МЕТАДОННАН ШЫҚҚАН ШУ

МЕТАДОННАН ШЫҚҚАН ШУ

МЕТАДОННАН ШЫҚҚАН ШУ
ашық дереккөзі
230

Еліміздегі денсаулық сақтау саласында соңғы уақыттарда даулы мәселелер жетіп артылады. Соның бірі — нашақорларды метадон арқылы емдеу тәсілі болып отыр. Бұл мәселе бойынша пікірлер сан-саққа жүргіріп, пайдасы мен зиянының аражігі ажыратылмай келеді. Нашақорларды метадонмен емдеу 2008 жылы тәжірибе түрінде жүр­гізілсе, Денсаулық сақтау ми­нис­тр­лігінің 2010 жылдың ма­мы­рында шыққан бұйрығы бойынша республикамызда есірткіге тәуелді жандарды метадон арқылы емдеу біржақты шешіліп, қолға алынған. Есірткі санатына кіретін метадон сұйықтығын қолданудағы көрсеткіштердің нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Теміртау мен Павлодар қалаларындағы есірткі қолданған нашақорларды метадон арқылы емдеуді сынақтан өткізген Денсаулық сақтау министрлігі «Қателік кеткен жағдайда, жауапты өзіміз боламыз», – деп кезінде қолхат жазып та берген көрінеді. «У-дың бетін у қайтарады» деген тұжырымға саятын бұл тәсіл 50 адамға тәжірбие ретінде жасалып, ақырында іс насырға шапқан. Аталмыш есірткі сұйықтығы ВИЧ пен СПИД індеттерінің алдын алуға қабілетті екендігін де алға тартатындар бар. Нашақорларды есірткімен емдеу республикалық бағдарламаға енгізіледі деген қауіптің алдын алу мақсатында әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен «Ақ жол» фракциясының депутаттары өз пікірлерін білдіріп, қарсылық танытуда. «Метадонды қолдану есірткіге тәуелді адамды емдеу емес, оны есірткінің анағұрлым ауыр түріне көшірумен бірдей. Ресейде метадон есірткі ретінде бақылауға алынып, оған заң жүзінде тыйым салынған. Өзбекстанда пилоттық жоба тоқтатылып, пре­па­раттың қалдықтары Қазақстанға қайы­рымдық көмек, гуманитарлық жүк ретінде берілген. Қырғызстанда де­путаттар метадон лоббистері көтер­ген есірткінің бұл түрін шыға­ратын зауыт құрылысын салу идеясын қолдамады», – дейді Парламент мәжілісінің депутаты Меруерт Қазыбекова. БҰҰ-ның есірткі және қылмыстар жөніндегі басқармасы ҚР денсаулық сақтау министрлігі СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес респуб­ли­калық орталығы арқылы Қазақ­станда 2010-2014 жылдарға арнал­ған апиынды алмастыру еміне рұқ­сат беретін құжат жасалған. Құ­жатты жасаушылар, БҰҰ-ның есірт­кі және қылмыстар жөніндегі бас­қармасының өкілдері елімізде мета­дон­ды енгізудің жауапкершілігін өз мойнына алмай, атқарушыларға жүк­теп отыр. 

Сонымен қатар, 2011 жылы алмастыру емі жөніндегі пилоттық жобаны енгізуден кейінгі теріс нәтижелер жария етіліп, денсаулық сақтау министрлігінің пилоттық жобасын тексергеннен кейін тәуелсіз комиссия метадонның есірт­кіге тәуелді адамдарды емдеу­дегі тиімсіз әрі қауіпті әдіс екені жөнінде қорытынды шығарды. Бірақ нақты қандай зияны барын жалпақ жұртқа жария еткен ешкім табылмай, ақпарат жұмбақ күйінде қалып келеді. Мәліметтерге сүйенсек, метадонды жақтаушылар мемлекеттік бюджеттен тегін сатып алынатын медициналық қаржы мөлшерін сақтау үшін (салық төлеушілердің есебінен) оны өмірлік маңызды препараттар тізіміне енгізуді көздеп отыруы да ықтимал. Жоспарлы түрде метадонды пайдаланушы аурулар саны биылғы жылы 51600 адамға жетіп отыр. Метадонның тәулік бойғы дозасының құны 5$ екендігін ескерсек, оны қаржыландырушы мемлекет болса, есірткі сұйықтығына кеткен шығын қомақты қаржыны құрайтыны түсінікті. Анығын айтқанда, метадонның 1 дозасы 183 теңге. Нашақорларды арнайы орталықтарда дәстүрлі емдеу үшін ай сайын 100 мың теңге кетеді екен. Елімізде ең бірінші метадон әдісін қолданысқа енгізіп, оны дұрыс деп тапқан бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев кезінде: «Қылмысқа көбіне нашақорлар барады. Егер метадонға иек артсақ, қылмысты азайтамыз әрі науқастарды емдейміз» деген еді. Сөйтіп, түсініксіз тәсілге жасыл белгі ашқан. Бұл мәселені оңалтуға мемлекеттен 16 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Қоғамда екіұшты пікір қалыптастырған бұл тәсіл өзін-өзі ақтай алғандығы күмән тудырады. 

Ресми статистикаға сенсек, ерте жастан есірткіге бой үйреткен балалардың саны артып келеді. Кәмелетке жасы толмаған 353 жасөспірім нашақорлық есепте тіркеулі тұр. 

Бұл турасында мамандар, еліміз бұл терапия түріне өте байсалды қозқарас танытып, жүргізілген экс­перттік бақылаулардың қорытын­ды­сы негізінде метадон тәсілі келе­шекте, яғни 2016 жылы мемле­кет­тік сипаттағы бағдарламаға айнала­тын­дығын жеткізсе, оған қарсы пікір айтып, метадон есірткісін қолдануды мемлекеттік бағдарламаға енгізудің қажеттілігі шамалы дейтіндердің уәжі де басымырақ. Нашақорларды ғұмырының соңына дейін мәңгілік метадонға матап қою қатыгездік деп санайтын 293 нарколог-маман бұл тәсілге көшуге асықпаған дұрыстығын айтады.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары