ҚАЛА ТӨРІНДЕГІ «ТӨЛЕ БИ» МЕШІТІ

ҚАЛА ТӨРІНДЕГІ «ТӨЛЕ БИ» МЕШІТІ

ҚАЛА ТӨРІНДЕГІ «ТӨЛЕ БИ» МЕШІТІ
ашық дереккөзі
1470
Алматы қаласындағы Төле би көшесінің бойындағы жасыл күмбезді мешіт бүгінде «Төле би» мешіті деп аталады. Бұрын «Тастақ» мешіті ретінде танылған бұл рухани орталық 1999 жылдан халық игілігіне қызмет етіп келеді.

Төле би ­– төбе би

 

Қазақ ел таныған шешен, билерге кенде болмаған. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, оларды халық өздері қалап, би атап отырса керек. Би болып белгіленетін кісілер өзінің шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі ақылгөй, халық қамқоры болған. Тәуке ханның тұсында құрылған Билер кеңесінде үш жүздің атақты би­лері бас қосып, маңызды мәселелердің мә­нісін түсіндіріп, бір ауыз сөзбен түйін­дей білген көрінеді. Төле Әлібекұлы (1663-1756) Жамбыл облысы, Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Ол жас­тайынан арабша сауатын ашқан, арабша, парсыша тарихи кітаптарды, аңыз, хисса-хикаяларды көп оқыған. Абыздардан жасынан бата алған, қазақтың «Жеті жарғы» әдет-ғұрып заңын жасауда жетекші рөл атқарған, ел арасында «Қарлығаш әулие» атанған, тек қазақ халқы емес, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, тәжік елдері де «Дуалы ауызды әулие кісі», «Бас биіміз» деп қастерлеген, Тәуке ханның бас кеңесшісі, ақылшысы болған Төле би бабамыздың есімінің мешітке берілуі бекер емес. «Төле би» мешітінің Бас имамы Кенжәлі Қоңыратбайұлының бас­тамасымен, ұсынысымен соңғы бесжылдықта жасалып жатқан бұл мешіттегі айтулы жаңалық – мешітке төбе биіміз Төле Әлібекұлы есімінің ресми бекітілуі. Төле би бір жұма намазында өзінің би, болыс, жүз басы, мың басыларымен Түркістанға келіп, Қожа Ахмет Яссауи мешітіне кіреді, намазға тұрады. Намаз тәмамдалған соң, мешіт бөлмелерін аралап, Құдайы садақасын беріп, көпшілікке қарап, былай депті: «Біз бүткіл ұрпағымызбен Ақсақ Темірге алғыс айтуға тиіспіз. Оның әруағы алдында қарыздармыз. Ол біздің елге зор жаңалық әкелді. Қожа Ахмет Яссауи күмбезін тұрғызды. Мұндай ғажап күмбез бұрын-соңды жұртымызда бой көрсеткен емес. Бұған дейін даламыз өлі секілді еді. Ақсақ Темір сол өлі даламызды шырқ ұйқыдан оятты. Осындай халқымызға жақсылық сыйлаған қолбасшының әруағына әрдайым дұға оқып, оны еске аламыз».

Тәжірибелі имам

 

Кенжәлі қажы Мырзабай 1967 жылғы 7 қыркүйекте оңтүстікте, Кентауда дүниеге келген. Кенжәлінің алғашқы ұстазы – әкесі Қоңыратбай ақсақал. Ислами көзі ашық әке баласы Кенжәліге 10-12 жасынан тура жол көрсетіп, діни ілімге бағыттаған екен. Өзбекстанда Ислам институтында оқып, содан соң ҚМДБ-ы жанындағы Ислам институтын бітірді. Әуелі Түркістан қаласындағы орталық мешітте Бас имам болды. 1996-2009 жылдары аралығында 14 жыл бойы Алматы қаласындағы «Ақсай-Айша» мешітінде Бас имамдық қызмет атқарып, үлкен тәжірибе жинады. 2009 жылдан Алмалы аудандық «Төле би» мешітінде Бас имам. 2013 жылдың мамырынан бері ҚР имамдарының білімін жетілдіру институтының директоры. Тағы да бір жоғары оқу орны «Нұр-Мүбарак» Египет мәдениеті университетінің дінтану факультетін тәмамдады. Қазір осы оқу орнының 2-курс магистранты. Елбасы бір ай бұрынғы Ұлы­таудағы бағдарламалық сұхбатында бы­лай деді: «Бұрынғыдай қорықпай, жасқанбай, дінге бас иіп, Құдайға құлшылық етіп, мешіттер салып жатырмыз. Қаншама азаматтарды – білімді, дінді насихаттайтын молдалар дайындап келеміз». Кенжәлі қажы да қалыптасқан, діни салада өзіндік қолтаңбасы бар, іскер имам. Уағыздары «Ақиқат-1», «Ақиқат-2» деп топтастырылған дискілер арқылы көпшіліктің қолына тиді. Оның «Отан қадірі», «Өсім және жеті ауыр күнә», «Ұят – иманның қабы», «Кері ағымдар», «Өмір жолы», «Аманат», «Жаратушыға шүкіршілік», «Жетімдерді қадірлеу», «Көрші ақысы», т.б. деп келетін уағыздары бүгінгі күннің өзекті мәселелерін сөз етеді. Тоғыз жолдың торабында­ тұр­ған, жамағаты сан ұлттан тұра­тын, келушісі мен сұраушысы қа­лың «Төле би» мешітінің атқарып отыр­ған жұмыстары өте қомақты. Бұл мешіттің айрықша жаңарып, соң­ғы үлгіде жұмыс істей бас­тауына Кенжәлінің сіңірген еңбегі зор. Жақында Түркия Республикасы стамбұл қаласында өткен V-Халық­аралық «Халал өнім және салауатты өмір» атты көрмеге Кенжәлі қажы ҚМДБ-ның тапсырмасымен барып қайтты. Алайда Кенжәлі «Төле би» меші­тінің атқарып жатқан игілікті істерін көп жария қыла бермейді. Ол: «Біз жасаған ісімізбен, жақсылығымызды айта бермейтін тәрбие алдық. Бүгінде атаққұмарлық діндарлардың арасында белең ала бастады. Құлшылығының өзін рия етушілер көбейді. Құлшылық түгілі, тіршіліктегі рия адамды құрдымға кетіреді», ­– деп қынжылады. «Төле би» мешітінің Бас имамы Кенжәлі қажы Мырзабай енді бірде былай толғанады: «Қазақ халқының болмысы Ислам дінімен біте қайнасқан. Оған еш шүбә келтіруге болмайды. Қазақтың «Әлімсақтан бері мұсылманмын» деуі де осы сөзді кәміл растайды. Дін жолында күллі мұсылман қауы­мын таңқалдырған қаншама ғұлама ғалымдар мен ел көшін шариғат жолымен басқарған данышпандар шыққан. Біз, қазақ халқы, ерте заманнан бері Алла разылығы үшін ас бергеннен, қол жайып бата алып Алладан тілегеннен, келін түсіріп, ол келін сәлем бергеннен дінсіз болып кеткен жоқпыз. Демек, қазақтың сунни ханафи мәзхабында болуы даналық. Бұл жайт тектен тек емес…»

Мешіт тынысы

 

«Төле би» мешіті – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының пәтуа-шешімдерін басшылыққа алады. Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабын ұстаған халқымызға (әһлі сунна уәл жамағат) ислам дінін жеткізуде 1999 жылдан жемісті еңбек етуде. Мешіт имамдары мен қызметкерлері – Түркістан, Бұхар, Ташкент медреселерімен қатар, Каир қаласындағы (Мысыр) «Әл-Азһар», еліміздегі «Нұр-Мүбарак» университеттерін бітірген жоғары білімді мамандар. Уағыз айту мен дәріс беру қазақ және орыс тілінде жүргізіледі. Араб тілінен сауат ашу және Құран оқу курсы бар. Уағыздар жұма күндерімен қатар күнделікті ақшам мен құтпан намаздарының арасында тұрақты айтылады. Аудан көлемінде орналасқан жоғары оқу орындары, колледждер мен орта мектептерде уағыз насихат жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп, мұқтаж отбасылары мен бірқатар қоғамдық ұйымдарға тұрақты көмек көрсетіледі. Апат аймақтары мен мұқтаж елді мекендерге де мүмкіндікке қарай көмек беріледі. Мешіт жанында мұсылман заттары, діни кітаптар сатылатын дүңгіршек жұмыс істейді. Жыл сайын Рамазан айында 30 күн 400-450 адамға тегін ауызашар жасалады. Республикамызда тұңғыш рет зағип жандарға арналған сауат ашу курсы осы мешіттен ашылды. Зағиптар саусақпен Құран оқуды үйренді Бұл оқу әдісін республикада тұңғыш рет «Төле би» мешіті қолға алып, жүзеге асыруда. Зағип жандардың діни сауатын ашу, оларды саусақпен Құран оқуға үйрету бүгінгі күннің талабынан туындап отырғаны сөзсіз. Мешіт ұстаздары алғашқы болып осы дәрістің маңыздылығын зерттеді. Бас имам Кенжәлі қажы Қоңыратбайұлы бұл ұсынысқа зор қолдау көрсетіп отыр. Зағип жандарға арнайы білімі бар ұстаз Айнұр Хұмарбек дәріс береді. Ол – Түркия елінен саусақпен Құран оқытуды жетік үйреніп келген маман. Биылғы сәуірде түрік бауырларымыздың шақыруымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қолдауы және «Төле би» мешітінің қаржылай көмегінің нәтижесінде 8 кісі (зағип жандар) 1 ай мерзімге Түркия еліне оқуға барып келді. Оларды мешітте өткізілетін барлық шараларға міндетті түрде шақырады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға айтарлықтай көмек және білім беріп отырған «Төле би» мешітінің бұл бастамасы елді елең еткізді. Жалпы, «Төле би» мешітіндегі зағип жандарға Құран оқытуды үйрету әдісі республика бойынша осы әдіске зәру адамдарға кеңінен насихатталуы керек. Аймақтардағы зағиптардың да тұрғылықты елді мекендерінде діни сауатын ашып, осындай әдіс-тәсілдермен Құран оқуына жағдай туғызу алдағы күндердің еншісі. Бұл жолда арнайы мамандар даярлау ісі қолға алынуы қажет.

Ұлытау сұхбаты – құнды құжат

 

Қазақ елінің құтты мекен, рухани орталығы Ұлытаудағы Президент Н.Назарбаевтың сұхбаты Кенжәлі қажы Қоңыратбайұлына да ерекше әсер еткен: «Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ұлытау төріндегі толғанысы», яғни Ұлытаудағы ұлағатты сөзі ұлан-ғайыр далаға тез тарағаны соншалықты оны ұлтымыздың үлкен-кішісі бір кісідей қабылдап, жылы пікірлерін білдіру үстінде. Белгілі қоғам қайраткері Әділ Ахметов бұл сұхбатты «келешекке жол сілтейтін құжат» деп, өте орынды бағалады. Имамдар да сұхбаттағы қазақ халқының өткенін, бүгінін, ертеңін сабақтастыра отырып айтылған Елбасының дін, тіл, Еуразиялық одақ, Тәуелсіздік туралы іргелі ойларын шын жүректен қабылдады. Дін жайындағы бір сөзінде: Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендеткен жөн. Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді. Міне, осындай исламды құрметтеуіміз керек», – деді. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз ісіне кіріскелі бері айтып және оны республика көлемінде жүзеге асырып та келеді. Бүгінде Қазақстан мешіттерінің имамдары қайырымдылық жасауда, яғни жақсылықта жарысуда. Біз әрдайым мемлекетіміздің, ислам дініміздің өркендеуі жолында тынбай еңбек ете береміз».

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары