САНДАРДЫ САУДАҒА САЛУ

САНДАРДЫ САУДАҒА САЛУ

САНДАРДЫ САУДАҒА САЛУ
ашық дереккөзі
269

Бай-бағландардың нағыз тартысты додасы басталды. Темір тұлпардың сән-салтанатын біріңғай сандармен келістірген көлік нөмірлеріне сұраныс артып, жылдан-жылға санның сапасы көк қағаздың қалыңдығымен өлшенетін жағдайға жетті. Оның дәлелі, қараша айынан бастап «001», «111», «777» сынды бірыңғай сандардан тұратын мемлекеттік нөмірлер Қазақстанда ресми түрде саудаға түспек екен. 

«Сұлу сандардың» иесі атану үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына алдын ала өтініш беру керек. Елден ерекше нөмірлер екі санатқа бөлінеді. Бағасы болса, жыл сайын өзгеруі мүмкін. Мысалы, «100» деген нөмір 237 мың теңге тұрса, атқамінерлер ерекше құмар «777» нөмірінің құны 400 мың теңге. Бірақ, мұндай қымбат нөмірлердің иелеріне баж салығы салынады. Жуырда заңға осындай өзгеріс енгізілген болатын. Яғни, «111», «222», «333» деген сандар үшін 13 мың теңге, ал, «001», «002», «777»-ге 22 мың теңге қосымша ақша төленеді. Тойып секіргендер үшін қандай салық болмасын «сұлу нөмірге» сес көрсете алмайтын сияқты. Құны аспандап тұрса да, қалтасындағы соңғы тиынын салып, сәнге айналған автокөлік нөмірін сатып алатын қарапайым жандардың да кейінгі уақыттарда қарасы қалыңдап келеді. Кейбір мемлекеттерде нөмірлерді ашық аукционға салып, мыңдаған долларға бағалайтынын есіткен едік. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Абу-Даби қаласының бір тұрғыны тек 5-тен ғана тұратын нөмір үшін 7 миллион доллар төлеп, әлемдік рекорд орнатқан. Дәл осы қаланың екінші тұрғыны «Е15» инициалды нөмірі үшін 850 мың доллар берген. Көршіміз Ресейде бір әріптен немесе 0-ден 10-ға дейінгі сандармен жазылатын нөмірлер тек билік өкілдеріне тиесілі көрінеді. Тіпті, мемлекеттік біртұтас нөмірлерді менсінбей, алтынмен аптап, күміспен қаптап есімдерін жазып алып жатқандар да бар. Өткен жылдары Астанада ұйымдастырылған «Қарапайым көліктерге керемет нөмір» акциясы барысында «Жигули» автокөлігіне «001», ал күл-қоқыс жинайтын машинаға «777» нөмірі бұйырған екен. Бәзбіреулердің санасында, сәнге айналған нөмірлер атақ пен даңқ, я болмаса лауазымды қызметтен сыр беріп, қымбат көліктің кесін-келбетін келістіріп тұрады деген ой сіңіп қалса керек. Осы ретте, асып-тасығандықтың белгісі саналмауға тиіс сандарды саудаға салу қаншалықты қисынды болмақ? 

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары