БІЗ ӨГЕЙЛІК КӨРІП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ

БІЗ ӨГЕЙЛІК КӨРІП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ

БІЗ ӨГЕЙЛІК КӨРІП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ
ашық дереккөзі
121

– Тағдырдың жазуымен жұмыр жердің әр бұрышына тарыдай ша­шы­рап кеткен қазақ халқының бір бө­лігі сонау Алтай аймағының Қобда бетін мекен етіп қалды. Мекені бөлек де­генмен, жүрегі «Алаш даласы» деп соғып тұратын Қобда қазақтарының бүгінгі жай-күйі қалай? Әңгімемізді осыдан бастайықшы… 
– Рас айтасың, қазақ халқының табаны тимеген әлемде жер жоқ шығар, сірә. Бүгінде қазағымыз әлемнің 44 елінде өмір сүріп жатыр. Соның бір шоғыры Моңғолияда қалып қойды. Ұзын саны 160 мыңдай қазақ өмір сүруде. Оның 100 мыңға жуығы Баян-Өлгейде тұрады. Бұл жергілікті халықтың 92 пайызын құрайды. Қалған 60 мыңға жуығы Моңғолияның ішкі өлкелерінде шоғырланып отыр. Бір ғана ел астанасы – Ұланбатырдың өзінде 20 мыңдай қазақ тұрады. Қобда өңірінде тағы 10 мыңнан аса ағайын бар. Сонымен қатар Моңғолияның Дархан, Эрдэнэт, Хэнтий, Налайх сияқты өндірістік аймақтарында да біраз қазақ мекен етуде. Бұдан өзге үлкенді-кішілі аудан, ауылдарға да бытырай қоныс тепкен қазақтар бар. Олардың өз мәдени ошақтары, қазақ мектептері, театры және таза қазақ тіліндегі ақпарат құралдары бар. Тағы бір айта кетерлігі, Моңғолия қазақтары алыс-жақын шет мемлекеттердегі қазақ диаспораларының ішінде өз тілін, дінін сол күйінде сақтап келе жатқан аз ғана топтың бірі деуге болады. Ат төбеліндей аз да емеспіз, көп те емеспіз. Қазақстанның амандығын тілеумен тірлік етіп жатырмыз. 
– Соңғы кездері Моңғолия қазақ­та­­­ры­ның ана тілінде білім алуына әртүрлі шектеулер қойылып жатыр деген пікірлер айтылып жүр. Бұл қан­шалықты рас?
– Жоқ, бұл жаңсақ пікір. Білім алуына ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, Баян-Өлгейдегі 42 мектептің 32-сі қазақша. Қазақ мектептердің барлығында сабақ қазақ тілінде жүреді. Моңғол тілі 3-4 сыныптан кейін ғана оқытылады. Біз соңғы өткен 21 жыл ішінде 3000 астам қазақ жастарын шетелдерге оқуға жіберіппіз. Алдағы уақытта бұл санды екі-үш есе арттырамыз деп отырмыз. Біздің аймақта тіл мәселесі деген болмайды. Өз тілімізде оқып, жазуға толықтай мүмкіндік алғанбыз. Тек ішкі өлкелерде өмір сүретін қазақтарға қиын тиіп отырғаны болмаса.
Тағы бір айта кетерлігі, Моңғолия үкіметі қазақтарға ұлт ретінде емес, моңғол азаматы ретінде қарайды. Қазақ халқы ол жақтан өгейлік көріп жүрген жоқ. Керісінше, қонақжай моңғол халқының ыстық ықыласын көріп келеді. Өз аймағын қазақтар өздері басқарады. Бәрі әділ сайлаумен ғана шешіледі. Оның үстіне, Моңғол мемлекетінің негізін екі ұлт қана құрайды: моңғол мен қазақ. Ата заңында солай жазылған. Әрине, өзге ұлттар да жоқ емес, баршылық. Бірақ тұрақты екі ұлты бар мемлекет деп есептеледі. Дінімізге де шектеу қойылмаған. Балаларымыз ешқандай кедергісіз Түркия және араб елдеріне барып оқып келіп жүр.
Моңғол елі билік төрінде 1921 жылдан бастап қазақтарға тұрақты түрде орын беріп келеді. Мысалы, Парламентке үш қазақ азаматы депутат болып өтеді. Қазіргі уақытта Моңғолияның Ұлы Хуралында (Парламент) тұрақты жеті комитет бар. Сол тұрақты жеті комитеттің бірі – Заң және әділеттілік жөніндегі комитет. Кезінде сол комитеттің төрағасы қазақ болды. Екі бірдей қазақ қызы вице-министр болды. Бірі – білім және мәдениет вице-министрі болса, екіншісі, ауылшаруашылық вице-министрі. Шешуші лауазымды қызметтерде болған қазақтар өте көп. Министр болған қазақтар да болды. Мұның жарқын дәлелі Ержан Қабышайұлы деген ағамыз тең дәрежеде Жол қатынастары министрі болып отыр. Парламент спикерінің орынбасары болған қазақтар да бар.
Осы елде жүріп, 150-ге жуық қазақ ғылым докторы атаныпты. Тағы екі қазақ премьер-министрдің орынбасарына дейін көтерілген. Еңбек Ері деген құрметке ие болғандардың саны 50-ге жуық. Бес қазақ азаматы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанса, бүгінде екі Халық жазушысы, бес Халық әртісі атағын алған өнер майталмандары бар екен. Осы үрдіс әлі де жалғасып келеді.
Заңдық тұрғыдан да ешқандай шектеу жоқ. Ел болғаннан кейін, партиялар арасында бәсеке болғаннан кейін әр-түрлі сыбыстар тарап жататыны анық дүние. Өлгейді моңғолданырып жатыр деген сөздерді өзіміз де естіп жүрміз. Қорқудың, алаңдаудың реті жоқ. Тіліміздің еркіндігіне Моңғолияның негізгі заңы бойынша кепілдік берілген.
Тек қауіпсіздік саласында ғана іріктеу болады. Жоғары жақтан тікелей тағайындалатын тұлғалар моңғол ұлтынан. Осыны әсірелеп, Бай-өлкені моңғолдандырып жатыр деу қате. Саяси құралға айналдыруға болмайды.
– Бұқаралық ақпарат құралда­ры­ның еркіндігі қандай деңгейде?
– БАҚ тәуелсіз деуге болады. Кезінде қаржылық қиындықтарға байланысты жабылып қалған газет-журналдар қайта ашылуда. Моңғолияда жергілікті баспасөзге бюджеттен ақша бөлуді тоқтатқан. Өйткені бұл БАҚ-тың еркіндігін шектейтін дүние деп есептеледі. Соған қарамастан әкімдік тарапынан ақша бөліп, 2013 жылдың басынан бастап «Шұғыла» журналын, «Жаңа дәуір» газетін оқырманмен қайта қауыштырдық. Тіпті, тиражын да молайттық. «Моңғол-Заман», «Бай Өлке үні» деген газеттер шығып жатыр. Олардың қатарына тыңнан «Білім» деген газетті қостық.
Қазір Баян-Өлгейде қазақ тілінде ақпарат тарататын «Дербес», «Наз», республикалық MN 2 телеарнаның аймақтағы филиалы сияқты 3 телеарна бар. Республикалық MN 2 телеарнасы аптасына үш күн, екі сағаттан қазақша бағдарлама таратады. Оның сыртында Қазақстанның барлық телеарнасын еш кедергісіз көріп отырмыз.
Сонымен қатар дәстүріміз де өз деңгейінде дамып отыр. Мәселен, наурыз тойымыз күллі моңғол халқы болып тойлайтын ұлттық мерекелердің біріне айналды. Ұланбатырдағы Шыңғыс хан алаңында киіз үй тігіліп, Елбасының өзі келіп наурыз көже ішіп кетеді. Сол жерде мерекелік шеру өткізіп, концерт қоямыз. Әнімізді айтып, «Қара жорғамызды» билейміз. Биылғы Наурыз елдегі қазақтардың ғана емес, күллі түркі халықтарының, Азия халықтарының мерекесі ретінде аталып өтілді. Оған Президент Цахиагийн Элбэгдорж қатысып, бүкіл қазақ халқына құттықтау айтты.Бұрын бір күн тойлайтын едік, қазір 3 күн күн тойлайтын болдық. Моңғол-қазағы бәрі аралас ұлттық киім киіп шығады.
Өткен жылы Наурыз мерекесі қарсаңында Өлгейімізде жылдың төрт мезгілін, ұлттық ерекшелігін көрсететін ұлттық шеру болып өтті. Онда ұлттық ойындарымыздың барлық түрі көрініс тапты. Оған Парламент спикерінің өзі келіп қатысты.
Ұлттық спортымыз да біраз белеске көтеріліп отыр. Қазақстанда өткен байрақты бәсекелердің ешқайсысынан қалмаймыз. Жүлделі оралып жатырмыз. Жігіттеріміз халықаралық деңгейде өткізілген аударыспақ, көкпар, бүркітшілер бәсекесінен де жеңісті оралды. Жазда халықаралық деңгейде тоғызқұмалақ жарысын өткіздік. Оған Қазақстан, Қырғыз, Қытай, Ресей, барлығы бес елден тоғыз команда келіп қатысты. Жақында бокстан халықаралық бәсеке өткізгелі отырмыз.
– Ата жұртқа сапарымыз бары­сын­да талай шаруаның басын қайырып тастағандарыңызды бай­қадық. Алтайдың бір бұрышында қазақы қалпын сақтап, айрандай ұйып отырған аз қазақтың мақтанып айтар­лықтай жетістіктері көп секілді ғой…
– Аймағымыз Моңғолияның батыс өлкесінде, орталықтан әжептәуір шалғайда орналасқан. Орталықтан алыс болған соң, әрине, қиындықтар болады. Әсіресе, жол мәселесі қиындық тудырады. Бірақ соған қарамастан біршама жұмыс атқарып жатырмыз. Жалпы айтар болсақ, елімізде оң өзгерістер көп. Билік тізгіні жаңарту демократиялық күштерінің қолына өткелі біраз өзгерістер болды. Жергілікті жерді дамыту қорлары ашылуда. Халық саны, бюджеттің орындалуы секілді көрсеткіштерге байланысты қаржы бөлініп келеді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты –халықты жұмыспен қамту, елдімекендерді дамыту. Жолдар жөнделіп, ауылдық жерлердің орталықтары көркейтіліп, көпшілікке арналған нысандар салынуда.
Сонымен қатар елімізде шағын және орта бизнеске ерекше қолдау көрсетілуде. Соңғы он жылдан бері осы мақсатта жеңілдетілген несие беріліп келген болатын. Биылдан бері болашағы баянды жобаларға несиесіз қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл құрылыс материалдарын өндіріу, азық-түлік өндірісін дамыту секілді салаларды қамтып отыр.
Өткен жылды Өлгей қаласы 12,7 пайыздық өсіммен шығарып салды. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Ал жалпы Моңғолияның жалпы ішкі өсімі 12 пайыз болды. Бүгінде аймағымызда тау-кен өндірісін дамыту қарқын алып отыр. Ногооннуурдың («Жасыл өзен») Дулаан хар кен орнын пайдалануға бердік. Сеңгіл ауылында Хобда қорыту, Сақсайда цемент зауыты салынып жатыр. Бұйырса жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп отырмыз. Сонымен қатар, көптен бері айтылып жүрген Асқынты күміс кен орнын игеру туралы Үкімет қаулысы шықты. Бұл кен ордасын игеру жұмыстары Ресей мен Моңғолияның бірлескен «МонРосцветмет» компаниясына жүктелді. Бұл тек Бай-өлке ғана емес Моңғолияның бүтіндей батыс өлкесін жұмыспан қамтитын өндіріс болғалы отыр.
Хобда өзені бойында 57 мегаваттық су электр стансасы салынбақ. Зерттеу жұмыстары жақында аяқталады. Түркия компаниясы іске кірісіп кетті. 2015-2018 жылдары аралығында салынып бітеді.
– Екі ел арасында жиі қатынап тұра­тын ағайын қазақ-моңғол ара­сындағы жол қатынасының қиын­дығын көп айтады. Қытай жері ар­қылы өтудің қиындықтары аз емес. Ал Ресей жері визасыз аяқ бастыр­майды…
– Басқа өңірлермен салыстырғанда Өлгейдің бір ерекшелігі – екі бірдей елмен шекараласып жатырмыз. Ресей және Қытаймен қоңсымыз. Қазақстанға да осы екі елдің шекарасы арқылы өтеміз. Оның өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Ең ауыры Ресей арқылы өту болатын. Виза мәселесі қинап келген. Жақында жақсы жаңалық болды. Ресеймен виза мәселесін реттеп алдық. Ресей президенті Владимир Путиннің елімізге сапары барысында екі ел арасында визасыз жүру мәселесі шешілді. Екі жақты келісім барысында 30 күндік мерзімге визасыз жүру туралы келісімге қол қойылды. Алла қаласа, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтарымыз визасыз жүре алады.
Қытай тарапына Қызылтау бекеті арқылы еш кедергісіз барып-келуге болатын. Аталмыш шекара жазғы уақытта 3 ай ашық тұратын. Келіссөздер нәтижесінде бұл мерзімді 4 айға жеткіздік. Бұл бекетті түбінде халықаралық жол арнасы қылмақ ойымыз бар.
Қазақстанмен арадағы ұшақ қатынасын қайта қалпына келтіру жұмыстары да өте жемісті болғанын білесіз. Бұрынғы Өлгий-Қазақстан бағытында қатынап тұрған «Скат» әуе компаниясының ұшағы қауіпсіздік талаптарына сай келмейді деген себеппен қатынас тоқтатылған болатын. Бүгінде ел азаматтары ата жұртына халықаралық автобус арқылы қатынап келеді. Бірақ бізге әуе қатынасы өте тиімді болғалы тұр. Осы мәселе бойынша бірнеше мәрте Астанада болдық, мамыр айында Қазақстан-Моңғолия екі ел Үкіметіаралық кеңесінің отырысында біраз шешімге қол жеткізген болатынбыз. Қазір Астана-Өскемен-Өлгий бағытымен алғашқы ұшақтар ұша бастады.
– Соңғы уақытта екі ел арасын­дағы көші-қон мәселесі біраз ушығып ба­рып басылды. Басында тым саяси­ла­нып кеткендей көрінген көлікті көштің беті бері қарап келеді. Қалың қазақ буынып-түйініп дайын отырған болар?
– Кезінде қазақ халқы жеке ел болып, Тәуелсіздік алып, Алаш баласының басын қосу туралы шешім қабылдағанда үлкендеріміз көзінің жасына ерік беріп жылаған еді. Атамекеніміз шақыртып жатыр деп мұндағы қазақтар аударыла көшкен. Ол кезде заман басқаша еді. Бәрі кең болатын. Дәл қазір түйткіл көп. Квота, тіркеу мәселесі қиындап кетті. Керек болса, көш тоқтаудың сәл алдында қалды. Соңғы кездері Қазақстанда саяси шешім қабылданды. Бірақ онда да нақты қандай шаралар атқарылатыны бектілген жоқ. Рас халық елеңдеп отыр. Туысқандары барлары, оқу жайымен барып ата жұртта қалып қойғандар өз туыстарын шақыртып алдырып жатыр. Дегенмен, дәл бұрынғыдай үдере көшкен ел жоқ. Бәлкім, бұған елдің экономикалық дамуы да әсер етіп отырған шығар.
– Көші-қонның іркілуіне не себеп болып отыр деп ойлайсыз?
– Басты себеп – құжат пен тіркеу мәселесі. Алыс-жақын шетелден көшіп келген қандастарымыз көп уақыт тіркеусіз жүріп қалуда. Жақында Қазақстанда 50 мыңнан астам оралман құжатсыз жүр деген дерек естідім. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Біразы осыған шыдамай қайтып келуде. Осы жерде бір мәселені айта кеткім келіп отыр. Өткен жылы 800-дей қандасымыз Моңғолияның азаматтығын қайта алғаны туралы мәселе туындаған еді. Өкінішке қарай, көбіміз істің ақ-қарасына бармай мәселені саясиландырып жібердік. Анығырақ айтқанда, 800 кісінің барлығы Қазақстаннан қайта көшіп келген жоқ. Ондайлар бар, әрине. Ұзын саны 200-ден аспайды. Оның өзінде денсаулық жағдайы, климаттың жақпауы себеп болған. Ал, көбі пысықайлардың құрбандары болғандар. Квотасын біреулер алып қойып, далада қалғандар. Қазақстанға көшерде Моңғолия жақтан азаматтықтан шығып қалған. Азаматтығынан шығып қалған соң барлық көмек те тоқтатылатыны белгілі. Сондай әлеуметтік көмектен қағылған адамдар біздің әкімшілікке арызданды. Тексеру барысында бұл азаматтардың моңғол азаматтығынан шығып қалғаны анықталды. Осы жайтты ел Президенті Цахиагийн Элбэгдоржге мәлімдедік. Сонымен Үкіметтен арнайы комиссия жіберіліп, бүкіл Моңғолия бойынша азаматтықтан шығып қалғандардың тізімін жасады. Қазақстанға бармағандары анықталған 892 қазаққа Президент қайтадан жарлық шығарып, азаматтық берді. Көбісі қайта азаматтық алды. Екі жүзден астамы жақында алады. Олардың арасында жұмыс бабы, денсаулығы, отбасылық жағдайына байланысты көшіп келгендер бар екені анықталып отыр. Қазір бұл мәселе Қазақстан елшілігі арқылы реттелуде.
– Көші-қон демекші, көптен бері Қазақстанның елшілігін ашу туралы мәселе көтеріліп жүрген еді. Шешімін тапты ма?
– Бай-өлке аймағына Қазақстанның консулдығын ашу мәселесі тым ұзаққа созылып кеткен еді. Жақында жақсы хабар алып отырмыз. 2017 жылдан бастап Бай-өлкеде елшілік жұмыс істей бастайды.
– Таяуда қазақтың екінші қонысы Бай-өлкеге Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж барып қайтты. Қазақты қалай бағалады. Өлкенің дамуына көңілі толды ма?
– Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж аймағымыздың дамуына жақсы баға берді. Қазақтың дархандығын көрді. Халықпен кездесті. Әсіресе, қазақ әйелдерінің ісмерлігіне қатты риза болыпты. Сапарында Бесбоғда тауына барып мінәжат етті. Сол жерде бір моңғол ауылында болды. Келесі күні қазақ ауылында қонақ болды. Осылайша президент мырза қазақ халқына, Бай-өлкеге деген көзқарасы өте жақсы екенін тағы бір мәрте танытты.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Бүркіт НҰРАСЫЛ

Серіктес жаңалықтары