ҚЫЗМЕТІ ҚЫМБАТ, САПАСЫ ТӨМЕН
ҚЫЗМЕТІ ҚЫМБАТ, САПАСЫ ТӨМЕН
Үкімет еліміздің медициналық туризм бойынша Еуразияның жетекші орталығы болатынын мәлімдеді. Дәрігерлер жетіспей жатқанда, медицинаны айтпағанның өзінде, қызмет көрсету сапасыз болып тұрғанда Қазақстанда медициналық туризм дамуы мүмкін бе? Отандастарымыз неге шетелде емделеді?
МҮМКІНДІКТЕР БАР, ӘРЕКЕТ ЖОҚ
25 қыркүйекте вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова Су және климат арқылы емдеу дүниежүзілік федерациясы (FEMTEC) Бас Ассамблеясының 67-ші конгресі кезінде Қазақстан жетекші еуразиялық медициналық туризм орталығы болатынын мәлімдеді. Гүлшара Наушақызының осыншама сенімділікпен айтуында екі түрлі себеп бар сияқты: әлемдік қауымдастық алдында еліміздің абыройын осылай асқақтатқысы келді немесе Қазақстанның көшбасшы атануға мүмкіншілігі зор болғаны. «Мемлекет басшысы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында еліміз алдыңғы қатарлы еуразиялық медициналық туризм орталығы болуы керек деп айтқан. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар», – деген еді Әбдіхалықова өз сөзінде. Президенттің берген тапсырмасы бар, мүмкіндіктеріміз де баршылық. Бірақ конгресте Гүлшара ханым медициналық туризм бойынша жетекші орталыққа айналу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны жөнінде тоқталмады. Шындығын айтқанда, «боламыз, айналамыз» деумен ондаған жылдар өтуде. Ал медициналық туризм – бұл азаматтардың сапалы және қымбат емес медициналық көмек алу мақсатында шет елге шығып емделуі. Мамандардың айтуынша, медициналық қызметті пайдаланушылар әлем бойынша 3 млн. адамнан асады. Жылына бұл индустрия 20-30 пайызға өсіп отырады. 2011 жылғы мәлімет бойынша (соңғы жылдар бойынша статистика жүргізілмеген), 300 шетелдік Қазақстаның емханаларында ем алған. Көбінше еуропалықтар, Орталық Азия мен Ресейдің шығыс жағынан келген азаматтар. Бұл индустрияның келешегі зор, бірақ біздегі саланың дамуы тек биік мінберлерде айтылатын мәлімдемелерден аспай келеді.
Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Қазақстан медициналық туризм орталығының біріне айналуға әлеуеті жеткілікті деп сендірумен келген. Екі жыл бұрын Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Қуат Танысбай Қазақстанда медтуризм дами бастайтынын мәлімдеген. «Туристік компаниялармен бірге бізге алыс және жақын шетел, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Ресейдің шекаралас аймақтарындағы туристерді Қазақстанға келуге қызықтыру керек», – деп еді. Демек, Әбдіхалықованың жақында айтқан мәлімдемесі бұл салада соңғы екі жыл ішінде ешқандай серпіннің болмағанын байқатады. Ендеше, үкімет басшысының орынбасары неге сенімді?
ШЕТЕЛДІКТЕР ҚАЗАҚСТАНДА ЕМДЕЛУГЕ АСЫҚПАЙДЫ
Дегенмен медициналық көмектің бұл бағытында не істелінді? Байқауымызша, үкіметтің қолға алған кішігірім істері бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2013 жылы «Astana Medical Park» емханасында медициналық туризмді дамыту жобасы жасалған. Жаңа технологиялар, сапалы қызмет көрсету, білікті дәрігерлер тағысын тағылар. Шара Ұлттық медициналық холдингінде де (құрамында алты медициналық орталық бар) қолға алынуда. Олардың деректері бойынша, Қазақстанда 31 елден науқастар ем алады. ҰМХ-нің құрамына кіретін медициналық орталықтарда өткен жылы 832, биылғы жылдың 5 айында 591 шетелдікке медициналық көмек берілген. Сәйкесінше, жылына қазақстандықтар 200-400 млн. долларға шет мемлекеттерде емделетін көрінеді. Оның ішінде кардиохирургия, нейрохирургия, органдар трансплантациясы, онкология және т.б. Дәл осы бағыттарды біз елімізде ең жақсы дамыған сала деп мақтанамыз. Егер жетекші делінетін бағыттар бойынша отандастарымыз сырт елдің дәрігерлеріне жүгінсе, онда қандай медициналық даму туралы айтуға болады? Мәселен, 2010 жылы Ұлттық медициналық холдинг пен Сингапурдың «Parkway hospitals»-ы арасында екіжақты меморандум қабылданған. Құжат бойынша Сингапур мен Қазақстан бір-біріне сырқат адамдарды жіберіп емдеп отырады. Қазіргі таңда көптеген медициналық мекемелер осындай келісімдер жүргізіп, шетелдік науқастарды қабылдап отырған жайы бар. Сондықтан отандық медтуризмді дамыту бойынша шынайы түрде жұмыс жүргізіліп отырған жоқ деуге болады. Себебі шешілмеген түйткілдер көп.
ЖЕРГІЛІКТІ СҰРАНЫС ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛМАЙДЫ
Ең алдымен, бізде «медициналық туризм» деген ұғымның қалыптаспауына Қазақстан медицинасындағы бірқатар түйткілдер кедергі болып тұр. Оның алды – дәрігерлердің жетіспеушілігі. Ауыл-аймақтардағы сияқты, ірі қалаларда да ақ халаттылар тапшылығы сезіледі. Жергілікті тұрғындардың сұранысын қанағаттандыра алмай жүргенде, шетелдік туристер легін қабылдау мүмкін бе? Мысалы, Қазақстанда жүрек ақауымен туған нәрестелердің тек 20 пайызы ғана тиісті көмек ала алады. Қалған 80 пайызы қайтыс болады немесе шетелге баруға мәжбүр.
Сондай-ақ, Астанадағы кардиоорталықта 6 рет жүректің трансплантациясы жасалған, 130 рет сол жақ асқазанның имплантанттары қойылған. Бұл да жеткілікті емес. Басқа да операция түрлері осы мөлшерде ғана орындалады. Өкінішке қарай бұл «серпінмен» алысқа бара алмаймыз. Квота жетіспей, емдейтін құрылғылар табылмай шетелде ем іздеген отандастарымыз қаншама?! Мәселен, бір Түркияның өзіне бүгінге дейін 8 мың Қазақстан азаматы денсаулығын түзеуге барған.
Кәсіби деңгей де үлкен рөл атқарады. Көптеген мекемелерде кеңестік мектептің өкілдері қызмет етіп жүр. Отандық медицина мектебін әлі қалыптасқан жоқ. Биыл дәрігерлер білімін жетілдіру үшін мемлекет қазынасынан 300 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Шетел азаматтарының емхана мен ондағы дәрігердің беделіне қарайтыны белгілі. Осы тұста ақ халаттылар арасында антына адал еместердің саны да азаймай тұрғанын атап өткен жөн. 2012-2013 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары 1,7 есеге өскен. Өткен жылы тек қана Қаржы полициясы 10 қылмыстық іс қозғап, 7 медициналық қызметкер сотталды. Шығын көлемі 35 млн. теңгені құраған. Ал биылғы жылы 9 адамға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалған: оның бес фактісі парақорлық, тоғызы лауазымын асыра пайдалану үшін. Еліміздің өзінде дәрігерлерге деген көзқарас оңалмай, сырт елдің пікірі түзелмейтіні анық.
БАҒАСЫ МЕН САПАСЫ ӘРТҮРЛІ
Басты түйткіл – қызмет көрсету түрлерінің сапасыздығы және оның қымбат болуы. Басқа елден Қазақстанға келу үлкен шығын. Әуе билетінің құны аспандап тұр. Көптеген қалалар арасында тікелей рейстер жоқ. Халықаралық медициналық визаны алу да қиын мәселе. Аурудың күрделілігіне қарамастан кей жағдайларда сырқаттанушылар визаны айлар бойы күтеді. Ал оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдерде мемлекеттік қолдаудың арқасында визаны алу жеңілдеген. Ұшу сапарлары да АҚШ, Еуропа елдеріне қарағанда бірнеше есе арзан. Бұндай жағдай Азияның Үндістан, Тайланд, Түркия секілді елдеріне де тән. Аталмыш мемлекеттер медициналық туризмнің жетекші орталықтары. Жылына 10-20 млрд. доллар пайда түсуде. Түркиядағы бір ғана ғылыми-зерттеу госпиталі жылына 115 елден 3000 шетелдікті қабылдайды екен.
Қазақстанда жағдай керісінше. Жергілікті қонақүйлер, санаторийлер мен жалпы демалу мекемелерінінің бағасы удай. Шетел азаматына Түркияға барып емделіп, қосымша демалып қайтқаны әлдеқайда пайдалы және тиімді. Бір қызығы, бұған қарамастан еліміздегі қонақүйлер бағаларын төмендетуге ниетті емес. Ал бағаға онда көрсетілетін қызмет түрінің сапасы сәйкес келе бермейді. Өкінішке қарай, көптеген қонақүйлерде, медициналық мекемелерде персоналдың қызметі қанағаттанарлық жағдайда емес, шетел тілдерін білетіндер санаулы-ақ. Бұл түйткілдердің барлығы медициналық туризмнің дамуын тежеп қана қоймай, негізін қалыптастыруға үлкен кедергі болып отыр. Туризмнің де көңіл көншітпей отырғаны баршаға аян. Қажетті инфрақұрылымның болмауы, көрсетілетін қызмет бағасының жоғары болуы медициналық туризм кластерінің ілгерілеуіне кері әсер тигізіп отыр. Бағасы сапасына сәйкес келмейтін, инфрақұрылымы жоқ, медициналық беделі күмәнді жерге қай шетелдік келсін?!
Әлемдік медициналық туризм бойынша Израиль, Франция, Ұлыбританияда көбінше репродуктивтік туризм дамыған. Азия елдерінде органдар трансплантациясы кластері қалыптасқан. Ал Қазақстанда қай бағыт ілгері болуы мүмкін? Біз үшін риторикалық сауал сияқты… Өкінішке қарай, Қазақстан медицинасының қай саласы болмасын үлкен серпін мен дамуды қажет етеді. Сондықтан үкіметтің арнайы қарастырылған жоспарынсыз дамыту жолдарын айту қиын.
Жалпы, жауапты ведомствоның медтуризм саласында статистика жүргізбейтіні өкінішті-ақ. Яғни, бұл саланың жемін жеп жүргендердің аса бір қызығушылығы жоқ сияқты. Шетелдіктердің келіп-кетуін, қазақстандықтардың шетелге шығуын сандарын есептеп, соған орай сұранысты қанағаттандырып отыруы керек дейміз. Алайда бұндай ақпараттың жоқтығын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми сайты көрсетіп отыр. Біздегі мемлекеттік жүйенің бір осалдығы, стратегия, жоспар жасау алдында мәселенің мәнісі, себептері жіті зерттелмейді. Сондықтан себеп-салдарлар мен кемшіліктер қаперге алынбастан ондаған түрлі бағдарлама-стратегиялар қабылдана береді. Бұл жолы да осылай болмайды деп ешкім кепілдік бере алмайды.
Диас БЕЙСЕНБЕК