БАС СҰҒАР БАСПАНАСЫ ЖОҚ

БАС СҰҒАР БАСПАНАСЫ ЖОҚ

БАС СҰҒАР БАСПАНАСЫ ЖОҚ
ашық дереккөзі
225

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан театр қайраткерлері одағының кезекті ІХ съезі өтті. Құрылтайға еліміздің барлық өңірінен сайланған 152 делегаттың 135-і қатысты. Жиында қазақ театр өнерінің соңғы бес жылда бағындырған биігі мен қапы қалған тұсы таразыланды, қордаланған мәселелер талқыланды. Түйткілді шешуге тізе қосып ақылдасып, даурықпадан гөрі салмақты талқыға көбірек орын берген, кішісі үлкенін сыйлап, жасамысы жастың сөзіне құлақ асқан жиыннан одақ мүшелерінің ауызбіршілігін көрдік, ымырагершілігіне «әп, бәрекелді!» дестік.

Бақилық болған театр тарландарын еске алумен басталған құрылтайды одақ төра­ғасы Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің есепті баяндамасымен ашты. «Қазақстан өзінің театр өнерін дамытуда тәуелсіздік алғаннан кейінгі 20 жылға жуық аралықта біраз шаруалар тындырды. Елбасымыздың тікелей қатысуымен кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа 10 театр ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады. Бұл салада жасалып жатқан іргелі істерге, елеулі жетістіктерімізге көңіл марқая отырып, мәдениетіміз бен өнерімізде, соның ішінде рухани өміріміздің ажырамас серігіне, қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің айнасына айнал­ған театр өнерін өркендетуде әлі де болса қиюы келмей жатқан тұстарды терең ашып қарайтын кез келген секілді», – деп төраға өнер саласында шешімін күткен күрделі мәселелерді жіктеп-жіліктеп берді. 

Әуелі театр өнерін дамытудың басты жолы – театрларды басқару тетігін оңтайландыру мәселесі талқыланды. Қазір елімізде мемлекет есебінен қаржыландырылатын 52 театр болса, соның 9-ы ғана Мәдениет және спорт министрлігінің құзырында. Қалған театрлар облыстық, аудандық әкімшіліктерге қарайды. «Бұлай бөліну республиканың біртұтас театр­лық картасын қалыптастыруға кесірін тигізуде, мәдени-рухани өміріміздің кеңістігін бөлек-бөлек етіп, ортақ біртұтастықтан ажыратып отыр», – деп қынжылады Т.Жаманқұлов. Театрлардың тізгінін ұстап отырған құзырлы мекемелерде бәрінде дерлік театр өнерімен арнайы айналысатын, шығармашылық құпияларын түсіне алатын кәсіби мамандардың жоқтығы да айтылды. Өнер қайраткерлері мәдениет басқармаларының жұмысындағы жылдар алмасса да өзгермейтін бірсарынды таптаурындылықтан, жаңалық атаулыға жоламайтын ескі сүрлеуден әбден мезі болыпты. 

Одақ мүшелерінің министрлікте отырған маман­дарға өкпесі қара қазандай екен. Театрлардың репертуарды қалай таңдағаны, жаңа спектакльдердің көркемдік сапасы, көрермен қауымның пікірі министрлік тарапынан талдап-таразыланбайтыны сөз болды. Төраға министрліктің және жергілікті әкімшіліктердің театрдағы маңызды мәселелерді назарда ұстаудың орнына ұсақ-түйекті санап кететінін сынға алды: «Шығармашылық ұйымның материалдық деңгейін көтерудің және бір жолы театр ғимаратын жалға беру арқылы тапқан табыс пен көрермендерге көрсетілген қызметтен түсетін қаржыны сол ұжымның жан-жақты дамуына жұмсауға құзырлы мекемелердің жөнді-жөнсіз тексерістер мен үркітулерден босатып, ине мен түйме сатып аларда коррупциялық тұзаққа түсердей үрейден арылтып, азғантай табысын емін-еркін жұмсауға мүмкіндік берсе, бұл да театрлар үшін әжептәуір қаржылай қолғабыс болар еді». Съезд делегаттарының датын тыңдаған министрліктен келген өкіл Гүлнафис Мырзашева көтерілген мәселенің бәрі Мәдениет және спорт министрлігінің күн тәртібінде тұрғанын айтты. Осы салада шешімін тапқан мәселелерді де атап өтті. «ҚР Мәдениет туралы» Заңында әр театр өз репертуарын өзі таңдауға құқылы деп көрсетілген. Осы құқықты желеу етіп, кейбір театрлар санда бар, санатта жоқ қойылымдар қойғанына бәріміз куәміз. Жуырда Мәдениет және спорт министрлігі жанынан театрлардың репертуарлық саясатын қадағалап отыратын арнайы басқарма құрылмақ. Ол басқарма әрбір театрдың репертуарын жіті зерттеп, ұсыныстар мен өзгерістер енгізіп отырады. Театрлардың гастрольдік сапарларын ұйымдастырумен де айналысады. Жергілікті әкімшіліктер гастрольдік сапарға қаржы бөлмегендіктен, театрлар өз қаражатымен баруға мәжбүр. Сондықтан өз облыстарының аумағынан әрі аса алмай отыр», – дейді Г.Мырзашева 

Жиында талқыланған қоламталы мәселенің бірі – театрлардың мамандармен қамтамасыз етілуі және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы. Алматы мен Астана қалаларындағы және әкімі оң көзқарас танытқан облыстардағы 16 театрдан өзгесінде маман тапшылығы айқын сезіледі екен. «Республикамыздағы ең ежелгі өнер шаңырақтары – Семей, Атырау, Жетісай, Өскемен, Ақтөбе, Арқалық, Түркістан, Шымкент театрлары бірсарындылық пен ескі сүрлеу­ден шыға алмай, сөніп барады. Көптеген театрлар ең қажетті маман – режиссерсіз жұмыс істеуде. Түркістан, Сайрам, Жетісай, Арқалық театрларының тек театр деген аты ғана бар болғанымен, шығармашылық бетімен кеткен», – дейді төраға. Театрларға қажет мамандарды дайындайтын республикадағы екі арнайы жоғары оқу орнының – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы мен Астана қаласындағы Ұлттық өнер университетінің мамандар дайындаудағы жұмысына жаңаша бағыт-бағдар беру қажеттігі де айтылды. Жоғары оқу орындарына талапкерлерді қабылдау барысында облыстардың, ондағы театрлардың сұранысы ескерілмей келеді. Бәлкім, жас мамандарды бір ізділікпен мақсатты түрде дайындап, облыстарға, қажет еткен ұжымдарға жіберудің кеңестік кезеңдегі тәжірибесін қайтадан жолға қою керек шығар. Шығармашылық оқу орындарын Мәдениет және спорт министрлігінің құзырына беру қажеттілігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Естеріңізде болса, Т.Жаманқұлов мұндай ұсынысты ақпан айында өткен Үкімет отырысында айтқан болатын. Расында да, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін даярлайтын білім ұйымдары ІІМ-не есеп беретіні секілді өнер саласының мамандарын дайын­дайтын оқу орындары Мәдениет және спорт министрлігінің қол астына берілсе, тапсырыс пен сұраныс арасындағы байланыс бірізділікке түсіп, «Жоғары оқу орны – өндіріс» принципі жолға қойылар ма еді. 

Бүгінде театр әртістерінің той-томалақ жағалап жүргені жасырын емес. Өйткені әлеумет­тік қорғалуы көңіл көншітпейді. Бір жүйедегі екі театр актерлерінің жалақысындағы айырмашылық жер мен көктей. Мәселен, академиялық театрларда актердің ең жоғары айлығы 89000-92000 теңге болса, төменгісі 37000-45000 теңге аралығында. Ал облыстық театр актерінің ең жоғары жалақысы 33977 теңге, төменгісі 24095 теңге екен. Актерлердің өз ісіне салғырт қарай бастауына, көпшілік тарапынан өнерге деген құрметтің кемуіне кінәліні іздеп шарқ ұрудың қажеті жоқ сияқты. Еңбек есепке бағынып, сапа сандарға иек артады. Бұл – нарық заманының талабы. Қойылымды театр өндіретін өнім десек, оның сапасы мен өнер нарығындағы сұранысы құйылған капиталға тікелей тәуелді. Егер әлеуметтік ынталандыру жолға қойылса, театр әртістерінің жауапкершілігі мен кәсібилігінің артуына себеп болары сөзсіз. 

Театрларды басқару жүйесін оңтайландыру жайы талқыға түскенде, одақ төрағасы театр­лардың тізгінін режиссердің қолына беруге қарсылық білдірді. «Театр сынды шығармашыл, эмоциялы әрі нәзік мекемені басқару – өресі биік, ұрдажық амбициядан ада тұлғаға ғана жарасады. Режиссер болса, тек суреткер ретінде ғана бағаланып, реті келсе оған жалпы басшы­лықтың тізгінін бермеген абзал. Ол тек өзі режиссерлік ететін қойылымның ғана «бастығы» болған жөн», – дейді ол. Алайда жарыссөзге шыққан Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Жанат Хаджиев төрағаның бұл пікіріне түбегейлі қарсылық білдірді. «Режиссер – театрдың жаны, жүрегі. Режиссер болмаса, театр да болмайды. Кешегі Станиславский, Вахтангов, Охлопков, Завацкийлер бас болған театрлардың атағы аспандап тұрды емес пе?», – дейді ол. Президиум мүшесі, Республикалық ұйғыр театрының режиссері Я.Шамиевтің пікірі де әріптесімен үндес. Оның: «Қазақстанда режиссер жоқ, режиссура дамымаған деп қашанғы даурыға береміз? Жоқ дей берсек, болмайды да», – деген сөзі Елбасымыздың Ұлытау төріндегі сұхбатында еліміздегі тілдің ахуалына қатысты айтқан сөзін еріксіз есімізге түсірді. Шынымен барды бағамдай алмай жүрген жоқпыз ба? 

Театр қайраткерлері одағы – өнер саласында жылт еткен жаңалықты, батыл ойларды қолдап, қазақ театр өнерін дамытуға сүбелі үлес қосып жүр­ген қоғамдық ұйым. Мүшелерінің саны 2100-ге жеткен одақ алыс-жақын шетелдегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан. Алайда театр қайраткерлерінің бас қосатын, оқу-жаттығу, шеберлік сыныптарын өткізетін, шетелден мамандар шақырып, тәжірибе алмасатын бір орынның болмауы ұйым жұмысына тұсау болып отыр. Кезінде Қазақстан Театр қайраткерлері одағының баспанасы бол­ған Алматы қаласы Желтоқсан көшесіндегі қос қабатты шағын ғимарат тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары Израиль елшілігіне берілген. Кейін елшілік Астанаға көшірілсе де, Сыртқы істер министрлігі елеусіз қалған сол үйді белгісіз біреулерге жалға беріп отыр екен. Мынау одақтың кеңсесі деп бас сұғатын бір ғимараттың болуына театр қайраткерлері түгел мүдделі. Жағдайға әбден қаныққан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері комитеті Кинематография және театр өнері басқармасының бас сарапшысы Г.Мырзашева ақжолтай жаңалықпен бөлісті. «Одақтың баспанасыз жүргені министрлікке мәлім. Бұл ұйымның еліміздің мәдени өміріндегі айрықша маңызын білгендіктен мәселенің тезірек шешілуіне біз де мүдделіміз. Шығармашылық одақтардың көпшілігі Алматы қаласында орналасқан, олардың бәрін бір орталыққа біріктіріп, еңселі ғимарат салып беру мәселесі Үкіметте көтерілді. Жақсы жаңалық күтіңіздер!» – деп сендірді. 

Съезд соңында төраға сайлауы өтті. Осы­­дан бес жыл бұрын, яғни 2009 жылы Теа­тр қай­раткерлері одағының төрағалығына сай­лан­ған Тұңғышбай Жаманқұловтың кандидатурасын съезд делегаттары бірауыздан мақұлдап, қайта сайлады. 

Қазіргі таңда республикада 52 мемлекеттік, 10-ға жуық шоу стиліндегі театр жұмыс істейді. Егер нақты мәліметтерге жүгінер болсақ, күн сайын 60 театр халық алдына шығып өнер көрсе­теді, әр кеш сайын 300 адам театрға келе­ді.12 айдың 60 күнін алып тастасақ, бір ғана театр ұжымы жылына 90 мың адамға рухани азық сыйлайды екен. Демек, 60 театр жылына 5 миллион 400 мың көрермен жинайды деген сөз. Бұл – барлық қазақстандықтың үштен біріне тең келеді. Қарапайым ғана арифметика театрдың қазақ руханиятындағы маңызын ұғындырып тұр емес пе? Өнерге қамқорлықты, өнерліге қолдауды әлсіретпеу керек. Әйтпесе, «Бұлбұлы қадірленбеген елдің қарғасы қарқылдайды» деген халық тәмсілі ақиқатқа айналып бара жатқандай. 

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары