МАҚСАТ – МАТА ҚАЛТАЛАРДЫ ҚОЛДАНУ

МАҚСАТ – МАТА ҚАЛТАЛАРДЫ ҚОЛДАНУ

МАҚСАТ – МАТА  ҚАЛТАЛАРДЫ ҚОЛДАНУ
ашық дереккөзі
524

«Қазақстан-2050» аясында экологиялық ұстанымды мақсат еткен жаңа жобаның  тұсауы кесілдіТаяуда Астана қаласында «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозға­лысының «ЭКО пакет» жоба­сын жүзеге асыру аясында ҚР энергетика министрлігі, қа­ла әкімдігі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ, сарап­тамалық қоғамдастық өкілдерінің және елорданың бірқатар ірі әлеуметтік-жауапты ритейлерлерінің қатысуымен «Пластикалық пакеттердің экологияға келтірер залалы. Әрекет ету уақыты келді!» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстел барысында мәселе жан-жақты талқыланып, жүргізілген зерттеулер мен әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері ұсынылды. 

Қоғамдық сананың өзгеруіне ықпал етіп, қазақстандықтардың жаңаша экологиялық ұстанымын қалыптастыруды және еліміздің әрбір азаматының қоршаған ортаға қатысты жауапкершілігін арттыруды көздейтін «ЭКО пакет» жобасы осы жолдағы тиімді құралдардың бірі.

Жыл сайын әлемде триллиондаған пластикалық пакеттер өндіріледі. Оларды орташа пайдалану ұзақтығы шамамен 30 минут, содан кейін пакет қоқысқа тасталады да, жарты ғасыр бойы шірімей жата береді. Осылайша, қоршаған ортаға залал келтіреді. Сонымен қатар, пластикалық пакеттерді өндіруге жыл сайын әлемде өндірілетін мұнайдың шамамен 4%-ы жұмсалады екен, ендеше оларды қайта өңдеу пайдасыз. Осы ретте, «Эко пакет» жасау идеясының ұтымды тұстары жетерлік. Бұған қоса, 2017 жылы елордамызда ЭКСПО көрмесі өтетіні белгілі. Сол себепті пакеттерге қатысты туындап отырған мәселені шешуге өз үлестерін қосуды мақсат еткен жоба авторы Юрий Макубаев: «Біз өз жобамызда әрбір қазақстандық үшін аталған мәселені шешудің 5 жолын ұсынамыз. Сондай-ақ, Үкіметке, бизнес құрылымдар мен супермаркет желілеріне де арналған тағы 5 ұсынысымыз бар. Менің ойымша, біз бұл жобаның негізінде 2017 жылы айтарлықтай жетістікке жетеміз», – деді. Оның сөзіне қарағанда, орта есеппен алғанда Қазақстанның әрбір азаматы жылына 300 пакет қолданады. Ал сол азаматтар мұндай пластик пакеттерді пайдаланудан бас тартатын болса, онда олардың әрқайсысы жылына 50 литр мұнайдың үнемделуіне өз үлестерін қоса алар еді. Жалпы, әлемде өндірілетін мұнайдың шамамен 4 пайызы осы пакеттерді жасауға жұмсалады. Осындай түйткілдерді шешу мақсатында пластик пакеттерге қатысты орын алып отырған мәселені шешу жолында интеллектуалдық ресурстардың күшін біріктіру көзделіп отыр. 

Сонымен қатар, 2014 жылдың 15 қарашасында, Дүниежүзілік қайта өңдеу күніне орай, қозғалыс акция өткізуді жоспарлап отыр. Акция барысында жоба серіктесі болып отырған «galmart» супермаркетінің («Керуен» СОО) арнайы «жасыл кассаларында» тұтынушыларға пластикалық пакеттің орнына мата қалталарды сатып алу ұсынылып, пластикалық пакеттердің қоршаған ортаға келтірер зияны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары