ТІЛ ДЕП, ҰЛТ ДЕП ӨТКЕН ӨМІРДЕН

ТІЛ ДЕП, ҰЛТ ДЕП ӨТКЕН ӨМІРДЕН

ТІЛ ДЕП, ҰЛТ ДЕП  ӨТКЕН ӨМІРДЕН
ашық дереккөзі
1538
Белгілі ақын, сатирик Шона Смаханұлы 1924 жылы 2 қарашада Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте қол үзген бала Шона балалар үйінде, интернатта тәрбиеленеді. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлігімен де көзге түскен. Соғыстан кейін он жылдан астам ауыл мектебінде мұғалім болып, 1956 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін сырттай тәмамдайды. Шона Смаханұлы 1950 жылдан бастап әдебиетпен шындап айналысады. Сын-сықақтары арқылы қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктерді, адамдардың қатынасын, жайсыз жағдайларды, оғаш құбылыстарды сынға алды. Осындай сатиралық өлеңдерінің тұңғыш жинағын ақын «Тотияйын» деген атпен 1959 жылы жарыққа шығарды. Одан кейін «Шимайбек пен Шыңқетпе», «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздері», «Ұры тіс», «Ұр, тоқпағым, ұр», «Айға ұшамын», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Кездік», орыс тіліндегі «Купорос» атты жинағы, «Қоңыраулы шеңгел» атты шығармалары жинағы жарық көрді. 60-қа жуық кітаптың авторы Шона Смаханұлы қазақ сатирасында өзінің қолтаңбасын ғана қалдырған жоқ. Есімін де өшпестей жазып қалдырды. Осы орайда ана тілінің арашашысы бола білген ақын, сатирик Шона Смаханұлының сол уақыттағы серіктестеріне мынадай сұрақтар қойып едік: 1. Ұлттың біртуар азаматы Шона Смаханұлының кезінде қазақ тілі, қазақ мектептері үшін қалай күрескенінің бір куәгері өзіңіз екенсіз. Сол уақытта соңынан ерген қаһарман ағамыздың жанкешті еңбегін қазір қалай еске алар едіңіз? 2. Бүгінде Шона ағамыздай болмаса да оған ұқсап бағып жүргендер бар ма? 3. Шона Смаханұлы қазір өз деңгейінде бағаланып жүр ме?Сайраш Әбішқызы, «Ақпарат-Ата» ЖШС редакторлар алқасы­ның төрайымы: – Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қазақ мектептерінің, қазақ балабақ­шаларының ашылуы өте қиын болды. Ол уақытта қазақ мектебін, қазақ балабақшасын ашу өте шиеленіскен мәселе еді. Осындай кезде ұлттың мүддесіне шын жаны ашитын, ұлттың болашағы үшін жұмыс істейтін адамдар қазақ мектебін, қазақ балабақшасын ашу үшін үлкен күрескерлік тұғырдан көрінді. Соның ең алдында бастаушы болып әрі сол іске жан-тәнімен беріліп Шона Смаханұлы ағамыз жүрді. Конститу­ция бойынша орыс мектебі болған­мен, ол мектепте бірнеше тілдегі сыныптар бола беруіне рұқсат етіледі. Бірақ ата-аналар «орыс мектебінде балам қазақ тілінде оқы­сын» деп өтініш жазбайтын. Орыс мектебі деп ұғатын да, орыс сыныбына бере беретін. Қазақ сынып­тарын ашу үшін Конституция бойынша сол ауданда тұратын ата-аналардың қолын жинау керек болды. Балаларды қазақ сыныбына беру үшін осы жердегі мектептен қазақ сыныбының ашылуын талап ету қажет. Сонда осындай мәселемен Шона Смаханұлы ағамыз тікелей араласты. Үй-үйді аралап: «Балаңыз­ды қазақ сыныбында оқыту үшін өтініш жазыңыз», – деп жүгіріп жүрді. Сондай өтініштерді қазақ бауырларымыздың кейбірі дұрыс түсіне алмады. «Орыс мектебінде қалай қазақ сыныбы болуы мүмкін?» деп таңырқағандарға Шона ағамыз жалықпай барлығын түсіндірді. Есік-есікті қағып жүріп, өтініш жинады. Содан аудандық білім беру бөліміне барып қазақ сыныптарын ашуға атсалысты. Жанын шүберекке түйіп жүріп қазақ мектебі, қазақ балабақшасын ашу үшін алдыңғы қатардан көрінді. Қазір тәуелсіз мемлекет болдық. Шона ағамыз бастаушысы болған қазақ мектептерін, балабақшаларын ашу үкімет тарапынан жоспарлы іске айналды. Ата-аналар да өз балаларының ана тілінен шет болмауы қажет екенін түсінді. Дегенмен де ата-аналар арасында әлі де «ұлттың тілі – ұлттың негізі» екенін, ол тілден баланы алыстатуға болмайтынын түсіне алмай жүргендер бар. Олар өздері орыс мектебін бітірген, содан кейін қазақ мектебінде білім нашар дегенді саналарына сіңіріп алғандар. Біз енді қазақ тілінің мемлекеттік деңгейі үшін күресуіміз керек. Шона ағамыздың жолын қуатын азаматтар әлі де баршылық. Жер жердегі тіл басқармасында отырған жігіттер өз міндеттерін түсінетін, осы жолдағы күрескер деп айтуға болады. Шона Смаханұлына сол кездің өзінде Алматы қаласында мектептің аты берілді. Ол үлкен бір оқиға болды. Шона Смаханұлының қазақ тілінің мәртебесінің жоғарылауына, ана тілінің абыройының асқақтауына сіңірген еңбегіне деген елдің тарапы­нан көрсетілген құрмет бол­ғанына қатты қуанып қол соқтық. Ал қазір бірте-бірте Шона Смахан­ұлының аты аталмайтын болды. Шона ағаның аты қай кезде аталуы керек? Менің ойымша, 22 қыркүйекте тілдер күні мерекесінде Шона Смаханұлының аты ерекше естіліп, аталуы қажет. Осы орайда әлі де ойлануымыз керек. Шона Смаханұлы сынды азаматтарды ұмытып кетуге болмайды. Марат Тоқашбаев, «Пре­зидент және Халық» газетінің бас редак­торы: – Шона Смаханұлы қазақ әде­бие­­тіндегі, оның ішінде қазақ сатира­сында өзіндік орны, қолтаңбасы бар қаламгер. Ол кісі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Кезінде «Партия қатарына окопта өткенмін», – деп мақтанатын. Қаламгер ағамыздың 50-60 кітабы жарыққа шыққан. Шона ағамыз сонау 70-жылдар­дың аяғы 80-жылдардың басында Алматыда қазақ мектептері жоққа тән екендігін байқап, дабыл қаққан, тек дабыл қағып қана қоймай, өзі тікелей осы істі қолға алған азамат. Сол 80 жылдардың басында, балаларымыз мектепке баратын тұста мен де осы түйткілге тап келдім. Балаларымызды қазақ балабақшаларына, мектептеріне бере алмадық. Алматыда қазақ мектептері жоқтың қасы. Ұлтымыз­дың болашағы, келешегі білім ордаларына байланысты ғой. Сондық­тан Алматыда тұратын бірқатар жазушы, журналист азамат­тар Нүкеш Бәдіғұлов, Рақымжан Өтеген, Саясат Бейсбай сияқты азаматтар Шөкеңнің артынан еріп, сол кісінің тапсырмаларын орындап, мектеп, балабақша ашу ісімен тікелей айналыстық. Ойға алған жұмысымызға белгілі бір дәрежеде ресмилік сипат беру үшін Жазушылар одағының жанынан мектеп кеңесі құрылды. Мектеп кеңе­сіне жазушылар бірауыздан осы мәселені көтеріп жүрген Шона Смаханұлын төраға етіп сайлады. Жазушы, ғалым, педагог, дәрігер Совет­хан Ғаббасұлы ағамыз Шөкеңнің орын­басары болып сайланды. Мені жауапты хатшы ретінде бекітті. Содан кейін біз қазақ мектептерін ашу ісімен айна­лыстық. Ең алдымен, қазақтар көп тұратын аудандарды анықтадық. Ол кезде қаланың орталығына қазақтардың тұмсығы батпайтын. Қазақтарға ол уақыт­та негізінен қаланың шет жақ­тары­нан және сол үйдің не бірінші, не бесінші қабатынан үй берілетін. Сонда да болса әйтеуір сол кездегі қазақ жас­тары­­ның, қазақ зиялыларының үй алып, қатарға қосылып, еңселерін тіктеп, отбасын құрып, балалы-шағалы бола баста­ғанына қуандық. Қазақтардың жүрек түкпірінде өз ұлтына деген жана­шырлық, ұлттық сезім, патриоттық сана қалыптаса бастады. Балаларын өздерінің ана тілінде оқытуға ұмтылды. Біздің алдымызда қазақ мектептерін ашу туралы бүкіл елге хабарлау міндеті тұрды. Әрине, радиодан, теледидардан, басы­лымдардан «қазақ мектептерін ашайын деп жатыр едік, соған бала жинап жатырмыз» деген ақпаратты тара­та алмаймыз. Оған рұқсат жоқ болат­ын. Біз үшін бірден-бір жол – жазу машинка­сымен хабарландырулар басып, сол хабарландыруларды көшедегі аял­дама­ларға өз қолымызбен жапсыру болды. Бұл да оңай шаруа емес. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ. Жазу машинасымен 5-6 қабат қағазға баса­мыз. Оның 5-ші, 6-шы беттеріндегі жазу әзер көрінеді, кейде мүлдем көрінбей қалады. Осы хабарландыруды көбейтіп, машинамен басылған қағазды әрқайсымыз 50-60 данадан, 100 данадан алып, қалтамызға кеңсе желімін салып алып, бүкіл аялдамаларға жапсырып жүрдік. Жұрттың бәрі аялдамаға ке­ле­ді, аялдамадан кетеді. Сол жер­де тұрған хабарландыруларды көреді. Десек те, мұның өзі де аздық етті. Тіп­ті, еңбегімізді еш қылатын қас­күнемдер де табылды. Біздің кешке ілген хабарландыруларымызды таңер­тең жыртып тастайтындар пайда болды. Жұмыстан шыққаннан кейін қайтадан бұрынғы ілген жерлерімізге хабарландыру ілеміз. Осылайша Алматының барлық аялдамаларына хабарландыру ілумен айналыстық. Сол секілді қазақтар көбірек шоғырланған «Орбита» ықшамаудандары болатын. Сол ықшамаудандағы аулалардан, кіре берістен кездескен қазақтардан балалары бар қазақтар қай үйде, қай қабатта, қай пәтерде тұрады деп тәптіштеп сұрап, оны қағазға түртіп алып, сол қабатқа көтеріліп, қазақтармен тілдестік. «Біз ұйымдастыру тобымыз, мына жерден қазақ мектебін ашқалы жатырмыз. Соған балаларыңыздың фамилиясын білуіміз керек», – деп мақсатымызды түсіндіруге тырыстық. Көп қазақтар біздің өтініштерімізге түсіністікпен қарап, жандары ашып, бізге балаларының фамилиясын берді, тіптен орыс сыныбында 7-8-9-сынып оқитын балаларын да жаздыртты. Дәл қазір қазақтарда ондай патриотизм бар деп айта алмаймын. Мысалы, «Орбита» ықшамауданында орналасқан №45 мектепте орыс сыныптары ғана болатын. Директоры Ким деген кәріс кісі болатын. Мектеп директорына өтінішімізді айтып барсақ, ол бізді маңына да жуытпады. Содан біз ата-аналардың атынан жоғары жаққа хат жазып, арыз жазып, бірнеше мектептерде қазақ тілінде білім беретін бірінші сыныпқа бала қабылдауға рұқсат алдық. №45 мектептен 1-10 сыныптар арасында бала таптық қой. 1-сыныптың өзінен 3, 4-классқа бала жиналды. 2,4-сыныптардың өзіне 3 класс, 5,6-сыныптарға 2 класс, 7,8- сыныптарға бір-бір класстан бала таптық. Бір мектептен бір-ақ сыныпқа деп берілген рұқсаттың нәтижесінде 500-ге тарта бала жинадық. Сосын сол мектептің директорына қайта бардық. Атқару комитетіне, қалалық білім беру басқармасына хат жазып, дабыл қақтық. Сол жерде тура оқу жылы баста­лар­дың алдында, тамыздың соңғы күндері ата-аналарға арнап жиналыс аштық. Ата-аналардың әрқайсысы арыстандай арқырап тұр. Мектептің директорын шайнап жібере жаздайды. Олардың қаһарын көрген кезде әлгілер кәдімгідей басылып қалды. Содан қалалық білім басқармасынан келгендердің өздері де ата-аналармен санасуға мәжбүр болды. №45 мектеп 4 блоктан тұратын еді. Сол мектептің бір блогын тек қана қазақ сыныптарына арнап бөліп берді. Кейінірек, 1984 жылы күзде қазақ мектептері ашылып жатқан кезде осы қазақ мектебінің кіре берісіне динамит қойып, жарып жіберді. Көпе-көрнеу қастандық жасалды. Қазақтардың мектеп ашқанына әлгілердің істеп отырған зұлымдығы ғой. Содан мектеп күл-талқан болды. Бұл жайында бізге мұғалімдер хабар берді. Тез арада мектепке бардық. Бірақ солардың динамит қойып, мектепті жарғанының өзі біз үшін үлкен олжа болды. Біз қалалық атқару комитетінің алдына мәселе қойдық. Ол кезде қалалық атқару комитетінің орынбасары Серік Әбдірахманов деген азамат болатын. Сол кісі бұл мәселені бюджетке кіргізіп, бір жылдан кейін тура сол мектептің алдынан, Байқоңыр кинотеатрының артынан жаңа мектеп салып берді. Сол мектепке 145 деген нөмір берілді. Сөйтіп қазақ тілді бір мектеп ашылды. «Айнабұлақ» ықшамауданында да №118 мектепті аштық. Шона аға осы оқиғалардың барлығының ортасында жүрді. Бұл мектеп ашылатын кезде де патриот жігіттер бала жинап, көше-көшені аралап, аялдамаларға хабарландырулар іліп, үйді-үйге кіріп, ата-аналарды жинадық. «Қазақ сыныптарын ашамыз, сіздер келіңіздер» деп барлығын жиналысқа шақырдық. Біз мектепке барсақ, сыртта директордың орынбасары бізді тосып тұр екен. «Сіздерді директор күтіп отыр» деген соң, барлығымыз жоғарғы қабатқа көтерілдік. Он шақты ұйымдастырушы отырмыз. Жиналысқа келіп жатқан адам көрінбейді. Шона аға дегбір таппай, ары-бері жүріп, терезеден қарап қалса, мектептің алдына директор бір мұғалімді тұрғызып қойыпты да, келген адамдарға жиналыс болмайтындығын айтып, бәрін қайтарып жатыр екен. Біз жүгіріп, мұғалімнің жанына бардық та, кетіп бара жатқандарды кері шақырып, келгендерді қайта жинап, жиналысымызды өткіздік. Жиналысқа келгендердің қарасы көп болғандықтан жиынымыз үлкен залда өтті. Сол жерде келе­лі мәселелер айтылды. Соңын­да тала­бымыздың орынды екені­не көз жеткізген соң амалсыз қазақ сы­нып­тарын ашу туралы өтінішімізді қанағаттандырды. Сәтбаев көшесінің бойында №65 мек­теп болатын. Сол мектепте Шона ағамыз бастаған бірталай ұлт­жанды азаматтар, қалалық білім басқармасының басшылары қатысқан үлкен тағдырлы жиын болды. Осы жиында ата-аналар неше түрлі ащы шындықтардың бетін ашты. «Біз де Кеңес Одағының адамымыз, біз де өз баламыздың ана тілінде білім алуын қалаймыз. В.И.Ленин не деп айтып еді? Барлық ұлттар тең құқықты. Олардың өз тілінде білім алуға құқы­ғы бар деген болатын. Сіздер неге шектей­сіз­дер? Сіздер Лениннің бұл саясатын неге бұрмалап отырсыздар?», – деп әлгілердің кеңірдектерінен қысқан кезде, шенеуніктердің барарға жері болмай қалды. Олар Шона ағаның айтқан сөздеріне, ата-аналардың айтқан уәжімен келісуге мәжбүр болды. Осылайша біртіндеп қазақ мектептері ашыла бастады. Шона аға осынау істердің барлы­ғының ортасында жүрді. Ол «бәлен жерге кел» десе, бізде сылтау айту деген болмайтын. Ұлтымыздың келешегі үшін, Алматыдағы қазақ мектептері мен балабақшаларының тағдыры үшін біз бүкіл жеке шаруамызды жиып қойып, Шөкеңнің қасынан табылып жүрдік. Жазушылар одағының мүшелері, журналистер осы істерге белсене араласты. Сондай күрестің нәтижесінде бірнеше жылдың ішінде, шамамен 1983-84 жылдан 90 жылға дейін 23 қазақ мектебінің ашылуына себепкер болдық. 5-6 қазақ балалар бақшасының ашылуына да атсалыстық. Шона аға осындай істерді ұйымдастыруға өте шебер болатын. Тез арада хаттың нобайын жасайды. Жұбайы Аманкүл жеңгей «Қазақ радиосында» машинистка болып істейтін. Ол кісі дереу хаттың мәтінін басып береді. Біз хатты конвертке салып, жоғары жақтарға жібереміз. Жауабын тосамыз, жауабы қисық келсе қайтадан жазамыз. Адамдардың санын көбейтеміз. Ал енді 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Шона ағаға күдікпен қарай­тындар көбейді, оның ұлт мектептері деп жүгіргенінің бәрін өзі­не қарсы қару ретінде қолданғылары келді. Осыған байланысты қауіпсіздік органдарының түрлі әрекеттері орын алды. Бір мысалды айтайын. 1987 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін бүкіл қазақтың ұлтжанды азаматтарын, зиялы қауымын қудалау, жастарды түрмеге тоғыту, партиядан, комсомолдан шығару, үйдің кезегінен алу, жұмыстан қуып жіберу сияқты мәселелер кең етек алды. Қазақтарды тіркеуге қоймау, оларға алакөздік жасау қатты жүрді. Сол кезде одақтық басылымдарда, «Правда», «Известия» газеттерінде, қазақ­стандық «Казахстанская прав­да», «Социалистік Қазақстан» сынды басы­лымдарда қазақтың атпал азамат­та­рын алалаған, күйелеген дүниелер жария­ланып жататын. Сондай мақалалардың бірі «Ржав­чина» деген атпен «Социалистік Қазақ­станға» жолданыпты. Бас редак­торы болмағандықтан бұл материал бас редактордың бірінші орынбасары Сарбас Ақтаевтың қолына тиген. Сар­бас Ақтаев материалды көріп: «Шыра­ғым, біз мұндай материалды баспаймыз», – деп бас тартыпты. Содан кейін ол материал қазіргі «ЭкспрессК» деген газетке түскен. Ол кезде Әділ Ыбраев деген жігіт бас редактордың орынбасары болатын. Редакциялар үйінде «Әділ Ыбраевқа бір материал түсіпті» деген сыбыс әңгіме тарап кетті. Бір­неше жігіт барып, Әділден сұрадық. Ол не рас, не өтірік деп жауап қатпады. «Жігіттер, өздерің әрекеттеніңдер, мен ештеңе айта алмаймын», – деп шығарып салды. Кейінірек материалдың Шона Смаханұлына, Ақселеу Сейдімбекке қарсы жазылғанын анықтадық. Мен ол кезде Ақселеу басқаратын «Білім және еңбек» журналында істеймін. Тез арада Шона ағаға телефон шалдым. «Аға, телефонмен ешнәрсе айта алмаймын. Келіңізші, бір шаруа бар», – дедім. Шона аға келді. Не кабинетте, не дәліз­де сөйлесе алмаймыз. «Аға, сіз туралы тер­іс материал дайындалыпты, сол шығайын деп жатыр екен. Соның алдын алмаса болмайды. Бұл мақала жарық көретін болса, қазақтың зиялы қауымына үлкен соққы болады», – дегенімде Шона аға бірден: «Онда не істейік? Қандай амал қолданамыз?», – деді. Сосын хат жазатын болып шешім қабылдадық. «Марат, сенің орысшаң тәуір ғой, сен жаз­шы хатты», – деді. Содан мен бар білгенімше жарты беттік телеграмма әзірледім. Шона Смаханұлының аты­нан «Мен коммунистік партияның мүше­сімін. Ұлы Отан соғысы кезін­де партияға окопта өткенмін. 50-60 кіта­бым шыққан. Лениндік саясат­ты жүзеге асыру барысында қазақ мектеп­терін ашу мәселесімен, Жазу­шы­лар одағы жанынан құрылған мектеп кеңесінің тарапынан берілген тапсырмаға сәйкес жұмыстар жасадық. Балабақша, мектептердің ашылуына түрткі болғанымыз рас. Бірақ бұл біздің жүргізіп отырған саясатымызға мүлдем қайшы келмейді. Сондықтан менің үстімнен қаралап материал дайындалып жатыр екен. Қаралайтын дүниелердің жолын кесулеріңізді сұраймыз. Әділдіктің орнауына көмектесіңіздер» деген сипатта телеграмма жазып, бір данасын Колбиннің атына, бір данасын Горбачевтің атына жолдадық. Дер кезінде жасалған шаруа екен. Артынан телеграмманың арқасында әлгі мақаланы жарияламау жөнінде бұйрық түсіп, осы мәселе жабылды. Ал енді ол мақала шыққанда қаралау науқанын одан әрі өршітетін еді. Шонаның да, Ақселеудің де тағдырына кері әсер ететін еді. Өзі де, сөзі де ірі, кесек сөйлейтін Шона аға ешнәрседен қаймықпайтын. «Құдай өзі берген жанын өзі алады. Олардан қорқып, бұғып отыра береміз бе? Біз бұға беретін болсақ, қазақ халқын кім қорғайды?», – дейтін. Шона ағаның осындай еңбегінің арқасында бүкіл қазақ халқының тарихында аты қалды. Шона ағаның қазаққа белгілі сатирик екендігін, ақын екендігін әдебиетші оқырман қауым, аға буын, орта буын біледі, ал жастардың бәрі бірдей біле бермейді. Оның әдебиеттегі ерлігімен қатар азаматтық ерлігін де насихаттап отыру керек. Бұл бағытта жұмыстар да жасалып жатыр. Мен Алматы қаласындағы №62 Шона Смаханұлы атындағы орта мектепте болдым. Сол мектептің директоры Атығай Бижановтың Шона ағаның 90 жылдығына, Ш.Смаханұлы атындағы мектептің ашылғанына 30 жыл толуына байланысты үлкен кешенді бағдарламалар бойынша жұмыс істеп жатқанына куә болдық. Қолымыздан келгенше оларға біз де көмектесеміз, көмектесіп те жатырмыз. Бұл аздық етеді. Шона ағаның туған жерінде, қызмет еткен жері Алматыда бұдан да ары насихат жұмыстары жүргізілуі керек. Шона Смаханұлының атына көше берілуі тиіс. Қаладағы саябақтардың бірінде ол кісіге ескерткіш қойса да артық етпейді. Сосын Шона Смаханұлы атындағы сыйлықтар дайындау, байқаулар, фестивальдер өткізу, қазақ мектептерінің арасында жас сатириктердің конкурсын ұйым­дастыруға болар еді. Бұл мәселе­лер­­ге еліміздегі Білім және ғылым минис­тр­лігі, Астана мен Алматыдағы білім басқармалары араласып, жоспар­ларына кіргізсе құба-құп болар еді. №62 мектепте шағын ғана Шона ағаның мұражайлық бұрышы бар. Соны кеңейтсе, Қазақ педагогикалық университетінде, Ұлттық университетте Шона Смаханұлы туралы арнайы дипломдық жұмыстар қорғалса, монографиялар жазылса деген тілегім бар. Ғазизбек ТӘШІМБАЙ, зейнеткер: – Ол қазақтың ұлттық намысы қор­ланып, қазақ мектептері жабылып, ұрпағымыз мәңгүрт болып, салт-дәс­түрі­міз ар-намысымызбен бірге аяққа тапталып, жалпы елдігімізден айрыла бастаған кезеңде өмір сүрді. Бір кезде, сонау құтырынған ком­мунистік билік кезеңінде қазаққа астана болған, келімсектерге баспана болған ару қала Алматының көшелерін аралап, әрбір үйді жағалап жүріп жинап, қазақ балабақшалары мен мектептеріне сүйрелеген қарадомалақтардың бұл күнде ат жалын тартып мінер зіңгіттей азамат болып, ана тілінде еркін сөйлеп жүргенін көрсе, жұдырықтай жүрегі жарыла жаздап қуанар еді… Ал көк байрағының әлемнің алпауыт елдерінің асқақтаған туларымен бірге желбіреп тұрғанын, ана тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанын, жас ұрпақтың жасқанбай жұрттың бетіне тура қарай алатынын көргенде ғой, шіркін! «Құлдың күні кіжінумен өтеді» деген­дей оспадар отаршылдардың ойранынан опық жеп, іштен тынып, бұқпантайлап, қызыл аяқ қар кешіп, жалаң аяқ жар кешіп, бұйығы күйбің тірлікпен күн көріп келгеніңе өзегің өртенеді. Дегенмен де жуан жұдырық жүйенің өктем қылығына қарсы шығып, күресе білген ерлеріміз де болғанына тәубә! Солардың бірі әрі бірегейі – Шона Смаханұлы еді. …Өткен ғасырдың елуінші жыл­дарының бас кезінде қасиетті Әулиеата өңірінің Талас ауданындағы Ақкөл орта мектебінің жанынан интернат ашы­лып, әкесі қан майданда қаза тап­қан жетім балалардың бірі ретінде соған қабылдандым. Осы интернатта қоғам қайраткері, есімі елге таныс ғалым Мырзатай Жолдасбеков те жатып оқыды. Қазақтың қырғи тілді сатирик ақы­ны Шона Смаханұлы осы Ақкөл орта мектебінде қазақ әдебиеті мен тілінен сабақ берді. Бұл кезде ол кісі Абай атындағы қазақ педагогика институтында (қазіргі Абай атындағы ұлттық педагогика университеті) сырттай оқып жүрген екен. Орта бойлы, дөң қабақты, қалың қас­ты, мығым денелі, жылдам жүретін, тез-тез сөйлейтін, қарқылдап қатты күлетін, ақсары жүзінен ерекше бір жылылық пен мейірім есіп тұратын кісі екен. Оқушылармен тез тіл табысып кететін. Мектептің спорт алаңында бізбен бірге волейбол ойынына қатысатын, турникке тартылатын… Шөкең әдебиет сабағы үстінде Алматыда тұратын атақты ақын-жазушылар жайын­да, өзіміз оқулықтардан суретін күнде көріп, шығармаларын жатқа оқып жүретін Абай мен Жамбыл, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин және тағы басқалар туралы көп әңгіме айтып, біз­ді әдебиет пәніне қызықтыра түсетін. Содан біз орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға кеттік. Шөкеңмен осы Алматы­да қайта қауыштық. Ол анда-санда С.М. Киров атындағы Қазақ университетінің Виноградов (қазіргі Қарасай батыр) көшесіндегі 88-үйдегі жатақханада жататын бізге келіп тұрды. Шөкең «Қазақстан мұғалімі» газе­тін­де қызмет істеп жүргенде менің «Ом заңы» деген шағын скетчімді шығарды. «Өзің тәп-тәуір жазатын болыпсың ғой, жалғастыра бер. Кейін менің әдеби мұрамды жинастыратын сен боласың» деген еді сол жолы. Бірақ олай етудің реті келмеді. Өйткені қызмет бабымен әдебиеттен біраз жыл қол үзіп қалдым. Сөйтіп Шөкеңмен бұрынғыдай жиі кездесудің сәті түсе бермеді. Шона аға көпшіл кісі еді. Айнала­сына туған-туыстарымен бірге жерлес іні-қарындастарын, жолдас-жора­­лары мен әріптестерін үйіріп жүре­тін. Ал ол кісінің Алматының көше­лерін аралап, үйді-үйге кіріп, «бала­ларыңызды қазақ бақшалары мен мектептеріне беріңіздер» деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жар салып жүргені өз алдына бір тарих. Кезінде ол кісінің сол бір ерлігін бағаламағандар да болғаны ащы шындық! Сонау қаһарлы 1986 жылы өмірге келген сәбилердің дені қазір ана тілінде таза сөйлеп жүр. Бір ғана мысал. 1993 жылы Алматыдағы орыс мектептерінің бірі – №36 орта мектеп қазақ тіліндегі мектепке айналды. Мен кенже ұлым Тайырды осы мектепке бердім. Сол жылы мектеп табалдырығын аттаған қара­домалақтар жеті сынып болды. Бұл жәйт – Шөкеңнің шапағаты деуге әбден болатын еді. … Сол елуінші жылдары Шөкеңнің сықақтары мен фельетондары аудандық, облыстық, республикалық газеттерге жиі шығатын. Кейбір жолдары көңілге күшті әсер етіп есте қалатын. Шөкеңнің өзі жазушылыққа келген жолын қысқаша былай баяндаған еді: «Әдебиетте Абай өлеңдерімен ерте танысып, жаттап өстім. Ауыл мектеп­терінде мұғалімдік қызмет атқара жүріп, өмірден көрген кірбің жәйттерді мысал-сықақ, шымшыма етіп жаза бердім. Ақыры мені жазушылық әлем өзіне тартып, әлгі жазғандарым «Тотияйын», «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Ұры тіс», «Алтын жұмыртқа», «Ұр, тоқпа­ғым, ұр», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Қоңыраулы шеңгел», «Кездік», «Сандықтан шыққан сайтан», «Жымияды жеңешем», «Өткірдің жүзі», «Елпек­байдың телпегі», т.б. жиырмаға тарта кітапқа ұласты. Айтпақшы, «999 шымшыма» атты жинағымды «Жалын» баспасына тапсырдым. Жастарды көрсем сағынышпен өзім­нің жастық шағым еске түседі. Бойымда албырт күш-қуат, творчестволық шабыт пайда болады» («Өркен» газеті, 5 қараша 1988 жыл). Ал осынау жоғарыда аталған кітаптарының атауларынан көрініп тұрғанындай Шөкең елде белең алып, жегі құртқа айналған ысырапшылдық, бақай есепшілдік, сұғанақтық, дүниеқоңыздық секілді қоғамға жат қылықтарды өткір тілімен осып өтті. Кемсініп өз тіліңді, Өзге тілде сарнапсың. Шырқайтын өз үнінде Торғай құрлы болмапсың, – деп жазған еді ақиық ақын. Шона Смаханұлы коммунистік партия­ның қылышынан қан тамып, басқа халықтардың бәрін салт-дәс­түрінен айырып, орыстың тілі мен діліне көшірген заманда өз әкесінің атымен жазылған Бауыр­жан Момышұлы, Балғабек Қыдырбек­ұлынан кейінгі үшінші жазушы. Мұның өзі де бір ерлік! Ал 1993 жылы алдымен «Алматы ақшамының» бірнеше санында, сосын 1998 жылы «Жұлдыз» журналының №6 санында жарияланған «Сүрінсең де жығылма» атты қара сөзбен жазылған естелік-эссесі ақынның ғұмырбаяндық еңбегі іспетті. Мұнда қазақ халқының басына нәубет әкелген сонау 30-шы жылдары Қазақстанды басқаруға жіберілген, «Қужақ» деп кеткен Ф.Голощекин қолдан алапат аштық ұйымдастырып, қазақтың тең жартысын қырып салған кезеңнен бастап Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезең қамтылады. Шөкең ән мәтіндеріне де қалам сілтеген. Оның «Жамбылым қандай тамаша» (әуені Садық Кәрімбаевтікі) Жамбыл жастарының гимні болса, «Анамның тілі» (әуені Әбиірбек Тінәлі) қазір ана тілінің гимніне айналып отыр. Өлмес өнер деген осы болар! Еркін НҰРАЗХАН, суретші: – Өткен ғасырдың 80-жыл­дарының орта шені. Бірде ертемен, газет-журналдар үйінің 9-қабатының дәлізінде, Шона ағаның саңқылдаған дауысы естілді. Кабинеттерден шығып, әйгілі сатирик ағамызға құ­лақ түрдік. «Кім бар маған ілесетін? Қа­зақ мек­тебін ашу үшін міне, мы­­­нау құлақтандыру жазылған қағаз­дар­ды көшелердегі бағаналарға, аялдамаларға, т.б. жерлерге жапсыруымыз керек. Маған көмекшілікке жарайтындарың жүріңдер», − деп бұйыра сөйлеп тұр екен. «Қазақстан пионері» газетінен ақын, журналист марқұм Рахымжан Өтегенов пен «Балдырған» журналынан мен ағаға ілесетін болдық. Біздер Шона аға көздеген қала­ның бір аумағына жеттік те, өзі дайындап әкелген ата-аналардың қазақ мектебіне балаларын беруі үшін қай күні, қай мектепке жиналу керектігі көрсетілген хабарландыру жазылған парақтарды біреуіміз желім жағып, біреуіміз оны биіктеу жерлерге жапсырып жүріп кеттік. Алдымызда Шөкең, қай тұсқа жапсыру керектігін айтып жол бастап келеді. Бір кезде артына бұрылып қараған Рахымжан: – Аға, біз жапсырған қағазды бір орыс әйелі жыртып жатыр, − деді оқыс ышқына дауыстап. – Қане, ана қатын ба? – Иә, сол. – Әй, атаңа нәлет! Что ты делаешь, дура? Женщина, зачем рвешь нашу бумагу? – деп Шона аға жан ұшыра жүгіріп барып, әлгі әйелдің білегінен шап беріп ұстады. Ол әйел бір зор денелі екен, ағамыздың басы оның кеудесінен ғана келеді. Соған қарамастан, Шөкең оған қарай секі­ріп, ұрып жіберердей бір-екі қимыл жасады. Басында түріктің топысы, ақ көйлегіне галстук байлап, костюм-шалбар киінген жасы үлкен адамның өзіне айбат шегіп, орысша-қазақша сөздерді боратып ұрса жөнелгенінен және жүгіріп келе жатқан біздерді көріп, ол әйел сасайын деді. – Я не поняла, потом порвала, − деп ақталғандай болып жатыр. – Если не понимаешь, зачем рвать? Это не для тебя написано, − деп, тағы да жер-жебіріне жететін сөздермен түйреген Шона аға оның сол арадан тез тайып тұруын талап етті. Біз келіп, ағаға араша түсіп, жанжалдың ушығып кетпеуін ойлап, басу айтып жатырмыз. – Қарашы, оңбағанның түсінбедім деуін. Олар бәрін түсінеді. Сосын жыртып жатыр. Бәрін ұқпаса да, «қазақ мектебі» деген сөзді жақсы біледі. Бұлар соған қанымен де, жаны­мен де қарсы. Қатын болмай, еркек болғанда ғой, желкеден түйіп жіберетін едім, − деп сөзінің аяғында өз қылығына өзі күліп, ашуын басты. Қолымыздағы барлық қағазды түс ауа жапсырып болған соң, Шона аға: – Ал, жігіттер, рахмет сендерге. Бү­гінге жетерлік біраз жұмыс жаса­дық. Жүріңдер, үйге барып шай ішейік. Сосын сендер жұмыстарыңа барыңдар. Мен жеңгелеріңе кешке осындай құлақтандыруларды машинкаға бастырамын да, тағы да көшеге шығамын. Ертең басқа редакциялардан бір-екі жігіт алармын, − деп біздің қарсылығымызға қарамастан үйіне бастай жөнелген… Бетті дайындаған Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары