімдері иелерінің ұяты ояна бастады. Пайдаланылмай жатқан бос жерлерді айналымға енгізуде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген Ақтөбе ̶ 98 пайыз, Павлодар ̶ 90,5 пайыз және Оңтүстік Қазақстан облысы 86,3 пайызы көрсеткіш көрсеткен. Ұлттық экономика вице-миниcтрі: «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген 55 мың жер телімінде ешқандай құрылыс жүргізілмеген. Нақты тексерулерден кейін оның 16 мыңнан астамында қозғалыс байқалды, 20 мыңы мемлекет меншігіне қайтып алынды. Мұның 7,6 мыңы – ОҚО-ға, 2,7 мыңы – ШҚО-ға, 2,6 мыңы – Ақмолаға, 2,1 мыңы Жамбыл облысына тиесілі. Ал 9 мыңының заңды иесін анықтау мүмкін болмай тұр. Сол сияқты 7,2 мыңы ескерту қағазды алғаннан кейін де тоқтамастан өзгелерге сатып жіберген. Негізі мұндай әрекетке тыйым салуды көздеп жатырмыз», ̶ деп мән-жайды ашып айтты. Осыған байланысты, жер кодексінің 92-бабында өз мақсатында пайдаланылмаған жер телімі меншік иесінен немесе пайдаланушыдан мәжбүрлеп алынатындығы жазылған. Осы талапқа сәйкес ауыл шаруашылығы өндірісіне не тұрғын үй құрылысына және өзге де құрылысқа арналған жер телімі екі жыл ішінде тиісті мақсатында пайдаланылмаса, онда жер телімі Жер кодексінде көрсетілген тәртіппен меншік иесінен мәжбүрлеп алынады. Заңның талаптарына енжарлық танытып, жерді басы-байлы иемденумен қоса, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етушілер мемлекетке қандай пайда әкелмек? Сиырқұйымшақтанып кеткен бұл істің бар зардабын қара халық көреді соңында. Елбасының Оңтүстікке сапары барысында айтқаны, өзге аймақтағы «жер меншіктеушілерге» ескерту болмақ.

Жайылымдық жер жайы мәз емес…

Елімізде 120 млн. гектар жер ауыл шаруашылығына пайдалануға берілген еді. Оның 40 млн. гектары егістік алқап болса, қалған 80 млн. гектары жайылымдық жерлер. Мамандардың айтуынша, осы жекелеген қолдағы жайылымдық жерлер жерді пайдаланудың сауатты әдіс-тәсілін меңгере алмағандықтан құрдымға кетіп отыр. Оған қоса, жекелеген шаруаның жерді күтіп-баптауға ниеті жоқтығы өз алдына, техниканың жарамсыздығы да сыныққа сылтау. БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, еліміздің 272,5 млн. жерінің 179,9 миллионы шөлейттенуге дейін жеткен көрінеді. Елде 90-жылдары 180 млн. гектарға жуық жайылымдық жер болған. Ал қазір ол жердің үлесі азайды. Деректер бүгінде ауылдық аумақтарда 200 мыңдай отбасының жерсіз қалып отырғанын көрсетеді. Ауылды-аумақтарда ірі көлемді жайылымды жерлердің барлығы ауқаттылардың қолында екендігі айтпаса да түсінікті жайт. Қарапайым шаруаның қолында жайылымдық жер жоқ. Егер бұлай кете берсе, енді бір үш жылдық межеде жайылымдардың тозуы, эрозияға ұшырауы артады. Жалпы, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі өз алдына жайылымдардың тозуынан келіп жатқан зиянның көлемі де айрықша. Мәселен егістік топырағының эрозияға ұшырауы салдарынан мемлекетке келген шығын 779 миллион долларды шамаласа, екінші қайтара сорланудың (тұздану) зардабынан 2,5 миллиард доллар шығынға ұшыратқан. Бағамдасақ, елде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне себепкер бірнеше факторлар бар. Мысалы шамадан тыс тозуы, шөл және шөлейт аймақтардың көбеюі іспетті түйткілді мәселелер кездеседі. Егер жайылымдық жерлердің 70 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылса, жалға алынған жайылымдық жерлердің есебі ретінде мемлекетке салық төленсе, елдегі мал басын көбейтуге мүмкіндік молынан туар еді.

Серіктес жаңалықтары