БЕС САУСАҚ БІРІКСЕ...

БЕС САУСАҚ БІРІКСЕ...

БЕС САУСАҚ БІРІКСЕ...
ашық дереккөзі
334

Ресейдің Астрахань қаласында Каспий маңы елдері басшыларының төртінші саммиті бірнеше түйткілді мәселелерді шешуге арналды. Саммитке Каспий жағалауындағы бес ел басшылары – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей басшысы Владимир Путин, Әзірбайжан тізгінін ұстаған Ильхам Әлиев, Иран президенті Хасан Роухани және Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты.Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекет бірнеше жылдан бері Кас­пий теңізінің құқықтық мәр­те­бесі жайлы ортақ келісім жасай алмай жүргені белгілі. Мұнай мен газдың үлкен қоры бар теңіз мәр­тебесі мен оны пайдалану жайы әзірге 1921 және 1940 жылдары Иран мен КСРО арасында жасалған келісім бойынша ғана анықталып отыр. Соңғы 12 жылда осымен төр­тін­ші рет өткен саммитте Каспий мәр­тебесі айтарлықтай шешімін тап­пады.

Саммиттің маңыздылығы Кас­пий аймағына кірмейтін держа­ва­лардың Қарулы күштерін кіргізуге жол бермеу шарты бекітілгендігімен ерекшеленді. Бұл ретте Иран мен Ресей теңізге үшінші елдің әскерін кіргізуге қарсылық білдірері анық. Каспийге байланысты ІV Халық­аралық конференцияда Әзірбайжан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы Равшан Ибрагимов: «Егер де Каспий жағалауы елдері теңіз мәртебесін шеше алса, онда әр мемлекет өзіне тиесілі өңірге Батыстың әскерін кіргізуге мүдделі болмақ» деген пікір айтқан болатын. Бұл пікірді қолдау Ресей мен Иран үшін аса тиімсіз екені аян. Десе де, Түркіменстан, Қазақстан және Әзірбайжан Кас­пий­дегі әскери флотын күшейту мақ­сатында сырт елдердің тех­никасына иек артып, тіпті мамандар шақырып, қарым-қатынас аясын кеңейтуге мүмкіндіктері бар. Одан бөлек, «Каспий бестігіне» кіретін мемлекеттердің құзырлы минис­тр­ліктері бірқатар үкіметаралық құжат­тарға қол қойды. Атап айт­қанда, Каспий теңізі гидро­ме­теорология саласындағы серік­тестік, Каспий теңізіндегі төтенше жағдайлар туралы ескерту және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Каспий теңізі су биологиялық ресурстарын сақтау және мақсатты пайдалану туралы келісімдер. Жоспар бойынша саммитте үкіметаралық 3 келісімге  ̶ атап айтқанда, биоресурстарын сақтау мен қорғауға, екінші келісім Каспий теңізінің алабында төтенше жағдайлар туындаған жағдайдағы өзара іс-қимылға және үшінші келісім Каспий теңізінің гидрометеорологиясына қатысты болды. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне байланысты саммиттің тақырыбы кең ауқымды қамтыды. Делегациялар Каспий теңізін су қоймасы ретінде қарап, оны межелеу, қызметін пайдаланудың ортақ ережелерін жасау төңірегінде келіссөздер жүргізді. Бұл ретте біздің ел өткен ғасырдың 90-жылдары қалыптасқан өз позициясын қорғап қалады. Бұл позиция Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты ретінде таратылды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Каспий теңізінің айрықша маңызын және саммитің жемісті өткенін атап айтты. «Бүкіл Каспий маңы өңірі екпінді дамып келеді және ондағы энергия көздері мен биологиялық ресурстарға орай оған ауған әлем назары да ұлғая түсті. Бүгінгі саммит Каспий маңы мемлекеттерінің барлық күрделі мәселелерді келісуге деген ниетін тағы да байқатты. Біз осындай келесі шара Қазақстанда өтеді деп шештік. Келіссөздер нәтижесінде Каспий жағалауы елдері іс-қимылының негізгі аспектілері бойынша ұстанымдарын жақындаттық, бірқатар маңызды өңірлік мәселелерді талқыладық. Астрахань саммитінің қорытындысы басты құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны қабылдау мақсатындағы ілгерілеуге мүлде жаңа серпін беретіндігіне сенімдімін. Бакуде өткен кездесуден бері келіссөздер процессінде үлкен ілгерілеушілік байқалады. Каспий теңізі сынды күрделі тақырыпты талқылау достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық жағдайында өтіп жатыр. Осындай ұстанымның арқасында осыдан 4 жыл бұрын Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге қол жеткіздік. «Каспий бестігінің» жалпы ұстанымы – сындарлылық, ымыраға келуге әзірлік. Біз көршіміз, одан артық айтудың қажеті жоқ. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне бірге жауап беріп, елдеріміздің тұрақты дамуын тиімді қамтамасыз ету, халқымыздың тұрмысын бірлесіп жақсартудан басқа таңдауымыз жоқ», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ саммит барысында ұсынылған бірқатар бастамалар туралы сөз етті. Олардың ішінде Түркіменстанның тұрақты жұмыс істейтін Каспий экономикалық форумын құру туралы және Қазақстанның Каспий еркін сауда аймағын құру туралы ұсыныстары бар. «Сірә, біз енді өзіміз қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылайтын және өңірдегі ынтымақтастықты ілгерілетумен айналысатын бір ұйым құруға аяқ басатын шығармыз. Жалпы алғанда, біз елдеріміздің барлығы үшін өте маңызды, нәтижелері айқын келіссөздер өткіздік деп санаймын. Астраханьдағы кездесу Каспийдің татулық пен достық теңізі екендігіне деген біздің сенімімізді нығайтты», – деді өз кезегінде Қазақстан Президенті. Саммит барсында Ресей президенті Владимир Путин Каспийді айнала теміржол төсеуді ұсынды. Оның айтуынша, Ресейдің Әзірбайжанмен, Иранмен, Қазақстан және Түркімен­с­танмен сауда-саттық көлемі 33 млрд. долларды құрады. Көрсеткіш көңіл толтырарлық болғанымен, елдердің нақты әлеуетімен сәйкес келмейді. Осыған байланысты сауда айналымын ұлғайтудың және өзара инвестициялық ағымдарды арттырудың, сондай-ақ кеңауқымды жобаларды іске қосудың тиімді жолдарын талқылауға шақырып, РФ президенті Каспийге айнала теміржол төсеуді ұсынып отыр. Жыл соңына дейін Қазақстан, Түркіменстан мен Иран арасындағы шы­ғыс­тық жарты шеңбер құры­лысын аяқтау көзделген. 2016 жылы Әзірбайжан мен Иран ара­сындағы батыстық жартылай шең­берді аяқтау жоспарлануда. Ендігі міндет, жүк тасымалдау уа­қы­ты мен құнын қысқартуға мүм­кін­дік беретін негізгі Каспий порттарын қосу, яғни, экономиканың бәсекелестік қабілетін арттыру керектігін алға тарты. Төртінші саммиттің барысында мемлекет басшылары Коммюнике қабылдады. Сондай-ақ, Каспий теңізіндегі гид­рометеорология саласындағы ынты­мақтастық туралы келісім; Каспий теңізіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Каспий теңізінің су және биоло­гия­лық ресурстарын сақтау мен ұсы­нықты пайдалану туралы келі­сім құжаттарына, сонымен қатар ел басшылары мәлімдемесіне қол қойылды. Төртінші саммит жұмы­сының соңында бес мемлекеттің көш­басшылары Еділге бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын жіберу жөніндегі символдық шара рәсіміне қатысты.

Каспий маңы елдерінің алғашқы саммиті 2002 жылы Ашғабадта, 2007 жылы Тегеранда, 2010 жылы Бакуде өткен. Астраханнан кейінгі саммитті өткізу кезегі Қазақстанға тиеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев кездесіп, бірқатар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, соның ішінде сауда-экономикалық, отын-энергетика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың болашағын тал­қылады. Сонымен қатар, мем­ле­кет басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жө­нінде пікір алмасты. 

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары