БАЛАЛЫҮЙ – БАЗАР

БАЛАЛЫҮЙ – БАЗАР

БАЛАЛЫҮЙ – БАЗАР
ашық дереккөзі
558

Менің кейіпкерлерім – қара­пайым зыряндықтар. Олар да жұрт қатарлы өмір сүріп жатыр. Еңбек етеді, жақсылыққа қуанады, биік табыстарға жетуді армандайды…

Ерлі-зайыпты Оконешников­тар­дың екі бөлмелі пәтері шағын үйлер санатында болса да, бұл үйдегілер үшін бәріне орын жетеді. Себебі, тұрған үйінің бөлмелерін жинақы да ықшам қып қайта құрылымдап шыққан олар дизайнын да, басқасын да өздері ойластырып, өздері жасаған еді. 

Үйдің тазалығы мен жинақылығы – оны жасаушылардың өз ісінің шебері екенінен дерек берсе керек. Ал Оконешниковтер пәтеріндегі таңқаларалық жағдай – мұндағы кеңістіктің барлығы балаларға арналған. Ия, солай! Әйтпесе, осы бір шағын пәтерде тамаша төрт қыздың қоңыраудай сыңғырлаған шат күлкісі жаңғырып, олардың аяқтарының дүрсілі естіліп тұрар ма еді?! 

Наталья мен Сергейдің бас қос­қандарына небәрі алты-ақ жыл. Олар бір жылда дүниеге келген, ал жастары жиырма беске тол­ғанда «көп балалы ата-ана» атан­ды. Наталья алған білімі бойынша фельдшер-акушер, Сергей «Каз­цинк» ЖШС мекемесінде автосле­­сарь болып жұмыс істейді.

– Мен барлық уақытта балалы-шағалы үлкен отбасында өмір сүруді армандайтынмын, – дейді Наталья. – Өйткені отбасымызда бала дегеннен сіңілім екеуміз ғана болдық. Ал, Сергей он бір балалы отбасында дүниеге келген. Сондықтан ол отағасы ретінде бізді барлық қиындықтан қорғап, барлығына өзі үлгеруге тырысады. Күйеуім қанша жұмысбасты болса да, қыздарын тәрбиелеуге уақыт табады. Ал, қыздары да өз кезегінде әкелеріне салған суреттерін көрсетіп, жаттаған өлеңдерін айтып беріп қуантады. Әрине, әлі мынаның оған қатысы жоқ, – деді күлімсіреп, төрт айлық Неллиін құшағына қысқан Наталья. – Бұл сурет салмақ түгіл, сөйлей де қойған жоқ әлі.

Өздері туралы әңгіме болып жат­қанын сезгендей, осы кезде ре­зина есегіне қарғып мінген Око­неш­никовтардың үшінші қызы Алек­сан­дра күлімсірей басын изеді. Ол әлі екіге шыға қоймаған, бірақ оның өзбетінше қимылдауы мен кіш­кене балаларға тән қыңыр мінез көр­сетпейтіні кімнің де болсын таң­данысын туғызады.

– Біздің қыздарымыз керемет. Бәрі­нің ерекшелігі бар, – дейді жұм­сақ дауыспен Наталья. – Мысалы, үлкен қызымыз Софья төрт жасар болса да үлкендерге қолғабыс жа­сауға тырысады. Балабақшада оны мақтайды. Ал біз Сережа екеуміз оған және екінші қызымыз Ангелинаға шама-шарқына қарай тапсырма беруге тырысамыз. Жалпы, біз қыздарымызды шолжаңдатып не оларға ақырып-жекірмей, уақы­тын дұрыс өткізуге баулып ке­леміз. Сол сияқты жағдайды дұрыс қабылдауға: құласа – тұрып, қайта жүруге, бір жері ауырса – шыдауға, бірдеңе айтқысы келсе – іркілмей айтуға дағдыландырамыз. Олар мұны, жастары әлі кішкентай болса да, бойына сіңіріп жатыр. Ал, қыздарымның ұйықтайтын уақыт болғанда көңілді күймен бөлмелеріне демалуға кететінін айтсам ғой, сенбейсіз! Олар аймалау, мәпелеуді күтпей-ақ ұйықтап қалады, бірақ, ұйықтауға бара жатқанда еркелете «қайырлы түн» дегенді қалап тұрады! Әйтсе де, қашанғыша тәртіптілікті талап ете отырып, біз олардың өз бетінше үлкендерге көмектесуге тырысуын мақтап, ескеріп қоюды ұмытпаймыз.

Балалар тәрбиесінде бізге ата-анала­рымыздың көмегі мол. Жағдайға байланысты мұнда менің ата-анам бірге тұрады, біздегі ынтымақтың күш­тілігі де содан шығар… Біз қыз­да­рымыздың ауызбірлікті, еңбекқор болып өскенін қалаймыз. Бұл енді біздің тілегіміз, қалғаны уақытымен бола жатар, – деп сөзін аяқтады Наташа.

Біз Наташамен ұзақ әңгімелестік. Ол жазда отбасымен бірге таза ауада демалып, саңырауқұлақ теруге барып, суретке түсуді ұнататынын құлшына әңгімелеп берді:

– Қыдырыстап, серуендеу – біздің күн­дегі жаттығуымыз. Сондайда та­лай қызықты жәйттарға да кез болып жатамыз. Қыздарымды аулада Сережа орнатқан әткеншектің жа­нында ойнатып жүремін. Маңайы толған бала. Бірі әткеншек теуіп, бірі велосипед айдап, тағы бірі құм үс­тінде қуыршағымен ойнап жатады. Бәрі өз ісімен құмбыл. Мен сыртынан бақылап тұрамын. Ал жанымыздан өтіп бара жатқан бейтаныс кісілер ылғи да: – Балабақша ма? Неше жастан қабылдайсыз? – деп, сұрап жатады.

Біз Натальямен әңгімелесудің өн бойында оның бір де бір адам­ды кінәлап сөйлегенін, өз жағ­дайына шағынып, наразылық біл­дір­генін естімедік. Керісінше, Наталья балаларына балабақшада да, емханада да жақсы қарайтынын, оның отбасына туыстарша қамқорлықпен қарайтынын айтты. Әңгімелесу барысында кішкентай қыздарының біздің әңгімемізді бір рет те бөлмей, өздерімен өздері болып, тыныштық сақтауы шынымен таңырқатты. Мен ойыншықтардың көп екенін, бірақ олардың шашылып жатпай, арнайы орында ұқыпты жиналып тұрғанына назар аудардым. Мұны байқаған үй иесі ойыншықтарды жайратпай, үнемі өз орындарына жинап қоюға қыздарын жасынан дағдыландырғанын түсіндірді.

Балалар бөлмесіндегі ұқып­ты­лық пен жинақылық – көңіл қуан­тарлық көрініс: кішкене қыз­да­рының екі сатылы заманауи балалар керуетінің жанында үлкен қызы Александраның керуеті тұр. Оның қасында Катя мен Таняның қуыр­шақтары, қаламдары мен фло­мастерлері де бөлмедегі өз орын­дарында әдемі жиналып қойыл­ған. Жарасымдылық пен тәртіп­ті­ліктің белгісіндей.

Сонымен, біздің әңгімеміз де аяқ­талды. Енді жас әрі көп балалы отбасы мүшелерімен суретке түсу ғана қалды. Біз Сергейдің келуін күттік. Бір айта кететін бір нәрсе: Наталья сұхбатымыздың өн бойында күйеуі туралы өте құрметпен жылы лебізін білдіріп отырды. Балаларының әкесі оны қолынан бәрі келетін бесаспаптығымен ғана емес, үй ішінің тірлігінде шаруаларды «еркектің жұмысы», «әйелдің жұмысы» деп бөлмей, құдай қосқан қосағына барлық кезде көмектесуге дайын тұратын қамқорлығымен қуантады екен.

Әкесін көргенде оны қарсы алуға қыздары құстай ұшты. Отбасы қуа­нышын анық сездіретін осы бір сәтте толқыған Сергей қыздарын қуанышты сезіммен бауырына қысып, жүздерінен өпті. Суретке де дәл осы сәті тартылып алынды.

Мен жаңа таныстарыммен қош­тасар сәтте Сергейді де, Натальяны да бала тәрбиесі жөніндегі доктор Спактың еңбектерімен таныс емес шығар деп ойладым. Бірақ олардың бір-біріне деген терең құрметі мен махаббатының ерлі-зайыпты Око­нешниковтарды қарапайым да қасиетті отбасы бақытына жет­кіз­генін түсіндім.

Софья Орлова

Зырян қаласы

Серіктес жаңалықтары