400
МИЛАНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ САММИТ
МИЛАНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ САММИТ
ҚР Президенті Н.Назарбаев Италияның Милан қаласында өткен «Азия-Еуропа» форумының 10-саммитіне қатысты. Миландағы іссапардан кейін Елбасы бірнеше елге сапарлап, екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың жолдарын қарастырып қайтты. Саммит барысында басты төрт шартты ұсынған батыстықтарға Қазақстан тарапынан ұсыныс жолдаған Н.Назарбаев Азия мен Еуропа арасындағы сенімді нығайту, Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту, қос құрлықтың тұрғындарына бірін-бірі жақыннан таныстыру т.б. маңызды мәселелер туралы ой қозғады.Эбола эпидемиясына қарсы күрестен бастап халықаралық энергетикалық және экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланған саммитте дүние жүзінің 50 елінен президенттер мен премьерлер, Еуропалық Одақ пен АСЕАН құрылымдарының жетекшілері жиналды. Батыстықтар әлемдік нарықтағы мұнай мен газды арзан бағаға алуды көздесе, Қытай пайдаға шаш-етектен кенелтетін еуропалық жобалардан үмітті болды.
Шығыс Азия мен Еуропаны біріктіретін «Азия-Еуропа» Форумы (АСЕМ) халықаралық ұйым санатында. Әлемдік саудаға тиесілі қаражаттың жартысын иемденетін АСЕМ әлемдік Жалпы ішкі өнімнің де жартысына қожалық етеді. Осымен оныншы рет өткізілген Азия-Еуропа саммиті (АСЕМ) 1996 жылы алғаш рет шақырылған. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын саммиттің биылғы тақырыбы: «Даму және қауіпсіздік мақсатындағы жауапкершілікті серіктестік». Серіктестікке келсек, АСЕМ жаһандық және аймақтық проблемаларды бірге шешуді қарастырады. Еуропа мен Азиядағы экономиканы қолдауды көздейді. Қауіпсіздік шарты туралы айтсақ, кез келген салада қауіпсіздік қамтамасыз етілмейінше, шаруа алға баспайды. Мәселен азық-түлік қауіпсіздігі, ядролық қауіпсіздік, әлеуметтік қауіпсіздік, теңіз бен әуе қауіпсіздігі т.б. Саммитте қозғалған басты мәселелердің бірі – жұмыссыздықпен күрес.
Саммитте Дүниежүзілік сауда ұйымы, Халықаралық қаржылық қор, «Үлкен жиырмалық» сияқты әлемдік құрылымдардың басшылары, қатысушылар саясат, қауіпсіздік, қаржылық-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және көлік мәселелерін талқыға салды. Тағы бір маңызды жайт, «Азия-Еуропа» саммитіне Орталық Азиядағы елдердің ішінен тек Қазақстан ғана шақырылған. Мұның өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Бүгінде Қазақстан және Еуроодаққа мүше елдермен арадағы тауар айналымы 53 миллиард долларға тең. Миландағы саммит қабылдаған тұжырымдамадағы негізгі тармақтардың бірі Еуропа мен Азияның арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайта түсу екенін және бұл «Еуразиялық идеямен» үндесетінін айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы Еуропа-Азия саммиті сияқты шаралар қатынас шеңберін кеңейтуге ықпал ететінін айтты. Осы орайда, Елбасы Ұлыбритания, Жапония, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Венгрия, Италия және Нидерланд көшбасшыларымен кездесулер өткізді. Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хемен инвестиция, технология және сауда-экономика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері әңгімеге арқау болса, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесу барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және инвестициялық өзара іс-қимыл талқыланды. Ал Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік Кеңес Премьері Ли Кэцянмен өткізілген жүздесуде екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға көңіл бөлінді. «Бұл кездесулер еліміздің әлемдік аренадағы беделін көтереді, жаһандық экономикадағы күрделі ахуал жағдайында Қазақстанға инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтеді, сондай-ақ республикамызға деген оң көзқарас қалыптастырады. Көптеген елдер қаражаттарын Қазақстанға салуға ұмтылады, ол экономиканың дамуын ынталандырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді», – деп мәлімдеген Н.Назарбаев қарым-қатынастардың нығайтыла түсетінін жеткізді.
«Азия-Еуропа» саммитінен кейін баспасөз мәлімдемесін жасаған ҚР Президенті Н.Назарбаев әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың салдары халықаралық нарықтарға, сонымен қатар Қазақстанға кері әсер етіп отырғанын жеткізді. Осы себепті, соңғы кездері Президент жасаған түрлі ресми сапарлар алыс-жақын шет елдермен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Бұл отандық экономиканың дамуына және іскерлік қарым-қатынастарды жақсартуға сеп. Мәселен Миландағы сапардан кейін Брюссельде қабылданған ҚР мен Еуропалық Одақтың кеңейтілген серіктестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы бойынша алты жыл бойы жүргізілген келіссөздердің аяқталғандығы жөніндегі құжат аса маңызды. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуіне қатысты Еуропалық одақпен екіжақты келіссөздердің аяқталғаны жайлы құжат та еліміздің экономикалық тұрғыда дамуына оң ықпал етеді.
Мемлекет басшысы «Қаржылық және экономикалық ынтымақтастықты Еуропа мен Азияның кеңейіп келе жатқан өзара байланыстары арқылы дамыту» тақырыбына арналған пленарлық сессияда сөз сөйледі. Елбасы қазіргі қауіптер мен сын-қатерлерге лайықты жауап іздеу жауапкершілігі Еуропа мен Азия мемлекеттерінің мойнына қатар артылғанын және күн тәртібіне осы мәселені шығаруға мәжбүрлегенін ескертті. Дағдарысты еңсерудің ең тиімді жолы ретінде Еуразиялық аймақтағы ынтымақтастық әлеуетін арттыру екенін айтқан Н.Назарбаев Жер шарындағы ынтымақтастықтың болашағына қатысты ойларымен де бөлісті. Президенттің пікірінше, халықаралық ынтымақтастықтың анықтамасын өзгерту, сол арқылы протекционистік кедергілерді жою үшін нақты әрекетке көшу, нарықтарға бастар жолды кедергілерден тазарту т.б. Әлемдік қаржы құрылымының трансформациясы, қаржы саласында тепе-теңдіктің жоқтығы, дүниежүзілік ақша ағымын реттеудің тиімді тәсілі жайлы сөз қозғаған Қазақ президенті әлемдік көсемдерді Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуға шақырды.
Н.Назарбаев баса назар аударған мәселелер қатарында Азия мен Еуропаның бірін-бірі жақыннан тануға және өзара ықпалдастықты жаңа негізде арттыру мәселелері бар: «Экономика және қаржы саласындағы халықаралық әрекеттерді үйлестірудің платформасына Қазақстан ұсынған «G-GLOBAL» бастамасы айналуы мүмкін».
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ