ЕУРООДАҚ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҢЫЗДЫ СЕРІКТЕСІ

ЕУРООДАҚ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҢЫЗДЫ СЕРІКТЕСІ

ЕУРООДАҚ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҢЫЗДЫ СЕРІКТЕСІ
ашық дереккөзі
350

ҚР Президенті Н.Назарбаев Брюссельге жасаған сапарында еліміздің еуропалық бағыттағы даму басымдықтарын айқындап қайтты. Бүгінде Еуропалық Одақ Қазақстанның аса маңызды саяси және экономикалық серіктесіне айналған. Тікелей инвестиция салу, сауда айналымы, қазақтардың мұнайын тұтыну бойынша да бірінші орынды иеленетін – Еуропалық Одақ.ДСҰ-ға өту
шарттары бекітілді

Көпвекторлы саясатты ұстанатын Қазақстан сыртқы саясатта еуропалық бағытқа басымдық береді. Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездескенде екіжақты қарым-қатынасты, ынтымақтастық пен серіктестікті нығайтудың жолдарын қарастырды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақтың кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісімінің жобасы бойынша келіссөздер мен Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақтың Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелікке өтуі шеңберіндегі екіжақты келіссөздердің аяқталғанын білдіретін құжатқа қол қойылды. Бұл туралы «Жаңа келісім дайындау мәселесін біз алғаш 2006 жылы қозғадық. Соңғы 3-4 жылда бұл бағытта келіссөздер белсенді жүргізілді және атқарылған жұмыстардың арқасында табысты аяқталды. Қазақстан – Еуропалық одақпен екінші буын келісіміне қол қоятын Орталық Азиядағы бірден бір мемлекет. Бұл біздің Еуропалық одақпен диалогтың жаңа сапалы деңгейге шыққанын айғақтайды және серіктестігіміздің стратегиялық сипаты мен кемелденгенін көрсетеді», – деп мәлімдеген Президент Еуроодақ елдерімен түрлі салада байланыс күшейтіле түсетінін жеткізді. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастар орнатылғалы бері жиырма жыл өткенін, осы уақыт ішінде екіжақты тиімді қатынастар жүйелі түрде үздіксіз дамып отырғанын айтқан Елбасы: «Қазақстанның сыртқы саудасының 50 пайызы мен елімізге келген және экономикамызды көтерген тікелей шетелдік инвестициялардың 50 пайыздан астамы Еуропалық Одақ елдерінің үлесіне тиеді. Қазақстан өз кезегінде біріккен Еуропаның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды», – деді. Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлес қосуды көздейтін саяси диалогтар, сондай-ақ білім, денсаулық, мәдениет, инновациялар енгізу мәселелері, құқықтық сала, оның ішінде, лаңкестік әрекеттерге қарсы тұру, ұйымдасқан және трансұлттық қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге тараптар аса мүдделі.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңартылған Сауда тарауы жаңа Келісімнің негізгі аспектілерінің бірі болып саналатынын жеткізді: «Ол Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі аясында қабылдайтын, сондай-ақ Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарт аясында қабылданған міндеттемелерін ескерген. Тараптар арасында виза режимін жеңілдету туралы келісімді Реадмиссия туралы келісіммен бір мезгілде әзірлеу мүмкіндігі туралы уағдаластық Қазақстан мен ЕО қарым-қатынасындағы нағыз серпілістің бірі болғанын айрықша атап өткім келеді».

Ынтымақтастықты нығайта түседі

Бүгінде Еуропалық Одақ Қазақстанның аса маңызды саяси және экономикалық серіктестерінің біріне айналған. Сауда және инвестициялық серіктестікте Еуропалық Одақ тіпті, Ресей мен Қытайдың алдында тұр. Мәселен, елімізге тартылған тікелей инвестициялардың 49 пайызы Еуроодаққа мүше елдерге тиесілі. 1991-2014 жылдар аралығындағы ЕО тарапынан Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция көлемі 92,7 млрд. долларға тең. Баррозумен кездесу барысында Елбасы қол қойылған құжаттар Қазақстан мен ЕО арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейте түсетініне сенім білдірді: «Жаңа Келісім – қазақстандық және еуропалық кәсіпкерлердің табысты қызметі үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ететін практикалық құрал. Сонымен қатар ол азаматтарымыздың арасындағы байланыстарды нығайтатын болады. Қазақстан 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясын қабылдап, озық 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойды. Еуропалық одақтың орасан әлеуеті мен бірегей тәжірибесін ескере отырып, біз еліміздің алдында тұрған амбициялы міндеттерді жүзеге асыруда оның қолдауына үміт артамыз». Сонымен қатар Жозе Мануэль Баррозу да екіжақты экономикалық байланыстар да күшейе түсетінін айтты: «Қазақстан қазіргі кезде Еуропалық одаққа сауда-экономика саласында ғана емес, өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту саласында да маңызды серіктес болып саналады және біздің ынтымақтастығымыз кеңейіп келеді. ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа Келісім барынша берік саяси, экономикалық және стратегиялық өзара іс-қимылға едәуір септігін тигізеді, сондай-ақ тауар айналымы мен тараптар арасындағы инвестицияларды қамтитын болады».
Ресми кездесулерде Украинадағы ахуал да назардан тыс қалмады. Жозе Мануэль Баррозу Н.Назарбаевтың Украинадағы ахуалды реттеудегі рөліне тоқталып, ризашылығын білдірсе, Елбасы бұл мәселеге орай: «Бізді Украинада болып жатқан оқиғалар алаңдатады. Біз осы елдегі жағдайды тұрақтандыруға атсалысуға дайынбыз, бұл қақтығысушы тараптардың да, жалпы әлемдік экономиканың да дамуына кедергі болып отырған санкцияларды біртіндеп алып тастауға негіз қалар еді», – деді.
Аймақтық қауіпсіздік мәселесіне қатысты Назарбаев пен Баррозу Ауғанстандағы халықаралық коалиция, Орталық Азиядағы су ресурстарын тиімді пайдаланудың жолдары, энегетикалық мәселелер т.б. қарастырды. Көмірсутегілер тасымалы мен оны әлемдік нарыққа жеткізуде де Еуропалық Одаққа мүше елдер сенімді серіктестер қатарында. Бүгінде Қазақстан энергетикалық қорларды халықаралық нарыққа жеткізу бойынша үшінші орында тұр (ОРЕС-ке мүше емес елдер арасында Ресей мен Норвегиядан кейін). Отандық мұнайды тұтынушы мемлекеттердің ең белсендісі – Австрия, Румыния, Германия т.б.

Серіктес жаңалықтары