2550
АБАЙДЫҢ ТҰҢҒЫШ ЖИНАҒЫ
АБАЙДЫҢ ТҰҢҒЫШ ЖИНАҒЫ
Абай Құнанбаев – қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, кемеңгер ақынымыз. Абай қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салушы. Абайдың шындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол – керемет суреткер және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Абай поэзиясы қазақ әдебиетіндегі мүлде жаңа құбылыс, жаңа кезең болғанын айта отырып, ақынның шығармашылық өнерінің негізгі тірегі, сарқылмас қайнар көзі – халық поэзиясы, жүздеген жырау, жыршы, ақындарды туғызған халықтың сан ғасырлық бай әдеби мұрасы дейміз.
Осындай әдеби-мәдени құнды мұраларының бірі – Абайдың тұңғыш жинағы. Ақын мұрасы республикалық кітап мұражайының сирек қорында сақтаулы. Мұражайымыздың мақтанышына айналған бұл кітап 1978 жылы Ә.Жиреншиннің кітапханасынан мұражайымыздың қорына алынған. Революцияға дейінгі қазақ кітаптары, соның ішінде Абай өлеңдерінің жеке жинақ болып баспадан шығуы тарихи маңызы бар, мәдени қозғалысқа өзгеше әсер еткен зор құбылыстардың бірі болды.
Ақын жинағының жарық көргеніне биыл 105 жыл толып отыр. Абайдың әдеби мұрасы – өлеңдері, поэмалары, аудармалары, философиялық ой толғаулары қазақ әдебиеті тарихының баға жетпес қазынасына, халқымыздың рухани мәдениетінің биік өресіне айналды.
Бұл тарихи жинақ қалай жарық көрді? Ақынның көзі тірісінде ешқандай жинағы жарыққа шықпаған. Ақын өлімінен кейін, жақын туыстары Әлихан Бөкейхановтың кеңесі бойынша ақынның асыл мұрасын жинастырып, баспаға әзірлейді. 1905 жылы Кәкітай мен Тұрағұл Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жинап, түгендейді. Содан кейін ауыл молдасы, жазудың хас шебері Мүрсейіт Біке баласына әдемілеп көшіріп жазуды тапсырады. Абай шығармаларының көшірме қолжазбалары дайын болған соң, Кәкітай Омбы қаласына аттанады. Кәкітай сол жерде Әлихан Бөкейхановпен кездеседі. Кәкітай мен Әлихан 1900 жылдан бастап таныс екен. Әлиханның Кәкітай туралы жазған мақаласынан үзінді келтірсек.
Әлихан Бөкейханов былай дейді: «Әуелі Кәкітайды 1900 жылы күздігүні көрдім».
«…1904 жылы Абай марқұмның өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым».
«1905 жылғы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып, Омбыға маған келді… Кәкітай бізде бірер жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін оқып, мәз-мәйрам болдық. Анық таныстық».
Сөйтіп, Кәкітай Абай шығармаларының қолжазба жинағын Әлихан Бөкейхановқа апарып тапсырған.
1909 жылы, Петерборда жарық көрген тұңғыш жинақта Абай өлеңдері 17 бөлікке топтастырылып, әрбір бөлікке жекелей тақырып («Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой туралы» деген сияқты) қойылған еді. «Жинаққа кірген өлеңдері «Қансонарда бүркітші шығады аңға» (1882), «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» (1885), «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» (1886), «Қыс» (1888), «Желсіз түнде жарық ай» (1888), «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» (1886) ақын өз халқының сол кездегі тарихи трагедиясын айта кеп дерттенеді», – дейді М.Әуезов.
Абайды дерттендірген, халқының басына түскен тарихи трагедия – «Қалың елі, қазағы» Ресей империясының отарына айналып, ерікті елдігінен айрылып, «өз малын өзімдікі дей алмайтын» хәлге душар болған қайғы-қасіреті еді. Сонымен бірге жинақта Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаевтың «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі» деген мақаласы берілген (104-112 беттер). Кәкітай ақынның өмір тарихын оның үшінші атасы, қолбасшы батыр, ел басы болған Ырғызбайдан бастап, онан соңғы атасы, халық ортасында әділ би аталған Өскенбай туралы мағлұмат береді.
Абайдың әкесі Құнанбай қажының мінезін, адамшылық қадір-қасиетін қысқаша баяндап, шешесі Ұлжанның қаракесек, бошан руының белгілі биі Бертістің тұқымы екенін жазады. Бала жасынан бастап, жиырма төрт жыл бойы үнемі Абайдың қасында болған Кәкітай тікелей өз көзімен көргенін, өз құлағымен естіп-білгенін жазады. Әсіресе, ұлы ақынның ұстаздық мәдени еңбегін, Абайдың алды әдебиет мектебі болғанын нақтылы дәлелдеп, тұңғыш рет сипаттап берген Кәкітай болды.
Абайдың ұстаздығы туралы Кәкітай былайша баяндап жазады:
«Абай жазған өлеңдерінен басқа, әншейін отырғанда, көбінесе өзінің қызықты көріп, көңілі рахат болатұғыны: сөзін ұғар деген бала-шағасы уа ғайри жаңа талап, байыпты жас жігіттер ортасында өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін, сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбен түзеледі, қандай қылықпен бұзылады, ғылымды қалай іздеу керек, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғалымдар өткен, олардың артықша айтқан сөздері қандай, әйтеуір не түрлі насихатын болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығы түзелер деген сөзді айтып отырудан қанша уақыт болса да еш жалықпай ынталы көңілмен рахаттанып айтып, ұқтырып отырушы еді».
Өз алдына медресе біліп, ұқса, ұқпаса да халыққа білгенін айтып, үйретіп отырғанын ең қызықты өмірім деп жазғаны:
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуге балаға», – деп ұлы ақынымыздың ұстаздық еңбегінің мәдени ағарту ісіндегі мән-мағынасын, тарихтың маңызын терең түсінген Кәкітай, оның ерекше қадір-қасиетін дәл көрсетіп, баяндап берген.
Ақын шығармаларын жіктеп, шартты түрде болса да, тақырыбына қарай топтап бастыру, сол замандағы оқырман қауымға Абайдың ақындығын таныту жолын жеңілдету мақсатынан туған болады. Ақынның тұңғыш жинағының текстологиялық жағынан деректемелік мәні зор.
Жинақта Абайдың отыз тоғыз жасында, яғни анық үлкен ақын шеберлігіне жеткен шағында жазған өлеңдерінен бастап, ең таңдамалы шығармалары басылған. Шығармалары түгел басылып шықпаса да, осы бірінші таңдамалы өлеңдер жинағының өзімен-ақ Абайдың ақындық атақ-даңқы кең жайылып, оның қадір-қасиеті қалың қазақ халқына таныла бастады.
Ақынның өлеңдеріндегі бірталай маңызды ой-пікірлер поэмалары мен қара сөздерінде жалғасып, толыға түскен. Абайдың қазақ тілін дамытуға, әдеби тілді, поэзия тілін өрістетіп, жаңа сөз өрнектерімен байытуға сіңірген еңбегі ұлан-асыр. Абай поэзиясының тілі, сөз кестесі мен өлең өрнегі кіршіктей қоспасы жоқ таза қалпында, қарапайымдылығымен құнды.
Сондықтан да осындай ұлы ақынымызды дәріптеуде республикалық кітап мұражайының екінші залында Абайдың шығармашылығына арналған бөлім бар. Ақынымыздың алғашқы жинағы да осы бөлімде орналастырылған. Бұл біз үшін болашақ ұрпақтарға жеткізетін құнды да сирек мұраларымыздың бірі болмақ.
Мұражайда Қазақстанның ғылымы мен мәдени жетістіктерін насихаттайтын, кітап және полиграфия мәдениетінің үлгілері, жазба ескерткіштері мен сирек кітаптары, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның кітаптарының қоры сақталған. Республикалық кітап мұражайы алты залдан тұрады. Мұражайдың алты залы көне, құнды қолжазба, сирек кітаптардан бастап республикадағы кітап шығару ісі мен осы заманғы баспа жұмысының қалыптасу және даму тарихын қамтыған.
1-ші залда дүниежүзілік жазу тарихы, ескі түркі алфавиті, ықылым заманғы жазу түрлері, ескерткіш тастар, қыштан жасалған нұсқалар, аты әлемге әйгілі бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби, Қорқыт ата туралы еңбектер қойылған. Қазақ халқының жазу-сызуының, қолжазба кітаптарының, жалпы тарихының ежелден қалыптасқан жолын көрсетіп, бүгінгі полиграфиялық жетістіктерін баяндайтын электр сәулелі картамен де осы залдан танысасыз. ХІ ғасырдан бізге жеткен Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Махмуд Қашқаридың «Диуан луғат ат-түрігі», Қадырғали Жалаиридің «Жамиғ-ат-Тауарих», Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикметі» мен тағы басқа көптеген ғұламалардың еңбектері мұражай сөресінен орын алған.
2-ші залда ХІ ғасырдан бастап Абайға дейінгі кезең қамтылған. Қазақ жерінде туған ғұламалардың кітаптары мен қауырсын қаламмен жазылған қолжазбалар, құрандар, оларға қосымша әр беріп тұрған түрлі түсті портреттер мен қару-жарақтар, киіз үйдің әсем жабдықтары мұражай экспонаттарын бір-бірімен үйлестіріп тұр.
3-ші залда ХІХ ғасырдан бастап қызыл революцияға дейінгі Қазанда, Уфада, Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Орынборда, Омбыда Ташкентте, Семейде тағы басқа қалаларда басылып шыққан қазақ кітаптары және библиографиялық көрсеткіштер орналасқан. Сонымен қатар құнды да сирек, алақанға сыйып кететін бармақтай, көлемі 2см х 3см болатын құран және сегіз қырлы құран кітап та осы залда.
4-ші залдан көрермендер Кеңес дәуіріндегі басылымдар, қуғынға ұшыраған зиялы қауымның кітаптары, Алаш қозғалысының тарихы, оның көсемдері мен белсенді қайраткерлерінің өмірімен танысады.
5-ші залда Қазақстанның тәуелсіздігіне орай ұйымдастырылған арнайы көрме бар. Көрме «Тәуелсіздік және Елбасы» деп аталады. Бірнеше сөреден тұратын Елбасының өзінің кітаптары және тәуелсіздік жайында жазылған кітаптары қойылған.
6-залда кітап безендіру өрісі, атақты суретшілердің еңбегі мен балалар әдебиеті антологиясының және кішкентай кітаптар шығарудың биік деңгейі көрсетілген.
Бүгінде қаламыздың қақ төрінде орналасқан шынайы рухани орталыққа айналған кітап мұражайы – қазақ халқының кемеңгерлік келешегінің куәсіндей болып тұр.
Гүлмира САТЫБАЛДИЕВА,
Республикалық кітап мұражайының
ғылыми қызметкері