«АНА ТІЛІ – ЖАЛПЫ, ҚАЗАҚ ТІЛІ – ЖАЛҚЫ!»

«АНА ТІЛІ – ЖАЛПЫ, ҚАЗАҚ ТІЛІ – ЖАЛҚЫ!»

«АНА ТІЛІ – ЖАЛПЫ, ҚАЗАҚ ТІЛІ – ЖАЛҚЫ!»
ашық дереккөзі
273

Ұлы Қыпшақ рухына іңкәр Қоңыр Мандоки тірі болса, биыл 70-ке келер еді. Мажарстанның Карцаг қаласында дүниеге келген, ес жиып, етек жинаған жаста ата-баба рухын іздеп, Қазақ даласына оралған ізгі ұл өз өмірін түркі халықтарының бірлігін нығайтуға арнады. Еуропадағы құман-қыпшақтар мен түркі жұрты арасындағы тарихи сабақтастықты зерттеп, қайта жаңғыртуға тырысты. Түркі халықтарының фольклоры мен әдебиетін зерттеуге, оны насихаттау ісіне ден қойды, аудармамен шұғылданды. Оның ғылыми еңбегі, өнегесі кешегі аптада Астанада өткен Халықаралық Түркі Академиясының ұйытқы болуымен «Мандоки Қоңыр Иштван мұрасы: Ұлы далада ұрпақтар үндестігі» атты халықаралық форумда тағы бір рет зерделенді. Форум жұмысына ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ТүрПА Бас хатшысы Жандос Асанов, Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы қатысты. Ал Мажарстан жағынан Венгрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Имре Ласлоцки, Венгрия Парламентінің вице-спикерінің кеңесшісі Шандор Дороги осы жиынға арнайы келіпті. 

Қоңыр мұрасы жайлы қазақ ғалым-зерттеушілерінен соң Мажарстанның, Түркияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Дағыстанның, Татарстанның, Башқұртстанның түркітанушы және қыпшақтанушы ғалымдары баяндама жасады. Қоңырдың көзін көрген ел ағалары естеліктерімен бөлісті. 

Қоңыртануға үлес қосып жүрген бір топ зиялы Мандоки медалімен марапатталды. Салтанатты шара үстінде жазушы Әбіш Кекілбаев: «Мандоки Қоңыр Иштванның тағылымы мен мұрасы Мажарстан мен Қазақстанда жеміс жайып, өркендеп келеді. Оған бізбен Будапеште сөйлескен ғалымның шәкірттері куә. Оған бүгін, міне, ашылып отырған кітапхана куә. Екі елдің арасындағы алтын көпірге айналған ғалымның рухына тағзым жасап, туыстарына, жарына алғыс айтамыз!»,– деп тебірене сөйледі.

Форумның басты жаңалық­та­рының бірі – Мандокидің 16 000 кітап қоры мен қолжазба мұрасынан тұратын қазынасы Халықаралық Түркі Академиясының кітапханасына тапсырылды. Қоңыр мұрасын оның жары Оңайша Мақсұмқызы мен ұлы Атлан өз қолымен табыстады. 

Түркі бірлігін көздеген, қып­шақ­тану бағытында өмір бойы ізденісте жүрген Иштван Қоңыр кезінде қазақ азаматтарымен бірдей қудаланған. Тіпті оған Қазақ жерінде емін-еркін жүруге тыйым салынғаны бүгінде аңыздай айтылады. 

Қоңырмен дәмдес болған жазушы Төлен Әбдік оның өнегесінің бүгінгі ұрпақ үшін маңызы зор екенін баса айтты. «Қазақты іздеп, қазақтың тілін үйреніп, қазақ дәстүріне ден қойып, қазақ қызына үйленген оның өмірі – таңғажайып өнеге!», – деді жазушы. 

Қоңыр өнегесінің бір мысалы – ол қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, арнайы қоғам құрудың қажеттілігі айтылған тұста «Ана тілі – жалпы, Қазақ тілі – жалқы, Ана тілі – көп, Қазақ тілі – жалғыз!» деген екі-ақ ауыз сөзбен «Қазақ тілі» қоғамының атауына қатысты дауды шешіп берді. 

Бар-жоғы 48 жасында көз жұмған Қоңырға ата-баба жерінен топырақ бұйырыпты. Өз өсиеті бойынша оның мүрдесі Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленген. 

Алматы қаласындағы №154 мек­тепке Иштван Қоңырдың аты­ берілген екен. Енді Астанада бір көшені оның атымен атап, ескерт­кі­шін қою мәселесі көтеріліп отыр. Бәлкім, елордадағы бір білім орда­сына да оның аты берілер. Бұл мә­селені Түркі Академиясы өз назарын­да ұстамақ. 

Мандоки мұрасын халық игілігіне жарату үшін атқарылар іс-шаралар жайлы көптеген ұсыныс айтылды. Олардың бәрі форум соңынан қабылданған қарарға енгізілген. Ендеше, Халықаралық Түркі Ака­де­миясының президенті Дархан Қы­дырәлінің сөзімен айтқанда, «Бұл жиынды қоңыртанудың басы деп санаймыз».

Гүлбиғаш Омар,

Астана 

Серіктес жаңалықтары