ТҮРКИЯДА ҚАЗАҚТЫҢ ҮЙЛЕРІ БАР

ТҮРКИЯДА ҚАЗАҚТЫҢ ҮЙЛЕРІ БАР

ТҮРКИЯДА ҚАЗАҚТЫҢ  ҮЙЛЕРІ БАР
ашық дереккөзі
264

Алматыдағы «Rіxos» қонақүйінде Қазақстан мен Түркия арасындағы инвести­ция­лық ынтымақтастық жайында екі елдің бизнес саласындағы жауапты мамандары бас қосқан алқалы жиын өтті. Басқосуда алғашқы боп сөз алған Түркияның Экономика министрлігінің шет ел инвестициясы жөніндегі бас маманы Мэрам Калсэн «Түркиядағы инвестициялық орта және инвестицияға мемлекеттік қолдау көрсету» деген тақырыпта баяндама жасап, қазақстандық инвесторлардың түрік экономикасына қосқан үлесі туралы айтты. 2013 жылғы есеп бойынша екі ел арасындағы тауа­р­ айналымы 4 миллиард долларды құраған. 2015 жылы бұл көрсеткішті 10 миллиардқа жеткізу жоспарлануда. Тауар тасымалы негізінен мұнай өнімдері, құрылыс заттары, тұрмыстық техника, әшекей бұйымдар, пластик заттар, т.б. құрайды. 

1992 жылдың 1 мамырында Қазақстан мен Түркия арасында инвестицияны қорғау және өзара ықпалдастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Қазақстандағы түрік кәсіпкерлерінің мәселесі де биыл көктемде Индустрия және жаңа технологиялар жөніндегі министрліктің, Экспорт пен инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттіктің ұйымдастыруымен өткен отырыс­та тал­қы­ланды. Түркия консулдығының сауда атташелері Дервиш Эндер Өзтүрк пен Осман Элгюн, Түрік кәсіпкерлері Одағының вице-президенті Фатих Узуноглу, КАТИАД бас хатшысы Ахмет Аляз және Алматы әкімдігінің мамандары инвестициялық ынтымақтастықтың бүгінгі мәселелері мен бола­шағы туралы ойларын ортаға салды. 

Биылғы жылдың сәуір айында Түркияның эко­номика министрі, Қазақстан-Түркия үкіме­таралық экономикалық комиссиясының тең төрағасы Нихат Зейбекчи іссапармен келіп, Премьер-министр Кәрім Масімовпен және Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевпен кездесіп, екі жақты экономикалық бағдарламаларға қол қойылды. Сол кезде түрік министрі екі ел арасындағы экономикалық байланыста орын алып отырған кейбір кедергілер 2014 жылдың соңына дейін жойылатынын айтқан болатын. 

Инвестиция мәселелері кеңінен талқы­ланған отырыста Түркияның Экономика министрлігі шет ел капиталы жөніндегі департамент басшысының орынбасары Мехмет Юрдал Шахин Түркиядағы инвестицияны қолдау жүйесі туралы баяндады. Бүгінде әлемнің дамыған елдерінің тізімінде он алтыншы сатыда тұрған Түркия 2023 жылға дейін он мемлекетінің тізіміне енуді жос­парлап отыр. Сегіз жыл ішінде экспортты 500 миллиард долларға жеткізу көзделуде. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім соңғы үш жылда үш есеге өскен (10, 782 доллар). Бұл көрсеткіш 2023 жылы 25 мың долларға жетеді деп межеленуде. Түркия жас ел, яғни халықтың жартысына жуығы 30 жасқа дейінгі азаматтар. Соңғы жылдары сыртқы сауда 400 миллиард долларға өскен. Экспорт биыл 165,5 миллиард, импорт 262 миллиард доллар деңгейінде.

Түркия үкіметі шет ел кәсіпкерлерінің ел территориясында бизнес жасауына барынша қолдау көрсетіп отыр. Бұл мемлекетте шет елдік кәсіпкерлер түрік азаматымен тең дәрежеде бизнес жасау мүмкіндігіне ие. «Шет ел азаматының бизнесін ашуға құжат рәсімдеуіне бір күн ғана уақыты кетеді»,– дейді Мэрам ханым. Түркияның әр өлкесінің 10 пайыз көлеміндегі жерін заң жүзінде шет елдік кәсіпкерлер иелене алады. Кез келген шет ел азаматы 30 гектарға дейін жер сатып алуына болады екен. Бүгінде көптеген қазақ азаматтарының Түркияның кез-келген аймағынан (әскери мақсаттағы территориядан басқа) жер алып, үй салғандығы да жиын барысында айтылды. 759 қазақстандық Түркиядағы жалпы көлемі 104, 587 шаршы метр болатын жылжымайтын мүліктің иесі атанған. Түркияда үйі бар қазақстандық азамат мекендеу қағазын алуына құқы бар. Бұған Түркияның 2014 жылдың сәуірінде қабылданған заңы рұқсат береді. 

Түркияға инвестиция құюдан Қазақстан 22-орында тұр. 2002-2014 жылдар аралығында Қазақстаннан Түркияға 681 миллион доллар инвестиция салынған. Қазақ кәсіпкерлері негізінен тұрғын үй, құрылыс индустриясында басымдық танытып отыр. Түркия тарапы да Орта Азиядағы бауырлас елге инвестиция салудан жоғары көрсеткішке ие. Түрік инвестициясы 4 есеге артық деңгейге жетіпті. 2013 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 3 миллиард 495,6 миллион АҚШ долларынан асып түскен. 

Шарафат Жылқыбаева

Серіктес жаңалықтары