«ҚАРАГӨЗ» ҚАЛАЙ «АЙ-ҚАРАГӨЗГЕ» АЙНАЛДЫ?

«ҚАРАГӨЗ» ҚАЛАЙ «АЙ-ҚАРАГӨЗГЕ» АЙНАЛДЫ?

«ҚАРАГӨЗ» ҚАЛАЙ  «АЙ-ҚАРАГӨЗГЕ» АЙНАЛДЫ?
ашық дереккөзі
858
Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театры «Ай-Қарагөзді» қойды. Мұхтар Әуезовтің тағдырлы «Қарагөзін» қою режиссер Талғат Теменовке оңай соқпаған болар. Спектакльдің лейтмотивіне айналған «Дариға-дәурен» неге екенін кім білсін, режиссердің есіне «Қарагөзді» салды. «Қарагөз» – тағдырлы пьеса. Қарагөздің трагедиясын айтпағанның өзінде пьеса сахнаға оңай шыға қойған жоқ. Мұхтар Әуезовтің пролетарлық әдебиеттен шошынған, ескі дәуірді аңсаған, оның құндылықтарын жаңа заманның парасат биігінен жоғары қоятын қаламгерге айналуының сыры да осында еді. Мұхтар Әуезов қуғындалып ғана қойған жоқ. «Қарагөз» трагедиясы да садақ қадалатын жамбыға айнал­ды. Сахнаға шығуынан алынып тасталуы тез болды. Кеңестік цензура «Қарагөздің» сахналануына жол берген жоқ. «Қарагөз» неге сахнадан түсіп қалды? Өйткені «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлең­кесінде», «Қарагөз», Бәйбіше-тоқал» сияқты классикалық шығар­ма­­лары арқылы Мұхтар Әуезов қоғам мен адам арасындағы тағдыр таласы туралы трагедиялық шешім арқылы, қоғамға тұспалдап ой айтты. Мұның бәрі қаламгерге не үшін қажет болды? Мұның бәрі ұлтты түзеу үшін қажетті дүниелер еді. Ғалым Тұрсын Жұртбайдың: «Әуезовтің бұл кездегі жан дүние­сінің толғағын аңғартқан да, кейін сан өкіндіріп-опындырған да, ашындырып-аялаған да – осы «Қарагөз». Әлеуметшіл сыншылар әр сөз бен әр ноқаттың арасынан жасырын сыр, емеурін іздеді. Олар үшін «Қарагөз» өткенді аңсаған зар, көшпелі әлемнің жоқтауы ғана еді. Сырымның Қарагөздің қабірі басындағы монологынан құранның уағызын естігендей болады» , – деп жазуы тегін емес. 
«Қарагөз» сахнаға шықты. Әр жылдары әртүрлі бағытта. Әрбір режиссердің өз шешімімен өз «Қарагөзін» қойғаны анық. Ал бұл жолғы «Ай-Қарагөзден» Талғат Теменовтің өзіне ғана тән қолтаңбасын танисыз. Осыншама шу шығармай, «Қарагөздің» бір әрпін өзгертпей-ақ қоюға болар еді. Бірақ онда режиссердің жеке қолтаңбасы көрінбес еді. Талғат Теменов: «Уақыт, заман, көзқарас өзгерді» дейтінінің де себебі осында. Мәселен, Шекспир қаншама ғасырдан бері қанша елде, қанша театрларда қойылды – әркез жаңа бір акценттер қойылып, жаңа бір трактовкамен ойналады. Классика дегеніміз осы. Моцартқа, Бахқа талай орындаушы баруы мүмкін, бірақ әрқайсысы өзінше ойнайды. Түпкі негіз қалады. Сол сияқты Әуезов жазған үштаған: Сырым, Қарагөз, Нарша және төртінші күш – Мөржан бейнесіндегі қоғам өзгерген жоқ», – дейді. Бұл режиссердің жеке пікірі.
Рас, заман басқа, уақыт мүлдем бөлек. Қарагөздің басындағы сол кезеңдегі дертті бүгінгі жастар түсіне бермеуі мүмкін. Тіпті, Қарагөздің трагедиясының неде жатқанын ұғына алмайтын жастар да бар. Олар үшін «Қарагөз» жаңалық болмауы да мүмкін еді. Бірақ махаббат мұңы мәңгілік емес пе? «Ай-Қарагөздің» де көздегені осы. Мәңгілік махаббат жырын жырлау.
«Әуезовте Сырымның бір сөзі бар: «Мен Қарагөзді үш күн, үш түн іздегенде өзім үшін таптым», – дейді. Бір-ақ ауыз сөз. Ал мен содан сахна жасадым. Ұйытқыған боранда қызды іздеген жұртшылық күдер үзгенде Сырымның жалғыз өзі қалып қойып, ақыры Қарагөзді табуы – махаббат жолындағы ерлік болатын. Сол тұста Қарагөздің аузына: «Мен сенің келеріңді білгем» деген сөз салдым. Спектакль содан басталады». Бұл – режиссердің шешімі. Расында да, спектакль дәл осы сөздермен басталады. Сахнаға «Қайдасың?» деп Қарагөзді іздеген Сырым шығады. Үш күн, үш түн іздеген жігіттер Қарагөзден күдерін үзе бастаған. Жалғыз Сырым ғана Қарагөздің табылатынына, оны табатынына сенеді. Ақтүтек боран. Табылған қыз. «Сырым, мен сенің келетініңді білгем». «Мен сені енді ешкімге де бермеймін». Қыз бен жігіттің арасындағы диалог. Мұндай диалогты пьесадан кездестірмеуіңіз мүмкін. Алайда режиссер осы сөздерден сахна жасады. 
Қос мұңлықтың жоғалып табылуынан кейінгі көрініс – тойдың қарбаласы. Күйеуді қарсы алуға асыққан жұрт. «Болғанынан боладысы қызық» тойдың қарбаласымен той иелерінің жандүниесінде қандай арпалыстар болып жатқанынан да бейхабар жұрт. Осы қуанышты көрініс арқылы Қарагөздің трагедиясы тіптен қалыңдай түседі. 
Қарагөз – Аида Жантілеуова, Нарша – Мұхитдин Шынтаев, Сырым – Дархан Сүлейменов. Оқиға осы үштағанның арасында өрбиді. Наршаның бойында ұсақтық жоқ. Өйткені ол бәрінен биік тұрған, сұңғыла жігіттің образын сомдайды. Актердің ерекшелігі де осында. Ол өз образының нәзік иірімдерін таба білуінде. Қарагөзді жоғалтып алса да, оның сатқындығын сезсе де, ұяттан аттап кеткен жоқ. Кейбіреулер Наршаның бұл қылығын әлсіздік санайтын да шығар. Бірақ бұл керісінше Нар­ша­ның күштілігін көрсетеді.
Теменовтің «Қарагөзіне» нәзіктік тән. Аида Жантілеуованың «Қарагөзін» ерекшелейтін де осы болса керек. Режиссер мейлінше басымдықты Нарша образына берген секілді. Бұрын жай ғана бұлғаңдаған байдың баласы, үстем тап өкілі ретінде көрсетіліп келген Нарша осы жолы тұлға ретінде зау биікке көтерілген. Сүйген жүрек сүйгені үшін жазықты емес. Кез келген адамның сүюге, махаббат жолында атой салуға құқы бар. Қойылымда Нарша өзінің бәсекелесінің алдына, Қарагөзі өзінен артық көрген Сырымының алдына өзі барды. Өз аяғымен барудан арланған жоқ. Мұндай қадамға бару екінің бірінің қолынан келмес еді. Спектакльде Нарша мен Қарагөздің көздерін байлап шығаратын көрініс бар. Бірін-бірі танымайды. Алдымен Нарша Қарагөздің байлауын шешеді. Соңынан Қарагөз оныкін шешеді. Үнсіз ұғынысқан екеу. Бір-бірінің сезімінен аттай алмайды. Наршаның «Сен қаламаған болсаң, не істей алам? Мен қайтейін, жерге кірейін бе?» деп ышқынуының да сыры осында. «Сіздің де есер де ессіз қара күштің иесі емес, осы адалдығыңыз бен ақ көңіліңіз қинайды-ау мені». Бұл – Қарагөздің жан сыры. 
Қарагөз неден жынданды? Ол таяқ жегеннен, біреу басынан ұрып, миы шайқалғаннан жынданған жоқ. Ол Сырымды сүйгеннен, өзі үшін Сырымның жапа шеккенінен жынданады. «Ақылды адам, таза адам, ғашық адамды қоғам, орта жындандырады». Режиссер осылай дейді. Нарша бейнесі қаншалықты биіктеп кетсе, керісінше Сырымның образы солғындау шыққандай әсер қалдырды бізге. Актер Дархан Сүлейменовтің алғашқы көріністерінен-ақ өз рөлінің тереңіне жете алмағанын байқайсыз. Теменовтің тағы бір ерекше тұлғасы – Мөржан. Гүлжамал Қазақбаеваның Мөржаны ерекше құбылыс. Бұл рөл – актрисаға үлкен табыс, сәттілік алып келді деуімізге негіз бар.
Спектакльде ерекше әсер еткен тағы бір көрініс бар. Ол көгілдір сағым арасынан шығатын кішкентай Қарагөз бен Сырым бейнесі. Әуезовтің пьесасында Мөржан бәйбішенің Сырым мен Қарагөзді «баяғыда әке-шешесі өліп, екеуі жетім қалғанда, бұлар бір-біріне пана болды» дейтін тұсы бар. Ал режиссер осының орнына кішкентай кейіпкерлерді енгізген. Қойылым соңында соқырлар кетіп барады. Брейгельдің соқырлары. «Бұлар кімдер?» «Соқырлар». «Сонда олар мүлдем көрмей ме?». «Иә, атам айтқан, бұл өмірде махаббатты, сұлулықты, жақсылықты көрмейтіндер – соқырлар деп»… Кішкентай кейіпкерлердің осы сөзімен қойылым аяқталады. 
«Мен бұл спектакльден үл­кен кино режиссері мен үлкен дра­ма­тургия кездескенін көрдім. Көрерменді осы уақытқа дейін жартылай шешімдер, жартылай сезімдер мазалай беретін. Ал сіздер толық, бас-аяғы жұмыр ғашықтық ақиқатқа жеткен екенсіздер!» Бұл – Мұрат Әуезовтің пікірі. Рас, Талғат Теменов театрға кино әдістерін әкелді. Бұл жаңашылдық емей немене?! Бұрынғы «Қарагөздерде» Сырым мен Қарагөздің махаббаты негізгі факті болатын, ал бұл жолы режиссер сол сезімнің астарына үңілуге тырысыпты. Әрбір «Қарагөзде» әртүрлі режиссерлік шешім бар. Қойылымдардың бәріне ортақ бірнәрсе бар – сипаты бір, трагедиясы бір. Бұл кешегі арулардың, яғни Шұғаның, Қамардың, Шолпанның ортақ махаббат трагедиясы дер едік. Қойылым осынысымен құнды, осынысымен қымбат.
Гүлзина Тұрғанбайқызы

Серіктес жаңалықтары