«ЭКСПО-2017» — ҰЛТ МҰРАТЫМЕН ҰШТАСАТЫН ҰТЫМДЫ ЖОБАҒА АЙНАЛУЫ ТИІС

«ЭКСПО-2017» — ҰЛТ МҰРАТЫМЕН ҰШТАСАТЫН ҰТЫМДЫ ЖОБАҒА АЙНАЛУЫ ТИІС

«ЭКСПО-2017» — ҰЛТ МҰРАТЫМЕН ҰШТАСАТЫН ҰТЫМДЫ ЖОБАҒА АЙНАЛУЫ ТИІС
ашық дереккөзі
423

Қазақстандық жұртшылық арасында «ЭСКПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге қатысты екіұдай түсініктердің әлі де бар екені рас. Біреулері «алмағайып заманда ауыр жүкті артып алдық» дегенді алға тартар. Енді біреулері қыруар қаражаттың қайтарымын ойлап басын шайқар. Алайда жаһандық деңгейдегі шараның ұлттық дамуымыз үшін артықшылықтары мол екенін ұмытпағанымыз абзал. «ЭКСПО-2017» көрмесінің қазаққа пайдасы нешік?» дегенде, шынында, жұртшылықтың басым бөлігі оның көзге көрінбейтін артықшылықтарынан бейхабар екенін аңғарамыз. Әлбетте, бұған ең алдымен айтулы шара туралы шынайы түсінік қалыптастыратын сенімді ақпарат көздерінің аздығы себеп. Екінші жағынан қазіргі қоғам үшін халықаралық көрменің астарынан ұлттық идеология ізденуден гөрі оған жұмсалатын миллиондаған еуроның қайтарымы қызықты секілді. Дегенмен халықаралық көрме туралы әңгіме болғанда, оған құйылатын қаражаттан да құнды мәселенің болатынына назар аударсақ игі. Өйткені Қазақстан көрме арқылы қаржы-қаражатпен өлшенбейтін жетістіктерге қол жеткізе алады. Жаһандық көрменің бірден бір пайдасы осы емес пе?! Мәселен, «ЭКСПО-2017» көрмесі арқылы Қазақстанның әлемдік имиджі беки түсетіні сөзсіз. Екіншіден, қазақ елінің Орталық Азиядағы көшбасшылық ұстанымы осындай ауқымды халықаралық дүниелер арқылы нығаятыны белгілі. Ал одан да өзекті дүние бар – бұл, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақы­рыбымен тұтастай байланысты. «Бол­ашақ энергиясы» – Қазақстан үшін нағыз сұранып тұрған тақырып қана емес, бұл елдің кешегісін түгендеп, оны бүгінгісімен бекемдеу арқылы келешегіне бағдарлайтын тың қадам болмақ. 

Жалпы, «ЭКСПО-2017» ха­лық­аралық мамандандырылған көр­месінің тақырыбынан туындайтын экология, балама қуат көздері, күн мен жел әлеуеті, үнемшілдік се­кілді мәселенің барлығы қазақтың ықы­лымнан келе жатқан дәстүрлі өмірімен тығыз байланысты дүние екенін аңғару қиын емес. Табиғатпен етене араласып, қоршаған айналасын қастерлей білген бабаларымыз үшін атақоныс – Отанын ардақтаудан артық іс болып па еді?! Ал қазақтың «Көкті жұлма» деген бір ауыз тыйымының астарында не жатыр? Бұл малдың азығына қатысты айтылған тыйым емес, керісінше, зор экологиялық көзқарастың белгісі! Көкті қорғау қоршаған ортаны, табиғатты көркейтудің қамы. «Бұлақтың басын лайлама» деуінің өзі де тазалықтан сыр береді. 

Сонымен қатар, ұлы даладағы көшпенділердің киіз үйімен танысу барысында әлем ғалымдары ондағы жылу ұстау қасиетінің, ауа алмасу үдерісінің сақталуына таң-тамаша болып жатыр емес пе?! Киіз үйдің кереметіне түйсінген шеттегі жұрт энергия үнемдеу мәселесінің қазақ үшін таңсық емес екенін де аңғарар еді. Былайша айтсақ, қазақтың болмысында үнемшілдік, қоршаған ортаға қатысты қамқорлық ықылымнан бар әрі ол көзқарас бабаларымыздың өмір салтымен біте қайнасып, заманына сай қалыптасқан. Ендеше бүгінгі қазаққа бұрынғы баба бойындағы болмысты қазіргі заманға бейімдей жаңғырту жетіспейтін тәрізді. Бұл кешегі ұлы дала көшпенділерінің қазіргі замандағы «болашақ энергетикасы» үшін бастама көтерудегі заңдылығын нығыздай түсетін дүние болмай ма? 

«Болашақ энергиясы» Орта­лық Азия үшін аса өзекті мәселе. Сон­дықтан да, «ЭКСПО-2017» тақырыбы энер­гетикалық қауіпсіздіктен бастап, өңірдегі аса өткір болып отырған су ресурстарының тапшылығы түйткіліне де өзіндік септігін тигізетіні болжанады. Сосын бүгінгі күні Орталық Азия өңірі энергетика саласындағы жаңа технологияларға мейлінше зәру екені баршаға аян. Олай болса, келешекте Қазақстанның аймақ елдері арасында баламалы энергетика бойынша нағыз орталыққа айналу мүмкіндігі арта түсетіні сөзсіз. Жаңартылатын энергия көздеріне қатысты соны технологиялар, тың идеялар Астанада жүзеге асып, Қазақстан арқылы Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне ене бастайды. «Жасыл технологияларды қалай қолданамыз?» деп көршілес өзбек, қырғыз, тәжік, тіпті орыс ағайындар да бізден сұрана бастайтыны анық. 

Түйіндей келсек, пәлсапашылар экологиялық апат жұртшылық жаппай рухани дағдарысқа ұшыраса туындайды дегенді жиірек айтады. Бұлай болса, қазақ даласындағы рухани жаңғыру ісі ұлттық мұратпен ұштасып, ұдайы қаперде тұруы шарт. Бұған бірден бір септік – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі. 

Қанат Тоқтар

Серіктес жаңалықтары