МАМАНДЫҚТЫ ЖАҢЫЛМАЙ ТАҢДА
МАМАНДЫҚТЫ ЖАҢЫЛМАЙ ТАҢДА
Балаларға арналған түрлі ғылыми шаралар олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен қызығушылығын арттырады. Заманауи техника мен технологияның құлағында ойнайтын өскелең ұрпақ Қазақстанның жарқын келешегінің кепілі саналары сөзсіз.Өткен аптада Алматыдағы «Тау самалы» білім беру-сауықтыру орталығында «Жастар арманы» жобасы шеңберінде Алматы қаласында орналасқан мектептер оқушыларының көркем-техникалық шығармашылығының фестивалі өткізілді. Аталған бағдарлама бойынша роботтар жарысы, инженерлік жобалар тұсаукесері, қағаздан түрлі мүсіндер құрастыру байқауы, «авиашоу» мен пленэр ұйымдастырылды. Балаларға қуаныш сыйлаған «Балбұлақ–Родник» қоғамдық қоры, С. Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасымен бірігіп, шеберлік сабағы, көркемсуретті әңгімелеу, көрмелер мен балаларға арналған ойын-сауықтар ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2012 жылдан бері «Шеврон» компаниясы осы жобаның тұрақты серіктесіне айналыпты.
Шара барысында «Шеврон» компаниясының Үкіметпен және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Еркін Зікібаев: «Өзіміз жұмыс атқарып жатқан елдер азаматтарының әлеуетін арттырып, дамыту компаниямыздың табысқа жету факторларының бірі болып табылады. Қазақстан жеткіншектері үшін бүгінгі таңда жасалып жатқан жағдайлар міндетті түрде өз жемісін береді және ол біздің Қазақстан болашағының өркендеуіне қосқан үлесіміз», – деп мәлімдеді.
Ал «Балбұлақ-Родник» қоғамдық қорының директоры Елена Фомченконың пікірінше, балалар арасындағы техникалық шығармашылық тақырыбының таңдалуы кездейсоқтық емес: «Қазақстанның білім беру саласында техникалық және ғылыми – жаратылыс тарабында көңіл аударарлық келелі мәселелер баршылық, жастар арасында инженерлік мамандықты меңгеру деңгейі төмендеп барады. Мамандық таңдау бағытында тың жұмыстар ұйымдастырып, білім беру технологияларының жаңа жолдарын іске асыру қажет». Әлбетте, өскелең ұрпақтың болашақ мамандығын жаңылыспай таңдауына үлкендердің ықпалы зор. Ересектер қауымы жастарға бала күннен бастап жөн сілтесе, мамандығын таңдаған жастар кейін өкінбейді.
Келешекті көздеген осындай маңызды мәселені тиімді шешудің төте жолы бар. Ол: «Шеврон» компаниясы және «Балбұлақ-Родник» қоғамдық қорының бірлесіп С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасы аясында ашқан түрлі кафедралардан құралған (робототехника, қағаздан құрастыру, техникалық моделдеу, көркем-қолданбалы шығармашылық) «Жастар арманы» атты ғылыми-техникалы шығармашылық зертханасы. Аталған зертханада балалар онсыз да ұшқыр қиялы мен арманын, көкейдегі ойын кәдеге жаратады. Әрі бұл еліміздің дамуына да сеп.
Ұйымдастырушылар жобаның басты мақсаты оқушылардың ғылыми техникаға, көркем-қолданбалы шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырып, дұрыс бағыт беру екендігін айтады. Осындай шаралардың саны мен түрі көп. Әрі балалардың және олардың ата-аналарының қатысуымен өткізілетін шаралар, сондай-ақ, мұғалімдер арасындағы жан-жақты пікір алмасу сағаттары өз нәтижесін беруде.
Осы фестивальдің қатысушысы, 15 жасар Ярослав Халиулин робототехника зертханасының үш жылдан бергі мүшесі. Өзінің шеберлігін үнемі шыңдау үстінде келе жатқан ол жуырда зертхана тізгінін қолына алып, өз білгені мен білімін қатарластарымен бөлісіп келеді: «Фестивальдің ең қызықты сәті, ол өз жетістіктерінің нәтижесін ортаға салу мүмкіндігі, басқаларға көрсетіп, оларда үйренсе екен деген тілекте боласың. Мұндай кездесулер барысында жаңа ойлар, жоспарлар туып, жаңа достар табасың».
Сөз жоқ, жастардың сүйікті ісімен шұғылдануына мүмкіндік беретін әрі олардың ертеңгі күнге деген құлшынысын арттыратын шаралар сарқылмауы тиіс.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ