ҰЛЫ ЖӘДІГЕРЛЕРІМІЗДІ ЖИҺАЗБЕН ТЕҢ САНАСАҚ
ҰЛЫ ЖӘДІГЕРЛЕРІМІЗДІ ЖИҺАЗБЕН ТЕҢ САНАСАҚ
22 қыркүйек күні Парламент мәжілісінде өткен «Үкімет сағатында» Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы есеп берді. «Үкімет сағаты» «Қазақстан Республикасындағы театр және музей салаларының өзекті мәселелеріне» арналды. Өзінің баяндамасында Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінен босаған ғимараттардың кейбірі болашақта театрға айналуы мүмкін екендігін айтты. Тіпті, бұл туралы Үкіметке ұсыныс та жолданған. Мәдениет және спорт министрі Үкіметтен көрмеден босайтын ғимараттарды мәдениет саласына тапсыруды сұраған.Жиында депутаттар Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының ескі ғимаратты паналап отырғандығына алаңдаушылық білдіріп, бұл театрға жаңа, сәулетті ғимарат қажеттігін жеткізді. Ал министр бұл сұраққа «Қазақ музыкалық-драма театры қалалық әкімдіктің қарамағында, егер театр министрлік құзырына өтсе, театрға жаңа ғимараттың салыну-салынбауын содан кейін ғана қарастырамыз», – деп жауап берді. Сонымен қатар, мәдениет және спорт министрі мәдениет саласындағы өзге де мәселелерге тоқталып өтті. Солардың бірі – театр басшыларының қызметіне қатысты мәселелер. Қазір бізде театрдың директоры да, көркемдік жетекшісі де бір ғана адам. Олар қызмет бабын пайдаланып, басты рөлдерді өз әйелдеріне беруді әдетке айналдырған. Онымен қоймай, өз пьесаларын театр үшін сатады да, тіпті ол қойылымның режиссері де өзі болады. Театрлардың 70 пайызында директорлар өз қойылымдарын сахналап жатқан көрінеді. Мұндай жағдай болашақта орын алмайтындығын да айтқан Мәдениет және спорт министрі: «Театр жауапкершілікті, мұқияттылықты талап етеді. Сондықтан театрда директор өз қызметін, көркемдік жетекші өз міндетін атқаруы тиіс», – деп шегелеп айтты. Қазір қазақ театрларында кәсіби білімі жоқ жандардың режиссерлік қызмет атқарып жатқандығы туралы деректер де бар екен. Бүгінде еліміздегі 9 өңірлік театр бас режиссерсіз жұмыс істер жатыр.
Алдағы уақытта министрлік жанынан театр және музей ісі жөніндегі көркемдік кеңестер құрылмақ. Қазір елімізде театр және мұражай қызметтерін қадағалайтын ешқандай орган жоқ. Көркемдік кеңес репертуарлық саясатты, кадрлық қамтамасыз етуді, гастрольдік қызметтерді бекітіп, бақылайтын болады. Ал театрды ұстап тұру жергілікті атқарушы органдардың еншісінде қалады.
Сонымен қатар «Үкімет сағатында» әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, депутат Гүлнәр Ықсанова да қосымша баяндама жасады. Қазақстандық музейлердің қорларын толықтыру жұмыстары басталғандығын жеткізген Гүлнәр Ықсанова «дүниежүзіндегі Лувр, Британ музейі Эрмитаж және өзге де белгілі мұражайларда біздің құнды жәдігерлеріміз сақтаулы тұр» деді. Атақты мұражайларда қазақ хандарының қолжазба хаттары, көне түркі сына-руна жазуының ескерткіштері, қалаларымыздың карталары, Кенесары ханның қылышы, Абылай ханның заттары сақтаулы екен. Осы жәдігерлерді елімізге қайтару үшін стратегиялық саясат қажет.
Отандық мұражайларда сақталған құнды экспонаттар есептен шығарылуы мүмкін. «Бұған 2013 жылдың қаңтарында енгізілген бухгалтерлік есепті жүргізудің жаңа ережелері әсер етеді. Жаңа ережелерге сәйкес, сатып алынатын музейлік мәндегі заттар – жиһаз, компьютер сияқты басқа негізгі құралдармен бірдей есепке қойылады. Осыдан келіп, айрықша экспонатты да есептен шығарып тастау қаупі туындауда», – деп дабыл қақты депутат Гүлнәр Ықсанова.
Мұражайларға қатысты мәселелердің тағы бірі – музейлік жәдігерлерді есепке алу және сақтауға байланысты нұсқаулық жобасы. Мұндай жоба 2010 жылы ұсынылғанымен, әлі күнге дейін қабылданбаған. Ал қазіргі уақытта қазақстандық мұражайлар 1984 жылғы нұсқаулықпен жұмыс жасайды.
Әсел ӘНУАРБЕК