ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБА МА?

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБА МА?

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБА МА?
ашық дереккөзі
324

Ардың ісін арқалаған төртінші билік өкілдеріне қатысты жақында Сенаттан Үкімет басшысына депутаттық сауал жолданды. Жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешсе де, қаламының қарымын бәсеңдетпеген журналистер қауымының бүгінгі хал-ахуалы турасындағы жай-жапсарды сенатор Нұрлан Оразалин сөз етті. Талайды тығырыққа тіреген бұл тақырып бұрындары Парламент мінберінен бір-екі рет мәселе ретінде көтерілгенімен, көңіл көншітерліктей нәтиже бола қоймады. Осы жолы Парламент Сенатының пленарлық отырысы барысында сенатор Нұрлан Оразалин Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтің атына жолдаған депутаттық сауалында БАҚ, әдебиет пен өнердiң жас мамандарына арнап Астана мен Алматыда жатақхана қалашығын салуды ұсынды. 

Сенатор өзiнiң депутаттық сауалында бүгiнгi күнi Қазақстанда 252 электронды БАҚ, 146 теле-радиокомпания, 88 телекомпания мен 58 радиокомпанияның, 98 кабельдiк оператор мен 1364 газет жұмыс iстеп жатқанын атап өттi. Осылайша БАҚ үлкен күшке ие екенін таразылай келе, үкімет басшысын шындықтың жүзіне тура қарауға шақырды. «Қазіргі таңда көпшілік журналистердің, соның ішінде жас отбасын құрған қаламгерлердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы көңіл көншітерлік емес. Олардың басым бөлігі пәтер жалдап тұрады. Ал Астана мен Алматы секілді ірі қалаларда пәтер жалдау құны қымбат, айлық табыстың бір бөлігі пәтер жалдауға кетеді. Ақпарат, әсіресе электрондық ақпарат кеңістігі салаларында тікелей әсер етер бірден-бір ықпалды күшке айналып отырған қазіргідей күрделі заманда қаламгер журналистерге жағдай жасау – тәуелсіз еліміздің ішкі беріктігі мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүргізілер шара. Жалғыз журналистер ғана емес, бүгінгі күні өнер мен әдебиеттің біраз өкілі осындай пәтер тапшылығының тауқыметін тартып отыр. Сондықтан да Үкімет арнайы бағдарлама әзірлеп, мемлекеттік БАҚ қызметкерлері мен әдебиет, өнер саласындағы дарынды жастар үшін қызметтік тұрғын үй салу мүмкіндігін қарастырғаны жөн болар еді. Үкіметтің “Қолжетімді баспана – 2020” бағдарламасының баспанаға мұқтаж азаматтарды толығымен қамту мүмкіндігі шектеулі. Осы орайда, тым болмаса журналистерге, өнер мен әдебиет саласындағы дарынды жастарға Астана мен Алматы қалаларынан мемлекет есебінен арнайы жатақхана қалашығын салу ісі қолға алынса, олардың басындағы тұрмыстық-әлеуметтік қиындықтары едәуір жеңілдер еді”, – деп, БАҚ өкілдерін баспанамен қамтамасыз етуді кешеуілдетпеуді сұрады. 

Журналистерді баспанамен қамтамасыз ету кезек күттірмес саяси-әлеуметтік маңызды мәселе екендігін баса айтқан Нұрлан Оразалинның пікіріне жоғарғы жақ құлақ асу, аспауын алдағы уақыт көрсетпек. Сенатордың көтерген көкейтесті тақырыбына байланысты журналистер «баспана беріп жарылқамаса да, жағдаймызды ұғынып, Сенатта сөз болғанның өзі неге тұрады» десті, бір марқайып. 

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары