ЖАЗУШЫМЕН ЖҮЗДЕСУ

ЖАЗУШЫМЕН ЖҮЗДЕСУ

ЖАЗУШЫМЕН ЖҮЗДЕСУ
ашық дереккөзі
352
Қазанның бірі күні ҚР Ұлттық кітапханасында жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Жалын» бас­па­сының директоры Бексұлтан Нұржекеұлының «Сезімдер симфониясы» атты шығармашылық кеші және жазушының 13 томдық шығармалар жина­ғының таныстырылымы болып өтті. 
Жазушының шығармашылығына арналған кеште белгілі әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақова Бексұлтан Нұржекеұлы шығармаларындағы қазақ әйелдерінің бейнесі, олардың шыдамдылығы, қайсарлығы, ұлтты сақтап қалудағы қажырлылығы мен қайратының жазушы шығармаларындағы суреттелуі жайында тартымды баяндама жасады.
Жиында сөз алған – Дулат Исабеков, Қуанышбай Құрманалин, Оразақын Асқар, Жүсіпбек Қорғасбекұлы, Маралтай Райымбекұлы секілді белгілі қаламгерлер жазушының прозалық және публицистикалық шығармаларындағы образдар мен көтерілген мәселелер туралы ой қозғап, танымдық мәні бар пікірлерімен бөлісті. Дулат Исабеков жазушы Б. Нұржекеұлының шығармаларының Ги Де Мопассан шығармаларымен үндестігі жөнінде ойын айтса, Қуанышбай Құрманалин жазушының публицистикалық шығармаларындағы көтерілген мәселелер, оның ұлт тарихын түгендеу жолына тигізген әсері туралы пікірін білдірді. Ал, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбекұлы кеш иесінің кейбір шығармаларына қатысты қызықты жағдайлар жайында әңгімелеп, өз сөзін қазақ прозасының қазіргі кездегі жай-күйі туралы келелі әңгімеге ұластырды.
Белгілі сыншы Әмірхан Меңдеке айтпақшы «әдебиетке интимдік тақырыбын әкелген» Бексұлтан Нұржекеұлы адамдар арасындағы махаббат сырларын өрнектейтін көптеген шығармалардың авторы. Жазушының «Қыз сезім», «Күтумен өткен ғұмыр», «Ерлі-зайыптылар», «Күнәлі махаббат», «Бір өкініш, бір үміт» сияқты әңгіме, хикаят, романдарының бәріне де жан сұлулығы, сезім шарпысуы аталған өзекті тақырып, сюжет желісі болған. Сондықтан олардың бәрі де оқылымды дүниелерге айналған. 
Ұлттық кітапхана мамандары жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының шығармаларынан «Сиқырлы сезімдер симфониясы» атты кітап көрмесін жасап, оған автордың жаңадан шыққан 13 томдық шығармалар жинағын және өзге де әр кезде шыққан кітаптарын, оның шығармалары жарық көрген газет-журналдарды қойған екен. 
Кеш соңында оқырмандар көрмені тамашалап, автормен бірге суретке түсті.

А. ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ.

Серіктес жаңалықтары