АСТЫҚ АЛҚАПТАРЫНДАҒЫ АУЫР ЖАҒДАЙ

АСТЫҚ АЛҚАПТАРЫНДАҒЫ АУЫР ЖАҒДАЙ

АСТЫҚ   АЛҚАПТАРЫНДАҒЫ   АУЫР ЖАҒДАЙ
ашық дереккөзі
338

Шаруалар дабыл қағып отыр! Солтүстік аудандарда астықтың жартысынан астамы қар астында қалды. Диқаншылар енді жарамсыз өнімнің шығынын қалай өтейтінін білмей дал. Ал билік егіс алқаптарының көпшілігінің жиналғанын мәлімдеді. Кәсіпкерлер мен шенеуніктердің мәліметтері неге екі түрлі? Қордаланған мәселелердің шешімі табыла ма?ҚАР АСТЫНДА ҚАЛҒАН ЕГІС

Өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, шаруаларды абдыратып тастаған еді. Диқандардың айтуынша, егістіктерінің жартысынан астамы қар астында қалған. Табиғаттың тосын мінезін күтпеген олар енді не істерін білмей дал. Бұған дейін астық жинауға толассыз жауған қар аралас жаңбыр кедергі болған екен. Осы уақыт ішінде ауа райы өнімнің біраз бөлігін жарамсыз еткен. Kazah-zerno сайтының мәліметінше, қазіргі күнге дейін Солтүстік Қазақстанда егіс алқаптарының 40 пайызы ғана орылған. Егіс жерлерінің көпшілігі сақтандырылмағандықтан, шаруалар үлкен шығынға батуы мүмкін. Екінші жағынан, кәсіпкерлер сақтандыру жүйесіне көптеген өзгерістер енгізу керек дейді. Себебі, алқапты сақтандырғанымен, оның не себепті жарамсыз болғанын дәлелдеу өте қиын. Мамандардың айтуынша, сақтандыру ұйымдары шығын үшін шаруалардың өздерін жиі кінәлайды.
Аймақта осындай апатты жағдай орын алып жатқанда облыс атқамінерлері егіс алқаптарының 90 пайызы орылып біткені туралы ақпарат берген болатын. Алайда шынайы жағдай шенеуніктердің ресми есептерімен бірдей болмай шықты. Осы тұста көптеген әкімдіктегілер сападан гөрі, сан қуалап, жоғары жаққа жалған есептер беруге машықтанып алған сияқты. Сондықтан, бұндай науқаншылдық шаруалардың сапалы өнім жинауына, қызметіне үлкен кедергі келтіруде. Дегенмен, билік солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер дабылына әлі мардымды жауап берген жоқ.
Петропавлдағыдай жағдай Қостанай облысында да қайталануы мүмкін. Ауа райының қолайсыздығына байланысты астық қар астында қалады деген қауіп бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сәйкес, аймақта астық алқаптарының 75 пайызы орылған, шамамен 3 млн. га егін бастырылды. Диқандар әлі де 1 млн. гектар алқаптағы дәнді дақылдарды жинауы керек. Ал егін ору науқаны күн суытқан сайын күрделеніп барады. «Өткен аптада Федоров, Ұзынкөл, Меңдіқара мен Қарабалық аудандарында 5 мм жауын түсті, ол орташа айлық көлемнен екі есе артық. Диқандар бейсенбі мен жұма күндері жақсы жұмыс істеді. Ал демалыс күндері жауын-шашын салдарынан техника тұрып қалды», – деді Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов. Аса күрделі жағдай облыстың алты ауданында сақталып отыр. Ұзынкөл, Сарыкөл, Меңдіқара, Қостанай, Федоров пен Алтынсарин аудандарында да егістік алқаптарының тең жартысына жуығы ғана орылған.
Павлодар облысында да жағдай мәз емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қазіргі таңда өңірде астық егісінің тек 28 пайызы ғана жақсы жағдайда, ал 54%-ы – қанағаттанарлық, 18%-ы – жаман деңгейде бағаланып отырғанын хабарлады. Дәнді-дақылдар өнімділігі бір гектардан 5 центнер деңгейінде болжаған, бұл өткен жылға қарағанда үш есе аз. Мамандар бұған көктемдегі қатты жел мен маусым-шілде айларындағы құрғақшылықты кінәлайды, ал қазір жауын-шашынның кесірі кері әсер тигізген дейді.
Ал жақында Ақтөбе облысы шаруалары қуаңшылықтан егіннің жартысына жуығы күйіп кеткенін айтып, дабыл қақты. Жаз бойы тамшы тамбай, аймақтағы 130 мың гектар аумаққа егілген бидай тіпті мал азығына да жарамай қалған екен. Енді сақтандыру компаниялары арқылы шығындарын қайтарып алуға үміттеніп отыр.

Бума-бума қағаздардағы шешілмей қалған мың-сан мәселе

Аймақтардағы жағдайлардың асқынып кеткенін «Қазақстан фермерлер одағының» жетекшісі Владимир Дранчук та атап өтті. Ол өнімінің жартысы әлі далада жатқанын алға тартады. «Қазір жаңа түйткіл туындап отыр – астық сапасы сын көтермейді, бидайдың көп бөлігі келесі жылы егуге жарамсыз. 1 қарашада министр «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңға қол қоюы тиіс. Онда тек 1 репродукция субсидияланады деп анық көрсетілген. Ал бізде 1 репродукция жоқ деуге болады, 3-4 санаттағы бидай. Жағдай мүшкіл, субсидияға бөлінетін ақша игерілмей қалуы мүмкін, сондықтан бұл механизм бізде жүзеге аспауы ықтимал», – деді ол.
Ауыл шаруашылығы министрлігі сайтындағы ең соңғы ақпаратқа сәйкес, ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер облыстардағы астық егілген алқаптардың 80,7 пайызын орып алғанын 14,4 млн. тонна астық жиналып, орташа өнімділік 11,9 ц/га құрағанын айтуда. Дегенмен ведомство биылғы жылы біраз қиыншылықтың туындағанын мойындап отыр. 30 қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов биылғы егін өнімділігінің төмендеу болып отырғанына назар аударды. Оның айтуынша, бүгіндері сегіз облыста егін ору жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында егін бастыру жұмыстары аяқталған. «Былтырға қарағанда жиналған егiннің сапасы жақсы. Бүгіндері элеваторларға тапсырылған 1,7 млн. тонна егiннiң 85-90 пайызы үшiншi сыныпқа жатады. Ал өнiмдiлiк өткен жылға қарағанда 1,2 центнерге төмендеу. Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша өнiмдiлiк – 14,7 центнер, Ақмола облысы бойынша – 11,7, Қостанай облысында – 10 центнер. Осының барлығын қоса алсақ, 17 млн. тонна астықты жинауға мүмкiндiк бар», – дедi комитет төрағасы. Алайда жоғары лауазымды шенеунік қарапайым халықтың астық жинау кезінде ұшырасатын «дәстүрлі» мәселелері туралы сөз қозғамады. Ең бастысы – министрлік оны шешу жолдарының жауабын таба алмай отыр.
Биыл да егіс алқаптарына техника жетіспеді, қоймалар тапшылығы сезілді. Субсидияның кешігуінен астық жинау науқаны шаруалар үшін қиындық алаңына айналғандай. Айтпақшы, субсидия алудың қиындығы жөнінде жақында Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев тағы бір атап өтті: «Талдау нәтижесінде біраз нәрсе анықталды. Ең алдымен, субсидия тарату процесі қайта қарауды талап етті. Өйткені жергілікті атқарушы органдар аудандарда арнайы комиссия құрып, мың түрлі құжат сұратады. Содан жиналған папкі-папкі қағаздарды кейбір аудандарда тіпті машинамен тасиды! Біз шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, субсидия беруді автоматтандыру жолын іздеп жатырмыз». Жалпы, қағазбастылықтың кең етек алуы министрліктің жұмысына ең басты кедергі келтіріп отырған жайт. Себебі жүздеген бума қағаздың ішінде ауыл шаруашылығындағы мыңдаған мәселелер шешілмей қалыс кетуде. Оның орнына орынсыз бастамалар мен келісімдер жүргізілуде.
Талай қиындықпен бетпе-бет ұшырасатын кәсіпкерлер орып алған өнімдерінің құнын жоғарылатуға мәжбүр. Шығынның орнын жабу үшін. Ал ұнның қымбаттауы нан бағасының өсуіне әсерін тигізеді. Бидайды толығымен жинап үлгермесек те, бірақ аймақтарда әлеуметтік нанның құны өзгерді. Мысалы Ақтөбеде қазір әлеуметтік нан 5 теңгеге көтеріліп, 55 теңге тұрады. Ал қалған нан өнімдеріне 12 пайыз үстеме қосылған. Петропавлда нан бөлкесі 65 теңгеге жеткен. Биліктің араласуына қарамастан, нан өнімдерін өндірушілер төмен бағадан шығынға батқандарын айтып ақталуда.
Бірақ бүкіл жұртшылықтың назары қиын жағдайдағы шаруалар жөнінде емес, министр Асылжан Мамытбековтің отставкаға кету-кетпеуіне аударылған сияқты. Атап өтейік, 16 қазанда бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияев аса ірі көлемде пара алғаны үшін 10 жылға сотталды. Оған тиесілі мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режимдегі түзету колониясында жазасын өтеуге шешім шығарылды. Өмірияев сондай-ақ мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымды қызметті атқару құқығынан 7 жылға айрылды. 2013 жылғы 21 желтоқсанда жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері мемлекеттік сатып алу конкурстарында жеңіске жетуге көмектескені үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Өмірияевті тұтқындаған болатын. Экс-шенеунік алғаш қамауға алынғанында Мамытбеков орынбасарының адалдығына сенетінін, айыбы дәлелденген жағдайда қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеген еді. Өмірияевке қатысты сот шешімі шыққанда министр оның заңды күшіне енбегенін, кінәсіздігін әлі де дәлелдеуге мүмкіндік бар екенін айтты. Ал таяуда кейбір ақпарат көздері Асылжан Мамытбековтің қызметінен кету туралы өтініш жазғанын хабарлады. Өкінішке қарай, бұл талас-тартыс ауыл-аймақтағылардың қордалаған мәселелерін ұмыттырып жіберген сияқты. Мамытбеков жылы орнынан кетпес бұрын, бастаған бастамаларын аяғына дейін жеткізіп, күрделі түйткілдерді шешіп, абыроймен қызметтен кеткені ақылға қонымды болар еді.

Диас БЕЙСЕНБЕК

Серіктес жаңалықтары