252
МИНИСТРДІҢ ОСАЛ ТҰСЫ – ОҚУЛЫҚ
МИНИСТРДІҢ ОСАЛ ТҰСЫ – ОҚУЛЫҚ
Баламалы» оқулық жүйесінің енгізілгеніне он жылдан аса уақыт өтті. Әу баста, ең сапалы оқулықты таңдап алу үшін қабылданған жүйенің оң нәтижесін көретін кез жетті. Бірақ бір буын ұрпақ мектеп табалдырығынан аттап, оны бітіріп шыққанша, бүкіл Қазақстанға ортақ оқулық дайындалып болған жоқ. Басқаша айтқанда, мекен-жайын не мектебін ауыстырған оқушы оқулығын да ауыстыруға мәжбүр.Неге дерсіз? Себебі қазіргі жүйе бойынша бірнеше баспадан ұсынылған оқулықтардың ішінен қай кітап бойынша білім беру қажеттігін әр мектеп ұжымы өзі шешеді. Тіпті, кейбір пәндер бойынша баламалы оқулықтар саны бесеуге (!) жетеді. Сондықтан кейбір оқушылар «Алматыкітап» оқулықтарын тұтынса, ал басқасы «Мектеп» баспасының өнімін пайдаланса, ол – мұғалімнің таңдауы деп біліңіз. Тек Жамбыл облысы білім беру департаменті ортақ оқулық қажеттігін түсініп, әр пән бойынша бір ғана оқулыққа тапсырыс беретін көрінеді.
Таңдау еркі болғаны дұрыс, әрине. Тіпті баршаға ортақ бір оқулық бекітілгеннің өзінде, оған балама ретінде қосымша оқу құралдары болуы керек деген пікірдің де жаны бар. Бірақ он жылдан бері түрлі оқулықтармен білім беру тәжірибесінің астарында кітап басу бизнесінің мүддесі тұр ма деген қауіп бар.
Мұндай қауіпті Парламент Мәжілісінің депутаттары ашық айтады. Олар осы дүйсенбіде оқулықтарға орай есеп беруге келген білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке осы мазмұндағы ыңғайсыз сұрақтарды қарша боратты. Бұл жолғы Үкімет сағатында мектеп оқушыларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған болатын. Өзіне дейінгі білім министрлерінің де осал тұсы болған оқулық мәселесі Сәрінжіповті сүріндірсін бе, ол беріспей жауап берген болды.
Мысалы, бір рет бекітілген оқулықты жыл сайын қайта жазып, өңдеудің қажеті қанша? Бұл жерде әңгіме тарих немесе география пәндері емес, математика, алгебра, геометрия, химия, физика пәндерінің оқулықтарына қатысты.
Немесе кәсіби авторлық топтың қолынан шыққан, әбден өңделіп, бар қатесі тексерілген оқулық мәтінінен жыл сайын қате шығатыны неден? Әлде мұның бәрі жыл сайын оқулық жазып, оны басып шығару үшін мемлекет қаржысын игерудің амалы ма? Шынымен де, кітап шығару, оның ішінде оқулық шығару ісі әлдекімдер үшін табыс көзі ме?
Өкінішке қарай, депутаттар осы сұрақтарды әлденеше рет қойса да, Сәрінжіпов мырзадан жарытып жауап ала алмады. Өз жауабында заманауи терминдерді молынан пайдаланған министр алдын-ала жазып келген баяндама мазмұнынан асып еш мәлімет бере алмады.
Мәжілістің отырысын жүргізіп отырған Дариға Назарбаева да аянып қалмады. Оқулық шығаруға, олардың тасымалына жауапты Білім және ғылым министрлігі мен жергілікті әкімшіліктер, баспалар өкілдерін кезек-кезек мектеп оқушысындай тұрғызып қойып жауап алды. «Ал, осы сұраққа кім жауап береді? Кім батыр?» деп түйрегенде, төрайымның өзі де мектеп мұғалимасынан айнымай қалғандай. Ақыры, көп түйткілдің басын қайырса да, көңіл көншітерлік жауап ала алмаған Дариға Назарбаева атқарушы билік өкілдерін «балабақша» деп те, тіпті «балабақшаның жөргек тобы іспеттес» деп мінеп өтті. Бірақ бұл мысқылға қыңған біреу болсайшы…
Министр оқулықтарды әзірлеу, басып шығару және оларды жеткізу ісін зерттеу үшін жақында ғана жұмыс тобын құрғанын хабарлап, тақырыпты жабуға тырысқанымен, сөзі сенімсіздеу естілді.
Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Иксанова: «Оқушылар кезекті оқу жылын аяқтағанда келесі жылы қандай оқулықтармен білім алатынын білмейді»,– деп ашық айтты. Қажетті кітаптар тізімі тек оқу жылы басталғанда бір-ақ беріледі. Ақыры, ата-аналар оқулық іздеп сандалып, ұзын-сонар кезекте уақыт өлтіруге мәжбүр.
Оқулықтардың жетіспеушілігі де бөлек талқылауды қажет ететін тақырып. Қажетті оқулықтар дер кезінде басып шығарылмайды, оқу жылы басталғанда мектептерге жеткізілмейді, соның салдарынан мектеп өрендерінің кей кітаптың ксерокс-көшірмесін жасатып жүргені де шындық. Қынжылтатыны – бұл сценарий жылдан жылға өзгеріссіз қайталанып отырады.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында оқулық жетіспейді. Бұл өңірлерде ата-аналар балаларын өз қаражатымен қамтамасыз етуге мәжбүр. Олардың үлесі республика бойынша 3,6 пайыз.
Оқулықтардың жетіспейтін себебі, оны тасымалдау жүйесінің ақсауына да қатысты. Мысалы, әр облыста бұл іске деген талап әр түрлі. Павлодар облысында баспа оқулықтарды тек облыс орталығына дейін жеткізіп берсе, Оңтүстік Қазақстанда мектептерге дейін апарып береді. Алматыда барлық оқулықтарды мектеп кітапханасына дейін тасып беруге міндеттелген. Кей облыстарда оқулықтарды жеткізіп беру көлденең көк аттыға сеніп тапсырылған кезі де болған. Мысалы, Қостанай облысында екі бірдей ауданда жеке кәсіпкер оқулық тасымалына қатысты тендерді жеңіп алса да, іс жүзінде баспадан шығарылған оқулықтарды жеткізуге қауқарсыз болып шыққан. Ақыры, су жаңа оқулықтар сол күйі мектептерге жеткізілмей қалған.
Шындығында, оқулықтарға қатысты түйткілдерге жауапты тұлғаны табу оңай емес. Өзіңіз байқап көріңіз, қазіргі кезде республикада оқулық шығару жүйесінің құрылымы мынандай: Білім және ғылым министрлігі оқулықтарды дайындауға қатысты әдістеме әзірлеп, қажетті оқулықтар тізімін бекітеді; баспалар оқулықтарды дайындап, басып шығарады; ал оқушыларға қажетті оқулықтар санын анықтау, дайын оқулықтарды білім ордаларына дер кезінде таратып, жеткізіп беру – жергілікті әкімшіліктердің мойнында. Оқулық шығаратын баспалармен және оны тасымалдаушы мекемемен келісім-шарт жасасуға да жергілікті атқарушы органдар жауапты. Бірақ оқулық шығару ісін идеядан бастап оқушы қолына тигенге дейін барлық жауапкершілікті өз мойнына алатын ортақ үйлестіруші, бақылаушы жоқ. Сондықтан да оқулық ісіндегі олқылықтар туралы сөз болғанда, министрлік – баспаларға, әкімшіліктер – министрлікке, баспалар – мемлекеттік органдарға, бәрі бір-біріне сілтеп, бірін-бірі кінәлап жатқаны.
Шындығында, басын алып қашуға тырысқанымен, Білім және ғылым министрлігі оқулық тізімін жасаудан бастап, оны мектептерге жеткізіп бергенге дейінгі істің жауапкершілігін бастан-аяқ өз мойнына алуы тиіс. Бұл мәселені Парламент Мәжілісі келесі көктемде қайта қарайтын болды. Дариға Назарбаева Аслан Сәрінжіповке «сол уақытқа дейін осы айтылғандардан сабақ алып, нәтиже шығарып, жүйені реттеуін» қадап тапсырды. Министрлік оқулық дауында ерте көктемге дейін уақытша мұрсат алды деген сөз…
Гүлбиғаш Омар
Астана