498
«ЖІГІТТЕ АРМАН БАР МА, СҮЙГЕНДІ АЛҒАН»
«ЖІГІТТЕ АРМАН БАР МА, СҮЙГЕНДІ АЛҒАН»
Өз ғұмырында ат төбеліндей ғана қазақ сатириктерінің ортан белінен ойып тұрып орын алған Қажытай Ілиясұлы қарапайым жүріп-ақ артына мол мұра қалдырған азамат. Біртоға болғанымен, кей тұстарда аға-інілері бас қосқанда ортасын думанға толтырып, өзіне де, өзгеге де көтеріңкі көңіл күй сыйлап, қыран-топан болатын да қалатын.Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын-сазгер, сатирик, этнограф туралы сыр бөлісу үшін бүгінде отбасының шырақшысына айналған жары Руда жеңгей Зәйкенқызына жолыққан едік.
– Қажекең қайтқаннан бері іздеп-жоқтап келіп отырған бірінші басылым, бірінші журналиссің,– деп жарқырай есік ашқан Руда жеңгей бізді ас үйге бастады. – Шәй ішіп отырып әңгімелесейік, түскі астың да уақыты болып қалды ғой, ет те пісіп тұр.
Қажекеңнің өмірден өткеніне де жылдан асты. Тірі болса биыл жетпістің бесеуіне келуші еді. Өмір барда өлім қатар жүретінін сезінгенімізбен, кеше ғана жанымның жалауы болып жүрген азаматымды жоғалтқаныма мойынсұна алмай жүрмін. Амал жоқ, бір күн күтесің, бір ай күтерсің… бірақ оның мәңгілік мекенін тапқанына егіле отырып көнесің. Бүгінгі салыстырмалы заманда, алмағайып заманда қыршын кетіп жатқандарды, тіпті мына өмірде ізі де қалмай, ұрпақ өрбітпей, артында іздеушісі қалмай сұм ажалдың құрсауына іліккен қыршын жастарды ойлағанда, өзіңді сабырға шақырасың. Қажекенің артында әдебиеттегі ұзын-сонар ізі, мол мұрасы қалды. Соған тәубә дейміз.
Ақын жары мөп-мөлдір сағыныш-қимас жасын іркіп тастады да, «Тірі адам тірлігін жасайды» дегендей басын тік көтеріп, қозғалақтап қойды.
– Сөйтіп, Кәриямның орны ойсырап, өмірде де, көңілде де жоқтығын сезінген сайын жан-дүнием әлем-тапырық болып өмір сүріп жатырмын.
– Кәриям деп қалдыңыз, ағаны осылай атайтын ба едіңіз?
– Иә, бұл бір қызық оқиға өзі,– деп жеңгей күліп алды. Жұматай қазақтың біртуар ақыны еді ғой, мен Жұматайды студент кезден білетінмін. Өйткені Қажекең екеуі айырылмас дос болған еді. Ұзынды-қысқалы боп екеуінің жұбы бір жазылмайтын.
Кейіннен біздің үй Абылайхан мен Абай даңғылының қиылысында болды. Жазушылар одағы бізге жақын. Жұматай сонда қызметте. Ол біздің үйге көбінесе жұмысқа бара жатып бір соғып кетуші еді. Жаздыкүні үй ысып кететіндіктен, сыртқы есікті ашып отыратынбыз. Жұматай табалдырықтан аттай бере: «Осы үйде бір данышпан ақын мен ғұлама ғалым тұрады деуші еді. Солар бар ма екен?» – деп дауыстай кіреді. Мен ол уақытта аспирантурада оқимын. Қажекең бұл сөзге жымың ете түседі, әлі ғалымдықтың иісі мұрныма барып үлгермеген менің де ол сөз құлағыма жағып кетеді. Жақсы сөз жан семіртпей ме?! Екеуміз де кәдімгідей қуанып қаламыз. Содан қызыл күрең шайды демдеп, дастарқанға барымды салып, жақсылап күтуге тырысамын. Таңғы астан кейін екеуі жұмысқа бірге шығып кететін. Жұматай өзін кербез ұстайтын, аузынан беталды ғайбат сөз шықпайтын сыпайы, өте бір сырбаз адам еді ғой. Кей күндері әңгімелері таусылмай бара жатқанда: «Жұмыс уақыты болып қалды, кешке еш жаққа бұрылмай, үйге келіңдер, лағман созып қоям», – дейтінмін. Қажекең арғы беттен келген адам ғой, қытай-ұйғыр, шығыс асханасын жақсы көреді. Сондықтан ащы-тұщысымен кейде манты, лағман, түшпара, гөшнан дей ме, әйтеуір ерінбей жасай беретінмін. Ас мәзірі ауысып тұрмаса, ол кісінің де көңіл күйі ала-құла болып кетеді. «Шығыс кухнясы болмаса, аузымның дәмі кірмейді», – деп отырушы еді. Сондай бір кештің бірінде екеуі лағман мен бір бөтелке шарапты ортаға алып, қызу әңгімеге кірісті. Өлең оқиды, домбыра тартады, ән айтады. Кенет Жұматай сырбаздана ыңыранып: «Қажеке, екеуміз бір ортақ ат табайықшы, …еке дегенше», – деді. Қажекең қолдай кетті. Жұматай «Заке» деген атты ұсынды. «Неге?» дегенде, «земляк» деген сөздің қазақшасы», – деді. «Бұл қисынға келмейді, екеуміз екі жақтанбыз. Әрі сен – төре, мен – қазақпын, болмайды», – деді Қажекең. Мен де бірдеңелерді айтып қоям. Оны құлақтарына қыстырып жатқан олар жоқ. Кімнің аузына бұрын түскені есімде жоқ, екеуі ырғаса келе, «кәрия» деген сөзге тоқтады. Мен де қолдадым. Содан екеуі бір-бірін «кәрия» деп кетті. Бұл атаудың маған да ұнағаны сонша «Мен де Кәрия деп атайыншы» деппін. Бірақ мен Қажекеңді ғана «Кәрия» деп атадым, ол мені де, өзіне көңілі жақын ағаларын да «Кәрия» дейтін. Ал сатирик-жазушы Ғаббас Қабышев оны керісінше «Жасия» дейтін.
– Қажыағаң үйде қандай болатын? «Естіген құлақта жазық жоқ», ағамыздың бұрын отбасы, бәйбішесі болған деп естиміз.
– Иә, бұрын отбасы, балалы-шағалы болғаны рас. Бірақ бәйбіше-тоқал дегенге келмес, өйткені Қажекең отбасынан заңды түрде ажырасып барып қосылды маған. Өткен ғұмырыма өкінбеймін, бұрын отбасылы, балалы-шағалы адаммен тағдырымды қосақтағаным үшін өкінетін түк те жоқ. Әрине, алғашында қашқақтап, қалай болар екен деген қорқыныш пен күдіктің болғаны рас. Бертін келе, ес жия келе ол кісінің сөзін, ұсынысын қабылдауға бел байладым.
Он үш жасымнан естіп жүрген таныс кісі. Менің ағам Манар Құрманбековпен бірге оқыды. 1962-65 жылдары КазГУ-де оқып жүргенде республикалық «Ара» журналына жұмысқа шақырылды. Алғашында хат тіркеуші болып орналасады да, 1965 жылы оқуды бітірген соң толық жұмысқа кіріседі. Танымал журналдың қызметкері, білдей журналист болған соң жолсапарлар да көбейеді ғой. Біздің жаққа келсе, үнемі ағамның үйіне тоқтайтын. Бірге оқыған досы әрі ағам аудандық газеттің бас редакторы болды. Екеуінің әңгімелері де бітпейді, қызу пікір-талас, ойларын ортаға салып ұзақ сырласып, түннің біруағына дейін отыратын. Ал «Араның» аузына іліксең, біттің. Арыз-шағымның соңынан міндетті түрде қорытынды шығады. Не жұмыстан кетеді, не болмаса қатаң сөгіс жарияланып жатады. Беделді.
Біз баламыз. Таң қалып, қызығамыз. Елеп-ескеріп, көзге іліп жатқан ол жоқ. Сөйтіп жүріп, он жылдықты бітірген соң, оқу іздеп Алматыға келдік. Қасымда Манар ағам, әрине, досының үйіне тоқтадық. Әйелі де құрақ ұшып қарсы алды. Балаларын да сол кезден білемін. Ағайым екеуі менің құжаттарымды жүгіріп жүріп университетке тапсырды. Бірақ емтиханнан құлап қалдым да, келесі жылы қыздар университетіне түстім. Тіл-әдебиеті факультеті болған соң, оның үстіне таныс болған соң жатақханада тұрсам да, Қажекеңнің үйіне барып тұрамын. «Мынау бойжетіп қалыпты-ау» деп бір рет те көз салған емес. Ол кісіге, меніңше, сұңғақ бойлы, аққұбаша келген қыздар ұнайтын сияқты көрінетін. Сондай қыздарды көргенде: «Ту, мына сұлуың арғымақтай екен»,– деп сұқтанып тұрып қалатын.
Мен өте ширақ болдым. Үйдің де, сырттың да тірлігіне пысық, елгезек, шаруаға икемді болып өскенмін. Оқып жүріп, жұмыс істедім, стипендиям тағы бар, үйден де ақша келеді. Сондықтан да қалтамнан ақша үзілген емес. Анда-санда Жұматай ақын екеуі келіп, жатақханадан мені ертіп кетеді. Сөйтсем, қыздар институтының жанында, яғни Әйтеке би мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы сыраханаға барып отырады да, қалталарының түбі көріне бастағанда, мені іздеп келеді екен ғой. Онысын қайдан білейін, ағалар келіп тұрған соң, оның үстіне өзім жақсы танитындықтан, мен де еріп жүре береді екенмін.
Сыра ішеді, әңгіме-дүкен құрады. Кейде құлағымды түріп, солармен бірге мен де отыра беремін. Сонда, Қажекең өлім жайлы көп айтып, дегбірсізденіп кететін. Көңілсіздік еңсесін басып, тіпті кейде ащы судан да тартып-тартып жібереді. Осындай күндердің бірінде жатақханаға кеш қайттым да, ағаның үйіне бара салайын деп сол жаққа бұрылдым. Анадайдан қою түтін көрінді, отқа оранған газет-журналдар, қасында бүгежектеп бір кісі жүр. Сұлбасы – Қажытай. Абай–Масанчидағы, 1969 жылы Орталық Комитеттен алған үш бөлмелі үйдің ауласы көк түтін. Бүкіл жазған-сызғандарын, негізінен бүкіл музыка, сөздер жазылған касеталарын өртеп жатыр екен.
– Өй, аға, не болды, қойыңыз, – деп қолына жармаса кеттім.
– Мұның ешкімге керегі жоқ, бәрібір мен өлемін, бұл кімге қалады,– дейді. Қызулау екен. «Қап, ертең есін жиған соң өкінетін болды-ау»,– деп отты өшіруге тырысып мен жүрмін.
– Мына үйлерге тиіп кетсе, өрт шығады ғой, қойыңыз,– деп жағаласып жүріп, қолындағыларды тартып алдым.
– Өлемін, өлген соң кімге керек бұл дүниелер,– деп қоймайды, еліріп алған.
– Ойбай, аға, сізге керек болмаса маған беріңіз, іске жараса мен сақтаймын бұларды, – деп шала жанған қағаздары мен ленталарды орап-орап сөмкеме салып алдым. Ол кезде архив дегенді білмейміз ғой, бірақ тіл факультеті болғандықтан керек шығар деп, оның үстіне ағаға жаным ашып жүрмін. Жетелеп үйге кірдім. Ешкім жоқ. Маған мұң-мұқтажын ақтарды-ай кеп. «Әке туралы», «Туған жер» деген әндерін орындады, олардың жазылу тарихын айтты. Әйтеуір, ұзақ әңгіме айтты, арғы жақтан келгенін, қалай өткенін, 7 сыныпта жүргенде анасының 37 жасында қайтыс болып, екі қарындасына өгей шешенің көрсеткен қылықтарын, он жылдықты бітірген соң, әкесінің зорлап үйлендірмек болғанын, содан өзінің жақсы көретін, мініп жүрген жүйрік атымен қашып шыққанын, атты Шәуешек қаласындағы бір саудагерге сатып, соның ақшасымен 1500 шақырым жердегі Үрімжіге сапар шеккенін, бергі бетке қарындастарын алып өте алмаған өкінішін айтты, әйтеуір ұзақ-сонар әңгіме… Тіпті, әкесі қайтыс болғанда, топырақ сала алмай қалғанын айтқанда даусы дірілдеп, көзіне жас тығылғанын көрген мен де шыдай алмай, жылап жібердім. Таулы аймақтың баласы ғой, жайлаулары таудың жоғары сатысында, ал төмен қарағанда тау етегіндегі қыздың өрілген жалғыз бұрымындай жылжып ағып жатқан мөлдір бұлақ – Майлыжайыр деген жер, шын мәнінде керемет дейді. Төменде сынаптай сырғып ағып жатқан тау бұлағы. Кейін көзіммен көрдім ғой.
Жылап отырмын. Көңілім құлазиды. Мен үшін керемет дарын иесі, қайталанбайтын тұлға ішіндегі жан сырын ақтарып, әңгіме айтып, ән салып отыр. Масаңдау. Бала кезден пір тұтып, оқу-білімнің, мәдениет пен өнердің иесі санап жүрген ардақты азаматтың мына отырысы, әлгіндегі даладағы көрініс… Бір жағынан «шынымен өліп қала ма» деген қорқыныш өн-бойымды билеп, сұғанақ бір ойлар мазамды алды. Менің осы көңіл-күйім оның есін тез жиғызды білем, маған адам ретінде, әйел ретінде қарай бастады. Әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғап, менің ой-өрісімді, ақыл-парасатымды салмақтайтын салмақты тақырыптардан әңгіме бастады.
Кейін, осы оқиғадан кейін ой туған болар деп ойлаймын, отбасының берекесі кетіп жүрген шығар (әрине, отбасындағы кикілжіңдерге тек өзі ғана кінәлі болған болар), ол жағын білмеймін, бірақ маған тіпті оңай болған жоқ. Отбасын былай қойғанда, әжептәуір абырой-атақ жинап қалған, өзіндік ортасы қалыптасқан азаматпен тағдырымды байланыстырғым келмеді. Көп ойландым. Сөйтіп жүргенде оқу бітті. Институтты бітіріп, қолға диплом тиген күні ауылға тартып кеттім. Осы бір мазасыздықтан ауыл, туған орта ғана құтқара алады деп ойладым. Қажекеңнің тағдыры ағамды да алаңдатты. «Ол әйелсіз жүре алмаушы еді, қалай болар екен», – деді де қойды. Мен тіс жарып, ешкімге ештеңе айтпадым.
Екі сөзінің бірі – өмір сүргісі келмеу! Құдай-ау, сол кездегі біраз азаматтар қол жеткізе алмай жүрген бақ-байлығы бар, сонда неге күйінеді екен деп ойлаймын оңашада. «Отбасы анау, қызмет деген мынау. «Ара» журналына екінің бірі орналаса алмайды, Орталық Комитеттен алған үш бөлмелі үйі бар, соншалықты шарасыздыққа түсетіндей не жағдай, жанын сыздататын не жара, неге көп ішеді, неге өмір сүргісі келмейді екен?» деген сансыз сұрақтар санамды сан-саққа сүйрелеп, маза бермейді.Түсіне алмаймын. Шынымен өліп қалады екен деп те қорқамын.
Ақыры оған деген аяушылық сезім жеңді. Аяушылықтан да бұрын өнердің құдіреті жеңді. «Келешекке кеңес» деген өлеңінде «Күйімді құйқылжытсаң, әнімді айтып, Арбамай, аспаннан құс түсірерсің» дегенінде өз тағдырының да белгісі бар сияқты. Сөйтіп жүргенде заңды түрде әйелімен ажырасыпты. Ауылға іздеп келді. Сол кезде «Қаршыға» деген ән шығарды. Сонда да ойландым. Бір күндері «Кешіктің неге сен» деген ән жетті. Маған арнапты. Міне, сондықтан, мен тоқал емес, ол кісі бәйбіше емес, заңды түрде бас бостандығын алғаннан кейін барып, екеуміз бас қостық. «Сені қырыққа жеткізіп өлсем арман жоқ» дейтін-ді. Қайдағы, міне, алпысқа жеткізіп кетті ғой.
Абай ауданындағы жергілікті радио торабында және газетте тілші болып жүргенмін. Біраз қаражат жинап алғам, редакция ұжымы ақша жинап берді, әжептәуір қаржымен Алматыға келдім. Бір жолдасының үйінде бір айдай тұрдық та, пәтерге шығып кеттік. Бір ғана бөлме. Кіреберісі де жоқ, сырттан бір-ақ кіреміз. Бір күні әлгі есігіміз шалқасынан түскені. Жел деген сумаңдап, өн-бойымызды мұздатып барады. Менің аяғым ауыр. Енді не істедік? Қаламнан басқаны ұстап көрмеген Қажекең сасайын деді. Содан не керек, өмірі үй тірлігіне араласып көрмеген ақсаусақ азаматым әлгі есікті әп-әдемі жөнге келтіріп, тіпті бұрын сықырлап мазамызды алған топсасын да түзеп, орнына қойды да, уһ деді ғой. Сол оқиғаны бертінге дейін әңгіме етіп, өзіне өзі риза болып отыратын.
– Иә, мен кеткеннен кейін талай сыр-сұхбаттар жазылар, сонда әңгімеңді «Жігітте арман бар ма, сүйгенді алған…» деген Естайдың сөзінен баста дейтін. Сырттай келісіп тұрсам да, ішімнен біреулер өзін насихаттап, мақтанып тұр деп түсінер деп ойлайтынмын, күліп «қайдағыны айтпасаңшы» деуші едім. Осы сөзін күнделігіне де жазып қалдырыпты,–деп Руда жеңгей осындай қазақтың мықты бір азаматымен отыз жылдан астам ғұмыр кешкенін, тіпті бақытты ғұмыр кешкенін қабағынан таныта, жылы жымиып әңгімесін аяқтады да, қолыма қалың күнделік дәптерін ұстатты.
«… Жігітте арман бар ма, сүйгенді алған! Қайран, Естай! Қандай әулие адам. Оның қолы жетпеді, менің қолым жетті, арманым жоқ. Өмірде адам сияқты адаммен өмір сүрдім…»
«…Бұл сырылдан қорқамын, Руда! Ештеңені армандамаймын, «Жігітте арман бар ма, сүйгенді алған» Естай Беркімбаевтың осы сөзі көңілге демеу» 20.01.13.
«… Өзіңе ризамын. Жақсы жар, жақсы тыныс, жақсы серік болдың. Бір сөздісің, айтқанды екі етпейсің. Енді осыларыңа иненің жасуындай нең жоқ, бәрін бөлмей-жармай келе жатырсың, соныңа ризамын. Ақылдысың, адамды бөлмей ақырына дейін тыңдайсың, пікіріне расуждение жасай аласың!» 14.01.13.
Одан әрі қарай сырқаттанып жатқан кезіндегі аузынан шыққан сөздерін, пікірлерін, ұсыныстарын Руда жеңгей қағазға түсіріпті де, астына қолын қойғызып отырыпты. Алғаш қол қой дегенде, селт етіп басын көтеріп «бұл не» депті.
Отыз жылдан аса бірге тату-тәтті ғұмыр кешкен жолдасының қиналған сәттерін жанымен сезініп, қолынан келер еш дәрмені жоқ екенін білген адал жардың ғана ісі бұл. «Сенің сөздерің, ойларың ертеңгі күнге керек болар» дегенді аузым қисайып кетпей айтып салғаным да, осы бір сұңғыла ажалдың алдындағы батылдығым болар, – дейді көзі мөлдіреп Руда жеңгей. Қаламның қызығына тоя алмай, қанағаттана алмай өтіп бара жатқан қаламгердің әрбір сөзін ерінбей түсіре берген. Осындай бір сәттерінде: «Көңіліңде орындалмай қалды-ау деген қандай ойың, арманың бар?» деп сұрапты.
Қажағаң: «Арман… Арман – әндердің бәрін насихатқа беру, 3-ші жинақты қалпына келтіру, Дүние түзеліп, қазақтың мәдениеті мен ән-күйіне көңіл бөлініп, әділ бағалануы керек. Әндерім, сол әндерімнің тағдыры ойландырады! Қазақ радиосына берсем деп едім, үлгере алмайтын сияқтымын. Басқа арман жоқ».
Ары қарай қазақ мәдениеті мен әдебиеті жайлы ойлары жазылыпты да, қолы қойылыпты.
Тағы да күнделік қызықтыра түсті.
«…Өмірді, өнерді, елдік қасиеттерді, ұлттық нақыштарды, негізгі қасиеттерді қайда жүрсем де ұстандым. Сиясы кеппей жатып насихаттағанды жек көрем, оны өзің де білесің…»
«… Кісіні қорлап сөйлеме!» «…Құмарту керек! Кітапқа!!!» , «…Сөз өнері мен саз өнерін шатыстырмау керек!…»
Енді бір жерінде «Руда, түкке тұрмайтын аурудан кетіп барамын-ау» депті…
Шынымды айтсам, Руда жеңгей жазған азаматының аузынан шыққан өсиет сөздері қызықтыра түсті. Бірақ негізгі әңгімеге оралмасқа болмас деген оймен күнделік дәптердің бетін парақтап-парақтап жабуға тура келді. Мен жеңгейге қарадым. Ол кісі де түсінген сыңай танытты білем, әңгімеміз ары қарай қайта жалғасты.
– Осы карияммен замандас бір ақынның әйелі кешігіп келетініне, анда-мұнда көңіл көтеру үшін шараптан ұрттап қоятынына ренжісе керек. Сонда әлгі азамат айтады екен: – Әй, катыш, келіншектерге барсам, байқамай сенің атыңды атап қоям, сосын үйінен қуып шығады,– дейді екен сыпайы жымиып. Шыдай алмай, ағынан жарылған күйеуіне ілесіп, ол да көзінен жас аққанша күліпті. Сол айтпақшы, ағаларың да талай серілік құрды ғой. Несін жасырайын, алғашқы он жылдық өте ауыр, өте қиын жылдар болды. Түсініспеушілік көп болды. Ұрыс-керіс, айқай-шу, баяғы әуен, ішіп те жүрді. Төздім. Шыдадым. Бәрін біліп, көріп жүріп қосылғаннан кейін шыдамауға тағы да болмады. Он жылдан соң ғана барып көндіктім, ақылым толықты ма, қызмет етіп жүрдім, соның әсері ме, әйтеуір, кең, кешірімді болуға тырыстым. Әдебиет теориясынан сабақ беремін. Қажым Жұмалиевтан қорғап алдым. «Қажымды білу – бүкіл әдебиетті білу» деуші еді. Шығармашылықпен айналыса жүріп, оның жан-дүниесін түсіне бастадым. Біртіндеп жазушы психологиясы санама сіңе бастады. Содан бастап, қорыққаннан сыйлау, жай үндемей құтылып, сыйлай салу емес, біздің арамызда таза шығармашылық көзін ашқан рухани байланыс орнады. Бір шығарманы жазу үшін түнімен көз ілмей, ойы шашырап қағазға түспей қиналатын кездері, тіпті бір ғана бөлмеде түн ортасында жарықты бір жағып, бір өшіріп, жан таппай кеткен кездеріне де мен шыдамдылық танытып, оның ойын бұзбау үшін тіл қатқан емеспін. Мұндайда нерв мықты болмаса, біреуі бірдеңе деп айтып қалады ғой. Ал менде үн жоқ. Әбден қиналатын да, кейде оп-оңай төгіле кеткенде жас балаша қуанғанын мен де риясыз көңілмен қабылдауға тырысатын болдым.
Ержаннан кейін араға он жылдай салып екінші ұлымыз дүниеге келді. Сол өмірге келгеннен кейін барып, біздің салтанатты ғұмырымыз басталды. Былай қарасаң, сырт адамға өте қатал, сұсты. Жазушылар арасында «Шайтанның шаһарынан, Қажытайдың қаһарынан сақта» деген сөз тараған. Ал үйде өте балажан, қалжыңбас. Мінезі жұмсақ. Төзімді. Көпшіл болатын.
– Мерекелерде не сыйлаушы еді?
– Әрбір мереке сайын әдемі бір шумақ өлең сыйлайтын. Мына бір өлеңді 1995 жылы 7 наурызда – Аналар мейрамы қарсаңында жазыпты. Басында Руда Зәйкенқызына деп, сол күнгі дата мен жылы жазылыпты.
Басқаға арман – түс болсақ,
Көре алмас мәңгі қылжимай.
Ауыздағы тіс болсақ,
Ерін болдың ыржимай.
Ұядағы құс болсақ,
Жем тасыдың қырғидай.
Дорбадағы жем болсақ,
Үш тал арпа, бір бидай…
Ордадағы хан болсақ,
Мазмұнымыз-мәніміз
Ашиды саған жанымыз.
Тұра алмадық сондықтан
Ән сапырып, жыр құймай.
Жаңғырар әлі «Бір бидай»,
Арнаған әсем әніміз.
Сен туралы ойлаймыз,
Тірі жүрсек, әлі біз… Нұржан, Ержан, Өзім ( қолы).
«Келешек, мені түбі түсінерсің» деп болашаққа сенім артқан, «Әуенім аққуды да елеңдетер» деп жырлап өткен ақын, сазгер Қажытай аға Ілиясұлының қара шаңырағынан көңілім марқайып, әдемі бір сезіммен шықтым. Алатаудың ақбас шыңынан әсем қалаға сығалай қарап тұрған алтын Күн сол бір жарқын бейнені көз алдымызға елестеткендей болды…
Сырласқан
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ