ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ

ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ

ЕЛГЕ ЕЛ   ҚОСЫЛСА – ҚҰТ
ашық дереккөзі
177

Тарихи себептер салдарынан туған топырағынан көз жазып, әлемнің әр еліне бытырап кеткен бауырларымыз бен олардың ұрпақтары, егемен ел болып, көк байрағы желбіреген өз Отанына орала бастағанына біраз жылдың жүзі болды. Шет елден оралып жатқандардың дені – жастар. Олардың әрқайсысы – әр отбасының арқа сүйер азаматы, аяулы қыздары, олар – ұзақ жылдар атажұртына оралуды аңсап жүрген біздің қандастарымыз.Ресми мәліметтер бойынша тәуелсіздік жылдарында 1 миллионнан аса қандастарымыз атажұртына оралған екен, бұл әрине, аз көрсеткіш емес.
Бір өкініштісі қатарымызды толықтырып, халық өсімін көбейтіп жатқан қандастарымыздың тілінен, салтынан, жалпы болмысынан жат елдің әсері жиі байқалады. Басқа елден келген адам қашанда жасқаншақтау келетіні, жалтақтап төңірегіндегілерден мейірім, жылы сөз, жылы қабақ күтетіні, ақыл-кеңес берер адамды қажет ететіні белгілі. Әлеуметтік ортаға еркін бейімделіп кетуіне кедергінің бір ұштығы осында. Ет-жүректері елжіреп, адал ниеттерімен туған жерім деп келген қандас бауырларына қазақ жеріндегі жастар да бауырмалдық танытып, моральдық жағынан демеп жүрсе, қандай керемет болар еді! Өкінішке қарай, әттеген-айлар кездесіп жатады.
Тағы бір айта кетер мәселе, яғни алыс-жақын шетелдерден көшіп келуші бауырларымыздың орыс тілін білмеуі. Оралман жастар жаңа ортаға бейімделу кезеңінде біздегі әліпбиді танымағандықтан жазу, оқу қиындық тудырады. Иран, Түркия, Қытай мемлекеттерінен келген жастар сауаттарын өзге әліпбимен ашқандықтан, өз жеріне келген соң бірден орыс, қазақ тілдерінде ақпарат ала алмай қиналады. Сондықтан, қандастарымыздың елге оралуы мен тіл мәселесіне атүсті қарамағанымыз абзал.
«Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол – білім. Он шетел тілінде сөйлесе тіпті жақсы, бірақ он шетел тіліне орап, ана тілін тұншықтырып, көміп тастасақ – ол кешірілмес күнә. Сол себепті де, мемлекеттік тіл – біздің мемлекетімізді құлатпай ұстап тұратын бір мықты діңгек екенін ұрпақтарымыз біліп өсуге тиіс», – деген еді Елбасы Н.Назарбаев.
Жыл сайын жаз айларында өрімдей жастар атамекендеріне, еліне деген сарғайған сағыныштарын, тебіреніс пен толғаныстарын арқалап келеді. Олар – бүгінгі таңда ұмытыла бастаған, тіпті, кейінгі кезде көрінбейтін қос бұрымды, қолаң шашты, биязы мінез қаракөз қыздар мен қазақы қалпын сақтаған өр мінезді, қажымас қайратты қазақтың өрімдей жас жігіттері. Жастардың бір бөлігі Қытай Халық Республикасынан. Қазақстанға олар білім алу үшін, жоғарғы оқу орнын бітіру үшін келеді. Олар атамекенімізде білім алсақ, елімізбен қауышсақ, атажұртымызды гүлдендірсек, ұлттық жадымызды жаңғыртсақ деген патриоттық ниет пен сезімде келеді. Ұзақ жылдар ата-баба топырағынан жырақта жүрсе де, ана тілін, ұлттық дәстүрлерін ұмытпаған. Дегенмен, елге оралған қандастарымызды ойландыратын да, толғандыратын да мәселелер жоқ емес. Біріншіден, басқа болмысты қабылдаған бала бөтен елде өмірінің 19-20 жылын өткізді, бұл – аз уақыт емес. Мекен еткен жердің ерекшелігі кімге болса да әсер етпей қоймайтыны белгілі. Екіншіден, қазақ тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жаңғыртып, жаңартып, басқа да ұстанымдарын толықтырып жатқан оралман жастарды мазалап та, қиындық туғызып та отырған әліпби, жазу мәселесі.
Атажұртым деп жалындап, жанып келген жастардың көптеген қиыншылықтарға, психологиялық кедергілерге кездесетіні жасырын емес, әсіресе, құжат тапсыру кезеңінде. Себебі құжат атаулының бәрі орыс тілінде. Ресми тілді білмегендіктен еркін ақпарат ала алмайды. Бұл кедергі олардың қоғамға тез араласып кетуіне кері әсерін тигізеді. Кімнің болса да білім алудан бұрын алдында тұратын мәселе – жүрген ортаның тыныс-тіршілігімен танысып, қалыптасу болып табылады. Сырттай қарағанда ұсақ-түйек қана қиындық болып көрінеді, дегенмен жергілікті жастармен етене араласып кеткенге дейінгі аралықта алшақтық, тосырқаушылық сезімдерінің туындауы даусыз. Бұл кедергіні де ескермеуге болмайды.
ЖОО-ның студенті болудан бұрын дайындық факультетіне қабылданған жастар 8-9 ай көлемінде жергілікті тыңдаушы жастармен етене араласып оқиды. Осы ретте, ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің берері мол, көмегі зор. Неге десеңіз, оқудан бұрын әр бала осы жерде жаңа ортаның тыныс-тіршілігімен араласып, қалыптасу процесінен өтеді, үйренеді. Дайындық факультетінің ерекшелігі сол – оқыту процесі күрделі, қиыны мен қызығы да мол, сонысымен маңызды.
Егер бала өз ұлтының рухани уызына қанбаса, салт-дәстүрін жете білмесе, толық игермесе, болашақта ол жастан қандай азамат, жеріне жанашыр тұлға қалыптасатынын ойлап көріңізші?! Оралман жастар, әсіресе, Түркия, Қытай, Иран, Ауғанстаннан келгендердің басым бөлігі бес уақыт намазын оқиды, салауатты өмір салтын ұстанады. Имандылық жолын ұстанған адам жаман әдеттен әсте аулақ жүреді. Бізді осы қуантады. Имандылыққа бет бұрған жастардың әрекеті әсіресе, қазақи тәрбие үлгісінің тұнып тұрғандығы сүйсіндіреді. Тәрбиеліліктің бір ұштығы – осы имандылықта жатыр. Иманы бардың – ұяты бар. Бірақ…
Қазіргі таңда, кей жастарымыздың ойынан да, бойынан да қазақы болмыстан гөрі «еуропаланған» Батыстың мәдениетіне еліктеушіліктің басым екендігін байқаймыз. Өзіміздің төл мәдени мұрамыз солғындап, ұлттық тәрбиенің діңгегін босаңсытып алғанымыз байқалады. Ащы да болса, бұл – шындық!
Бірнеше жылдар бойы ұстаздық тәжірибемді саралай келе, оралман шәкірттерімізбен етене араласып жүргендіктен, олардың бойынан көргенім мен ойыма түйгенімді орайы келгенде айта кеткенді жөн көрдім. «Ырыс ауысады, ақыл жұғысады» демекші, оралман жастарымыз өз Отанында өмір сүріп жатқан жастармен етене араласып кетуінің қандастарымыз үшін де, жергілікті жастар үшін де ескеретін пайдалы тұстары бар. Осы ретте айтарым, тәрбиелеудің осы тұстарын назарда ұстасақ, зияны болмас. Факультетте түрлі тақырыптар бойынша тәрбие сағаттары, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер, әр түрлі кездесу кештері және т.б. өтіледі.
Білім кілті – шығармашылық ізденісте. Оралман шәкірттеріміздің сөз байлығы, сөздің майын тамызып, құлақтың құрышын қандырып салатын әні кімді болса да елең еткізбей қоймайды. Факультетімізде оқыған аз ғана уақыт ішінде осы балалар әр түрлі тақырыпта өтетін іс-шаралардың басы-қасында болады. Оқыту процесінде олардың білімге, ғылымға деген құштарлықтары, мәдениет, әдебиет, өнерге деген ықыластары, еңбексүйгіштіктері, ізденімпаздықтары адамды тәнті етеді. Осы қасиеттер әрбір жастың бойынан табылып жатса (қайдан келгені маңызды емес) тебіреніп қуанасыз ғой! Ақыл ауысқаны деген осы емес пе!
Әр елді мекен еткен жастар бойында сол елге тән ерекшеліктерінің қалыптасқанын айтуымыз керек. Мысалы, ҚХР-дан келген жастар шетінен шебер, техникаға әуес, әр түрлі бұйымдар жасауға бейім, ал қыздар жағы аспаздық өнерді, іс тігуді, кесте-көрпе тігуді жақсы меңгерген. Дайындық факультетінде білім алған оралман шәкірттеріміздің сыр-сұхбаттарынан үзінділер келтірейік:
ҚХР-дан келген шәкіртіміз Қанатхан Шәкерхан: «Қытайда орталау қостілді мектепте оқыдым. көпбалалы отбасында өстім. Отбасымызбен жылқы бағумен айналыстық. Жылқы малының қыр-сырын жақсы білемін. Атажұртқа келуді армандадым. Ендігі мақсатым, тиянақты білім алу. Қазіргі заманда энергия тапшы ғой, соған байланысты төрт адамдық автокөлікті: 1. күн нұрымен; 2. ауырлық күшімен; 3. жел энергиясы арқылы жүргізуді ойлап таптым. Қытай елінде бұл тәжірибемді қуаттады. Бұл жобаның ұтымды жағы сол – 1. майды үнемдеу; 2. ауа, қоршаған ортаны ластамау. Екінші жаңалығым – құрылыста пульт арқылы терезені жерде тұрып тазалау құрылғысын ойлап таптым», – дейді мақтаныш сезіммен болашағынан үміт күттірген жас құрастырушы.
Иран Ислам Республикасынан келген Фатима Ескелді: «Менің туып-өскен жерімде мүлдем қазақ мектебі болған жоқ, парсы тілінде оқыдым. Үйде отбасында ғана қазақша сөйлейміз. Қазақстанға келуді көп жылдар бойы армандадым. Бастапқы кезде анам рұқсат бермеді. Кейін анам да, туған-туыстарым да ризашылығы мен ақ батасын беріп, шығарып салды. Өз ана тілімде таза сөйлегім келеді. Арманым – сәулет өнерін меңгеріп, Қазақстаныма, еліме қызмет ету. Иранда қазақша кітап, газет-журнал дегенді көрмедік, үйренетін тілдік материалдар да болған жоқ. Ана тілімізді ұмытпауға тырыстым. Елге келгелі қазақша таза сөйлеу үшін әрекеттеніп жатырмын, қиыншылық та, кедергілер де жоқ емес, бірақ үлкен мақсатпен келген соң шыдауым керек», – дейді ұзын қара шашы ақсары өңіне жарасқан қазақ қызы.
Қазақты жамандама, қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік
Ай астында,
Жер үстінде
Қазақтың жанашыры – қазақ қана!, – деп жазған еді белгілі ақын Күләш Ахметова.
Аз болсақ та, бір-бірімізге адал болайық! Қандастарымыз қай елден келгеніне қарамастан, ұлтым – қазақ деп сезінетін болса, осы сезім бүкіл қазақты біріктіреді. Ұлы сезімге сызат түспесін! Санамызда ұлтымызға деген адалдық болса, салтымызға қанық болсақ, бойымызда намысымыз болса ғана бірлігіміз жарасқан мәңгілік ел боламыз!

Рыскен Әбішева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары