ЖЕТІСУДЫ БАСЫП, САРЫАРҚА АСЫП...

ЖЕТІСУДЫ БАСЫП, САРЫАРҚА АСЫП...

ЖЕТІСУДЫ БАСЫП,   САРЫАРҚА АСЫП...
ашық дереккөзі
261

Тамылжыған тамыз айының алғашқы жұлдызында көп жыл көрмеген курс­тас достарымыз көкшетаулық Мүбарак пен астаналық Алманың шақыруымен Алматы – Астана бағытындағы жүрдек поезбен Арқаға сапар шегіп келеміз. Биылғы жаз Жетісу өңірінде жауын-шашынсыз, аптап ыстық болып тұр. Сыртта қапырық ыстық болғанымен салқындатқыш қосылған поезд іші қоңырсалқын. Ақбас Алатау мен Шу-Іле тауларын артқа тастап, Шу қаласына аз-кем аялдаған поезд солтүстікке бұрылып, Балқаш көлін бетке алып Хантауға қарай өрлеп келеді. Әлі жаз айы болса да жер беті қоңырқай сарғыш түске боялған. «Хантау» деген аты айтып тұрғандай 1462 жылы ең алғаш Керей хан мен Жәнібек хан Әбілхайыр хандығы құрамынан бөлініп шы­ғып, Шу өзенінің бойындағы осы тауда Қазақ хандығын құрған.Керей хан Болатұлы 1473 жылы қайтыс болған соң Жәнібек хан таққа отырды. Жәнібектен соң Керей ханның баласы Бұрындық болса, одан кейін хандық Жәнібек балаларына өткенін, оның ішінде Қазақ хандығын нығайтуға Қасым хан көп еңбек сіңіргенін және ел аузында «Қасым ханның қасқа жолы» деген тәмсіл қалғанын тарихтан білеміз. Балқаш көлін жағалай Шығанақтан Сарышығанға дейінгі тас­ты шөлді жазық дала­да бауырын жазған бәйге атындай жылдамдығын арттырған поезд Бетпақдаланың шығыс бөлігін көктей өтіп келеді. Парсы тіліндегі «Бәдбах» сөзінен шыққан дейді кейбір ғалымдар. Ал біздіңше, қазақтың «бетпақ», «дала» сөздерінің бірлесуінен пайда болған жауын-шашын аз түсетін, ұшқан құстың қанаты талатын шөлді аймақ бұл. Біраз жол өндірген поезымыз жер беті көтеріңкі қырқалы, үстіртті, әр тұстан тау төбелері көрініс беретін «Сарыарқа» немесе қазақтың ұсақ шоқылы құйқалы аймағына еніп келеді. Сарыарқа атауының мағынасы «ұлан байтақ қыратты жер, жазық дала» дегенді білдіреді. Қазақтар бұл өңірді «Арқа» деп те атайды. Солтүстігі Құлынды – Бараба даласынан Балқаш көліне дейінгі, батысы Торғай үстір­тінен Сауыр-Тарбағатай тауларына дейінгі ұлы дала сан ғасырлық көшпенділер тарихының куәсі болған жер.
Құлазыған сенің құла түздерің,
Не білмеген, не көрмеген ізгі елім.
Тарихымның жазылмаған жолдарын,
Ауызекі аңызыңнан іздедім,– деп Мұқағали ақын айтқандай Сарыар­қа­ның ең биік жері Ақсораң (1566 м) мен Қызыларайдан солтүстікке қарай Қарқаралы, Кент, Баянауыл, Шыңғыстау, Ұлытау, Ортау, Ерейментау, Көкшетауға дейін бәрі де халық ауызында аңызға айналған шежірелі тарихи киелі жерлер, Бұл өлкеде үш жүздің басын қосып, 40 жылдай ғұмырын ат үстінде өткізген, сыртқы жауларға қазақ халқын бодан қылмай аман алып өткен Абылай хан бастаған қазақ халқының қол бастаған батырлары, сөз бастаған шешендері, күміс көмей әнші-күйшілері мен сал-серілері өмір сүрген. Бүгінгі таңда Сарыарқада тәуелсіз қазақ елінің астанасы, Еуразия құрлығындағы әсем қалалардың бірі Астана қаласы орын тепкен. Сарыарқаның сыртқы табиғи сұлулығы мен байлығына қоса ішіне бүгіп жатқан пайдалы қазбалары да мол. Тек Қарағандының кокстелетін жоғары сапалы жылтыр антрацит көмірі мен Жезқазғанның таза мысының өзі дүниежүзілік бренд болып есептеледі. Сонымен бірге Сарыарқа қойнауы қорғасын, темір, марганец, қалайы, алтын кендеріне де бай.
Қарағандыны басып өткен поезд Астана қаласына жетіп тоқтады. Достарымызбен қауышып, мәре-сәре болып жатырмыз. Астана әсем қала. Мұнда қазіргі заманауи құрылыс индустриясы қарқынды жүргізілуде. Астананың он жылдық тойына келгенімде кейбір ғимараттар жоқ еді. Соның бірі – Орталық мемлекеттік мұражай. Айналасы атшаптырым жерді алып жатқан, кез келген дамыған елдің мұражайларымен бәсекелесе алатын жаңа архитектуралық үлгіде бой көтерген ғимарат екен. Мұражайға кіріп, аралап көріп шықтық. Сақ дәуірінен бергі қазақ жеріндегі жәдігерлерден бастап XXI ғасырдағы компьютерлік техника көмегімен көруге болатын барлық ақпараттармен танысуға мол мүмкіндік жасалған. Түркі тілдес халықтардың мың жарым жылдық жазба мәдениетінің куәсі, тасқа қашалған көне Күлтегін (684-731 ж) құлпытасының көшірмесі де осында қойылыпты. Менің ойымша, Алматыдағы бұрынғы Ғылым академия­сы үйінде орналасқан палентология мұражайын осындағы бір залға орналас­тырса тіптен үйлесім табар еді. Себебі онда ерте дәуірлерде Қазақстан жерінде, оның ішінде Сарыарқада тіршілік еткен ірі сүтқоректі жануарлардың қаңқалары сақталған. Ортан жілігінің өзі бір адамның бойындай болатын жануарлардың тасқа айналған қаңқалары Қарағанды, Павлодар облыстарындағы көмір шахталары мен карьерлерді қазғанда табылған, әлі де табылуда. Ерте дәуірлерде Сарыарқаның климат жағдайы қазіргі Үндістанның климатындай жылы болғанына осы өңірден табылған мүйізтұмсықтар мен пілдердің сүйектері дәлел бола алады.
Астанаға бір қонып, жер шоқтығы Көкшетауды бетке алып, жүрдек жеңіл көлікпен жер апшысын қуырып келеміз. Астана – Шучье – Көкшетау автобаны заман талабына сай жаңа үлгіде салынған жол. Жолдың екі жағы орманды дала табиғат зонасына тән шоқ-шоқ қарағайлы-қайыңды ормандар. Алаңқай ашық жерлерге астық егілген. Көкшетау өңіріне биыл жауын-шашын мол түскен екен. Ауасы таза, тұнық, үп еткен жел де, шаң да жоқ. Күн ашық, табиғаттың керемет бір тұнып тұрған шағына сай келіппіз. Астана мен Көкшетау қаласы арасына жол бойына қолдан орман алқаптары жасалуда. Оны жүзеге асырып жатқан Шучье қаласында орналасқан Қазақ орман шаруашылығы және агломерация ғылыми зерттеу инс­титуты екен. Орман алқаптарын сақтау мен қалпына келтіруде үлкен ғылыми жобалар мен жұмыстар жүргізілуде.
Арқаның асау туған ардагері,
Кім сүйіп, кім жырламас Көкше сені.
Суың бал, шөбің шүйгін, қойның
ырыс,
Жиһанда бағың артық сен бір сері, – деп Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы атамыз әнге қосқан Көкшетау тауына да жақын­дап келеміз. Көкшетау тауы расында да шайдай ашық аспан астында алыстан ат шоқтығы сияқты биік болып, көгілдір түсте мұнарланып көрінеді екен. Шежірелі Бурабайға да келіп жеттік.
Аңыз бойынша хан баласының садақ оғынан жан тәсілім еткен бураның тас боп қатуынан Бурабай аталған делінетін тауда шөккен кристалды тақта тастар мен гнейстердің жер бетіне шығып жатуы байқалады. Таудың теңіз деңгейінен биіктігі 690 метр. Бұл өлкенің табиғаттың өзі орнатқан сұлулығы жайлы кезінде қазақтың этнограф ғалымы Шоқан Уәлиханов та ел аузынан жинап бірнеше аңыз қалдырған. «Оқжетпес», «Жұмбақтас», «Әулие Қасен тасы», «Жеке батыр», «Бүркіт тауы», «Кенесары үңгірі», «Аютас», «Билеуші аққайыңдар шоғы», «Бурабай көлі», «Шортанды көлі» сияқты табиғи ескерткіштер мен тарихи орындар көп-ақ. Жан-жағын сыңсыған қарағайлы орман басып тұрса да күн сәулесі толық түсіп тұратын тау етегіндегі текшелі жазық Абылай хан алаңы деп аталады. Бұл жерде XVIII ғасырда хан ордасы орналасқан екен. Тау мен орман кездейсоқ қақтығыстардан қорғануға да ыңғайлы орын болған. Үш жүздің ханы атанған Абылай бабамыздың шатыры орналасқан жазыққа ұлы ханның құрметіне биіктігі 37 метрлік ескерткіш орнатылыпты. Кезінде бұл жер Абылай ханның кеңес құратын орны болған екен. Ескерткіштің басына алтын күн мен бүркіт орнатылыпты. Бұл ескерткіш маған бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің даласына нұрын шашқан алтын күн мен қаншама қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерсе де сағы сынбаған қазақ халқының сан ғасырлық қыран тағдыры мен рухының белгісіндей болып көрінді. Көкшенің 80 көлінің бірі де бірегейі Айнакөл (Әулиекөл) ортасындағы Жұмбақтас жағалауында суға түсіп, бір күн Бурабайды аралап, емен-жарқын қонып шықтық. Бұл өңірде атақты Біржан сал, Ақан сері, Ыбырай Сандыбайұлы, Иманжүсіп сияқты сал-серілер мен әрі балуан әрі әнші Нұрмағамбет Баймырзаұлы (Балуан Шолақ) өмір сүрген.
Бұл күнде қырық тоғызда менің
жасым,
Қамалдың қырық бұзар тау мен
тасын.
Кешегі қыркүйектің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын,
Өз атым әкем қойған Нұрмағамбет,
Халқымнан көріп жүрмін қадыр-құрмет, – деп бір өзі 800 килограмм тас көтерген Балуан Шолақ атамызды кейінгі ұрпақ толық біле ме?
Осы жерде Сәкен Сейфуллин «Көк­ше­тау» поэмасын, Мағжан Жұма­баев «Батыр Баян» дастанын, Сәбит Мұқанов «Жұмбақ жалау» деген атпен «Ботагөз» романын, Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасын, Ілияс Есенберлин тарихи шығармаларын дүниеге әкелген. Бұл жерге аяқ басқан қаламгерлердің Көкше туралы қалам тартпағаны кемде кем. Қазақтың бай тілінің қайнарынан қанып ішкен атақты академик, геолог Қаныш Сәтбаев, классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов, академик әрі математик Орынбек Жәутіков, тарихшы академик Әлкей Марғұлан, Евней Бөкетов, Мұрат Айтқожин сияқты бір­туар адамдар шыққан өлкеде өмір сүріп жатқан, өзі қазақ болса да қазақ тілін білмейтін, білгісі де келмейтін кейбір қандастарымызды көргенде жүрегіміз қатты сыздады.
Елдік, ерлік, бірлік, қайрат, бақ,
ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не
бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі сен
қалдың,
– деп Мағжан Жұмабаев айтқан­дай, қазіргі тәуелсіз қазақ елінің мем­лекеттік тілі қазақ тілі екенін осындай енжар ұрпақ біле ме екен?
Тіпті он тіл білсе де, өзінің ана тілін білмейтін адамды қазақ деп қалай айтарсың. Солтүстіктегі көршілердің ішінде «суын ішкен құдығына түкіріп жүрген» Жириновский, Лимоновтардың сөзі анау. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді даналарымыз. Әсілі үкіметі­міз бен парламентіміз қазіргі сыртқы және ішкі миграция саясаты мен көші-қон заңын ретке келтіріп, солтүстік және шығыс облыстарға қазақ көшінің бетін бұрғаны жөн. Осы облыстардағы жетіспейтін мамандық түрлерін де есепке алып, оқу бітіріп жатқан қала төңіріндегі жұмыссыз бос жүрген қазақ жастарының да әлеуметтік – тұрмыстық жағдайын жасап, бұл мәселені науқандық шараның бірі ретінде қалдырмай, мемлекеттік тұрғыда шешетін кез келгені айқын.

Елеусіз Ахметкерімұлы,
журналист

Серіктес жаңалықтары