ҰЛТТАН БҰРЫН ҰҒЫМДЫ ТҮЗЕП АЛСАҚ

ҰЛТТАН БҰРЫН ҰҒЫМДЫ ТҮЗЕП АЛСАҚ

ҰЛТТАН БҰРЫН ҰҒЫМДЫ ТҮЗЕП АЛСАҚ
ашық дереккөзі
273

Дидахмет Әшімханұлы: 

– Біз қазір ұлт бірлігі, ел бірлігі, қазақтың ішкі ынтымағы мәселесін жиі көтеріп жүрміз. Ұлт бірлігі проблемасын қозғамас бұрын ең алдымен ұғымды түзеп алуымыз керек сияқты. Танымға әбден сіңіп, қатып-семіп қалған ұғымдар бар. Мысалы, ұлт деген ұғымды қандай мағынада қолданып жүрміз? Жүз, ру, тайпа, мемлекет деген не? Бүгін осы ұғымдардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, мағынасын ашсақ деп отырмын. Жастар арасында қасаң түсінік қалыптасқан. Бір жүзге жататынның бәрін туысқан санайды. Бір-бірін бауырына тартқаны дұрыс шығар, бірақ шын мәнінде олай емес. 

Ел аузында жүрген аңыз-әңгімелерден бастайықшы. «Қазақ деген бір шал болыпты, одан Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деген үш ұлы тарайды» деп басталатын аңызды бәріміз білеміз. Осы үшеуінің әрқайсысынан тарағандардың бәрі бір-біріне туыс деген ұғым миымызға сіңіп қалған. Бұл «туыстықтың» қандай негізі бар және қазіргі жүздік түсініктің әкімшілік-аймақтық басқарудағы, экономикалық байланыстағы рөлі қандай деген мәселелер жөнінде сөз қозғасақ деймін. 

Ахмет Тоқтабай: – «Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш», – дейді қазақ. Аңызға сүйенсек, Алаш үш ұлына енші бөліп берген. Төртінші еншіні бөлек алып, үшеуіне теңдей бөліп алуды тапсырған. Үш ұлдың ынтымағы ажырамасын, бір-бірінен іргесін аулақ салмасын деген ой. «Бәріміз Алаштың ұрпағымыз, еншіміз бөлінбеген» дейтініміз сондықтан. Бұл аңыз өз бастауын Мөде қаған билеген ғұндар заманынан алады екен. 

Орыс ғалымдары «лошадь» сөзінің түп тамырын анықтау үшін көп бас қатырған. Ақыры, Турбачев деген ғалым бұл сөзді «Алаш» және «ат» сөздерінің бірігуінен туды деген қорытындыға келген. Оның айтуынша, шамамен 800 жыл бұрын көшпенді Алаш тайпалары орыс князьдықтарына барып сауда жасайды. Сонда орыстар Алаштан жылқы алдық дейді де, бұл жануарды «лошадь» деп атап кетеді, яки «алаш ат» мағынасында. 

Тарих сахнасында қазақ ата­­уы­нан бұрын Алаш деген ат­пен танылдық. «Алаш» деп ұрандағанда, қазақтың бір ту астына жиналатыны сондықтан. Керей мен Жәнібек Алтын Ордадан бөлініп шығып, жеке отау тіккенде ғана біз қазақ атын иемдендік. Бірақ бұл атау сөздік қорымызда бұған дейін де болған. «Қазақ» сөзінің шығу төркінін зерттеген тарихи деректерді көп ақтардым. 1870 жылы жазылған «История казачества» деген орыс казактарының үш томдық тарихында «казак» сөзі «еркіндік сүйгіш, азат» деген мағынаны береді деп көрсетілген. «Қазақ» сөзінің мағынасы да дәл сондай. Орыстың казагы мен қазақ ұғымы бір мағынаға ие. Ежелгі Мәуеренахр жерінде көпшіліктен бөлініп, өз бетімен кеткен адамды «қазақ болып кетті» дейді екен. Мұндай ұғым түрікмендерде де бар. Біздің табиғатымыз, мінез-құлқымыз қазақ деген ұғымға лайық. Біз ешқашан басымыздан сөз асырмаған, кеудемізді жауға бастырмаған халықпыз. Қазақты жылқы мінезді халық дер едім. Өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазаққа ғана тән қасиет әрі бұл – қазақтың осы түлікке деген аса жоғарғы құрметінің белгісі. Жылқы дүбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы жоқ шығар, сірә. Қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір «көкшолағы» болған. Қойшысы қойторысын мінді. Ат-көліктің арқасында Алаштың ұлы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Жылқының қазысын жеп, қымызын ішеміз. Әркім өзінің ішкен асына тартады, тұтынған тағамының қасиетін сіңіреді. Кейбір халықтың шошқа мінезді, ит қылықты боп келетіні де соның әсерінен. 

Жүз мәселесіне келейік. Қазақ жүздерінің тарихына үңілсек, орта ғасырда, тіпті көне түркі заманында жүз туралы ешқандай дерек жоқ. Қазақтың жүзге бөліне бастауы 1680 жылы Тәуке ханның «Билер кеңесін» құруымен тығыз байланысты. Хан Ұлы жүзден Төле биді, Орта жүзден Қаз дауысты Қазыбек биді, Кіші жүзден Әйтеке биді өзіне кеңесші сайлаған. Билер кеңесінің құрамында қарақалпақтан Мұхаммед би, құрамадан Сасық би, қырғыздардан Қоқым би болды. Сол кезеңде «Билер кеңесі» өкілетті негізде қызмет атқарған ең жоғарғы кеңесші орган боп саналды. Оның шешімдерін ешкім бұза алмаған, хан да, қара да оны орындауға міндетті болған. Тәуке үш жүздің елге сыйлы, қара қылды қақ жаратын әділдігімен даңқы шыққан билерінің басын қосу арқылы рулық алауыздықты жойып, қазақ ұлтын біріктіру, мемлекеттік тәртіпті нығайту мұратын көздеген. Алайда қазақтың жүзге жіктелуін патша администрациясы өз мақсаттарына ұтымды пайдаланды. Қазақтар жайлы Ресей патшасының қабылдауында болған М. Сперанский былай деген екен: «Бұл көшпелi өмiр сүретiн өте жауынгер халық. Арақ iшпейдi, табиғи қиыншылықтарға төзiмдi. Далада соғысудың өнерiн жақсы меңгерген». Ресей патшасы I Александр «Оларды бағындырудың жолын ойластырдың ба?», – деп сұрағанда М.Сперанский: «Қазақ даласында сексеуiл деген ағаш өседi. Өте қатты, балтамен шауып сындыра алмайсың. Оны тек бiр-бiрiне ұрып сындырады. Қазақтар руға қатты бөлінеді. Оларды бір-біріне айдап салып әлсірету қажет», – депті. Міне, содан бастап бөліп ал да, билей бер саясаты белең алды. 

Дидахмет Әшімханұлы: – Қазір өзінің маңайына руластарын жинап жүретін, немерелеріне қай жүзге жататынын жаттатып отыратын шалдарды жиі көретін болдық. Оларды ақсақал деуге ауыз бар­майды. Жастардың арасында трай­бализмді тұтатып жүрген де солар. Күні кеше «Кіші жүз» деген ұран көтеріп, Алматы көшесінде шерулеткен футбол жанкүйерлерінің әрекеті қоғамдық резонанс тудырды. Әлгі жастарды БАҚ атаулы түгел айыптады. Меніңше, оларда жазық жоқ. Оң-солын танымаған балаларды арандатып, қолтығына су бүріккендер бар. Қоғамда жүз туралы танымының таяздығы аңғарылады. Мысалы қожа, төлеңгіт, төре мен ноғай ешқандай жүзге енбеген, демек қазақтың құрамына кірмейді деген түсінік қалыптасқан. Бұл қаншалықты қисынды?

Сұлтанәлі Балғабаев: – Біздегі ең үлкен мәселе – ұлт деген ұғымды түсінбейтіндігіміз. Біз туу туралы куәлігінде немесе төлқұжатында «қазақ» деген жазуы бар адамды қазақ деп ұғамыз. Мұндай қасаң түсінік тек бізде ғана бар. Ал өзгелер адамның қай ұлтқа жататын оның қолданыстағы тіліне, ұстанатын салт-дәстүрі мен мәдениетіне қарап анықтайды. Қанша мықты болса да, өз ана тілінде қалам тартпайтын жазушыны мен қазақ жазушысы деп есептемеймін. Өлеңін орысша жазатын ақынды қазақ ақындарының қатарына қоспаймын. Әлемдік тәжірибе соған үндейді. Қай ұлттың тілінде сөйлесең, сол ұлттың өкілі саналасың. Шығу тегіңді сұрап жатқан ешкім жоқ. 

Дидахмет Әшімханұлы: 

– Дұрыс айтасыз. Д.Менделеев пен А.Куприннің шығу тегі – татар. Бірақ бірін орыстың ұлы ғалымы десе, бірін орыстың дарынды жазушысы деп таниды емес пе?

Сұлтанәлі Балғабаев: – Өйткені оларда ұлт туралы ұғым дұрыс қалыптасқан. Бізге де осы бағытта тер төгу керек. Мен іссапармен алыс-жақын шетелге көп барамын. Мәселен Ұлыбританияның үштен бірін әлемнің бұрыш-бұрышынан жиылған түрлі ұлт өкілдері құрайды. Бірақ олар өздерін ағылшынбыз деп таныстырады, кейбірі шығу тегін тіпті ұмытқан. Себебі ағылшын тілінде сөйлейді, ағылшындардың өмір салтын ұстанады.

Дидахмет Әшімханұлы: 

– Қазақтың түсінігі қашан өзге­реді? Ұлттың тілін ұлықтап жүр­ген Герольд Бельгер, Асылы Осман, Розақұл Қалмұратов сынды азаматтарды күллі қазақ қашан қазақ деп таниды? 

Сұлтанәлі Балғабаев: 

– Қазақтың санасына реформа керек. Ұлт болудың талаптарын әлемдік заңдылықтарға сүйеніп қайта түзуге тиіспіз. Бізден басқаның бәрі бұған келіп қойды. Ағылшын футбол құрамасы сапында ойнап жүрген африкалыққа ағылшын емессің деп көр, сенімен төбелесуге дайын. Тіпті, қара нәсілді екенін де елемейді. Өзбекстанда да бірнеше рет болдым. Миллиондаған қазақтың өзбек болып кеткенін көрдім. Өзбектермен жапсарлас тұрып жатқан бұхар еврейлері де өз тегін ұмытқан. 

Барлық халық мидай араласып кетті, жауланбаған құрлық жоқ.Ұлт­тар сапырылысынан оқшау қалған мем­лекет кемде-кем. Қазақстанға да сырттан келетін көш тоқтамайды, әр түрлі нәсілдің, әр алуан діннің, түрлі ұлттың өкілдері келеді. Егер біз оларды ассимиляциялап, өзімізге сіңірмесек, ұлттың жойылу қаупі күшті. 20 жылдан кейін ұлт тақырыбы дүние жүзінде өткір проблемаға айналады.

Дидахмет Әшімханұлы: – Осы тұста ұлт пен тектің айырмасын шегелей түсу керек сияқты…

Сұлтанәлі Балғабаев: – Осы отырған үшеуміздің ұлтымыз – қазақ, ал шығу тегімізге тереңдесек, тым арыға кетіп қаламыз. Қазақ болмай шығуымыз да ғажап емес. Мәселен, арабтан келген қожалар, моңғолдан сіңген төрелер жүр арамызда. Олардың түп тамырын қазбалаудың керегі не? Қазақ тілінде сөйлеп, қазақтың асын ішсе, салт-дәстүрін ұстанса, қазақ емей кім? 

Ахмет Тоқтабай: – Қазақ халқының ата тегін генетикалық деңгейде зерттеп жүрген ғалым, академик Оразақ Смағұловты білетін боларсыздар. Қазақтың қан құрамы, сүйегі, тісі, терісіне дейін зерттеді. Оның зерттеу жұмыстары Алтайдан бастап Атырауға дейінгі, Новосібірден Ташкентке дейінгі аралықты қамтиды. «Қазақ антропологиясы» деген үлкен кітап жазды. Академик өз дәрістерінде біртектілігі жағынан қазаққа тең келетін ұлт жоқ екенін үнемі айтады. Қашықтығы 3000-4000 шақырымды құрайтын Алтай мен Атырау қазақтарының генетикалық біркелкілігін сақтап қалғанына таңғалады. Ал Воронеждің орысы мен Архангельскінің орысы тек жағынан қырыққұрау екен. Тек – қазақ үшін қастерлі ұғым, бұл қасиетті сақтап қалу керек. 

Түркі заманында тайпалар өз алдына жеке-жеке мемлекет болды ғой. Солардың бірі – Үйсін мемлекеті. Үйсіндер Орта Азиядағы ең қаһарлы мемлекет еді. Оларды қытайлар қалай талқандағанын білесіздер ме? Қара күшпен жеңбейтінін білген соң, қытайлар үйсін көсемдеріне қыздарын берді. Қыздардан тараған жиеншарлар таққа таласып, Үйсін мемлекетін тас-талқан етті. Міне, текті бүлдірудің салдары. 

Дидахмет Әшімханұлы: – Тектілік дегенде мынадай мәселе еске түседі. Қазақ бірнеше тайпаның бірігуінен пайда болған, бірақ бәрінің тегі түркіден шықты, барлығы бір Алтайдан тарамай ма? 

Ахмет Тоқтабай: – Анығы сол. Адай мен дулатың, шеркешің мен шерушің бар – бәрінің, бәрінің болмаса да көбінің атауы Алтайдағы жер-су аттарынан шыққан. Шеркеш, Адай, Жеменей өзендері дегендей. Мұның бәрі қазақ руларының бір жерден – яғни Алтайдан шыққанын дәлелдейді. Қазіргі кезде түркілер тарихын жазып жүрген тарихшы Мұрат Әджидің: «Дала – біздің отанымыз, Алтай – біздің бесігіміз» дейтіні бекер емес. 

Дидахмет Әшімханұлы: 

– Қазақ руларының таралуы әрқилы. 40-тан астам түркі тайпаларының жиырмадан астамында қазақ ішіндегі сияқты найман мен қоңыраттар бар. Қазақ руларының мұндай кең ауқымда таралуын қалай түсіндірер едіңіз?

Сұлтанәлі Балғабаев: – Үш жүздің, рулардың пайда болуы саяси, экономикалық қажеттіліктен туған. Ұлан-ғайыр республикамыздың облыстарға, аудандар мен ауылдарға бөлінетіні сияқты ғой. Бір руға жататындар бір атадан тараған деген қате түсінік. Рушылдық белгілі бір тарихи кезең үшін қажеттілік болса, бүгін одан аулақ болу керек. 

Жаңа заман келді. Бұрынғыдай есік-тесігіңді бітеп отыра алмайсың. Жаһандану заманында өркениеттер алмасып, құндылықтар күнде өзгереді. Қазақтың экономикасы сәл ілгерілесе, жан-жақтан келушілер көбейетіні анық. Сондықтан жаңа ұлт қалыптастыру қажеттілігі туып тұр. Қазір қазақ болғысы кеп жүрген адам көп. Біз өзбек көршіміз сияқты шекарамыздан өткеннің төлқұжатына жаппай қазақ деп жазып бере алмаймыз. Бірақ, қазақ болғысы келетін адамды ешқандай руға жатпайтыны үшін кеудеден итеруге болмайды. Онда қазақтың саны көбеймейді. Қазақтың басы қосылмаса, іс өнбейді. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» емес пе? 

Құдайға шүкір, қазақтың саны артып келеді. 20 жылда 20 пайызға көбейеді деген болжам бар. Өсім жаңа қазақтар есебінен болмақ. Жаңа қазақ деп отырғаным – бай қазақ, болмаса шала қазақ емес. Жаңа қазақ – шығу тегі, діні, нәсілі әр түрлі болса да, қазақтың тілі мен мүддесі біріктірген жаңаша ұлт. 

Ахмет Тоқтабай: – Сөзіңізге қосыламын. XXI ғасыр жаңа леп әкелді. Енді бір онжылдықтан соң ескіліктің елесі де қалмайды. Өркениеттің шыңына өрлеп бара жатқанда, бір идея, бір мақсатқа біріге алмасақ, бір-бірімізден жүз сұрасып, руға тармақталып жатсақ, ұлт үшін одан өткен масқара жоқ. Түрік жұртына бостандық алып берген Мұстафа Кемаль Ататүрік «Түріктің түріктен басқа досы жоқ» деген ұран тастаған. Қазақтың да қазақтан басқа досы жоқ. Жеріміздің байлығына көз алартатындар көп: Оң жағымызда – Ресейдің самұрығы, сол жағымызда – Қытайдың айдаһары. Сондықтан жаңа ұлт болып қалыптасу үшін ұлттық идеологиямызды нығайту керек. Бізге Индонезиядағы Ахмед Сукарно, Қытайдағы Сунь Ятсен жасаған идеологиядай мықты идеология керек. Шала қазақ пен таза қазақ та, бай қазақ пен жарлы қазақ та соның төңірегінде топтасуы керек. Қоғамдық өмірдің реформалануы мен демократиялануы жағдайында, дүние жүзінде болып жатқан түбегейлі өзгерістер тұсында ұлттық идеяны қалыптастыру – тарихи қажеттілік, әрі уақыт талабы болып табылады.

Сұлтанәлі Балғабаев: – Ұлттық идеологияны ойлап табудың қажеті жоқ. Түркияның тәжірибесін алайық. Оларда ұлттық идея қалай қалыптасты? Құрамы неше түрлі ұлттан, сан алуан діннен тұратын халық қой. Олар қарапайым қағидаға сүйенеді. Егер сен Түркияда тұратын болсаң, Түркия азаматтығын алғың келсе, аты-жөніңнен бастап, бүкіл болмыс-бітімің түрікше болуы керек. Біздегідей жаңа туған балаға ауызға түскен атты қоя салуға болмайды, арнайы заңмен бекітілген аттар ғана қойылады. Төлқұжаттарында «ұлты» деген пункт жоқ, тек діні көрсетіледі. Бірақ, зайырлы мемлекет, ешқандай дінге қысым көрсетілмейді. Руға бөлінушілік деген мүлдем жоқ. Қазақстандағыдай қалталының бәрі мектеп аша алмайды. Түрік мектептерінен басқаға рұқсат жоқ, талап қатал. Бұған қарсы шығып, көтеріліп жатқан бір де адам жоқ. Мейлі ол еврей болсын, діні иахуди деп көрсетілсін, ол өзін түрікпін деп санайды. 

Дидахмет Әшімханұлы: – Осы жерде сұхбат жүргізуші ғана емес, жазушы ретінде де ой қосқым келіп отыр. Бір кезде мемлекеттің іргесін қалаған ірі тайпалар бар. Мәселен, мен найман, сіз қоңырат болсаңыз, қырғыздың ішінде самсаған найман менің туысым, қиыр-қиырда жүрген қоңыраттың бәрі сіздің туысыңыз дегенге кім сенеді? Мемлекет пен тайпа атауларын руға байланыстырған небір анекдоттар пайда болған. Үйсін, қаңлы, жалайыр тайпалары кезінде мемлекет деңгейіне көтеріле білді. Бастапқыда рулық белгісі бойынша біріксе де, мемлекет болғаннан кейін рушылдық ұмыт болған. Біз руды жоққа шығара алмаймыз. Түп тамырыңды білу үшін ол керек. Әкімшілік-аймақтық басқарудың бұрынғы үш жүздік формасын қазір Шығыс, Батыс, Оңтүстік, Солтүстік, Орталық Қазақстан деген өңірлік басқару жүйесі алмастырған ғой. Айтпақшы, уақ деген рудың ішінде Сарбағыш деген аталық бар. Сарбағыш – қырғыздардың ішіндегі ең үлкен ру. Уақ пенен қырғыздардың қандай байланысы болуы мүмкін? Демек, кезінде мемлекет деңгейіне дейін көтерілген, қазір үлкен ру ұғымындағылар атауына қарай бәрі бір-біріне қан жағынан туыс дегенге өз басым сене алмаймын.

Сұлтанәлі Балғабаев: 

– Қазақс­­­танда тұратын өзге ұлтты қазаққа сіңіруге рушылдық дерті кедергі тудырып тұр. Бүгін заманымыз бейбіт, бірақ ертең не болары белгісіз. Кезінде Кеңес Одағы мызғымас жүйе болып көрінген, ол да құлады. Украинадағы революцияны да ешкім алдын-ала болжаған жоқ. Бізді аяқтан шалғысы келетіндер ең алдымен осал тұсымызды көздейді. Қазақтың рушылдығы бір кездері өзіне таяқ боп тиген еді, жікшілдік тағы да түбімізге жепесе болғаны. Жүз бен жүзді бір-біріне айдап салса, азамат соғысының тұтанып кетпесіне кім кепіл? 

Дидахмет Әшімханұлы: 

– Көлік­тердің нөміріне әркім өз руын жазып алатынды шығарды. Кеудешелер мен бас киімдердегі ру атауларынан көз сүрінеді. Бұл да сыртқы күштердің арандатуы болуы мүмкін бе?

Сұлтанәлі Балғабаев: – Бұл аран­да­­тудың басы ғана. Мұсылмандар шиит пен сүннит болып қырқысып жатыр. Бұл – сыртқы күштердің ықпалымен, өршітуімен болған соғыс. Сенің осал тұсыңды білген кез келген арандатушы мұхиттың ар жағында отырып-ақ өзінің жымысқы саясатын жүзеге асыра алады. Сондықтан мемлекет қауіпсіздігі мәселесін естен шығармау керек. Кіші жүздің ұранын көтерген жігіттер кеше футбол үшін жаға жыртысып жатса, ертең Кіші жүз өз алдына жеке мемлекет болсын деуден тайынбайды. Бұл әрекетті елеусіз қалдырсақ, ертең өз жалауын желбіретіп Орта жүз ұрандатуы мүмкін. Тағы біреу Ұлы жүзді қытықтап жіберсе, қауіптің үлкені сол болмақ. 

Ұлтты құлдыратудың, елді іштен ірітудің жолы көп. Мәселен діни экстремизм. Діни экстремизм – діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет ету. Басқаша атасақ – лаңкестік. Мұндай әрекеттер көбіне мемлекеттің құрамын күшпен өзгертуге немесе үкіметті басып алуға бағытталады да, ұлттық қайшылықтарды қоздырумен, сондай-ақ адам құқығын жаппай бұзумен қатар жүреді. Жиһад жасаймыз деп Сирияға кеткен қазақ отбасыларының әрекеті жағамызды ұстатты. Сыртқы күштердің ықпалына сонда ғана көзіміз жетті. Зайырлы мемлекетпіз дейміз, бірақ сырттан енетін діни ағымдардың бәрін тіркей беруге болмайды. Расында, орнымен ұстамаған дін – апиын, елітеді де улайды. 

Ахмет Тоқтабай: – Ру, тайпа, жүз ұғымдары – феодалдық заманның қалдығы. XXI ғасырда мұны қайта бықсытып жүрер болсақ, ел болмаймыз. Мұны насихаттаудың қажеті жоқ. Бір мектепте оқушылармен кездесу болды. Мұғалім бастауыш сынып оқушыларына өзіңнің ата тегі туралы шығарма жазып келуді тапсырыпты. Мұның қажеті не? Руға байланысты шежірелер жазылып жатыр, ол ғылым үшін керек шығар. Таралымы аз болғандықтан, олардан келер қауіп жоқ. Ал насихат құралы ретінде бұқаралық ақпарат құралдарының қарқыны зор. Айтқан сайын, жазған сайын рушылдық дерті үдеп кете ме деп қорқамын. 

Дидахмет Әшімханұлы: 

– Бұл ойыңызға мен де қосы­ламын. Наркомания, алкоголизм мен трайба­лизм­мен күрестің бір-ақ жолы бар: үндемеу. Осы орайда Редьярд Киплингтің «Мауглиі» еске түсіп отыр. Жан-жануарлар оның адам екенін қайта-қайта есіне сала берген соң қаншық қасқыр Ракшаны еміп өскен Маугли джунглиді тастап, адамдар сапына қосылды емес пе?

Ұлттық мінезге келсек, «Адай екені мінезінен көрініп тұр» немесе «тік сөйлемесе, Тама бола ма?» деп жатады. Әр рудың мінез-құлықтық ерекшелігі болады деген қате түсінік. Мұны М.Әуезов 1918 жылы жазған бір мақаласында: «Адамдардың мінезі әр қилы болады. Мінез адамның тұрғылықты жеріне, ортасына, кәсібіне байланысты қалыптасады» деп жазған. Түбектің бойында оқшау отырған адайлардың мінезі біртекті екені рас. Бірақ оған рулық байланыстың түк қатысы жоқ. Сол сияқты найманға да мінез таңып қойған. Меніңше, ол найманның мінезі емес, Шығыс Қазақстанның мінезі. Қытайдан келген қандастарымыздың мінезі мүлдем басқа. Кішіпейіл, еңбекқор, істері тиянақты. Қытайдың көп қасиетін сіңіргенін мойындау керек. 

Ахмет Тоқтабай: – Біздің музы­камыз, қолөнеріміз, ою-өрнектен бастап архитектурамызға дейін – қазақтың ұлттық атрибуттары. Кочаров деген суретші қазақ бас киімдерінің суретін салыпты. Сонда қазақта 20-дан астам бас киім бар екенін көріп, таңқалған. Қазақты көптеген елдің ғалымдары зерттеді: Затаевич, Левшин, Потанин, Брокгауз, Паллас… Бірі қазақтың музыкасын, бірі әдебиетін, біреуі географиясын, енді бірі тарихын зерделеді. Қазақтармен қоян-қолтық араласа жүріп, әрқайсысы қазақты әр қырынан таныды. Бірақ сол ғалымдардың бәрі халқымыздың бір қасиетіне ерек­ше тоқталады. Ол – қазақтың қонақжайлығы. Қазақ жігітінің өр мінезі мен қазақ қызының ұяңдығы да аңыз боп кеткен. 

Түріктерде жазылмаған қағида бар.­ Олар қыздарын шетке жібер­мей­ді, бірақ түрік жігіттеріне өзге ұлт­тан қыз алуға рұқсат. Осы мәсе­леге баса көңіл аудару керек. Шерхан Мұртазаның: «Қазақтың ең жақсы қыздары шетке кетеді» деген сөзінің жаны бар. 2012 жылы 874 қазақ қызы шетел азаматымен некесін қидырған. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өспесе, кеміген жоқ. Тәуке ханның Жеті жарғысында «Сұлу қыз – мемлекеттің қазынасы» деп жазылған. Қыз барған жерін көгертеді, қазаққа тұрмысқа шықса – қазақты, орысқа шықса – орысты өрбітеді. Мәселен, Айгүл, Майгүл, Гүлнарлар басқа ұлтқа тұрмысқа шықса, сол ұлттың фамилиясын ғана алып қоймайды ғой.

Алтайдың Шіңкіл деген жерін­де 90-жылдары бір жесір әйелдің қы­зы қытайға тұрмысқа шығыпты. Сонда байқұс шеше өзін-өзі өртеп жіберген. Қандай намыс десеңші. Ал біздегі қазаққа бәрібір. Орысты қойып, ағылшынға, негрге де тұрмысқа шығып жатыр. Қызымыз қайда барса да, мұратына жетсе болды деп ойлайды. Сонда ұлт мұратын кім ойлайды? Ұлтқа деген махаббат отбасынан, ошақ қасынан басталуы керек. Қыз баланың тәрбиесі ақсап барады. Қыз – болашақ ана. Ал ана ұрпақты, демек тұтас ұлтты тәрбиелейді. Сондықтан қыздың бойына кішкентайынан ата салтын, тілі мен дінін сіңіру керек. 

Сұлтанәлі Балғабаев: – Қазақ­тың ұлан-ғайыр жері бар, асты-үсті қазынаға толы. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орынды иеленеміз. Қазақстанда Мен­делеев кестесіндегі элемент­тер­дің бәрі бар. Мұндай әлеуетпен кемінде 200 миллион халықты асырауға болады. Бірақ біз айналдырған 17 миллион халықтың қажеттілігін өтей алмай отырмыз. Тіпті ауылдағы ағайын есігінің алдындағы аядай жерін игере алмайды. Азық-түлікті сырттан тасымалдаймыз. Жеміс-жидекті өзбек пен тәжіктен, тәттілерді орыс пен украиндардан аламыз. Төскейде төрт түлігі жайылған қазақтың шетелден ет сатып алатыны, тіпті, ақылға сыймайды. Қазақстанға еттің біраз бөлігі сонау Латын Америкасындағы Парагвайдан жеткізілетінін оқып, таңқалдым. Қолда барды игере алмағандықтан өзгеге тәуелді боп отырмыз. 

Қазіргі таңда қазақ үшін ең өзекті мәселе – бәсекелестікке бейім болу. Бұрынғыдай шекараны тарс бекітіп, томаға-тұйық отыра беретін заман келмеске кеткен. Ендігі жерде қай халық бәсекеге қабілетті болса, сол халықтың мерейі үстем болады. Бәсекелестік біреумен бой жарыстыру емес, тәуелділіктен арылу, өз күніңді өзің көру, өзің өндірген өнімді тұтынып, өз асыңды ішу. Аяғымыздағы шұлықтан бастап, басымыздағы тақияға дейін «Made in China» деп жазылған. Тігін өнеркәсібін дөңгелетіп отырған қырғыздар құрлы жоқпыз ба? Қазақ әйелінің қолынан келмейтін іс жоқ. Барды ұқсата білу керек. Өзгеге иек арта беруге болмайды. Ұлттығымызды жоятын бірден бір фактор – сол. Қазақты ұлы халық, данышпан халық деп көкке көтеріп, құр ділмарсудан ештеңе шықпайтынына көзіміз жетті. Ендігі жерде әр халық өзінің ұлылығын, данышпандығын нақты іспен, жеткен жетістігімен дәлелдеуі керек. 

Дидахмет Әшімханұлы: 

– Осыдан бір ай бұрын Пекинде болдым. Лу Синьнің музейін арнайы іздеп бардым. Лу Синь – дәрігер болған адам. Жапонияда жүргенде аядай ғана жапондардың самсаған қытайға оқ жаудырғанын көреді де, ойға батады. «Дәрігер болсам, ең арысы 100 адамды емдермін. Ал миллиондаған қытайды қалай емдеуге болады?» деп бас қатырады. Ақыры, халқын сөзбен емдеуге бел байлайды. Лу Синь саналы түрде жазушылыққа кеткен. Осы отырған үшеуміз де қаламгерміз. Ұлтты біріктіруге әрқайсысымыз шама-шарқымызша үлес қосуымыз керек. Бүгінгі басқосудың, келелі әңгімеміздің осы ортақ іске тамшыдай болса да үлес қосатынына сенім мол. Біреу болмаса, біреудің санасына жетер. 

Әңгімені жазып алған 

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары