АРУЛАР ОРДАСЫНДА ДҮБІРЛІ АЙТЫС ӨТТІ

АРУЛАР ОРДАСЫНДА ДҮБІРЛІ АЙТЫС ӨТТІ

АРУЛАР ОРДАСЫНДА ДҮБІРЛІ АЙТЫС ӨТТІ
ашық дереккөзі
292

Қыздар университетінің 70 жылдық мерей­тойы апталығы жалғасуда. Мерей­тойлық шаралар күздің алғашқы мерекелері Білім күні мен Отбасы күні мерекесіне арнал­ған шаралармен басталып, бүгін Шығар­машылық күнімен ұласты. Атаулы күн аясында 13 қыркүйек күні Арулар орда­­сында республикалық ақындар ай­тысы мен жыр мүшәйрасы болып өтті. Атал­мыш жыр додасы Қазақ мемлекеттік қыз­дар педагогикалық университетінің 70 жыл­дығына орайластырылды. 

Айтулы шаралардың басты мақсаты – Қазақ қызына деген құрметті, жауап­кер­шілікті көтеру, ұлттық мәдениет пен рухани құнды­лық мәртебесін арттыру, ұлт анасына, ұрпақ тәрбиешілеріне, ана-ұстаздарға, қыз-келін­шектерге деген ілтипатты кеңінен на­сихаттау, Қыздар университетінің жетпіс жылда жеткен жетістіктерін паш ету. 

Парасат мектебінде өткен суырып сал­ма сөз айтысына елімізге танымал айтыс­керлер: Балғынбек Имашев (Астана қаласы), Айнұр Тұрсынбаева (Астана қаласы), Нұрлан Жұмабек (Жамбыл облысы), Аяулым Жұмабекқызы (Алматы облысы), Жақсылық Орынбасар (Астана қаласы), Сара Тоқтамысова (Астана қаласы), Фархат Маратұлы (Алматы қаласы), Зура Шайдымұрат (Қытай Халық республикасы), Сырым Әуезхан (Астана қаласы), Арзыгүл Қайыңбекқызы (Алматы қаласы, ҚазМемҚызПУ дайындық бөлімі), Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы), Айсәуле Бейсенхан (Астана қаласы) қатысты. 

Айтыскерлердің таланты мен шебер­лі­гін Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, айтыс ақындары мен жыршы-тер­ме­ші­­лердің халықаралық одағының төра­­ғасы, М.Мақатаев атындағы сый­лық­тың екі мәрте иегері Жүрсін Ерман (Әділ-қазылар алқасының төрағасы), «Атамұра» корпорациясының прези­денті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, философия ғылымдарының кан­ди­даты, ҚазМемҚызПУ-дың құрметті про­фессоры Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, республикалық «Заң» газетінің бас редакторы Бекжан Әшірбаев, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық универ­ситетінің профессоры, ақын Рысбай Сәтімбеков, «Қыздар университеті» баспа­сының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиев қазылық жасап, бағалады. 

Еліміздің әр өңірінен жиналған от ауызды, орақ тілді ақындар жеребе бойынша алты жұпқа бөлініп, «Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» деген айтыс тақырыбына сай болашақ ана, болашақ жар болатын ұрпақ тәрбиешілері туралы жырлап, қазақ қызының рухын асқақтатты. Сондай-ақ, тілдеріне түйткілді мәселелерді де тиек етті. Шабыты шарықтаған сөз шеберлерінің отты жырлары мен ойнақы орамдары айтысты думанды кешке айналдырды. 

Әділқазылардың әділ ұйғарымымен бас жүлде – 500 000 теңгені белгілі ақын Балғынбек Имашев қанжығасына байлады. І-орынға тігілген 300 000 теңгені Айнұр Тұрсынбаева жеңіп алды. 200 000 теңгеден тағайындалған ІІ-орын Аяулым Жұмабекқызы мен Айсәуле Бейсенханға бұйырды. ІІІ-орынды Сара Тоқтамысова, Зура Шайдымұрат иеленді. Жүлдегерлерге 150 000 теңгеден ақшалай сыйлық табыс етілді. Бұдан өзге орамды ой, көркем теңеу, кестелі тілімен ерекше өнер көрсеткен алты ақынға 100 000 теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталды. Оған: Нұрлан Жұмабек, Жақсылық Орынбасар, Фархат Маратұлы, Сырым Әуезхан, Арзыгүл Қайыңбекқызы, Қанат Мырзахан ие болды. Қатысушылардың барлығына ақшалай сыйлықтан өзге Қыздар университетінің Алғыс хаттары мен гүлшоқтары тапс­ы­рылды.

«Атамұра» корпорациясының пре­зиденті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхам­мед жас ақын, Қыздар университетінің студенті Аяулым Жұмабекқызына 1000 АҚШ долларын табыс етіп, өнеріне тәнті болғанын атап өтті. 

Шығармашыл жандар бас қосқан бұл күні сондай-ақ, жазба ақындар арасында өткен «Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты жыр мүшәйрасының жеңімпаздары анықталып, марапатталды. 

Сонымен қатар, Қыздар универси­те­тінің 70 жылдық мерекесіне орай оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан, университеттің оқу үдерісі мен тәрбиелік жұмыстарын насихаттауға атсалысқан БАҚ басшылары мен үздік материалдар жариялаған үздік журналистер «Ректор сыйлығының иегері» дипломымен, «Құрмет белгісі» медальдарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. 

Айтулы шараға бұқаралық ақпарат құрал­­­д­арының басшылары мен жетек­ші­лері, журналистер мен ақындар, Қыздар университетінің ұстаздары мен студенттері қатысты. 

Индира Байсалбекова

Серіктес жаңалықтары