АЙТАҚЫРДАН АЙБЫНДЫ ГАЗЕТ ЖАСАДЫМ

АЙТАҚЫРДАН АЙБЫНДЫ ГАЗЕТ ЖАСАДЫМ

АЙТАҚЫРДАН АЙБЫНДЫ ГАЗЕТ ЖАСАДЫМ
ашық дереккөзі
158

Сарбас Ақтаев – қазақ журналистикасында өзіндік ізін қалдырған журналист. Ол өзін ең әуелі журналиспін деп есептейді, сосын жазушы санайды. Оның қаламынан «Дала туралы толғау», «Бұлар бірінші болып еді», «Қапшағай хикаясы», «Алтын қалам», «Шарапатты шаңырақ», «Абылай хан», «Ханзаданың қасіреті», «Абылайдың ақ жолы» атты әдеби-публицистикалық кітаптар дүниеге келген. Шығармашылық жолын өлеңмен бастаған оның қаламынан «Тұңғыш кітап» және «Оқжетпес» атты өлеңдер жинағы туған. Көркем аудармамен айналысқан қаламгер 12 роман, 20-ға жуық хикаят аударып, оқырмандарымен қауыштырған. Біздің қаламгермен әңгімеміз бүгінгі күннің толғақты мәселелері және журналистикадағы кейбір өзекті жайттарға арналды. 


«СЫН ЖАЛПЫЛАМА БОЛЫП КЕТТІ»

– Сарбас аға, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «60-қа келдіңіздер, бәрін де көрдіңіздер, бәрін де білдіңіздер» деп толғана­тыны бар еді. Сол секілді, сексеннің сеңгіріне шығыпсыз, сізді осы жасыңызда не толғандырады? 
– Біз сонау 30-шы жылдардың басындағы төрт жылға созылған ашаршылықтан кейін дүниеге келген тұңғыш түлектерміз. Сол буынның өкілі менмін. Біздің буын – өмір­ге жылап келіп, өксіп өскен, өмірі үшін өмірбақи күресіп өткен буын. Біздің ойнақ салып, ойын баласы болатын он жасымыз отқа, соғыстың алапат өртіне шарпылды. Одан жалын атар жиырма жасымыз тың түренімен соқаланып кетті. «Жаңа жер игеріңдер» деп қазақ даласына жан-жақтан қаптатқан қағылған-соғылғандармен айқаса жүріп ержеттік. Қиындықтан қайыспай, сайыса жүріп, отызда орда бұзбасақ та, ортамыздан өз орнымызды таптық. Сол қарқынмен қырықтан астық, елуді еңсердік. 
«Алпысқа келдіңіздер» деп Мұқағали досым айтқандай, алпыс­тан да астық. Менің Шерхан бауырым «жетпіс» дегеніміз «жет, піс» деген сөз дейді. Алайда ол жастың да өз ерекшелігі бар, ару­лар­дың назарынан тыс қалады екен­сің, қауым қатарынан шеттете береді екен. Біздің билік басындағылар адамның ісін емес, тісін санамалап, жасың жетті, зейнетке бар дейді екен. Өмірбақи тынығуды да, тынысты да жұмыс деп өткен біз үшін осы зейнетің онша ұнай қоя­тын кезең емес екен. 
Оған да шыдап, қолда қалам бар, көкіректе қиял бар, соның арқа­сында бүгін сексеннің сеңгіріне шығып отырмыз. Менің әкем сонау зауалды отыз жетінің зұлматында жазықсыз жаламен Сібірге жер аударылып, жеті жыл Колыманың қақаған суығында торыс тоңды кешкен адам. Сол көр­ген қиындығының қайтарымы ма, өксіп өткен өмірінің өтеуі ме, тоқсанға келіп дүниеден өтті. Сол тоқсанға келгенде, менің досым, сол кездегі обком хатшысы, жазушы Жанайдар Мусин келіп:
– Әтай, тоқсан қалай екен? – деп сұрайды. Сонда ол кісі:
– Тоқсаныңның атасына нәлет, бұ­дан сексенім жақсы еді. Тоқсанға келгеніңмен, санда бар, санат­та жоқсың, осы да бірдеңе біледі-ау деп есептеп, ескеріп жатқан да адам жоқ, келіп жүгініп жатқан да тірі пенде жоқ. Ендеше, бұл тоқсаныңның қажеті қанша?» деп күңіреніп еді. Меніңше, бұл тоқ­санға деген өкпесі емес, қоғамға деген базына, назы деп ойлаймын. Біздің қоғам әлі де берері бар, қуат күші кемігенмен, айтар ақылы, берер кеңесі бар адамдарға жағдай жасамайды. 
1956 жылы жас жазушылардың мәслихатына қатысып, Мұхтар Әуезовтің сөзін тыңдағаным бар еді. «Қаламгер спортшы сияқты. Екеуі де өзін-өзі шыңдап, үнемі жетіл­діріп отыруы ләзім. Жылдар өте келе спортшының күш-қуаты кемиді, ал жазушының ақыл-қайраты артады» деген болатын кемеңгер. Яғни, біздің бой қуатымыз азайғанмен, ой қуатымыз әлі бар ғой. Ақша билік құр­ған ортада сол ескерілмейді. Талай жыл өмірін осы салаға сарп еткен, талай шәкірт тәрбиелеген адамдарға іс басында жүрген азаматтардың кеңесшісі деген ат беріп, анда-санда кеңсе­ге кіретіндей ғып қойса, олар әлі де желпініп, білгенімен бөлісер еді ғой. 
– Қанша жасыңызға дейін жұмыс істедіңіз? 
– 79 жасыма дейін жұмыс істедім. Осы журналистикада талай шәкірт тәрбиеледім. Талай жас журналиске жағдай жасап, қамқор­лығыма алғанмын, қазіргі қазақ журналистикасының басында жүрген азаматтардың көбі мені ұстаз тұтады. Сол бізге мәртебе, әрине, ұстаздан шәкірттің озуы өмірдің заңы. Ол маған қуаныш. 
– Сіз біздің қоғамның үлкен адамдарды қажетсінбейтіні жайында ай­тып отырсыз. Былтыр қоғамда қатты дүрбелең тудырған мәселенің бірі – әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін жеткізу болғанын білесіз. Жалпы, қоғамда еркектердің зейнет жасын – 70-ке, әйелдердің зейнет жасын – 63-ке жеткізу туралы әңгі­мелер бар. Алайда Қазақстан азаматтарының орташа жасы – 63. Сіз осы мәселеге қалай қарар едіңіз?
– Мен бұған түбегейлі қарсымын. Қазір гендерлік саясаттың арқасында билік басына қыз-келіншектер шығып алды да, осындай саясатты көлденең тарта бастады. Көбінің баласы да, отбасы да – мансап. Олар ауылда таңнан тұрып, сиыр сауып, бала-шаға­сының киімін жуып, асын әзірлеп, ертеден кешке дейін тыным таппайтын ауыл әйелінің бір күндік жұмысын бастан кешті ме екен? Егер сондай ғұмырды бастан кешсе, әйелдер 63 жастан зейнетке шықсын демес еді. Бұл ең алдымен Батысқа еліктеудің бір түрі. Бұның соңы табиғи өсімнің сиреу­іне әкеп соғады. Өйткені ауыл демо­графияның алтын бесігі. 
Естеріңізде болса, «Бір сиыр бір үйді асырайды» деген депутат бол­ды. Ол, әрине сол бір сиырға кететін шығынды қаперіне алмай отыр. Тағы бір депутат бір тауықтың жұмырт­қасын санап ығыр қылған жоқ па? Яғни біздің депутаттар халық өмірінен бейхабар, осыдан кейін өмірге бейімсіз заңдарды ұсынады. 
– Депутаттар жайында сөз қозғап отырсыз ғой, жалпы, қазір халықтың ел қалаулыларына көңілі толмайды. Парламент – кезіндегі Жоғарғы кеңес, Шерағаңдар, Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы секілді ұлт жанашырларының халық үнін жоғарғы мінбеден ашына жеткізетін мінбері емес, биліктің қолбаласына айна­лып кетті дегенді жиі айтып жатыр. Әсіресе, соңғы екі шақырылымдағы Парламент жайында осындай пікірлер айтылуда. 
– Толығымен келісем. Тіпті айтыл­ған пікірдің өзін жұрт ести алмай қалады. Мәжілістің отырысынан толықтай репортаж беретін хабар жоқ қой бізде. Парламент отырысынан үзіп-жұлып бірдеңе берген болады, ол жұртқа Парламенттегі толық жағдайдан хабар бере алмайды. Әрине, жұрттың бәріне топырақ шашуға болмас. Елім деп еңіреп жүрген­дер қазіргілердің арасында да баршылық, алайда олардың үнін ести алмаймыз. Бір кезде «Халық кеңесі» деген газет болған, мен оның бас редакторы едім. Айтақырдан айбынды газет жасадым. Сол газеттің бетінде күн сайын бір бетті Парламент сессия­сына арнайтынбыз. Жұрт қай депутат қандай пікір айтты, қандай сауал жолдады, қандай мәселе көтерді – соның бәрінен хабардар болып отыратын. Сондай ашық пікірдің кесірі тиді-ау деймін, газетті жапты да тастады. 
– «Халық кеңесі» қанша жыл шықты? Құрылтайшысы кім болды?
– Бес жылдай шығып тұрды. Оның құрылтайшысы Жоғарғы Кеңес болатын. Ол кезде «Егемен Қазақ­с­тан» партияның органы болды да, Министрлер кабинеті үнпарақсыз қалды. Сондықтан «Халық кеңесі» Қазақстан Жоғарғы кеңесі мен Министрлер кабинетінің органы болды. Оның жабылуына ықпал етушілер әжептәуір болды. Оған азулы басылымдардың, тіпті шығар­машылық өмірімнің ең бір өнімді он жеті жылын берген «Егемен Қазақстанның» да ықпалы болды деп ойлаймын. Өйткені «Халық кеңесі» оның алдын орап кетті. Біраз тақырыпты олардан бұрын әрі жүйелі көтеріп жүрді. Талдауы дәл болды. Содан болар, кейбіреулердің ішін тырнап жататын тарғыл мысық­тың әсері тимей қалған жоқ. Қазір кез келген депутат бізге орган керек дейді. Аптасына бір рет «Егемен Қазақстаннан» берілетін бір бетті місе тұтпайды. 
– Сіз айтып отырған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңы, 2000-шы жылдардың басында қазақ журналистикасы соны серпінмен жаңа белеске шықты. Алайда соңғы бірнеше жылда қазақ журналис­тикасында кері кетушілік байқалады. Сіздіңше, бұған қандай фактор әсер етуі мүмкін?
– Сөз бостандығына қазір ашық шабуыл жоқ. Бірақ баспасөз жөніндегі заңда біздің журналистердің құқығы әбден шектелген. Кез келген кеңке­лес­тің журналисті сотқа тартуы­на,­ оққа байлауына жол берілген. Мәсе­лен, «бедный латифун­дист» деп жазғаны үшін, журналиске 30 миллион теңге айыппұл салынды. Әрине, олигархтың өзінде отыз миллион, тіпті миллиард бар шығар, сол себепті де олар кез келген адам­да сондай ақша бар деп ойлайды. Демек, заңды қайта қарау шарт. Әлгі Кеңес заманында баспасөз шын мәнін­де төртінші билік дәрежесіне жеткен. Ол кездегі журналистиканың артықшылығы –дерекпен сөйлейтін. Онда сыналған адам қайтып ол орнында отырмайтын. Қазір «ит үреді, керуен көшедінің» кері болды. Қанша сын тезіне алып жатсаң да, ешкімге сөз өтпейді. Сондықтан болар, сынымыздың өзі жалпылама болып кетті. Патшадан бастап, атшыға дейін сынаған газетті азулы деп ойлаймыз. Бірақ ол неге сыналып жатыр, қандай кемшіліктері бар, нендей қылмысы бар, дәп басып айтып бере алмаймыз. Әйтеуір сынағанның жөні осы екен деп, ұрып жатыр, ұрып жатыр, бірақ одан қорытынды шығар емес. Біздің қазіргі журналистикамыздың бір кемшілігі осы. Қазір танымдық журналистика дамып келеді. Ол біздің тарихымыз. Біз тарихынан айрылып қала жаздаған елміз. Сондықтан, тарихи мәселелерді жазуды әлі де дамыта түсуіміз керек. Бізде мемлекеттілік болды ма, болмады ма, қайдан келіп, қайда тұрдық – осы мәселелерге жауап беруге өскелең ұрпақты дайындауымыз керек. Кеше Путин «Қазақстан мемлекеттігі болмаған ел» деп күпінгенде, оған қарсы пікір айтқан бір де бір журналист болмады. Неге? Баяғы «сен тимесең, мен тимеймін» деген әйеншектіктен әлі арыла алмай келеміз. 
– Осының себебі неде? Біз неге құлдық санадан арыла алмай келеміз? 
– Себебі, қит етсе журналисті сотқа сүйрейді. Қит етсе газетті кінә­лайды. Оның да өмір сүруі керек. Сол себептен де «Сен тимесең, мен тимен» деп жүре беретін болдық. Құлдық санадан арылдық, арылмадық, ол басқа әңгіме. Ішінде намыс қыж-қыж қайнап жатады. Босқа күстәна болам ба деп қаймыққанның салдарынан осындай күйге жеттік. 

«ЖАНДАЙШАПТАР БАСПАСӨЗДІҢ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРІП ОТЫР»

– Жарылқап Қалыбайдың «Аңыз адам» журналы туралы естіген боларсыз. Сондағы Гитлерге қатысты берілген мақалаға орай 13 ардагердің шағымы қаралып 13 миллион теңге айыппұл салынған еді, күні кеше қалалық сотта қаралып, оны 1,3 миллионға түсірген екен. Жал­пы, сіз бұл мәселеде біздің үкіметтің ұстанып отырған саясатын қаншалықты қолдайсыз? Өйткені, біріншіден Ресей бізге осы мақалаға орай қарсылық нотасын жіберді. Оған Сырт­қы істер министрлігі жалма-жан жауап беріп, тиісті шараларды қолданатындығын айтты.
– Бізде кім айғайды бұрын салады, соның ығында кету көбірек байқалады. Жалпы, Гитлер туралы мақалада тұрған ештеңе жоқ. Біреу Гитлерді мақтайды, біреу даттайды. Онда тұр­ған не бар? Журналда «Гитлердің саясаты дұрыс болды, ол Кеңес­тер одағын жаулап алуы керек еді» деген идея жоқ қой. Керісінше, оның зұлымдығын әшкерелеймін деп басы пәлеге қалып отыр. Біреу Ленинді, екіншілері Сталинді зұлым етіп көрсетіп жүр. Кейбіреулер ақтап жатыр. Гитлер де бір елді басқарған тұлға. Демек, бұл істі біреу теріс бағыттап жіберді, сол бағытпен біз­дің соттар шешім қабылдап жатыр. Мәселен, құс мекеніне ораларда өз ата-бабасының бұрын жүрген жолынан таймайды екен. Егер оның тегінде біреу қисық жолмен жүрсе, оның ұрпағы да мәңгі-бақи қисық жолмен кетеді дейді. Бізде де сол секілді, біреу бағыттап жіберсе, сол жолдан таймаймыз. 
«Адам бол» деген сайтқа да күн сайын шабуыл жасалады. Осының бәрі сойыл соғарлардың ісі. Жандайшаптар бүгінде шаш ал десе, бас алатындай дәрежеге жетті. Әйт­пе­се, соған жоғарыдан арнайы нұсқау келіп отыр дегенге өз басым сенбеймін. Сол жандайшаптардың кесірінен баспасөзге ерік берілмей отыр. 

«Бас-басына би болған өңшең қиқым»

– Өркениетті мемлекеттердің оппозициясы күшті болады деп айтылады. Бізде қазір оппозиция елеусіз күн кешіп отырған сияқты…
– Оппозицияшыл тұлғалар бар ғой бізде. Бірақ соларға жол жоқ. Мәселен Ресейдің Мемлекеттік Думасында Зюганов отыр, бір фракцияны басқарып. Ол Коммунистік партияның жетекшісі. Бізде Парламентте сондай бір тұлға бар ма? Жоқ. Үкіметте кім билік партиясының мүшесі бола­ды, сол өседі. Оның үстіне, біздің оппозицияның өзінде де бірлік бол­мады. «Қазақ десең өзіңе тиеді, соқыр десең көзіңе тиеді» дегендей, оппози­цияда да мақтарлық ештеңе жоқ. Бізде билікке таласу оппозицияның өзінде бар. Бір дұрыс адамды басшы етіп тағайындап, соның соңынан еру деген жоқ. Дұрыс көш­басшы шықпады. Партияның жетекшілері ылғи тең төрағалардан тұрды. Олар бір-біріне бағынбай, келісе алмай тарап кетіп жатты. Бізде «Алаш», «Азат» деген қозғалыстар болды. Солардың лидерлері партия жетекшілігіне таласты ғой. Демек, оппозицияның кінәсінің өзі шаш етектен. Болат Әбіловтің «Азат» партиясынан кетуі, «Ақ жолдың» бес төрағасының арасында кикілжің тууы соның салдары. Қазір Парламентке сайланған «Халықтық коммунистік партия» қолдан жасалған қуыршақ партия. Партияны сатып алу дегенді тарихта бұрын-соңды естімеп едім. «Руханиятты» Алтыншаш Жағанова саудалаған екен. Кейін бөлісе алмай, ырың-жырың болысты ғой. «Ақ жолды» Азат Перуашев сатып алды. Демек, бізде ауызбіршілік жоқ. Не ақсақалға бағынбаймыз, не ақылдыға бағынбаймыз. Абай атамыз айт­қандай «Бас-басына би болған өңшең қиқым» деп жүріп жатырмыз. Жоғарыдан басталған сол талас, төменге дейін жалғасып отыр. Кезінде колхоз-совхоз тарағанда, бір ауылда отыздан астам шаруа қожалығы құрылды. Сонда мен оларға ескерттім, «бір шаруа қожалығын құрып, соның айналасында неге топтаспасқа. Бас-басыңа портфель керек пе, ол ертең далада қалады» дегенді айттым. Ақыры, бәрі тарап тынды. Артынан латифундистер жердің бәрін сатып алды да, қазір жылы­на жерін пайдаланады да, екі-үш қап ұнын берсе берді, бермесе о да жоқ. Жұрт жылап отыр. 
– Қазақстанда соңғы уақытта жанармай тапшылығы қатты сезіле бастады. Өзіміз мұнайлы елміз деп мақ­танамыз. Алайда оның өнімдері аз. Осы көпшілікке мүлдем түсініксіз болып отыр. Мұнай бар, бензин жоқ. Неге?
– Мен Елбасының Ұлытаудағы сұхбатын тыңдағаннан кейін, біршама тынышталып қалғандай болдым. Дегенмен, Кеден одағын оншалық құптамаймын. Біз өз бағытымызбен, өз бетімізбен кетуіміз керек еді. Жер асты, жер үсті байлығы жетеді. Мал шаруашылығымен ғана бүкіл әлемді асырай алатын елміз ғой. Бізде 36 миллион қой болды. Ол уақытта жекеменшіктің қолындағы қой есепке алынбайтын. Қазіргі барымыз – 18 миллион екен. Өмірбақи мал бағып, жер еміп өскен елдің шетелден ауылшаруашылық өнімдерін – сүт тасуын, ет тасуын, нан тасуын қалай бағалайсың. Намысың келеді. Ана жылы ауылшаруашылық министрі әлемде астық экспорттаудан бірінші орынға шықтық деген мәлімдеме жасады да, ізінше нанды қымбаттатып жіберді. Ұят емес пе, парадокс деген осы. «Домбырам не дейді, мен деймін». Қырғыздар аштан өлейін деп отыр дейміз, қырғыздың сүтін, қырғыздың етін, қырғыздың қымызын пайдаланып отырмыз. Фермерлер асырайды дедік те, ұжымшар мен кеңшарларды таратып жібердік. «Халық кеңесін» басқарған кезде, Жоғарғы кеңестің президиумына қатысып отыратынмын. Сол кезде жекешелендірудің соңы жақсылыққа апармайтынын айттым. Шопанға 200 қойдан берді, ал шопанның жеке меншікте 20 қойдан артық бағуға шамасы жоқ. Мен: «ертең олар қолындағы малды сатады да, қаладағы жұмыссыздар санын көбейтетін болады»,– деп ескерттім.
Кезінде 4,5 миллион жылқы болған елде, қазір ол жарты миллионға да жетпейді. Демек, бары­мызды пайдалана алмай отырмыз. Жермайдың үстінде отыр­ып, жермайға жарымаймыз. Металлдың барлық түрі бар бізде. Темірді Қытайға арзанға беріп, оның өнімдерін он есе қымбатқа аламыз. 

«ЖАЗУШЫЛЫҚ ПЕН ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ АРАСЫНА ШЕК ҚОЙМАЙМЫН»

– Өзіңізді журналист ретінде сезінесіз бе, жазушы ретінде сезінесіз бе? Сізге қайсысы ыстық?
– Мен жазушы мен журналистің арасына шек қоймаймын. Бір жазушылар бар, «әдеби тіл, газет тілі» деп бөле жарып жата­тын. Ең алдымен жаза білу керек. Жаңа сөзді де табатын, жаңа ора­лымдар мен тақырыптарды да таба­тын журналистер. Бірақ солар тап­қан дүние жиі қайталанып кетеді де, құнын жойып алады. Мен шағын жанр­дың адамымын. Өз туындыларымды көркемдік дең­гейге, новелла деңгейіне көтеруге тырыс­тым. Журналист – қоғам қайраткері. Ол өзі үшін емес, қоғам үшін жұмыс істейді. Жазушы бір тақырыппен бірнеше жыл жұмыс істеуі мүмкін. Журналист құдайдың құтты күні ойы онға, қиялы қырыққа құбылып, сол мәселені жеріне жеткізгенше тын­байды. Газетке шыдамаған адамның көбі ғалым болып кетті, жазушы болып кетті. Өз басым бас ақын болмағанмен, кеуде ақын болар едім. Жастай сенім артып, баспа­сөздің басшысы болдым. Астаналық облыстың газетінде тоғыз жыл бас редактордың орынбасары, «Егемен Қазақстан» газетінде он жеті жыл бас редактордың І орынбасары қызметін атқардым. Өлеңді әлі де сағынам, ара-тұра жазып тұратыным бар. Ұдайы жазып, дамытып отырмаған соң, адам тосырқап қалады екен. Сәбең де мықты ақын болған ғой. Кейін прозаға көшіп кетті де, соңғы жазғандары «Сұлушашқа» тең келмейді. Сондықтан, мен журналиспін. Жазушылығым өзіме қымбат. Бойымда барды жұртқа беру үшін аудармамен шұғылдандым. Газет-журналда жұмыс істей жүріп, он шақты роман, жиырмаға жуық хикаят аудардым. Аударғандарымды қазақтың дүниетанымына жақындатуға барымды салдым. Жаттанды сөздерден бойымды дәйім аулақ салдым. 
– Сіздің заманның адам­дарының, әсіресе, бір­сы­пыра жазу­шы­ларының бір кемшілігі – балалары әкелерінің шығар­маларын өз ана тілінде оқи алмайды. Бала-шаға­сымен өзге тілде тіл табысады. Сіздің балаларыңыз бұл жағынан қандай?
– Бұл жағынан мақтана ал­маймыз. Қазақша біледі. Бірақ қазақ әдебиетін бақайшағына дейін шағып оқи алмайды. Немерелерім қазақша оқып жатыр. Алайда, қазіргі балаларды көше тәрбиелейді. Орыс тілінің ықпалы әлі күшті. Баяғыда Венгрияға барғанымызда орыс тілі 3-сыныптан бастап жүргізіледі екен. Алайда оларда неміс тілінің ық­палы күшті екенін байқадық, оқымаса да көбі немісше сөйлеуге бейім. Өйткені қаншама ғасыр бойы Австро-Венгрия мемлекетінің қол астында болды. Сол секілді бізде де орыс тілінің ықпалынан айыға алмай отырмыз. Қазір теледидарың театрға барғызбайды, интернетің кітап оқытпайды, телефоның хат жазғызбайды. Бұрын хат дегенің эпистолярлық жанрдың бір түріне жатушы еді. Хат жазу адамның ойына қанат бітіріп, көңіліне демеу береді. Орыс ұлыларының бір-біріне жазған хаты сақталған екен, бізде ол да жоқ. 
– Қазақстан қашан толық қазақша сөй­лейтін болады, жоқ әлде осы қал­пы орыс тілінің ықпалы басым күйін­де қала береміз бе?
– Оған сәуегейлік айту қиын. Болаша­ғымыз – қазақ тілі дейміз. Бірақ ол сөз жүзінде қалды. «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» дей­міз, бірақ ол да орындалмай отыр. Ең әуелі мемлекеттік қыз­меткерлерден мемлекеттік тілді білу талап етілуі керек. Біздің министрлердің арасында қазақша сөйлейтіндер өте аз. Сондықтан енді он-он бес жылда халықтың 95 пайызы қазақша сөйлейтін болады деген болжамға өз басым сене қоймаймын. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары