ҚАЗАҚ ШАБАНДОЗДАРЫ ШОЛПАНАТАҒА НЕГЕ КЕЛМЕДІ?

ҚАЗАҚ ШАБАНДОЗДАРЫ ШОЛПАНАТАҒА НЕГЕ КЕЛМЕДІ?

ҚАЗАҚ ШАБАНДОЗДАРЫ  ШОЛПАНАТАҒА НЕГЕ КЕЛМЕДІ?
ашық дереккөзі
212

9–14 қыркүйек күндері Қырғызстанда өткен I Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары жөнінде баянымызды төтесінен бастауды жөн көрдік. Ойындар қалай өтті? Осындай әлемдік деңгейдегі іс-шараны Қазақстан неге бастап бере алмады? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кейбі­реу­лер кейде «кедей» деп кекетіп жүр­ген қырғыз елінің ұлан-асыр той жасағанына жеті күн арасын­да жүргенде куә болдық. Бұл Шоқан Уәлиханов жазып алған Манас дәуірін­дегі «Көкетайдың асының» қа­зіргі замандағы көрінісі болды. Төрт жағын тау қоршаған қыр­ғыз­дың Қыршын жайлауында сол Манас дәуіріндегідей жүздеген киіз үйлер тігіліп, жан-жақтан жи­­налған дүйім елге, жиырмадан астам мемлекеттерден келген мей­­мандарға және спортшыларға көш­пенділердің салт-дәстүр, әдет-ғұрып­тары әр қырынан табиғи түрде бейнеленіп көрсетіліп, оларға табақ-табақ ет, шара-шара қымыз тартылды, қырғыз меймандостығы дүниеге паш етілді. 

Көшпенділер ойындары Ыстық­көл облысының Шолпаната­ қала­сы­ның Шыңғыс Айтматов­ атындағы «Рух орда» мәдени орта­лығында, ат майданында және қаладан қырық шақырым жердегі Қыршын жайлауында өтті. Ел үшін Қыршын жайлауына барып келу үшін тегін көлік ұйымдастырылды. Бішкектен және республиканың түкпір-түкпірінен келгендерден тыс, шолпанаталықтар және оның маңындағы халық осы үш жерге тайлы-тұяғы қал­май, еңбектеген баласынан ең­кей­ген кәрісіне дейін барғандай. Бір қолына емізулі нәрестесін, екін­ші қолына тәй-тәй басқан баласын жетелеген келіншектерді көп ұшы­рас­тырдық. Әлбетте, сұрастыра келе мемлекеттік әкімшіліктер арқылы да өлкенің жеті облысының барлық аудан­дарынан және республикалық дә­ре­жедегі екі қаладан арнайы де­ле­гаттардың келгенін білдік. 

Көшпенділердің алғашқы ойын­да­ры әлемдік футбол чемпионатын­дай жоғары дәрежеде болмаса да, ел, өлкенің жетекшілігі күт­кен деңгейден асып түсті. Мә­селе жеңімпаздарға ұйғарылған жүлде­лер­де емес, ұлттық ойындардың шынайы халықтық екендігі дәлелденді. 

Әрине, I Бүкіләлемдік көшпенділер ойын­дарының Қырғызстанда өтуі түркі тілді мемлекеттер басшыла­ры­ның бұдан екі жыл бұрын Бішкектегі ке­зек­ті бас қосуында шешілгені мә­лім. Түркия осыдан он бес жылдай ілгеріде Көшпенділер ойында­рын өткерсек пе деген бастама кө­теріпті, іске аспай қалған сол жо­рал­ғыны қырғыздың отансүйгіш шенеу­нік азаматтары іліп алып кеткен. Сондай шенеуніктің бірі, Түркі тілді мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысының орынбасары Адахан Мадумаровты президент Алмазбек Атамбаев ойындар аяқталған күннің ертеңіне қабылдап, ризашылығын білдірді. Жабық есік жағдайында өткен бұл қабыл алуда түркі елдердің өзара ықпалдастығынан басқа не айтылғанын тап басып айта алмаймыз, бірақ қабыл алудың Көшпенділер ойынына байланысты бол­ғандығына қарап, келесі екінші ойынды қашан және қай жерде өткізу мә­селесі де көтерілсе керек деп болжал­дадық. 

9 қыркүйекте ойындардың ресми ашылуында қырғыз және орыс тілдерінде алма-кезек сөйлеген сөзінде Алмазбек Атамбаев орысшалап: «Көшпенділер ойындарының барлықтарыңызға ұнайтынына мен сенемін. Біз бұл ойындарды жыл сайын өткізуді жоспарлаудамыз, мен сіздерді келесі Көшпенділер ойындарын келіп көруге шақырамын», – деп айтты. Президенттің бұл сөзіне қарағанда, басқа мемлекеттерден «енді ойындарды біз өткізейік» деген ұсыныс түспеген сияқты. Өйткені әу баста Көшпенділердің ойындарын түркі елдері кезектесіп өткізуді мақұлдасқан еді. Бұл орайда, Көшпенділер ойындарының бірін Қазақстан өткізуге әрекет жасалса, бір керемет, ғажап болар еді дейміз. Осындай пікірді Қазақстаннан Ыстық­көл­дегі жарыстарға қатысушылар да, көл жағалауында жаттығып жүрген қазақстандық спортшылар да, осында дем алып жатқан жерлестеріміз де білдірісті. Мысалы, осында тілегін өзінің қолөнершілік істеріне байланыс­ты Қырғызстанға келген белгілі әнші, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бурмистрова да айтты. 

Газетіміздің өткен санында ат май­даны даяр болмағандықтан, ойын­дардың ашылу рәсімі кешқұрым өткенін хабарлаған едік. Солайы солай. Құрылыс жұмыстары және әзір­ліктер кешке дейін жүріп жатты, бірақ салтанаттың қараңғы у­а­қытқа белгіленуі әдейі жасалыпты. Ат майданына баннерлік матамен қапталған бес зәулім пирамида тұрғызылған. Ебедейсіз үлкен пирамидалар қараңғыда экранның рөлін атқарып, телеслайдқа түсірілген көшпенділердің ғасырлар бойы жүріп өткен жолы фольклорлық концертпен қабаттастырылып көрсетіліп тұрды.

Енді, көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына келсек, Қырғызстан 16 алтын, 20 күміс және 19 қола медаль алып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынға қонжиған Қазақстан командасының қоржынында 10 алтын, 9 күміс, 9 қола медаль бар. 3 алтын, 3 қола медаль алған Түркіменстан үшінші, 1 алтын, 3 қола медальмен Тәжікстан төртінші, 1 күміс 6 қола медальды мойындарына таққан моңғолдар бесінші орынға жайғасты. 

Жарыстар көшпенділердің ұлттық ойындарының 10 түрі бо­йынша өтті.

Ең қызықты көкпар ойы­ны­ның финалы Қазақстан мен Қыр­ғыз­станның ортасында болады деп болжанған, бірақ еліміздің көкпаршылары Ыстықкөлге келген жоқ. Бұл жайында әркім әртүрлі айтып жүр. Тіпті, 16 қыркүйекте Қырғызстанның басты мемлекеттік телеарнасының Көшпенділер ойын­да­рының қорытындысына арналған бағдар­ла­масында Қырғызстанның ұлттық спорт саласының бірін бас­қарған жетекшісі «қазақ көкпар­шылары жеңілуден қорқып, келмей қойды» дегенді айтып қалды. 

Сондай-ақ, көшпенділер ойын­да­рының аясында бұл жолғы тізімге кір­меген салбурын және басқа да ұлттық ойындардың түрлері бо­йынша сайыстар ұйымдастырылды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары